Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5925 0 пікір 22 Маусым, 2015 сағат 07:05

ГАБОР КИШШ. САЙҚЫМАЗАҚ ӘЛЕМ КҮЛДІРГІНІҢ КӨЗІМЕН

 

Ақын әрі жазушы. 1976 жылы Секешфехерварда (Мажарстан) дүниеге келген. Бірнеше республикалық әдеби сыйлықтың иегері. Бұл қаламгердің туындыларын аударған себебім, қазақ оқырмандарын қазіргі мажар әдебиетінің жас буынының немен тыныстап, шығармаларында қандай ой қозғайтындығымен  таныстырғым келді.

Аударылған әңгімелер жазушының (Bohócvilág bohóc szemmel) „Сайқымазақ әлем күлдіргінің көзімен” (2012) атты өлең және әңгімелер жинағынан алынды.

 

            11 қыркүйек немесе террор тұманы

2001.09.11 оқиғасын еске алу

Абэ ұйқылы-ояу шырылдауық сағатты басты, таңғы төрт жарым. Әдеттегідей бір керіліп, бір ыңыранды да, ақырын төсегінен тұрды. 2011 жылдың қыркүйегінің тәңертеңінде де сол бұрынғы әдеттегі тірлігін бастады. Басқа күндері не істесе, бүгін де сол күйбең тірлік. Жуынып, тісін тазалап, кофесін ішіп, тоқашын жеп, балалар бөлмесіне кіріп, баласының маңдайына ернін тигізді. «ϴмірім неткен ғажап еді»,  деп ойлады. Әйелін оятып, оған да кешке дейін сау бол айтып, көлігіне мінді.

Алдымен досына соқты. Күнде досын жұмысқа алып баратын. Абэ Зелменович ортодокс еврей, он екі мүшесі сау,  ал досы Эдвард болса  христиан, екі аяқсыз жарымжан. Бала күнінен арбаға таңылса да, бақытты адам еді. Қазіргі медицинаның жетістіктерінің арқасында әйелі періштедей сүйкімді қыз сыйлаған. Қос дөңгелекте отырса да, ешкімнен кем емес еді. Абэмен ертеден дос болатын. Дүниежүзілік сауда үйінің солтүстік мұнарасының жиырма жетінші қабатында бірге жұмыс істейтін. Бұл жолы да жұмыстарына кешікпей жетті. Қызметтері адам армандайтындай керемет емес, бірақ алып машинаның  тетіктері секілді еді. Егер бір тетігі істен шықса, арба да тоқтап қалатын. Бұлар өздерін сол тетіктерге ұқсатып, жұмыста керекті екендерін ойлап, көңілдеріне қуат жинайтын. Қиын күндерде де осы ой оларды алға жетелеген.

Бүгін де жұмысқа кіріскендеріне де көп болған жоқ еді. Сағат сегіз  елу бес минут болғанда, ғимарат қатты сілкінді. Не болғанын бұлар түсінер емес, дегенмен, бір жамандықтың болғанын іштері сезді. Қас-қағым сәтте әдепкі жайбарақат тірліктің сұрқы қашып, дүние астаң-кестең болды да кетті. Эдвард Абэге: «Сен қаш» деді, бірақ Абэ Эдвардтың әріптесін босатып, досының жанында өзі қалды. Түтін қоюлана түсті. Абэ отбасына телефон шалып: «Не болғанын өзіміз де түсінер емеспіз. Бірақ аман-есенбіз, көмек күтіп отырмыз. Уайымдамаңдар, көп ұзамай үйде боламыз», –  деді.  Сонан соң Эдвардтың үй телефонының нөмірін теріп, тұтқаны досына берді. Эд әйелімен, сонан соң қызымен бір-екі сөз ғана  алмасып үлгерді, желі үзіліп кетті. Абэ досын: «Қорықпа, қазір келіп, бізді құтқарады», – деп сендірумен болды, бірақ іші алай-дүлей. Абэнің бұл сабырлылығы Эдтің көңіліне де сенім ұялатып, екеуі де үнсіз белгісіз көмекті күтумен болды. Жарылыстан бір сағат кейін мұнара быт-шыт боп қирап құлап, екі досқа мола болып қалды. Сол күні екеуін отбасылары екі көздері төрт болып күтумен болды. Сейсенбінің шуақты күнінде жұмысқа кеткен еді ғой. Әлемнің әр тарапынан келіп жұмыс істеп жатқан басқа үш мың адам секілді олар да жұмысқа кеткен. Ажал аузынан жеткен сәлем Абэ мен Эдтің достығы, өзімшілдіктен ада дос көңіл туралы болды. Жандары жаннатта шалқығай! 

Ойын бітті!

