Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6835 0 пікір 19 Қазан, 2015 сағат 16:28

«ЖЕТПІСБАЙ» ТАПТЫРҒАН АҚСАҚАЛМЕН СҰХБАТ

"Меккеге барудан бұрын, адам алдымен өз қолымен өз күнәсін жуатындай тірлік істеу керек"


«Аbai.kz» интернет порталының бас редакторы Дәурен Қуат баурымыздың бір ауыз өтініші бойынша жетпісінде Жетпісбайдың әкесі атанған Еламан ақсақалға хабарласқанмын. Екі-үш рет «ауырып жүрмін» деп, жолығудың сәті түспеді. Ақыры бір күні келіскендей болдық.  

– Ел-аға, сіз қаланың қай маңайында тұрасыз, қазір барайын?

«Дарбазаға» барар жолдың бойында. «Ақ үйде».

«Дарбазасы» несі? Ол ауыл Сарыағаш жақта емес пе еді?» деймін іштей. Тағы сұрадым: 

– «Дарбаза» дейсіз бе? Сарыағаш жақта емес пе еді ол?

Иә, дұрыс. Мен сол жақта тұрамын ғой. Ал, сен қайдан хабарласып тұрсың?

Шымкенттен!

– Е-е, алыс емес екен ғой. Екі сағатта жетіп келесің...

Сонымен, Сарығашқа жол тарттық. «Жылға», «Дарбазаға» барар үлкен жолдың тура үстіндегі ағайдың үйіне де жеттік. Бір шар кесе қою қымыранды тартып та жібердік. Бала күннен дәмі таңдайымызда мәңгілік қалып қойған жеңсік ас қой, қаланың қазағы күнде ішіп жатпағанымыз тағы бар, маңдайдан мұздай тер бұрқ ете қалды. Енді сұхбаттасуға болады...

Еламан аға, сіздер бұл аймаққа қашан қоныстанғансыздар?

Біз мынау Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық ауданындағы Өгем тауларын жайлаған Шанышқылы ішіндегі Қарақалпақ руы боламыз. Бұл маңайға аталарымыз 300 жылдай уақыт бұрын келіпті.

– Түйе ұстайтындығыңызға, «Қарақалпақ Еламан» атыңызға қарап мен сізді Қарақалпақстаннан көшіп келген оралман ағайын ба деп ойлап едім.

Жұрттың бәрі солай ойлайды. Қазір мені сыртымнан естіген жұрт «Кіші жүз Еламан» деп атайды. Руым кім екенін, қайдан келгенімді де сұрамайды.

– Дұрыс айтады. Үш жүздің ішінде түйе ұстайтын негізінен Кіші жүз рулары екені рас қой. Оның үстіне руыңыздың аты «қарақалпақ» болса. Атам Ақжігіт «Созақ көтерілісінде» Салықбай мергеннің 18 сарбазының бірі болған, көтеріліс жаншылғанда ұсталған, атылған, Алла аман сақтап, атылған жерінен түнде қашып шығып, жалғыз ұлын жанына алып (әжеміз қайтыс болып кеткен екен), қақаған қыста Қаратауда күндіз жатып, түнде жүріп, шекара асып кеткені себепті біз де 1930 жылдан 1959 жылға дейін Тәжікстанда тұрған, түйе деген ең төре түліктің жақсылығын көп көрген ұрпақпыз. Сондықтан бұл жақтағы елден ерек түйе ұстауыңызға не себеп болды? 

16 жасымда үйленген бірінші әйелімнен бір қыз көрдім. Бірақ, содан кейін жұбайым тоқтап қалды. Ташкент түбімізде, сондағы бір профессорға өзім бардым.

– Иә, Шымкент облысының күнгейдегі 5 ауданы әкімшілік тарапынан туатын тапсырмалар болмаса, басқа мәселесінің бәрін Ташкентке барып шеше беретін кез еді ғой ол.

Қарт өзбек профессор «кінә келіншегіңде емес, сенің өзіңде, сенен бала болмайды» деді. «Бұдан жазылудың  қандай амалы бар?» деп сұраймын ғой. «Мұның амалы – түйе тауып алып, қысы-жазы түйенің сүті мен шұбатын ішуіңіз керек, сонда бүкіл ағзаңыз тазарып, қалпына келеді». (Негізі, оңтүстік елі шұбатты «қымыран» дейді және осы дұрыс та, себебі, тарихшы профессор С.Өтениязовтың айтуынша көне сақ тілінде «қым» деп түйе мен жылқының сүтін айтқан екен, шұбат деп түйенің саумалын айтады екен, ендеше, ашыған сүттің бірін «қымыз», екіншісін «қымыран» атауы қисынға көбірек келеді – Ө.А.)

