Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 10242 0 пікір 5 Тамыз, 2015 сағат 10:55

СЕНІМІМІЗ БЕН ИМАНЫМЫЗ - "ЗЫНДАНДЫҚ" СЕНІМ

Қадірлі достар, біз бір уақ, тұтқын толы тас қараңғы зынданда Дүниеге келіп, сонда өсіп, белгілі бір себептерге байланысты, сонда өмір-бақи қалып қойған бір бейбақты көзге елестетейікші. Әрине, ол бейбақ әр тұтқыннан Жарық Дүние туралы көптеген әңгімелер естиді, бірақ, сол әңгімелерден ештеңе ұқпауы былай тұрсын, олардың мәнісін көзіне елестете де алмайды. Себебі - ол қараңғылық пен қараңғылықтағы тірліктен өзге ештеңе көрмеген де білмеген.

Түп Жаратушы мен Оның таң-ғажайып Әлеміне деген біздің сеніміміз бен иманымыз да дәл соныкіндей - "зындандық" сенім, көртышқандық пиғыл. Айталық, маған Құдайдың "тоқсан тоғыз көркем Есімі" ешқандай ғылым да, білім де үйретпейді. Мен үшін олар - жай ғана эпитеттер я эпонимдер. "Мұсылмандық бес парыз" туралы "баптар" да - ешқандай ғылымға сүйенбеген құр констатациялар. Ақылды адам өзі көрмеген, білмеген нәрсеге сенуші ме еді? Сене қалған жағдайда, ондай сенім - жалған сенім, Жалған сенімнің қуаты Жалған Дүние шегінен әріге бара алмайды. Өйткені, "Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды" (Абай).

Біз, тіпті, жербетіндік барша тіршілікке нәрін сеуіп тұрған Күнді де елемейтін болып алдық қой, ит тірліктің соңынан салпақтаймыз деп!.. 

Әрине, белгілі бір мөлшерде, көкіректі жалған сеніммен де ғұмыр бойы жылытып жүруге болады. Сөйтіп, өзіңізді кәдімгідей таза сезініп, айналаға әдемі көрінуге жетісесіз; мысалы, намаз оқып, пітір садақа беріп дегендей. Алайда, жалған сенімге негізделген ол қарекетіңіз де қиянатсыз надандардың тірлігі болып қана шығады. Шаһкерімнің "қиянатсыз надандар әулиеден кем емес" дейтұғыны да содан. Ондай "әулиеліктің" Тәңірді тану химетіне қатысы қаншалықты? Қатысы - нөл! Тәңірді тану өзіңді танудан басталады. "Өзін таныған - Тәңірісін таниды" нақылы солай дейді. Ал, Өзтанымның кепілі - Сөзтаным. Сөзтаным - Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Тәңіртану) құпияларының бірден-бір рухани кілті. Біздің өз аңқымалық жазбаларымызда қашанда Қазақтың Ата Тіліне, байырғы бабаларымыздың әлемде теңдесі жоқ сондағы дана Дүниетанымына сүйенетіндігіміздің мәнісі де сонда. "Егер, Қазақ Тілін білсе еді: д і н де осында, ғылым-білім де осында, ә у л и е ш і л і к те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, ә у л и е болып өтті" ( ә у л и е Мәшһүр Жүсіп). Әулиенің бұл Өсиетін де мансұқтасақ, "тас қараңғы зынданда" қалғанымыз қалған!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371