Бәріне нүкте қоятын кез келді.  Ойынның  соңы. Күнделікті тірліктің көлеңкесінен қашып шығамын. Бүгін өзіммен күрестің соңы! Жасанды жүзді лақтырамын. Кім екенімді ақтарып салғым келеді. Қараңдар, міне! Мына түрім ұнай ма? Жоқ? Ештеңе етпейді. Осы түрімді де әлі-ақ жақсы көріп кетесіңдер. Бүгіннен бастап, қобдишаны ашып, ішінен күнде бір жүз алып, айнаның алдына отырып алып, сол күндік жасанды жүзді бетіме жапсырамын. Иә, оған сәл жымиыс, өтірік  марапат айтуды, қаласа бас изеуді, жалған жаны ашығансып қарауды жамаймын, тіпті тұзсыз көз жасын да қосып қоямын… Бар болғаны осылар. Жасанды жүз дайын,  енді ақырын жолға шығуға да болады. Бетімдегі бояудың астында өксіп жылап тұрған жаным бар екенімен ешкімнің шаруасы жоқ. Ішім қуыс боп өмір сүруге мәжбүрлігім жаныма батады. Амал не, сендер мені дәл солай көргілерің келеді. Қаласаң, күлемін, сақылдап тұрып күлемін. Тіпті саған қосылып, жылаймын, әуелі сен үшін жаным қатты ауырғансып тұрамын. Сені қорғап-қоршап, жел жағыңа қалқан боламын. Ал мен өзім қайдамын сонда? Сайқымазақ күлдіргішті кім жақсы көреді? Жасанды жүзімді жаңбыр жуып кетсін деп едім, ол да бір тамшысын қимай қойды.  Жүрегім жалғыздықтан қарсы айырылып, қансырап тұр. Иә, қазір дүрсілдеп соғып тұр, ал ертең оянбай қойсам қайтесің? Менің жоқтығымды байқамай да қаларсың?! Менсіз де мына дүние шыр айналып, дөңгеленіп тұра берер. Шынайы жүзімді білгісі келетін адам бәрібір жоқ. Иә, шын келбетім қазір көріп тұрғаныңдай, әлем-жәлем бояулы, сұлу емес шығар, бірақ ол – шынайы. Шынайылық шынында да болған бір кезде. Әдемі гүл секілді еді, жұпарынан бас айналатын. Ал бүгін тек құрғақ сабағы ғана қалған. Қазір жасандылық сәнге айналған. Мен –  сайқымазақ күлдіргішпін, қандай бейнеде көргің келсе, сол кейіпке енемін. Не қаласаң, сол боламын.  Қазір бәрі адамдардың бақай есебіне бағынған. Солардың дегені болса, жұмақ орнады дей бер. Сол үшін адамдар жасанды жүзді іліп алуға қарсы емес. Олай болмаса, шаруасы бітіп, шаң қабады. Әрбір жасанды жүздің артында шыңырау жалғыздық бар. Мен де жалғызбын. Ертең   қасымнан өтіп бара жатқан әлдекім тоқтап, жанымды топырақтан көтерер ме екен? Бетімдегі тозаңды сүртер ме екен? «Кел, сайқымазақ күлдіргіш, танысайық. Маған сенің шын өзің керексің!» дер ме екен? Шын бейнемді көрсетуге батылым барар ма екен? Әй, қайдам, бояусыз сайқымазақ күлдіргі кімге керек дейсің? Ойын бітті … 

 

Құм-махаббат

Ұсақ құм түйіршіктері шөл даланың мәнгілік тыншымайтын боранымен ұшып барады. Шексіздікке жұтылып жатыр. Майда құм түйіршіктері тозаңға айналып, қатты жел соғып, оларды мәңгілік бақыт пен тыныштық мекеніне алып кетеді. Бүгін барлығы бір жерде, бірақ ертең жел оларды қайда апаратынын кім білсін? Мүмкін бәрі бір жерге көшер, мүмкін тарыдай шашылып әр жерде қалар. Аздап жауын жауып өтсе, жөн болар еді. Жауын суынан құм түйіршіктері бірігіп, желге қарсы тұрып, бірге болар еді, жақсылықты да жамандықты да бірге кешіп, бірге көшер еді. Тек кейде кенет күн жарқырап, құм түйіршіктерін құрғатып, жарығымен көз қарықтырады. Бір-біріне айырылмастай қарманған құм түйіршіктері лезде ыдырап, мәңгілік махаббаттың ғұмыры аяқталады. Сүйген жүрек баянсыз болып шығады. Күнде басқа, күнде жаңа тірлік. Кешегінің бәрі – өткен-кеткен, баянсыз естелік. Мың бояулы бүгінгі күн ғана таңғажайып сұлу. Кешегінің бәрі –жалған. Кеше қолыңнан кім ұстағаны енді маңызды емес. Түйіршік жалғыз да өзінің қайратты әрі берік бола алатынына, қасына ілесер  біреудің табылатынына сенімді. Миллион құм түйіршігі махаббат даласында бақытқа зар. Ешқашан жетіп болмайтын бір мекенге асығады. Жанында ілесіп келе жатқанды көзіне де ілмейді. Сөйтіп аңсаған махаббатын таппай да кетуі мүмкін. Мен сол даланы күзетіп, кейде жаралы жүректердің басын қосып жүрген жай бір диуанамын.

Aударған    Раушангүл Зақанқызы,

ақын, аудармашы  

Мажарстан, Сегед

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407