Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 4920 0 пікір 8 Шілде, 2015 сағат 17:25

АҚШ ЕЛШІСІ АҚ ЖАҒАЛЫ ҰЛЫҚТАРЫМЫЗҒА ҮЛГІ КӨРСЕТТІ

Қазақстанға дипломатиялық миссиямен келген АҚШ елшісі  Джордж А.Кролл мырза аз уақыттың шегінде «қазақ тілін үйренемін» деп уәде берген болатын. Елші уәдесінде тұрып, қазақ халқын Астана күнімен қазақ тілінде құттықтады.

 

«Вашингтон Америка Құрама Штаттарының жүрегі болса, Астана Қазақстанның бейнесі. Астана – қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның нышаны. Мен Астананың болашағы жарқын екеніне сенімдімін. АҚШ халқы атынан барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын», – деді Кролл мырза.

Осылайша Кролл мырза Астанадағы ақ жағалы ұлықтарға үлгі көрсетті. Конституция бойынша мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің биліктің жоғары эшолоны мен қаржылық иниституттарда қолданылмайтындығы, қазақ тілінде сөйлейтін жергілікті ұлттың үнемі кемдік көріп, қысымға ұшырайтындығы туралы шындық қазір Батыс әлеміне ұшқындап болса да жетіп жатыр. Сол жайтты қапысыз аңғарған АҚШ елшісі бірден қазақ тіліне ден қойған еді. Әрине, Кролл мырза аз уақыттың ішінде қазақ тілінде еркін сөйлеп кете қоймас, бірақ, дипломат осы талабымен-ақ көп нәрсеге ықпал ететіндігін байқататын сияқты. Яғни, Батыс пен АҚШ әлемі Қазақстанда демократиялық құндылықтардың қалыптасып, баспасөз халыққа еркін ақпарат тарату үшін орыс тілінің, турасына көшсек, Ресейдің қыспағынан шығауы қажет екендігін ептеп түсіне бастағандай. Ал, әлгіндей қажеттілік тек қазақ тілі арқылы жасалатындығы ендігі жұртқа ұғынықты болса керек.

Abai.kz   

0 пікір