АЛМАТЫНЫ СЕЛ БАСТЫ. ХАБАРСЫЗ ҚАЛҒАН ЕЛ ҚАШТЫ...
Шілденің 22-сінен, 23-іне қараған түні, сағат үш шамасында Қарғалы өзенінің су деңгейі көтеріліп, Қарағайлы және Таусамалы шағын аудандарының кейбір жерлерін су басты. Алматыдағы селден қаладағы үш ауданның үйлері зардап шеккені туралы Tengrinews.kz қала әкімінің орынбасары Юрий Ильинге сілтеме жасап хабарлады.
"Шамамен сағат 2.15-те біз "Қазселденқорғаудан" Қарғалының шарасынан шыққаны туралы хабар алдық. Бұл өзеннің көлемі 40 мың текше метр болған. Судың көтерілуі сел тасқынына алып келді. Сел Қарғалы бөгетіне дейін барды, толқынның 10-12 метр болды, яғни судың көп көлемін бөгет ұстап қалды. Секундына 10-12 текше метрмен ағып жатқан Қарғалы өзенінің арнасын бақылап отырмыз. Өзен үшін бұл өте үлкен ағыс. Селдің нәтижесінде үш аудан зардап шекті. Наурызбай батыр ауданындағы Чапаево елді мекені көбірек зардап шекті. Әуезов ауданына да ішінара зардап келді. Алатау ауданындағы Алғабас ауылының 97 үйін су басты. Сел бұл аудандарға қайта қауіп төндіріп тұрған жоқ", - деді Ильин.
"Демалыс күндері жауын-шашынның әсерінен таулы аймақтарда өзендер арнасынан шығып кетуі мүмкін. Қазір "Қазселденқорғау" бақылап отыр. Қатердің алдын алу мақсатында қажет болса профилактикалық шаралар жүргіземіз", - деді әкім орынбасары. Ол №6 және Үлкен Алматы көлінің бақылауда екенін айтты. Ильиннің айуынша, бұл жерлерде жағдай тұрақты. Су басқан аумақтардағы Суды шлюз арқылы арнаға түсіру жұмыстары жүріп жатыр. Су бөгеті жарылған жоқ. Қазіргі уақытта су екі шлюз арқылы ағып жатыр. Жақын маңдағы елді мекеннің тұрғындары эвакуациялау жұмыстары жүру үстінде. Оқиға орнында құтқарушылар, полиция, ТЖД қызметкерлері және әкімпдіктің өкілдері жұмыс істеп жатыр - шамамен 440 адам.
№176 орта мектебінде, сондай-ақ Наурызбай ауданының әкімдігінде зардап шеккен тұрғындарға медициналық көмек көрсету, ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша арнайы пунктер құрылған.
Қарғалы өзенінің бөгеті ауданында 191-ден астам жергілікті тұрғын, соның ішінде 3 бала қауіпсіз жерге көшірілген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қаза тапқандар жоқ, 6 адам медициналық көмекке жүгінген, 3 адам ауруханаға жатқызылды. Алматы ТЖД селдің екінші рет қайталануы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Әкім Ахметжан Есімовтің Алматыдағы селдің тікұшақпен аралауы түсірілген видеосы мен суреттері де жария болды. Видеода бұзылмаған су бөгеті көрінеді. Ал елдімекенді су басқан. Соңғы мәлімет бойынша, селден кейін Алматыда 280-нан астам адам эвакуацияланды. Оның барлығы №176 орта мектеп пен Наурызбай әкімдігінің ғимаратына жеткізілді. ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы 5571, 28237 әскери бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кететін болсақ, ақпарат құралдары 21 шілде де: «Қазгидрометтің» РМК Алматы облысында сел жүретіні туралы хабарын жариялаған болатын.
«Ауа температурасының көтерілуіне байланысты 21-23 шілде аралығында Алматы облысындағы тау сілемдерінде сел жүруі мүмкін», делінген еді хабарламада. Алайда, тұрғындарға селден ескертіп ешқандай SMS хабарлама келмеген.
Әкімнің орынбасары SMS-хабарламаның таратылмауына да пікір білдірді. Оның айтуынша, ұялы байланыс операторлары алматылықтарға сел жөнінде sms хабарлама жіберуден бас тартқан. Бұл деректер алдағы уақытта тексерілмек.
Айта кетер болсақ, төтенше жағдайлар кезінде халықты хабардар ету жүйесіне өзінің барлық ресурсын жұмылдыртындығы туралы 2012 жылы қыркүйекте министр Владимир Божко Үкіметтің кезекті отырысында мәлімдеген еді.
«Қазіргі таңда Қазақстанның әрбір елді мекені біртұтас жалпымемлекеттік жүйемен ықпалдасқан және бейбіт және әскери кезеңдегі төтенше жағдайларға халықтың дер кезінде үн қатуын қамтамасыз ететін өз жедел хабарландыру жүйесі болуы керек. Халықты ұялы байланыс операторларының көмегімен хабардар етуді ұйымдастыру мәселелеріне де үлкен назар аударылуда. Қазіргі таңда Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында SMS арқыл шұғыл хабар тарату жөніндегі техникалық шешім іске асырылған» деген еді В.Божко 3 жыл бұрын өз сөзінде.
Апат туралы әлеуметтік желі қолданушылары да өздерінің парақшаларында жазды. Олар сондай-ақ, әкімдіктің төтенше жағдайларға дайын емес екенін сынап, апаттан қашқан тұрғындардың суреттерін бөлісті.
Abai.kz