ТАЛҒАТ ЕРМЕГИЯЕВ 4,2 МЛРД. ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРҒАН
Талғат Ермегияев заңсыз сыйақы есебінде 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы алды деп айыпталуда.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Айгүл Шайымова мәлім етті.
«Талғат Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бірқатар лауазымды тұлғаларымен және мердігер компанияларының басшыларымен бірге аса ірі көлемде ақша жымқырды деп күдіктелуде. Қазіргі уақытта тергеу амалдары кезінде Ермегияев жымқырылған қаражаттың ішінен заңсыз сыйақы есебінде 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы алған. Қазір кезде 10 адам қамауға алынды», - деп атап өтті Шайымова.
Талғат Ермегияев ҚР ҚК 176-бабының 4-тармағы бойынша (өзгенің мүлкін жымқыру) күдікті ретінде танылып отыр. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Қажымұрат Үсенов ұсталып, үйқамаққа алынған болатын.
11 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Талғат Амангелдіұлы Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Кейіннен қамауға алынып, барлық мүліктері тәркіленді. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы лауазымына елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков тағайындалды.
19 масымда, «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарушы директоры Суламбек Баркинхоев ұсталды. Оған бұған дейін ұсталған компанияның басшы тұлғаларымен бірге сөз байласып, 214 миллион теңге бюджет қаражатын жалған кәсіпкерлік арқылы қолма қол ақшаға айналдырып иелену және ысырап ету туралы күдік келтірілген.
Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқарма мүшелерінің бірі Вера Кобалия 11 шілдеде кенеттен жұмысынан кетті. Әзірге, оның неге қызметтен кеткені туралы нақты ақпарат жоқ.
Абай-ақпарат