МАЛ АМАН. ЕНДІ ЕЛІ ІШІ ТЫНЫШТАЛСЫН
Осыдан бiраз күн бұрын Оңтүстiк Қазақстанда белгiсiз iндеттен мал қырылып жатқаны туралы хабар кейбiр республикалық және жергiлiктi БАҚ-тарда желдей есті. Бiрi – Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында «соңғы бiр ай iшiнде 60 мал арам қатқан» десе, екiншiлерi мұнда «белгiсiз себептен 500-ге жуық мал қырылған» деген ақпарат таратты. Осы мәселеге қатысты ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлiмiнiң басшысы Базарбек Омаров 30 шiлдеде «Оңтүстiк» ақпарат орталығында түсiнiктеме берiп, бұл ақпаратты терiске шығарды деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газетінің тілшісі.
Облыстың бас ветеринарының мәлiмдеуiнше, «суыт хабар» жария болысымен басқарма мамандары Ащысайдағы жағдаймен мұқият танысуға аттанып, өлекселерден сынамалар алынып, зертханаға жiберiлген.
– Қырылған мал саны әлдеқайда аз. Телеарналарда көрсетiлген мал өлекселерiнiң қайдан түсiрiлгенiн ауыл тұрғындарының өзi бiлмей, аң-таң болып отыр, – дейдi Базарбек Мизамбекұлы.
Оның пiкiрiнше, кейбiреулер өлген мал санын асырып айтып, өтемақыны көптеу алуды мақсат тұтқан сыңайлы. Өйткенi, мамандар жалғыз Ащысай емес, iндет шықты деген Сарыағаш, Шардара, Отырар аудандары мен Түркiстан, Арыс қалаларына да барып, үйме-үй аралап, жағдаймен танысқан. Сол кезде көбi өздерi айтқан өлексе санының орнын толтырып бере алмаған. Ащысайда телеарналарда хабарланғандай 60 не 500 мал емес, 29 қозы өлiптi.
Зертхана қорытындысы iндет әкелуi мүмкiн 19 түрлi ауруға терiс нәтиже көрсеткен.
– Малға iндет тимеген. Өлекселердi сойып тексергенде өкпесi қарайып кеткенiн көрдiк. Бiздiң болжамымызша, малдың өкпесiне суық тиген. Бiрақ нақты диагноз тағы жоқ, – дедi Б.Омаров.
Маманның түсiндiруiнше, биыл наурыздың соңы мен сәуiрдiң басында қар жауып, ауа райының күрт төмендеуiнен, таңертең мұзды шық басып қалған шөпке жайылған жас төлдiң өкпесiне суық тиген. Шiлденiң түнеукүнгi ыстығын ауру өкпе көтере алмаған болуы мүмкiн.
ОҚО АШБ ветеринария бөлiмi басшысының мәлiмдеуiнше, облыста аса жұқпалы аурулардың алдын алу үшiн 13 түрiне вакцина егiлген, 2 ауруға аллергиялық тексерулер жүргiзiлуде. Облыс бойынша «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттiк кәсiпорындарында 1585 маман жұмыс iстейдi. 2013-2014 жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлiнiп, ветеринарлық ұйымдарға қажеттi құрал-жабдықтар мен қызметтiк көлiктер алынған. Атап айтқанда, бұл сала үшiн 15 «Сангионг», 172 «Нива», 15 ДУК (УАЗ), ауру малдарды тасымалдауға арналған әрi арнайы жабдықталған 21 «КамАЗ», мал өлекселерiн өртейтiн пешi бар 3 көлiк (жылжымалы) сатып алынып, аудан, қала, ауыл-аймаққа таратылған.
Абай-ақпарат