– Жасыңыз нешеде ол кезде?

22-23-жастамын ғой. Мені анам жалғызы болған соң ерте үйлендірген.

– Ойпырмай, қылшылдап тұрған, образға бай қазақ тілімен айтсақ, «қаруыңызбен жер жыртатын» шағыңызда қалайша белсіздікке ұшырадыңыз екен? Профессор себебін айтпады ма? 

Оның себебі... Біріншіден, біз соғыс кезінде тудық. Көзімізді ашып көргеніміз бейнет болды, шырағым. Шешеміз «әкең соғыстан келіп қалады» деумен, күйеуге шықпаған күйі тоқсаннан асып қайтыс болды. Мені қолымнан жетектеп жүріп өсірді, еңбекке ерте баулыды. Оқытты да. Мал тауып ертерек үйленсін деп, қой да бақтырды. Бірақ, жас кезде жағдайымыз болмады ғой. Мен  екінші әйеліме 29 жасымда үйлендім.

– Бірінші әйеліңізбен ажырастыңыз?

Иә, бала болмаған соң ажырастық қой.

– Емделдіңіз?

Әрине. 6-7 жылдай емделдім. Екіншім келе салып көтеріп, ұл туды. Шешем байғұс қуанғаннан жылап жүрді... Бірақ, баланың ғұмыры ұзақ болмады, бір ападан соң шетінеп кетті.

– «Аллам берерінен табасын» деп сіздер қалдыңыздар.

Иә, Алла  ниетімізді қабыл еттіп, біріншісінен кейін 4 ұл, 1 қыз тапты жұбайым.

– Енді түйе сүтінің жайын айтыңыз.

Е-е, бұл жарықтық түйенің айтары жоқ, сүті әрі сусын, әрі тамақ екен. Май табанының тәттілігі мен кішкентай ғана кесіп салсаң, кез келген ет тамақтың керемет дәмін кіргізіп жіберетін өркешінің қасиетін айтпай-ақ қояйын. Түйе ұстауды екі іңгеннен бастадым. Біреуі жерсінбей, ауырып, тез өліп қалды. Төлдің еркегін той-томалаққа жаратамыз-дағы, ұрғашысы үйімізде қала береді. Осылай көбейді ғой мал басы.

Түйені әр жерге жетелеп, арқандап жүріп, зорға қолға үйреттік қой. Шардара ауданындағы «Шардара» кеңшарынан әкелдім. 7 рет қашты ғой түйем! Бір ретінде Шардара қаласындағы Сырға салынған көпірдің аузынан ұстап әкелдім. Ол түйенің бүгінгі ұрпағы қусаң да кетпейді.

– Түйені ұстау үшін ауыл айналасы кең болуы керек қой?..

Ол кезде кең болатын. Соңғы үш жылда қонысымыз қатты тарылып кетті.

– Мен әлгі профессордың білгірлігіне, қуаты мол қымызды емес, қымыранды ұсынғанына таң қалып отырмын. Өмірі түйе деген малды ұстап көрмеген Ташкенттің профессоры кеселге ненің шипа боларын қалай дөп басқан десеңізші?

Менің салмағым 40 келіге де жетпейтін... Профессор әрі-бері қарап: «Ойбұй, балам-ай, болмай қалыпсың ғой!» деді. Жетім өскен бала тартыншақ келеді, інім. Мен ойынға да көп бармайтынмын.

– Сіз сол 37-38 келі салмақпен жүріп-ақ, 21 жасыңыздан бастап аудандағы Мәдениет үйін 11 жыл басқарыпсыз ғой?

Иә. Алпысыншы жылдары «жастардың комсомолдық бригадалары» деген болды. ол бригадаларға мәдени қызмет көрсету деген болушы еді. Қызмет көрсетуге байқау арқылы алатын. Сол байқаулардың бірінде көзге түссем керек, мені мәдениет саласына жұмысқа қабылдады. Алдымен тағлымдамаға (стажировка) Шымкентке жіберді. Жұмат Шанин театрында алты ай жұмыс істедік. Содан аудандық Мәдениет үйінде қалып кеттік қой.

