Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4707 0 пікір 23 Қазан, 2015 сағат 11:18

КЕЛІНШЕКТЕР-АЙ


Баяғыда «Жас Алашта» жұмыс істеп жүргенде бір мекеменің қызметкерлері арызданып келді. Өңкей қыз-келіншектер. Әбден ашынған апайлардың жазған қағаздарында шындық бар екен.

Сонымен мәселені зерттеп, үлкен мақала жаздым. Артынша сынға ұшыраған мекеме басшысы қызметінен кетті. 
Бұған әлгі мекеменің қызметкерлері қуанып, «Жуамыз» деп, кешке кафеге шақырды. Дастарханға жалғыз бармай, қасыма телеарнада жұмыс істейтін екі әріптесімді ертіп алдым. Өңкей келіншектердің ортасында өте көңілді отырдық. Біразы жасы үлкен апайлар. Көңілді отырыстың соңы келіншектердің: «Билегіміз кеп тұр, биі бар кафеге барайық» дегенге ұласты. Қонақ қойдан жуас емес пе?! «Мейлі» деп, соңдарынан ердік. 
Қаланың қақ ортасындағы бір үлкен кафенің даңғырлаған музыкасы іш түгілі, сыртқа ұрып тұр екен. Кірсек, бір бұрышта ел билеп жатыр. Енді бірі қаз-қатар орналасқан столдарда отыр. Әйтеуір, кафе іші ығы-жығы адам. 
Біз де шеткі үлкен столдың біріне жайғастық. 
Әдеміше келген апайдың бірі пальтосын шешіп, үсті-басын реттеп, жан-жағына бір қарап енді столға отыра берген. Бір кезде орнынан атып тұрды да: «Ойбай, анау столда менің байым отыр...» деп, сырт киімін қолына асығыс ілген күйі далаға атып шықты. Бұрылып қарасам, бізден үш-төрт стол арыда екі үлкен кісі жап-жас орыс қыздармен отыр. Ағаларымыз әжептеуір қызу сияқты. Біреуінің қолы орыс қыздың иығында. Құшақтағандай боп отыр. Жан-жағына қарайтын емес. 
«Алдымен апайдың көріп қалғаны дұрыс болды-ау, әйтпесе күйеуі әйелінің бөтен еркектермен жүргенін көрсе, шатақ болар еді» деп, ойлап болғанымша әлгі апай есіктен қайта кіріп келді. Келді де: «Айтпақшы, бұл бәлеге жаңа ғана телефон шалғанымда "Қордайда командировкада жүрмін" деген еді... Мынаусы несі?» деп, аңтарылып тұрып қалды. Үнінде діріл бар... «Ойбай, Қордайдың алыс ауылына кетіп барамыз. Ол жақта телефон ұстамайды. Сондықтан өшіріп қоямын, уайымдама дегені қайда?» деп, сөйлеген күйі жанымызға жайғасты. Не айтарымызды білмей бәріміз тым-тырыс отырмыз. 
Іссапарға кеткен ағамыздың жағасы жайлауда... Қыздардың рюмкаларына арақ құйып жатып, құлақтарына сыбырлап бірнәрселерді айтып, күлдіріп қояды. Жан жақтарына мүлдем қарайтын емес.
Аппақ ажары лезде сұп-сұр боп кеткен апайымыз ары отырды, бері отырды. Екі көзі төр жақта. Тістеніп отыр. Бір кезде: «Мейлі, Аралбай, үйге әйтеуір, бір келерсің... Бұл жолы қандай «ертегі» айтар екенсің, көрейік...» деді де, бізбен қысқа қоштасып, сыртқа шығып кетті. «Уһ» деп терең дем алып, біз қалдық. 
Оқиғаның бұдан кейін қалай өрбігенінен әрине, хабарым жоқ. Бірақ «Бөріктінің намысы бір» деген, қаға берісте әлгі еркекке әйелінің көріп қойғанын ескертейін бе деген де ой келді. Бірақ «Ал, менің әйелім бөтен еркектермен неғып жүр?» десе, не деймін? Жағдайды түсінбей, оқиғаны одан бетер ушықтырып аламын ба тағы? 
Сөйтсем, апайлардың бірі: "Мынау қызық болды-ау... Бағана бұл қатын байымен телефон арқылы сөйлескенде "Мен де жұмыстан шығып, үйге қайтып барамын, уайымдама...» деген болатын. Енді көрмейсің бе? Байына не айтарын білмей, бетін басып қашып кеткенін..." дейді. 
Әй, алдамшы өмір-ай... Дегенменде көңілді отырыстан ертерек қайтып кеткен апайдың сабырлылығына, ұстамдылығына тәнті болдым.

Оралхан Дәуіт

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5399