Сенбі, 23 Қараша 2024
Дәстүр 9406 0 пікір 10 Тамыз, 2015 сағат 09:02

БАҒЗЫДАН БЕРІ ҮЛКЕН ҰЛ ТАҚ МҰРАГЕРІ

Жошы хан (1187-1227 жж.) - Жошы ұлысының негізін қалаушы, атақты Шыңғыс қағанның қоңырат қызы Бөрте бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені. Ол ересен күшті, ер жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Ол, алдымен, мұңалдардың әскери жорықтарының бәріне қатысқан аса ірі әскери басшы ретінде танылады.

Қазақтың ежелгі ата салты бойынша «Үлкен ұл тақ мұрагері» делінеді. Бұл салт Шыңғыс қаған атамыздың «жасысында да» заң ретінде бекітілген.

Шыңғыс ханның ордасының аты «Алтын Орда», оның: кейіннен Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда болып үш ордаға бөлініп, орталық биліктің Алтын Орда да болғаны тарихтан сәл-пәл болса да хабары бар адамға ешқандай дау туғызбаса керек. Ал «Алтын Орданың» орнында бүгінгі таңда тек қана қазақ мемлекеттігі отырғаны да және сонымен қатар осы Алтын Орданың барлық билеушілерінің Адай ұрпағы екендігі де  дәл сондай шындық. Себебі, бізге бүкіл әлемде тоғызыншы орынды иемденетін мына алып ата-мекенде сол Шыңғыс ханнан мұра болып қалған. Әйтпесе, жер дауы, яғни алақандай жер үшін «жан беріп, жан алысқан» айқас, ешқашан тарих сахнасынан түсіп көрген емес. Ондаған жылдарға созылған ұсақ – түйек соғыстарды есепке алмағанның өзінде, сан ғасырларға созылған қытаймен, 200 жылға созылған жоңғармен, 300 жылға созылған орыспен соғысты еске алыңыз. Тарихшы В.Л. Егоров «Алтын орданың мемлекеттік және әкімшілік құрылымы» деген еңбегінде Жошы ұлысы хандарының әуелде Еділдің төменгі ағысының сағасына Бату салдырған сарай қаласын ғана «Алтын орда» деп аталғанын айтады. Содан бертін келе бұл бүкіл Жошы әулетінің мемлекетін білдіретін ортақ атауға айналып, бірте-бірте географиялық ұғымнан саяси терминге айналған. Өйткені көне деректерде «Алтын Орда» атауының өзі мұңалдың ұлы ханының ордасының сән-салтанатына байланысты шыққан. Мысалы, мұңалдар тарихының аса білгірі Рашид-ад-дин бұл орайда «Онда (Қарақорым маңында)  мың адам сиятын үй тігілген...Оның уықтары алтын, ішіне айнала мата ұсталған. Оны «Алтын Орда» деп атаған»,- деп жазады. Мұны Европа саяхатшысы П.Карпинидің Күйікті хан көтеру рәсімін баяндаған, араб саяхатшысы Ибн Батутаның Өзбек ханның үйін суреттеген жазбалары да дәлеледейді. Шыңғысхан ордасының «Алтын Орда» деп аталғаны қытай жазба деректерінде аталады.

1909 жылы шыққан «Брокгауз – Ефрон қысқаша энциклопедиялық сөздігінде «Шыңғыс хан – Маңғұлдың атақты жаулаушысы. (1155 – 1227ж.ж.) ...Шыңғыс хан өз патшалығын балаларына бөліп берді. Үлкен ұлы бүкіл мемлекетке әмірін жүргізді» деп жазыпты.

