Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6759 0 пікір 24 Шілде, 2015 сағат 13:35

ӘР СӨЗІ – АЛТЫН НҰРЕКЕҢ!

1991 жылдың басында әуелі “Қайт, қазақ Отаныңа!” деп Қазақстанның зиялы қауымы бас көтерсе, ел Президенті Н.Назарбаев “Алыстағы ағайындарға ақ тілек” атты әйгілі хатын жария­лады. Хатта: “Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын”, – деген ақ тілек айтылған. Осы хат онсыз да елпілдеп, елегізіп отырған шетелдегі қазақ қауымын рухтандырды. 1992 жылдың 28-қыркүйегінде президентіміздің бастамасымен Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Тәуелсіздік алған тұста репатриация процесін реттеуші негізгі құқықтық құжат - 1992 жылғы 26 маусымда қабылданған «Иммиграция туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болды. 

ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы 23 қыр­күйекте қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Респуб­ликасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпшілігі үй-жай және басқалай жеңілдіктерге қол жеткізді.

Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойлау, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрілетінін талқылау. Құрылтай барысында әлем қазақтарының ұйытқысы болатын қауымдастық құрылды. Ең бастысы – тұңғыш Құрылтай алыстағы ағайынның елге оралатын ұлы көшіне қозғау салып берді. Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев: “…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз” – деп, «Бар қазақ - бір қазақ» деген сарындағы жалынды сөз сөйледі.

Президенті Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мем­лекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыт­тары» туралы қуатты құжаттар жасалды.

1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» жолдауындағы «күшті демографиялық саясат – елдің ұлттық қауiпсiздiгiнiң басымдығы ретінде» көрсетілуіне сай, 1997 жылғы 13 желтоқсанда «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды. Бұл заңда шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде, мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау мен дамытуға, этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесуге айтарлықтай көңіл бөлінді. Алайда, аталған заңның 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» № 477-IV Заңмен күші жойылды.

2002 жылғы 23 қазанда Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өткізілді. Бұл жиында оралмандар үшін өзекті  көшіп келу, білім алу, еңбек ету мәселелері жан-жақты қаралды. Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайы 2005 жылғы 28-30 қырқүйек аралығында Астана қаласында өткізілді. Бұл құрылтайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991-2005 жылдар аралығында елімізге барлығы 110 мың 591 оралмандар отбасы қоныс аударғандығын айта келіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейгендігін атап өтті. Елбасы әлемдегі әрбір үшінші қазақ шет елдерде тұратынын, қазақтарды тарихи отанға жинап, біріктірудің маңызын ерекше атап өтті. Сол кезеңдегі Көші-қон және демография агенттігінің мәліметтері бойынша, 1991-2006 жылдары шет елдерден келген оралмандардың жалпы саны 143343 жанұя  шамамен, 565757 адам болған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі № 224 бұйрығымен Оралман мәртебесін беру ережесі бекітілді. Бұл мәртебе де, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 329-ө-м бұйрығымен алынып тасталды.

 «Үкіметтің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың оралман отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Үкімет бұл қаулыны кері қайтарып алды», – деген Көші-қон полициясының хабарламасы талай қазақтың үмітін су сепкендей басты. 2012 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Үкіметі бұл қаулыны кері қайтарып алды. Елбасының айтқаны неге іске асырылмай қалғаны беймәлім. Көші-қон органы қысқа ғана: «Квота дұрыс бөлінбеген, аймақтық ерекшеліктер ескерілмеген. Олқылық түзелген соң бәрі қалпына келеді» деген түсіндірме берді. Квотаға қол жеткізу мұң болып тұрғанда, жығылғанға жұдырықтай болып, оралмандарға азаматтық беруді 4 жылға дейін созатын жаңа талап заңды түрде бекітіліп кетті. Осылайша, тәуелсіздік алған кезеңнен бері бір ізді жүргізілген этникалық көші-қон саясаты сұйылып, «Нұрлы көштің» соңы сиыр құйымшақтанып, Ата жұртқа жол тартқан қандастарымыздың  көші дағдарып қалды. 

2014 жылы, 6 тамыздағы үкіметтің біріккен отырысында Елбасы қазақ көшінің саябырлап қалғанын айтып, көшті жандандыруға тапсырма берді. Осы отырыста Елбасының алдында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара  Әбдіқалықова парламентке сол жылы күзде жаңа заң өткізіп, қабылдатар сөз айтқан. Алайда, әлі нәтиже жоқ.

Қандастарымыздың Қазақстан аумағына қоныстануындағы материалдық және құжаттық мәселелерін реттейтін заң әлі қабылданбады. Бұл мәселені ішінара парламент депутаттары, қазақ тілді БАҚ, журналистер мен қоғам қайраткерлері үздіксіз көтеріп келеді. 

Оралман тағдыры — қазақ тағдыры, Қазақ тағдыры – Қазақ елінің тағдыры екені ақиқат. Демографиялық мәселесі өткір Қазақ қоғамының аса үлкен сұраныс талабы мен қажеттілігін былай қойғанда, Елбасының өзі ылғи да көңіл бөліп келе жатқан шетелдегі қандастарымызды тезірек отанға оралту мәселесінің тиісті шешімін әлі таба алмауына қандай батпанның кедергі екенін түсіну қиын. Қазақ адым аттағанша жеті айналатын жер жаһанның төсінде гүлденген Қазақ деген елдің атағы аспандауы үшін қазақ жұдырықтай жұмылуы керек. Елбасының өзі айтқан әр үшінші қазақтың әлі күнге жанары жәудіреп шетелде жүруі бәрімізге де сын. Қаншалықты кешіктіріп алсақ та, қажетті қадамымыз тезірек жасалса деп билікке телміріп келеміз. Қазақ көбеймей қазақтың мәселесін шешілмейтінін бәріміздің де түсінер уақытымыз жетті. Осы мәселеде қолынан қағаз өткізіп отырған мәнсапты жандар Елбасының қандатарымыз жайлы айтқан алтындай әр сөзіне зер салса, Елбасы мен елдің тілегін тезірек орындаса дейміз.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371