– Ән саласыз, домбыра тартасыз, гармонда ойнайсыз?

Жоқ, аспаптардың ешқайсысын да меңгере алмадым мен. Кішкене даусым болса керек. Ал, мен сізге айтайын, бұл мәдениет саласы дегеніңіз нағыз ішетіндердің ордасы болады екен... Мен соған құлықты болмадым, әйтеуір. Өзімді сол бәледен аман сақтап қалдым. Мәдениетте не бір жағдайлар болып жатады екен ғой. Сұғанақтар сол кезде де бар екен. Бір күні қызметімнен босап келе жатыр едім, аудандық тұтынушылар одағының (райпотребсоюз) бастығы (өзі моңғол болатын) жолығып қалды. Жағдайымды сұрады, «жұмыстан босап келе жатырмын» деп едім, «Несіне оны уайымдайсың? Мен саған жұмыс берем. Таңертең бар-дағы, ана сельмагты қабылда» деді. Сөйтіп, табан астынан саудаға ауысып кеттім.

– Сонда мәдениет басқармасының сізге қоятын кінәсі қандай?

Сахнаның шымылдығы барқыттан тігіледі. Соны аудан басшылары бөліп алғысы келеді ғой. Мәшиненің орындығын барқытпен қаптау мода ол кезде. Содан 20 метр барқыт жоқ. Ол матаның қаны жерге тамбайды. Сірә, басқарма бастығы өз адамын әкеліп отырғызайын десе керек, барқыт тек желеу болды-ау деп ойлаймын.

Алты ай өткен соң аудандағылар «Әлтаев қайда?» деп, мені іздепті. Менің КСРО Мәдениет министрлігі берген «Үлгілі еңбегі үшін» деген төсбелгім болатын. Сөйтсем, менің бұл атағымның қайрат-күші мықты екен, мен оның қадірін білмеппін. Кішкентай куәлігі үйде жататын бір жерде. Менің орныма келген жігіт жұмысты жүргізе алмапты. Сонымен, не керек, менің жұмыс істемеген алты ай мерзімімнің айлығын бастығымның мойнына салып, оны жұмыстан босатып, өкімет өзі қайта апарып орныма отырғызды ғой. Мен мәдениет үйіне әртіс-әншілерді алып жүретін театрдың автобусын да әперіп қойған едім. Әншілерім шопандарды, колхоз-совхоздарды аралайтын, өз тапқан ақшаларын өздеріне жұмсап отырған едім. Осы еңбегім ескерілсе керек. Тағы бір жыл істеп, өз еркіммен арыз жазып, ол жерден кеттім ғой.

– Әлпештеп алып барған орыннан да кете ме екен?

Қалай кетпейін, магазин менің мойнымда тұр ғой. Әйелім істеп жатты мен үшін. Шешем: «Абай бол, балам, сен «рәстірат» болып сотталып кетсең артыңнан кім барады?» деуден танбайтын. Ол кісі үнемі «арамдыққа барма, ешкімнің ала жібін аттама, сонда өсіп-өнесің» деп отыратын. Тек айлығымызды аламыз. Сөйтіп жүргенде бір күні тексеру (ревизия) келіп еді, 2700 сом артық ақша шықса бола ма?! Сөйтсек, жетпей қалғаннан да бұл жаман нәрсе екен ғой! «Әке-көке» деп жалынып жүріп,  зорға құтылдық.

– Ақша қайдан жиналып қалыпты?

Е, оны да іздеп таптық қой. Сөйтсек, матаны өлшегенде ол созылады екен ғой, біз соны білмеппіз. Әсіресе, трикотин деген матаны көп саттық. Оны бізге таңдаулы сауда орыны деп, басқа дүкендерге қарағанда көп берген болатын. Оның 1,5 метрі бір көйлек болады. Оның бір метрін бізге өзбектер Ташкенттен шашлық-шашлығын ала келіп, жалынып-жалпайып алып кететін. Жаппай қатшылық, дефицит заманы ғой. Кейін аман-есен ол дүкенді де тапсырдық.

