Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Мәйекті 7461 0 пікір 13 Шілде, 2015 сағат 17:53

"СЕН КЕТКЕЛI ЕШТЕҢЕ ЖОҚ ӨЗГЕРГЕН..."


(Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың елу жасына арнау)

Ертең досым сен елуге келер едің...
-Әй, Сқабылдың баласы, елуімді ел тойлап жатыр. Сен неге үнсізсің?-деп телефон шалар ма едің...
Қайдам? Бұл қазақ тірісінде кімді төбесіне көтеріп еді? Тіріні қойшы, өлгендердің де бұл дүниеде танысы болуы керек заман болып тұр. Саған бәрібір досым, білемін...Өзің айтып кеткенсің - "достар менің қабіріме келмеңдер, тірілерді танымайды өлгендер". Ал, тірілерге ұят-ты! Үнсізбіз. Атырау да, Алматы да, Астана да...
Өз сөзіңмен айтсам, "сен кеткелі ештеңе жоқ өзгерген". Сол баяғы өзіне қимай, өзгеге жем болып жүрген қазақ! "Муз-тв"-ға миллион шаштық,ал, хандықтың тойына қаржы таппай қиналып жатырмыз. Сені ойлауға мұршасы жоқ әкім- қараның! Өзің жақсы көрген Имақаң мен Ізмұхаммет ағаңа жете алмай қалдық қой! Өздері жоғары баға берген өр Табылдың елуінде есте қаларлықтай бір шара өткізуге олардың шамасы келмейді дегенге мен сенбеймін, Табыл дос! Анау орыстың Высоцкийiн де осындай азаматтар аспанға көтеріп, өлмес ескерткіш орнатты емес пе?
Әзірге, "сен кеткелі ештеңе жоқ өзгерген", досым! Тіріміз..."Сол Алматы, сол өзен..." Сағынғанда баяғы жастықтың ізі қалған жерлерді аралап қайтамыз. Кейде өзің түске енесің. Сол баяғы жымиған, Табыл...Қоңыр гитараңды күбірлетіп ән саласың , досым! Сосын...Қалай дәл тауып жазып кеткенсің ?

...Қызынып алып, оқисың өлең тік тұрып,
Мен үнсіз қалам қос жанарыма шық тұнып, 
Сонан соң, сосын. . . кетесің көзден ғайып боп, 
Жалғанның жалған екенін маған ұқтырып.

Елесің өшіп, " келесің қашан Тәкем " деп, 
Жоғалтып сені, бұрышты жалғыз мекендеп, 
Ернеуінен кеп сүйемін сосын бокалдың, 
Ерніңнің ыстық табы қалды ма екен деп. . .

 

Арман Сқабылұлы

Abai.kz




0 пікір