Шағатай тілінен орысшаға аударылған «Шыңғысхан жайлы аңызда» (аударған В.А.Панов. Автобиография Тимура. Богатырские сказания о Чингис-хане и Аксак-Темире. – М.: Академия, 1934. С.260-273) мынадай деректер келтірілген:  «Шыңғысхан өз ұлысын және бар байлығын төрт ұлына бөліп берді. Үлкен ұлы Жошы ханға өзінің басындағы бас киімін кигізіп, өз орнына хан етіп бекітті». Бұл аңыз сол замандағы тарихи деректермен сәйкес келеді. Мысалы, «Асыл аңыздың» 277 бетінде «Шыңғысхан мынадай шешімге келді. Ол, былай деді: «Мемлекет құруға бәрімізден де анамыз көп еңбек етті. Жошы менің үлкен мұрагерім...» дейді.  Бұл жерде Шыңғысхан Жошыны мұрагер дегенде өзі отырған тақтың мұрагері деп отыр. Себебі, Шыңғыс атамыздың 1219 жылы қытайды бағындыра салысымен бүкіл әлемге түгелге жуық билігін жүргізген ежелгі Қазақ мемлекеттігінің (Шыңғысханның арғы аталары Оғыз, Қарахандар ордасы тұрған жер) орталығы Ұлытауға (қазіргі Қарағанды облысының аймағында) қоныс аударады. Қазақта ағайынды тумаластардың бәрі, әкелерінен кейін ең жасы үлкеніне бағынып, соның айтқанын істейтін дәстүр ежелден сақталып келеді. Бұл дәстүр күні бүгінде де жалғасуда. Осындай дәстүрмен жоғарыда көрсеткенімдей Шыңғыс ханның да тақ мұрагері Жошы болды. Оның дәлелін Әбілғазының мына сөзінен де анық аңғаруға болады. «Шыңғыс ханның төрт ұлы болды. Шыңғысхан бұлардың әрқайсысына басқаратын істерін бөліп берді. Жошының міндеті – үйге қожалық ету, қонақ қабылдау, той өткізу; Шағатайдың міндеті – жазалау, сот жұмысын жүргізу; Үкідайға әкімшілік істер, мемлекет қазынасына ие болу тапсырылды. Толы хан әскери іспен айналысуға тиісті болды.

Шыңғыс ханның өзге әйелдерінен тағы да бес баласы бар еді. Қытай жорығынан келгеннен кейін Қытай жерінен Алматыға дейінгі елді басқаруды осы бес баласына тапсырды, бірақ бұл бесеуі алғашқы төрт баласының құзырында болды. (Түрік шежіресі. 66 бет).

Өздеріңіз көріп отырсыздар, Жошының міндеті – үйге қожалық ету, қонақ қабылдау, той өткізу. Демек бұдан шығатын қорытынды Жошының билігі әкесі Шыңғыс ханнан басқаларының бәріне жүреді деген сөз. Үйге қожалық ету, бүкіл мемлекетке қожалық ету деген сөз емес пе?! Сонда Шыңғыс хан құрған алып мемлекеттің қарашаңырағы Жошы ұлысы, тақ мұрагері Жошы болып, қазіргі ел басқару үрдісіне салғанда «Президент» болып шықпай ма? Сол сияқты Шағатайдікі – жоғарғы сот төрағасы, Үкідайдікі – Премьер Министр, ал Толынікі – Қорғаныс министрі болып шығады.

Жошының тақ мұрагерлігі Шыңғыс ханның әйгілі жасысында заңмен бекітілген. «Әке тағына үлкен ұлы отыру керек те, шаңырақ иесі кіші баласы болуға тиісті». (Ілияс Есенберлин «Алтын Орда» 15 бет). Бүткіл жер бетіндегі ең алғашқы мемлекет Қазақ елі - Қазақ мемлекеті құрылғалы бері, қазақтың мемлекеттік және отбасылық құрылымы жүйелерінің екеуі де бірдей. Қазақ елі қазақ отбасысының үлкейтілген макеті іспетті. Себебі, қазақтың мемлекеттік құрылымы өз бастауын отбасы құрылымынан алған. Аталарымыздың «Отбасы шағын мемлекет» дейтіндері осыдан.  Қазақта үлкен ұлдың тақ мұрагері, ал кіші ұлдың қара шаңырақ иесі екендігі сан мыңдаған жылдардан бері сақталып, айнымас дәстүрге айналған. Мысалы, «Иафес...Еділ мен Жайық суының арасында қоныс тепті. Иафестің сегіз ұлы бар еді, ұрпақтары көп болды. Олар мыналар: Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», -деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы деген лақап қойды».

«Үйсіннің күнбиі қартайған шағында мұрагерлікке үлкен ұлын қалдырады, бірақ ол көп ұзамай, дүниеден озар алдында, әкесіне тілек білдіріп, орнына тұңғышын мұрагер етуді ұсынады» (Б.К.Албани «Қазақия» Алматы 1998. 151 бет).