Дүкенде істеп жүріп те көзге түсіп, ауданаралық база деген болатын, сол базада «Культтовары» деген қойманың, бір жылдан кейін құрылыс заттарының, одан соң үйреніп қалған «мата мен дайын киім» деген қойманың кілтін ұстадым. Ол жерде 16 жыл істеп, кеңес өкіметін тарқатып барып кеттім ғой. Сонша жыл істегенде ешкімнен бір ауыз ауыр сөз естімей, «ишшай!» деспей жұмыс істедім. Ол жерде де «Отличник советской потребительской кооперации» деген одақтық төсбелі алдым. Кейін кеңестің ақшасының орнына теңге келген кезде, менде 3 контейнер киім артылып қалды. Соны үйге алып келуге қорықтым. Жұртқа тарқатып жібердім. Соның арқасы шығар, бүгінгі күнге жетіп отырғаным...

– Өз қаражатыңызға қоғамға қажет ошақтарды салу деген ой қалай туды?

Аулымыздың балалары, оның ішінде менің де ұл-қызым, мынау «Дарбаза», «Қызыл ту» мектептеріне, 4 шақырымнан 7-8 шақырым жерге дейін қатынап оқыды. Мен сол балалар қиналмасын деп, 1995 жылы 4 жылдық бастауыш мектеп салып бердім. Қазір сол мектепте 206 бала 3 аусымда оқып жатыр. О баста оны 23 балаға лайықтап салған едім. Былтыр тағы екі бөлме қостым. Енді жаңа мектепке арнап 2 гектар жер алып қойдым. Өйткені, 5-сыныптан жоғары ауылдың 175 баласы қатынап оқып жүр. 300 орындық мектеп салсам, екі аусымда оқыса, бәріне жетеді деп ойлаймын. Іске кірісіп кетуге дайын отырмын.

– Ондай ақшаны қайдан алдыңыз?

Ниет етіп жиған-тергенімді жұмсадым. Үйдегі малды саттық. Түйе сауып, қымыранын сатамыз, соның жиналған ақшасы бар. Бір қой ол кезде 7 теңге тұратын. Кеңес өкіметі 1987 жылдары шаруашылық ашуға, жер алуға рұқсат бере бастады. Мен 100 гектар жер алдым.  700 қойым болды. Қойшы ұстадық.

Содан кейін аулымызда жұрт жиылатын жер жоқ, ана төбеге, мына төбеге жиналып жүрген соң, шаң-топырақ болмай, жауын-шашында қиналмай бастары қосылып тұрсын деп, кезінде мәдениет саласының қызметкері деген атымыз болды, ауылға клуб салып бердім. Кітап оқысын жұрт деп кітапхана салып бердім. 2011 жылы 300 адамдық мешіт салдым. Ауылда 250 отбасы, 1400 мүшесі бар. Бұл – есепке кіргені ғана. Жалпы, ауылда 2500-дей тұрғын бар. Медпунктті де кеңейтсек пе деген ой бар. Оны Әбілқасым Досболов атты осы елден шыққан азамат салып берген еді.

– Қазақ баланың санын айтпайды, «құдайдың берген күшіктері бар ғой» деп қоя салады, сонда да болса?

Бір балам ауырып қайтыс болып кетті. Артында 1 ұл, 1 қызы қалды. Қалған 3 ұлдың біреуі – Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінде. Қалған екеуі осында. Мына жүгіріп жүрген үшеуі – кейінгі қосағымнан.

– Бұл кісіге қашан үйлендіңіз?

Осыдан 11 жыл бұрын. Екінші әйелім ертерек дүниеден қайтқан соң, отбасыға әйел адам керек болды. Бір әйелмен бас қосып едім, одан бала болмады. Өзімен бірге еріп келген баласын үйлендірдім, жер алып, басына бөлек үй салып бердім. Әйелім де менен гөрі сол баласына көбірек қарайлай берді. Сосын, «қой, болмайды екен, туатын әйел іздейін» деген ой келді. Бұл әйелім келген жылы Мамырбекті туды, бір жылдан соң Қабылбек келді дүниеге. Үшінші ұлдың атын Жетпісбай деп қойдық.

Бұл кісіні 4 қызымен алдым. Бойжетіп қалған екен, бәрін де өз қолыммен ұзаттым. Әй, балам-ау, көңіл кең болса сыймайтын нәрсе бар ма?.. Адам бір-біріне сеніп, ой-өрісін бірге тұжырымдай алса, бөліп-жаратын не бар? Құдайға шүкір, жаман емеспіз.

20 жылдан асты, ауылдағылар алдымен ауыл биі, төбе би, Құркелес ауылдық әкімшілігі ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Бір аптадан кейін ауылдағы 40 ақсақалды Түркістанға зиярат етуге алып бара жатырмын.

