Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4066 0 пікір 8 Шілде, 2015 сағат 18:26

«ЖИҺАДШЫНЫҢ» АНАСЫ ҰҚК-ГЕ НАЛАСЫН АЙТТЫ

Талғат Төреевтің үйде ілулі тұрған портреті.

Сирияға «жиһадқа» кетті делінген Оралда туып-өскен бұрынғы футболшының анасы «Азаттық радиосына» жалғыз ұлынан айрылудың қаншалықты қиын екенін жеткізді.

Орал қаласының бір шетіндегі "Жұлдыз" ықшамауданында тұратын Айнаш Төреева өзінің ұлы, Оралдағы «Жастар» футбол клубының бұрынғы қорғаушысы, 27 жастағы Талғат Төреев туралы айтты. Талғат 2013 жылы әйелімен және кішкентай қызымен Сирияға кеткен. Екі жылдан соң келіні енесіне WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы Талғат отырған автокөліктің авиасоққыдан жарылғанын, оның опат болғанын хабарлаған. Содан бері келіні байланысқа шықпаған.

Талғат спорттағы алғашқы қадамын «Жайық» футбол командасында ойнап бастайды. Кейін «Жастар» командасына өтеді. Ол оқушы кезінде әртүрлі республикалық жарыстарға қатысып жүріп, елді шарлап шығады. 2005 жылы Талғат мектеп бітіріп, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетіне «машина құрылысы» мамандығына грантқа оқуға түседі. Бірақ футбол мен оқуды қатар алып жүру қиынға түседі. Талғат екінші курста оқуын тастап, футболды таңдайды. 2009 жылы Талғат Төреев Қазақстанның премьер-лига чемпионатында ойнау үшін тексерістен өте алмай, футболдан кетеді.

Талғат Төреевтің футболшы кезіндегі суреті. Отбасы альбмынан алынды.

Осыдан соң Талғаттың бірден еңсесі түсіп, Әртүрлі салаларда жұмыс істеп көруге тырысады. Кейін Талғат анасына намаз оқуға ниетті екенін айтады. Олар Орал қаласы сыртындағы үйлерін салып жатқанда анасы мен ұлы пәтер жалдап тұрған. Айнаштың айтуынша, Талғат осы уақытта үйге келуін сиретіп, "мешітке барамын" деп жүрген екен. Ол, біраз уақыттан соң сақалын өсіреді. Анасының сөзінше, 2010 жылдан бастап Талғат үйде дайындалған асты ішпейтін болған. Мал бауыздаған кезде ұлы оны міндетті түрде өзінің танысы союын талап етіп, құрбандық шалуда дұға оқылуы қажет деген.   ​Талғат басқаларға: "Сіздер намаз оқымайсыздар, сондықтан таза емессіздер" деп түсінік беретін болған. Анасының айтуынша, ол жергілікті мешіттегі имам мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жергілікті департаменті мен дін істері жөніндегі комитеттің департаментіне көмек сұрап барады.

 Талғатты дін істері жөніндегі департаментке апарған кезде онымен сөйлескен мамандар Талғаттың анасын "алаңдамаңыз, ұлыңыз дұрыс жолда" деп шығарып салады. Бірақ облыстың бас имамымен сөйлесуге Талғат бармаған. ҰҚК  Талғатты бақылайтынын айтқан. 2011 жылдың желтоқсанында Талғат облыстың Теректі ауданының тумасы – Марияға үйленеді. Талғат анасына бірден үйлену тойы болмайтынын айтады. Біраз уақыттан соң келіні қымтанып орамал тағып жүреді. Оған қоса сыртқа шыққан кезде медициналық бетперде киіп алады. Арада жыл өтіп Талғат пен Марияның тұңғышы София өмірге келеді.  

Алайда күн өткен сайын анасы мен ұлының арасында қайшылық ұлғая береді. Талғат қонақ келгенде әйелін көп алдына шығармайтынын айтады да, Айнаштың келіні жабық бөлмеде қызымен жалғыз отыратынды дағыдға айналдырады.  Әртүрлі сылтаумен ұлы отбасын алып, бірнеше рет бөлек шығып, пәтерде тұрады. Қаржылық қиындық туғанда қайтадан анасына келеді. 2013 жылдың шілдесінде Талғат әйелі және қызын алып үйінен біржола кетеді. Сол жылы ҰҚК Айнаш Төрееваға ұлының бала-шағасымен Сирияға кеткенін хабарлайды.   

Талғаттың анасының айтуынша, ұлы алғашында бес ай хабарсыз кеткен. Кейін келіні оған WhatsApp арқылы Түркияда екендерін жазады. 2014 жылы қаңтардың 20-сында Мария Сириямен шекарадан өткендерін, енді елге оралмайтындарын айтып хат жазады. Сол жақта жұмыс істейміз деген. Бірақ қандай жұмыс екенін ашып айтпаған. Биыл 12 мамырда Мария енесіне Талғаттың қаза тапқанын, күйеуінің денесін көргенін айтып хат жазады.

Ұлының қиырдағы соғысқа кетуін анасы Талғаттың футболдағы сәтсіздігіне күйзелгендігімен және жұмысқа тұру мәселесін шеше алмай кеткендігімен байланыстырды. Ол бір жағы "баламның тәрбиесінде қаталдау болуым керек пе еді" деп өзін-өзі кінәлайды. Айнаш ҰҚК-ге де үміт артқан.

 - Егер маған ҰҚК ұлымның сол жаққа кетуі мүмкін екенін сездірткенде, оны елден шығармау үшін аянып қалмас едім ғой. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салатын едім. Мемлекет өкілдерінің ешбірі маған көмектесе алмады. ҰҚК ол жаққа кімдердің кеткелі жүргенін біледі ғой. Неге олар осындай жағдайлардың алдын алмайды? Оларға айыпты болса, ұлымды түрмеге отырғызыңдар деп айттым. Тым құрығанда, аман-сау болатын еді және осы елде қалатын еді, - дейді Айнаш Төреева.

Ол бір ай бойы ұлын жоқтап күйзелген. Бертін хатым түсіріп асын берген. Енді Айнаштың өзі келінінің 87 жастағы жалғыз қарт туысын күтімге алған. Талғаттың анасы күн сайын ең құрығанда келіні мен немересінің аман-сау елге орлауын тілеп отыр.

ҰҚК-нің жергілікті өкілі Азаттыққа Талғат Төреевтің қазасы туралы ақпаратты растау немесе терістеу туралы мәлімет бермепті. Комитет Талғаттың жесірі мен қызының тағдыры жайлы да ақпарат беруден бас тартқан.

 

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406