ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ. ТІЛ ТУРАЛЫ ҮШ ЭПИЗОД ЖӘНЕ БІР ҰСЫНЫС
Мен орыс тілінде 19 жылдай оқыппын. Он жыл мектепте, төрт жыл институтта (бұрынғы ҚазПИ қазіргі ҚазҰМПУ), тағы бес жыл (екі жыл стажировка және үш жыл аспирантура). Көп жыл тек қана орысша сабақ бердім. Орысша бірнеше кітап шығардым. Қазір Алматы қаласында тұрамын.
Бірінші эпизод. Осыдан екі жыл бұрын жөтел қысып дәрігерге бардым. Дәрігер орыс келіншегі қазақша білмейді екен, ал мен жөтелімді орысша сипаттай алмадым. Қазақша білетін дәрігерді сұрап едім: "Сіздердің бас басыңызға қазақ дәрігер жоқ", - деп білетін диагнозын қойып, ашуын әзер баса отырып өзі білетін дәрілерді рецепке жазып берді. Мен дәрігердің берген дәрісін ішуге бата алмадым. Әйтеуір, кейін жөтелім өзі басылды.
Екінші эпизод. Египетке баратын болып «ТЕЗ -тур» дейтін компанияға хабарластым. Бірақ олар менімен қазақша сөйлесуден бас тартқандықтан, мен қазақша тілдесетін «Хикмет турдың» қызметін дұрыс көрдім. Сөйтіп, қазақша сөйлесуден бас тартқан «ТЕЗ-тур» бес клиентінен айрылды.
Үшінші эпизод. Пәтерді күзетке қоймақ болып, ақылы қызмет көрсететін фирмаға телефон соқтым. Телефон соққаным бар болсын, әлгі фирманың қызметкерлерінің бірі:"Бізде қазақша сөйлейтін оператор жоқ", - деп арадағы байланысты қиып тастады. "Сізге біздің орыс тілді қызметіміз керек болмаса, басқа фирманы табыңыз", - деп зекіді ол. Міне мен осы күндері қазақ тілінде күзет қызметін көрсететін фирма іздемекпін.
Қазіргі заманда ақылы қызмет түрлері, Құдайға шүкір, көбейіп келеді. Олай болса, қазақша білмей диагноз қойып, дәрі жазып беретін шипагерден құтылатын кез келген сияқты. "Бұл түкке тұрмайтын проблема, оны мәселе қылып, мақала жазудың қажеті жоқ" дейтін ағайын аз болмас, бірақ мені өз елінде орысшасы жетпегендіктен теріс диагноздан ауруына ауру жамап, немесе ана дүниеге "жолдама" алып, аяқ асты кетіп қалатын бауырларымның халі алаңдатпай қоймайды.
Бүгінгі таңда орыс тілін пайдаланатын ортаның аясы тарылып келеді. Келтірілген эпизодтарда пәлен жыл орысша оқыған Әзімбайдың тілі орысшаға жетпеген жағдайлар болды. Ол рас. Қазақша білмейтін арнайы қызметтегі орыс пен қазақты аяп, клиент пен пациенті құрбан етеміз бе сонда?
Еліміздің бейбіт қатар өмір сүруі қазақтың денсаулығы есебінен шешілмеу керек. Клиенттің патша көңілі - ақылы қызмет көрсетуші фирмаға байланысты болса, қазақ тілді клиент өз мүддесінен айрылмау керек. Ең маңыздысы - қазақ тілді клиенттің құқығы оның жеке басының өжеттігі мен талапшылдығы арқылы шешілу керек пе деп ойлаймын.
Мен тіпті мемлекеттік тіл туралы ауыз ашпай отырмын. «Қорғау» қызметі фирмасының төртінші операторының айтуынша, көп ұлтты Қазақстанда корей тілінде қызмет көрсету ешкімнің міндеті емес. Солай делік. Бірақ, мен корей тілінде сөйлеп, оператордың басын ауыртып, жанын қинаған жоқпын ғой. Оператор менің талабымды клиенттің талабы емес, ұлтшыл қазақтың орынсыз лаңы деп отыр.
Бір ұсыныс. Иә, қазақ тілінің қажеттілігі бір қазақтың қырсықтығынан туған мәселе емес. Қазақ тілі болмаса, бізге бұл мемлекетте өмір сүру қиынға соғар еді... Тіл саясатына өкпелеп, мен Қазақстаннан қашпақ емеспін. Солай екен, ендеше өркениетті күрес жолын таңдайық. Ол - қазақ клиенттерінің толық дәрежеде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуі болып табылады. Басқа жағдайда – қазақшасы бар, сапалы қызмет көрсететін жерге тайып тұру керек. Ол жағдай дүкендерге, шаштараздарға, асханаларға, тіпті, дәрігерлерге қатысты болуы да мүмкін...
Abai.kz