– Кеңес заманында үш салада – саудада, сотта және милицияда таза жұмыс істеу қиын еді ғой...

Саудада ең бірінші шарт – ұқыпты болуың керек. Екінші, ешкімнің ақысын жемеуге тиіссің. Сен бүгін біреудің ақысын жесең, ертең алдыңнан шығады сенің. 11 жыл дүкенде, 15 жыл базада, саудада 26 жыл жұмыс істеппін.

– «Сарыағаш ауданының құрметті азаматы» атағын қоғамдық жұмыстағы белсенділігіңіз үшін берген болуы керек?

Солай шығар. Бірақ, мен 1995 жылы, қара нан табудың өзі қиын кезде мектеп салсам, кейін кітапхана, мешіт, клуб салсам, маған атақ береді екен деп істеген жоқпын ғой. Ешкімге атақ сұрап барған да емеспін. Өзім солай істеу керек, ол менің перзенттік парызым, қоғамға, еліме қолымнан келер игі ісім, ендеше соны істеуге мен міндеттімін деп шештім. Мектеп салған соң оқушы балаларға екі жыл бойы үйімнен бір мезгіл ыстық тамақ беріп тұрдым. Бірінші жылы 23, келесі жылы 40 бала оқыды. Интернат та салмақшы болып едім, оның реті келе қоймады.

Ендігі ойым – мүгедектерге 20 орындық емдеу-сауықтыру жайы. Сексенге келгенше, топырақтан аман болсам, соны әдемілеп салып беріп кетсем деймін. Әрі ауыл адамдарына да жұмыс орны болсын. Анау су шығатын мұнараны көрдіңіз бе, әне сол жерде жерасты ыстық суының көзі бар. Сол арадан жер алып та қойдым. Біздің 35 мың халық тұратын ауылдық әкімшілікте  53 мүгедек бар.

– Көп қой?

Бізде тұратын түрік, тәжіктің қарасы қалың, ал, олар бір емшекті ембесе болды, біріне-бірі үйлене береді-дағы, содан олардан мүгедек көп туады. Осындай тіршілік, шырағым...

– Бүгінгі таңда ақшасы бар азамат аз емес. Оларға мектеп салу да қиын емес. Ал, сондай ізгі ойға, шешімге келу – міне, бұл айтуға ғана оңай.

Е, шырағым, маған да «осыларға кеткен қаражатыңа Меккеге барып келмейсің бе?» деген кісілер болды. Кешегі кеңес заманында адамдарға тірідей қиянат жасаған кездеріміз бар. Мәжбүрледі ғой бізді. «Мынаны тек мынаған бересің!» дейді. Көнуге тура келді... Бар нәрсені жоқ қылған күніміз болды. Майды, шайды, қантты бермедік. Зығыр майды да бермедік. Матада істедім дедім. Қызыл мата, қара мата, ақ мата аудандық атқару комитетінің бөлуімен ғана берілетін. Жол апатынан, басқадан қайтыс болған адамға ақ мата сатпаймыз. Келген қарапайым халыққа «жоқ» дейміз. Сол да біздің адалдығымыз ба? Соншама күнәміздің көп екенін біле тұрып, Мекеге қалай барамыз? Бұл жағын да ойлап қою керек... Күнәмізді жуу үшін барамыз ба?

– Әрине, күнәсін жуу үшін, кешірім сұрап, арылу, тазару үшін барады. Сіздің ұстанымға салсақ, Мекеге қажылыққа баратын тірі жан табылмай қалады ғой?! Жыл сайын 7 миллион күнәдан пәк жан қайдан шығады?

Ымм... Сонда да адам жан-жағын ойлап барған жөн сияқты. Әркімнің ойы әр түрлі. Меніңше, адам алдымен өз қолымен өз күнәсін жуатындай тірлік істеу керек.

– «Құдай, өзің кешір күнәмді!» деп, барлық жауапкершілікті Алланың мойнына артып қоймай, алдымен өзі-өзі тазартатын амалдарды істесін дейсіз ғой. Ойыңыз керемет. Қажылыққа бару туралы пікіріңіз осындай елден ерекше болған тұста, жалпы дін-исламға деген көзқарасыңыз қалай?

