Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 4527 0 пікір 15 Қараша, 2015 сағат 10:45

БҒМ 72 МЛН. ТЕҢГЕНІ ТІЛ БІЛМЕЙТІНДЕРГЕ БЕРІПТІ

Құрметті Астана тұрғындары мен қонақтары, сіздер «Бәйтеректің» маңайындағы гүлді-гүлді, әлем-жәлем боялған аттарды байқаған шығарсыздар. Төрт-бес жастағы балаларға дүкеннен сатып әперетін ойыншық аттар дейін десем, тұлғасы шын аттардікіндей, бірақ түстерінен көз ұялады.

Біздің қазақ жылқыны негізінен тек түсімен атаған. Мысалы, Тайбурыл, Байшұбар, Керқұла, Қарақасқа және т.б. Өкінішке орай, бүгін дала қазағы болмаса, қала қазағы жирен, құла кер, бурыл деген жылқы түстерін дөп басып айта алмайтын қалге жеткен.

Шіркін, «Бәйтеректің» қасындағы ойыншық аттардың орнына өзіміздің халық ауыз әдебиетіндегі тұлпарлар тұрса ғой. Ата-аналар балаларын ертіп келіп, мынау Алпамыстың Байшұбары, мынау Қобыландының Тайбурылы, мына тұрған Қамбардың Қарақасқасы деп аралатып жүрсе ғой. ЭКСПО-ға келгендер де мынау қазақ деген рухани бай, тамыры терең, рухы биік, өткенін қатты қастерлейтін  халық екен деп таң қалар еді.

Ал, енді осы шаруаны жүзеге асыру мүмкін бе?

Әрине, мүмкін!

Біз мәдени мұра бағдарламасы аясында жүз томдық «Бабалар сөзін» шығардық. Енді сол бай мұраны сөрелерге кітап қылып жинап қоймай, суретке айналдырып баланың қолындағы электронды құралдарға  әкеп салу керек. Әр тұлпардың кітапта сипаттамасы бар, соны тауып суретшілерге беріп, қазылар алқасын құрып бірнеше суретшінің ішінен біреуінің салғанын таңдап бекітіп қойса, бәріміз кез келген бірізденген кейіпкерді баланың оқулығынан, мультфильмнен, жарнамалық ақпараттардан, көшедегі мүсіндерден көрсек, жазбай таныр едік...

(Компьютерлік ойындардың алғашқы кейіпкері. "Қобыланды батыр")

Батыстың идиологтары қолдан бастары үшбұрышты, төртбұрышты кейіпкерлер жасап, баламыздың санасын улап жатқанда, ата-бабам қалдырған мол мұраны ұқсата алмай отырғанымыз жарамас деп іске кірісіп кетсек, бұл  5-6 айда аз ғана қаржымен бітетін шаруа.  Жақында Білім және ғылым  министрлігінен (БҒМ) батырлар туралы компьютерлік ойындар жасауға 72 (жетпіс екі) миллион теңге бөлінді дегенді оқыдым. Кімдер екен деп іздеп барып жолықтым, аттарды түстеп бермек тұрмақ, қазақ тілінен мүлдем мақұрым біреулер екен. Алдымен мына шаруа жасалмағандықтан олар да Кендебайдың керісін ақ қылып, Қобыландының буырылын қара түсті етіп жасайтыны белгілі. Сосын тағы да далаға кеткен қайран ақша болады да қояды.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1505
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5762