        «Түріктің төрт ұлы бар еді; Түтік, Хакал, Барсажар, Амлақ. Түрік өзі өлер шағында үлкен ұлы Түтікті өз орнына отырғызып, қайтпас сапарға кетті».

«Мұңал хан көп жылдар патшалық қылды, төрт ұлы бар еді. Үлкені – Қарахан, екіншісі - Өз хан, үшіншісі - Көз хан, төртіншісі – Көр хан. Мұңал хан өлерінде орнына үлкен ұлы Қара ханды қойып кетті. Қара хан атасынан кейін бүкіл елге патша болды». (Әбілғазы «Түрік шежіресі» 15 бет).

Еділ патша да өз орнына үлкен ұлы Еллақты қойып кетті. Қазақта күні бүгінде де кіші ұл қара шаңырақ иесі болып есептелінеді.

552 жылы бүкіл түріктің басын қосып, жужандарды жеңіп, елін құлдықтан босатқан Бұмын қағанды ақ киімге орап, арбаның үстіне көтеріп отырғызып хан сайлады. Оны Елхан – бүкіл елдің ханы деп жариялады... Елхан тәуелді елдің ұғланы болып туып, тәуелсіз елдің елханы болып өлді. Оның орнына үлкен ұлы Қара Ыссық хан таққа отырды. (Т.Жұртбаев «Дулыға-2» 67 бет).

«Үйсіннің гуньмосы қартайған шағында он ұлының үлкенін өз орнына тағайындайды» (С.Қойшығара «Қазақтың қилы тарихы» Алматы-1992. 210 бет).

Өзбек ханның орнына үлкен баласы Тыныбек отырды.

 ...  «Әшкани (Парсы) патшалары үлкен ұлдарын мұрагер етіп тағайындайтын.

 ... «1 Фәрһад өз өлімінен бұрын мұрагерін белгіледі. Бірнеше ұлдары болғанымен парт тағдырын жас та тәжрибесіз адамға тапсырғысы келмей, өз бауыры Меһрдадты өздерінің мұрагері етіп тағайындады. Парт дәстүрі бойынша тақ үлкен ұлға тиесілі еді» (Риза Шабани «Иран тарихы» Алматы. 2002. 60 бет).

«Хан  шатырын өзге жұрт хан ордасы – Ақ орда дейді. Осыдан шығарып, сонау Қыпшақ даласынан бастап Бату әскері барған күнбатыстағы Жерорта теңізімен шектесіп жатқан мадиярлар жеріне дейін созылған тұсты Ақ Орда хандығы деп атаған. Ал, Сарай қаласының алыстан күнмен шағылысқан алтын күмбездеріне қарай орұсут княздары бұған Алтын Орда деп ат қойған» (8 бет). «Бір кезде атамыз Шыңғыс хан Ордасын да жұрт Алтын Орда деп атаған. Енді біздің Ордамызды Алтын Орда дейді, ал қыпшақ, бүкіл қарамағымыздағы шығыс елі әлі ақ Орда деп  жүр. Өзіме де Ақ Орда деген ат ұнайды... Ақ Орда атамыз Ұлы Шыңғыс ханның тоғыз құйрықты ақ жалауының бейнесі тәрізді маған қасиетті көрінеді. Тек оған кір жұқтырмай сақтай білу керек. Алтын жүрген жерде опасыздық та жүреді. Алтын Орда деуге түбі ол опасыз бола ма деп қорқам»... (Ілияс Есенберлин «Алтын Орда» 28 бет).

Б.Залесский «Бір кезде Шыңғыс хан осы дала төсіндегі Отырарды өзінің уақытша астанасы етсе, бертінірек Русьті бағындырған Алтын Орда осы дала да көшіп-қонып жүрді».

Алтын Орда (алтын үй),  «отыз күн ойын, қырық күн той» және киелі тоғыз санының тарихы Оғыз ханнан қалған.  «Одан соң Оғыз ханнан қалған алтын үйді тіктірді. Оның оң жағына алты шатыр, сол жағына алты шатыр тіктірді. Сондай-ақ үйдің оң жағына басына алтын тауық орнатқан қырық құлаш ағашты тұрғызды, сол жағына басына күміс тауық орнатқан қырық құлаш ағашты тұрғызды. Ханның жарлығымен бұзық балалары мен нөкерлері алтын тауықты, Үшоқ балалары мен нөкерлері күміс тауықты атпен шауып келе жатып атысты. Тауықтарды атып түсірген кісілерге көп сыйлықтар берді. Күн хан әкесінің істегенін істеп тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой сойғызды, тоқсан былғары ыдысқа қымыз толтыртты. Қырық тәулік той тойлап, сауық құрды» Әбілғазы. «Түрік шежіресі» (24 бет).  Сонда,  Жошы иелік еткен қазақ даласы мен елі Шыңғысханның және сонымен қатар,  Шыңғыс ханның арғы аталары Оғызхан, Қарахандардың  төл жұрты болып шықпай ма?!