Өте дұрыс! Бірақ, соңғы кезде біздің ата-бабамыз ұстанған діннің арасына түрлі қоспаны араластырып, қойыртпақ жасап, бұрынғы бағытынан бұрып жүргендер көзге көрініп тұр ғой. Біз - ата-бабамыздың ұстанған жолының, пейілінің, ниетінің тазалығы арқасында қазақ болып қалған халықпыз. Пейіліміз, ниетіміз тар болғанда біз мұншама дархан даланы ұстап қала алмас едік. Пейілінің тазалығы мен ауызбіршілігінің арқасында осы күнге жетті қазақ.

– Өзіңіз бес уақыт намазыңызды оқып жүрсіз бе?

Азандағы памдатты оқып жүрмін. Үзбей де оқыдым. Қартайғаннан кейін қайта-қайта дәрет ала беру ауыр соқты. Ауырып та қалады екенсің, тіпті. Сондайы да болып тұр... Үзбей ораза тұтамын. Мешіт жоқ кезде ораза айында таурих намазды күнде өз үйімде оқыттым. Дін – тазалық негізі. Адалдық негізі. Өтірік айтқызбайды.

– Сақалы ұзын, балағы қысқалар бар ма ауылда?

Ауылда жоқ. Әкімшілікте көп. Басқа ауылдарда бар.

– Ауылдың төбе биі, ардагерлер кеңеснің төрағасы екенсіз. Ел ішіндегі телі-тентекті, ұры-қарыны тыю, ажырасу, төбелесу сияқты мәселелерді сотқа жеткізбей, қоғам күшімен тезге салу, жөнге келтіру жайы қалай болып жатыр?

Екі жыл болды-ау деймін, сотқа дейінгі бітімгершілік деген шықты.

– Иә, оны медиация дейді.

Міне, сол шыққанға дейін жаңағы сіз айтқан мәселенің бәрін табан астында шешіп тастап отырдық. Тіпті, бүгін де солай. Тоқсаныншы жылдары, бүкіл елімізде тұңғыш рет бүгінгі заман билері деген құбылыс бізде, Сарыағашта пайда болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен азаматтар келіп, көріп, іс-тәжірибемізді үйреніп қайтып жатты. Бізде әр ауылда би бар! Және ол адамның жасының үлкендігіне, сақалының ақтығына қарамайды. Би – соңына көпті ерте алатын, айтқан сөзін өткізе алатын  адам болуы тиіс. Кеше анау «Ынтымақта» біраз дүрбелең болды ғой. Біздің ауылдағы тәжіктер «Ынтымақтан» аз емес. Бірақ, солардың біреуі ауыз ашып, бір сөз айтқан жоқ. Бәрі сол ауызбіршіліктің арқасы. Оның үстіне біздің тәжіктердің қазақпен құда-жекжат болып кеткен.

Тек бір «но» бар бұл жерде... Адамды өсіретін де, өшіретін де билік пен ақша ғой. «Ынтымақтағы» жағдай – сол саланың кеңшары болғандықтан кеңес кезінде-ақ Ресейге апарып көкөніс сатудан, жылыжай салып, қияр сатудан мол пайда тауып, мол ақшадан басы айналғандардың тірлігі.

 

Сұхбаттың осы тұсында үйге жұмыстан Елекеңнің жұбайы – Эльмира жеңгей келді. Елекеңнің ұл-қыздары аталарын ортаға алып, «былай отырыңыз, былай отырыңыз» деп жатқан болатын. «Мамам келді, мама келді!» деп шу ете қалды бәрі. Эльмира жеңгейдің қолында торты бар екен. «Сен де торт алдың ба? Мен де алып едім» деп жатыр Елекең.

– Кәне, келе қалыңызшы. Ағайменен суретке түсейін деп жатыр едік, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай қайда, бәрін отырғызыңыз, – дедім.

Ой, сол Жетпісбай, Сексенбай деген жұрттан ығыр болдық,тіпті!

– Жеңеше, олай демеңіз, ол ығыр - жақсы ығыр ғой!

Сенсацияға айналдырып жіберді ғой біздің өмірімізді. «Сексенбайды қашан туасыз» дей ме, құдай-ау... Бізге аттестация болайын деп жатыр екен. Кітапханашымын ғой. «Аттестация тапсыра алмаймын» дедім жұмыстағыларға. «Неге?» «Екіқабатпын! Еламан жақында «құрсақ шашу» тойын жасайды, ешқайсың қалып кетпеңдер!»

