МИНИСТРЛІК ҰЛТТЫҢ ТАМЫРЫН БАЛТАЛАП ЖАТЫР
Бүгінде билікке де, біреуге да тура қаратып наз айтып, сыр бөлісу қиын... Құлақтар – саңырау, саналар – меңіреу...
Екі жыл сайын екпіндеп-ентігіп жеткен дағдарыс: ұшы-қиыры жоқ, ақыры мен соңы белгісіз...
Осып сөйлеп, орден алдық; мақтан айтып, медаль тақтық. Білмеймін: бір кездегі еліміздің «2030 жылға дейінгі стартегиялық даму» бағдарламасы бір түнде «марқұм» болып, аттың жалы, түйенің қомында «2050 жылға дейін» дейтін ұран атойлап шыға келді?!.
Әлемдегі дамыған 50 елдің төбесін көрмей тұрып, озық 30 мемлекеттің қатарын аңсадық... Үкімет дағдарысқа қарсы «Жол картасын» шығарып еді, қаржысы пышақ үстінде талан-таражға түсті ме, тағы да тұңғиыққа тап болдық...
Бүгініміздің бүлінгеніне етіміз үйренді, бірақ, болашақтың тамырына балта шабуымыз қалай?!.
Басқа-басқа, Білім мен ғылым министрлігі «Үш тілді білім беру жүйесін» түгел мектептерге енгізу мақсатын жалаулатты. Алғашқында “асығыстау айтылған әңгіме болар” деп үміттеніп едік, құлағы есітіп, санасы шаршаған көптің еті өліп кетті ме, ә дегенде халық түсініп-түйсіне қоймаған жүйе атағынан ат үркетін білім ордаларына дендеп барады. Ең сорақысы, қазақы болмыс пен ұлттық танымнан тым алыс жүйе бүкіл Қазақстан мектептеріне ұсынылып отыр.
«Үш тілді білім беру жүйесінің» ұстанымы мынадай:
1. «Биология», «Физика», «Химия», «Информатика» пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
2. «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті», «Дүниежүзі тарихы» пәндері орыс тілінде жүргізіледі.
3. «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «География» пәндерін ғана қазақ тілінде оқытуға енші тиген...
Ең алдымен, бұл – мемлекеттік тіл саясатына қарам-қайшы. Екіншіден, Білім туралы заңның 9-шы бабында орта мектеп пәндері мемлекеттік тілде оқытылуы керек деген. Үшіншіден, бұл бағыт – жас ұрпақты туған тамырымыздан, ұлттық рухымыздан, ана тілімізден біржола ажыратады. Мемлекеттің ресми тілінің қолданылу аясы мен даму деңгейі әлсіз кезеңде мұның өзі қазақ тілінің қолданыстан мүлдем шығып қалуына итермелейді.
Елбасымыз Н.Назарбаев бір сөзінде: «Қазақ тілі - ғылым тіліне айналуы керек!» - деген болатын. Егер нағыз ғылымның негізін қалаушы биология, химия, физика, информатика пәндері жат тілде (ағылшын тілі) оқытылса, қазақ ғылымы қалай дамиды? Мемлекет басшысының тағылымды танымы мен байсалды бағдарын – Білім мен ғылым министрлігінің жалған жалаулату мен өтірік ұранға айналдырғаны қалай?!.
Сөз жоқ, жаһандану үрдісінің қуаты жойқын. Үштілділік мәселесі де қажетсіз дүние емес. Әйткенмен, тілі таза шықпаған сәбидің санасын жат тіл, бөтен болмыспен улау – нағыз надандық!
Бастауыш сыныптары - баланың ана тілінде таза ойлап, анық сөйлеуі үшін аса қажетті жылдар. Бесінші сыныпқа дейін баланың санасы мен түйсігін шұбарлау - ұлттық тамыр-танымды үзіп, ұрпақты аздырып-тоздырады.
Қазақ қоғамында орыс тілінің ықпалы әлі күнге дейін орасан, ендігі жерде тағы бір жат тілді тықпалайтындай біз ағылшындардың отарында болған Үндістан емеспіз...
Ана тілінде сөз сындырып, санасы орныққан бала қалаған тілін жеңіл меңгеріп алады. Ал, қазіргі үштілділік бағыты - он жылдан кейін қазақ қалаларында қазақ тілінде сөйлейтін бала қалдырмайды.
Менің жүрегімді сыздатып, жаныма батқан осы өрескелдік – өзекті мәселені – билікке қаратып емес, бүгінгі күннің зиялысына айтып-ақтарып отырмын.
Бәріміздің келешектен үмітіміз зор: балаларымыз бар, ұрпақ өсіп келеді. Ертеңгі ұрпағымыз жат тілдің құлы, бөтен өркениеттің құрбаны болмасын десек, «жуас қой жүндеуге жақсы» деген қамсыз қадеттен құлан-таза айығып, балаларымыздың болашақ бақыты үшін баянды қимыл жасайық! Ақиқатқа амал қылып, үн қосайық!
Қажымұқан FАБДОЛЛА, Орал қаласы
Abai.kz