Шыңғысхан қағанатының тақ мұрагерлігі Алтын Орда да, Алтын Орданың тақ мұрагерлігі Қазақта екендігі ешқандай дауға жатуға тиіс емес.

Сөзімнің соңында мына мәселелердің басын аша кетейін. Кейбір жазбаларда оның үлкен ұлы Жошы өз баласы ма, жоқ па деген екі ұшты пікірлер кездесіп, сол күдікті әңгімені Шағатай айтты деседі. «Құпия шежіреден», «Алтан Тобыштан», Рәшит-Ад-Диннің  «Жалпы тарихынан» және өзге де дерек көздерден үлкен ұл Жошы мен оның тетелес інісі Шағатайдың арасында үнемі  (мысалы, ақылдылықтан, мергендіктен, батырлықтан, әскерге қолбасылық жасаудан т.т.) бәсекелестіктің болғанын аңғарамыз. Оның соңы кейіннен төрт баланың өз ішінен екі жікке: Шыңғыс ханның үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері Жошы мен кенже ұл, яғни қарашаңырақ иесі Төленің бір жақ, ортадағы Шағатай мен Үгедейдің екінші жақ болғанын көреміз. Бұл әңгіме Үгедей хан өлгеннен кейін тіпті шиеленісіп, 1251 жылы Төленің баласы Мөңкенің хан тағына келуімен Жошы, Төле ұрпағы Атам қазақтың Ата салтына сай Орда билігін өз қолдарына алғандарын көреміз. Әйтпесе, Жошы Шыңғыстың өз баласы екендігін Рәшит-Ад-Дин «тайға таңба» басқандай етіп «Меркіттер Шыңғыс ханның ауылын шауып, тонап, оның Жошыға жүкті әйелін алып кетті» - деп жазып кеткен еді. (Рашид Ад Дин. Сборник летописей, том 11, стр. 65). Енді осының үстіне Қазақтың батыр ұлы Абылай ханның баласы Уәлидің немересі Шоқан өзінің хан тұқымынан екенін және арғы тегі Шыңғыс ханнан тарайтынын айтып жүретінін орыстық этнограф ғалымы Н.Г.Потаниннің де ол туралы естелігінен білеміз. (Чокан Валиханов. Собрание сочинений Алма-Ата. 1968, 1Ү том. стр.  323). 

Шыңғыс қаған өсиетінен: Шыңғысхан атамыздың мына өсиетін қазақта естімеген, білмейтін адам жоқ десе де болады: «Шыңғыс хан кейін өзінің бағындырған ел – жұртын өзінің төрт ұлына бөліп бергенде, төртеуін қатар отырғызып, мынадай ақыл береді. «Төртеуің өзара тату болыңдар, бір-біріңе жаулық ойламаңдар».

Қорамсасынан бір оқты шығарып, оны өзі сындырды, содан соң бірнешеуін алып, біріктіріп ұстап тұрып: «кім сындыра алады?» деп сұрады. Ешкім сындыра алмады. Сонда Шыңғыс хан айтты: «Міне, сендер де осы оқ сияқтысыңдар. Егер сендер орталарыңнан біреуіңді билеуші етіп сайлап, соның айтқанымен жүрсеңдер, ешкім де сендерді жеңе алмайды. Егер бірлік болмай, әрқайсың өз беттеріңше бір – біріңе жау болсаңдар, жаңағы жалғыз оқтай бәріңді де талқандайды». Бұл – тамаша ақыл, таптырмас кеңес болды». (Әбілғазы. «Түрік шежіресі», Алматы 1992 жыл, 66 бет).  Бұл өсиет Атам қазақ та «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген мақал болып тұжырымдалған. Осы мақалды басшылыққа алу қазіргі қазаққа ауадан да қажет.              

 

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім,

Маңғыстау

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392