–        Ха-ха-ха!

Елекең рахаттана күліп алды.

– Осы жолды таңдаған екенсіздер, шыдау керек, жеңеше!.. Тоқсаныншы жылдар, ұмытпасам, әлі «Алтын алқаның» шықпаған кезі. Шымкент қаласының әкімі 8-наурыз күні «Батыр аналарға» сый-құрмет көрсетіп жатыр. Журналист қыз сол апалардың біреуіне: «Он бес құрсақ көтеріпсіз. Сонда өмірден не қызық көрдіңіз?» деген мағынада сұрақты қайта-қайта қойып жатыр. Кейуана: «Қазір он екі перзентім – он екі шаңырақ, маған бұдан артық қандай қызық керек? Менен бақытты жан жоқ!» деп, қанша айтса да ана қызға түсіндіре алмай қойды...

Ал, ағай қартайып отырған жоқ екен. Сіз де әлі қыздай көрінесіз. «Жетпіс» сөзін Шерхан Мұртаза ағамыз «жет» және «піс» деген екі сөздің қоспасы деп түсіндіріп еді ғой. Біз тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде Жақсылық Молдабеков деген сынып жетекшіміздің келіншегі мен шешесі екеуі ауылдағы перзентханаға бір күнде түскен болатын. Бала туғанның несі ұят? Әлде де «үлкен пышақ ұялғанынан өтеді» деп, сіздер болмасаңыздар, «бала – ең үлкен бақыт» деп ойламайтын қазіргі жастардың жағдайын жақсы білесіздер ғой. 

Бүгін Мамырбектің туған күні. Ана бір жылы осы елге белгілі Мұрат Бекей есімді журналист, жазушы жігітке Мамырбектің аузына түкірткенбіз. Содан үйге ол бір келіп отырғанында Елекең: «Мұратжан-ау, аузына түкірген балаң жазушы болуды ойламақ түгілі қолына қалам да ұстағысы келмейді ғой?» деді. Мұратбек: «Асықпаңыз, көке, мен қаламды қолыма қырық жасымда ұстағанмын!» деп жұбатып жатыр...

– Мұратбек дұрыс айтқан! Мен, өзіне жарнама жасады демеңіздер,  елу жасымда, «екі Мұхтардың дауы» деген дауға нүкте қойған «Жас Алаштағы» үлкен мақаламнан кейін Мұхтар Шахановтың бір ауыз сөзімен, «енді бір секірсем әкім болмайтын несі бар» деп жүрген жерімнен, облыстағы Қуаныш Айтаханов атты ең әйгілі әкімнің қол астында, аудандық әкімшіліктегі жұмысымды тастап, журналист болып кеткенмін... Содан былтыр, журналистикаға келген он жылымның қорытындысы іспетті «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» деген кітап жазған едім. Бұл кісі сіздің түйдей құрдасыңыз, Ел-аға. Ол да өзіңіз секілді жақсылығын жарияламай жасайтын «Атымтай жомарт» адам. Сонау өте қиын 1990-1995 жылдары ғана қайырымдылықа 450 мың доллар аударғанын еске алсақ та жарар. Әсіресе, талай ғалым, тарихшылардың елге пайдалы кітаптарын өзі ықылас білдіріп шығарып беріп жүргенін айтсаңызшы. 2012 жылы көктемде мерейтой жасайын деп отырған пәленбай мың долларын Жаңаөзендегі отағасы қазаға ұшыраған отбасыларға беріп жіберді... Мен сол кітабымды өзіңізге ала шыққан едім. Ауылдың аты «Ақ үй» ғой?

Иә, айттым ғой бағана «Белый дом» деп.

– Осы сөзіңізден шығады. Сарыағаштың базарында «Дарбаза», «Жылға» жаққа шығатын таксистерден «Ақ үйге» кім барады?» десем, «Билидом» ба?» дейді. Онысын мен түсінбеймін. Сөйтсем, «Белый дом» дегендері екен ғой. Қаладағыларды қазаққа айналдыра алмай жүрсек, сіздер ауылда отырып орыс болып кетіпсіздер... Міне, «Жетпістегі жігіт» Еламан ағама барлық жақсылық атаулыны тілеуші автордан. Ақ үй» деп жаздым.

«Жігіт!..» деп жеңгей жымың ете қалды... «Жігіт!» деп Мамырбек пен Қабылбек бір-біріне қораздана қарап қойды...

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5508