Жұма, 22 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6499 0 пікір 19 Қазан, 2015 сағат 11:22

"МИЛЛИОНЕР ГЕНАРАЛДЫҢ" КӘРІНЕН САҚТА, ҚҰДАЙ!


Айлығы дамыған елдердегі шенеуніктерге қарағанда мардымсыз екендігіне қарамастан біздің пысықай бастықсымақтардың жалғанды жалпағынан басып, «ішкені алдында, ішпегені артында» дегендей керемет күй кешетіндігі жайлы өткен бір мақаламызда жазған едік.  

Ұрылардың «кәсіби шеберлігінің» арқасында олардың бірқатарының сырт көзден жасырып, тыққан талай дүниесінің жария болып қалатындығын да куәсі болдық. Сондайлардың тізіміне біздің Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Тілеген Мәткенов те кіріп кеткен сыңайлы. Осындағы жергілікті баспасөздің жазуына қарағанда әлгі ұрылар генералдың үйінен оның аса қымбат делінген он жұп швецариялық сағатын үптеп кеткен көрінеді. Обалы не, ішкі істер департаментіінң баспасөз қызметі бұған жедел үн қосты. Алдымен тоналған үй Мәткеновтікі емес деген уәж айтты. Кейін журналистер өтірігін шығарған соң «ойбай, ол бұл үйді жалдап тұрған. Алайда осыдан үш ай бұрын одан қоныс аударған» деген версияға көшті. Ал көздің жауын алатын, бағаларын айтуға екінің бірінің жүрегі дауаламайтын жаңағы сағаттар генералдікі емес, оның досы, бір кәсіпкердің дүниесі екен. Бір қызығы, неге екені белгісіз, әлгі аса бай кәсіпкердің аты аталмайды. Шенеунік емес, өз еңбегімен күн көріп отырған кәсіпкердің есімі неге құпия екендігі тағы да құпия. 

Жарайды, тіпті сол сағаттар генералдікі болмай-ақ қойсын. Алайда Мәткеновтің осы әңгімеден соң істеген ісі таң қалдырады. Алдымен баспасөз қызметі «ол кісі іссапарда, келген соң мән-жайды өзі айтып, түсіндіреді» деген мәлімдеме таратады. Сөйте тұра, келген соң да ол пақырыңыз тілшілермен тілдесуге уақыт таппайды. Оның орнына департамент баспасөз қызметінің ресми өкілі Елена Кашарина баспасөз мәслихатын өткізіп, бастығын арашалуға барын салып, оған шаң жуытпайды. Мұндай жағдайды журналистер уысына шығарсын ба, олар ақыры Мәткеновпен телефон арқылы хабарласып, мән-жайды сұрайды. Ол батырың бір журналиске  «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Менің үйіме ұры түскен жоқ» деп қысқа қайырса, екінші журналистің  «Ал сол қымбат сағаттар кімдікі?» деген сауалына жауап қайтармай, телефонды қоя салады.  

Дегенмен, кейін сабасына түсті ме, әлде біреулер ақыл берді ме, кім білсін, «Время» газетінің осындағы тілшісі Стас Киселевке (тек өзіне ғана) сұхбат береді. Генералдың тілшімен арадағы әңгімесінен біз көп жайтты ұқтық. Алдымен аңғарғанымыз, бұл кісі аса қымбат сағаттардан кенде емес қөрінеді. Тілшіге қолындағы әдемі де қымбат Rolex сағатын мақтанып көрсетеді. Айтуынша, ол кәсіпкер баласының сыйлығы екен, ең кем дегенде 10 мың АҚШ долларын құрайды. Содан соң тартпадан алып, тағы бір қымбат дүние – Fugot сағатын алып шығады. Мұнысы бір аңшылық сапарда досы сыйлапты. Өзі де оған бұдан кем түспейтін Longines сағатын тарту еткен. «Алаған қолым береген» деген осы шығар. Біздің бір байқағанымыз, генерал швецариялық сағаттардың маркісін білуде алдына жан салмайды екен. Біріне соң бірі құйқылжытып отыр. Байдың баласы емеспіз, қайсының қымбат, ал қайсысының өте қымбат екендігін қайдан ажыратайық. Біздікі «Соқыр тауыққа бәрі тарының» кері-дағы.

Жалпы, біздің генерал шетелдік аса қымбат дүниелерді жаны жақсы көретіндігі байқалады. Онысын журналиске мақтана айтатындығын қайтерсіз. Өзі мүшел жасынан шыққанда достары оған итальяндық Canali деп талатын костюм-шалбар сыйлапты. Төкеңе оның ұнап қалғаны соншалық, дереу дүкенге барып осындай тағы бірін сатып алыпты. Мұнысын өзінше «Енді менде екі  өте сапалы костюм-шалбар бар. Мен арзан киім алатындай аса бай емеспін ғой» деп айды аспанға бір-ақ шығарады. Сонда дейміз-ау, Елбасы, генерал ғана емес еліміздің Жоғары Бас Қолбасшысы өзіміздің Шымкентте тігілген, бағасы небәрі 40 мың теңге тұратын ойға да, бойға да қонымды костюм киеді де, ал қайдағы бір генерал анау-мынау шенеуніктің де қалтасы көтере бермейтін «шетелдік аса қымбат костюм ғана киемін» деп шіренеді.

Елбасымыз отандық өндірістің өнімдерін жарнамалайды, ал генералымыз еш айылын жимастан шетелдік өнімге ақшасын аямайды. Сонда патриоттық сезім қайда? Әншейінде орынды-орынсыз, келсін-келмесін екі сөзінің бірін «Елбасының нұсқаумен, Елбасының айтуымен, Елбасының бастамасымен» дегенде тақ-тақ етіп, алдына жан салмайтын осындай деңгейдегі шенеуніктердің жеке басына келгенде  үні шықпай қалатыны несі?  Әлде ақылы толыса қоймаған бала секілді сырты жылтырақ, алайда бағасы шарықтап тұрған дүниелерді көргенде баяғы сол өлермендігі мен даңғойлығы қозып кете ме? Сірә, қазекең «Бояушы-бояушы дегенге, сақалын бояйды» деп осындайда айтатын шығар. Әлде бұл жерде тағы да қазекемнің «Атың шықпаса, жер өрте» деген мақалы сәйкес келер ме екен? Біздегі генералдардың кедей емес екендігін бек білеміз, әрине. Алайда сол байлығын көрестіп,  Абай хәкім айтпақшы «Өзеңде бармен көзге ұрып» қажеті не еді дейсің ғой, баяғы.

Айына 10 мың теңге ғана төлейтін үйдің келбеті осындай

 Асылы, кейінгі кездері бір нәрсені сезіп жүрміз. Ол журналистермен әңгіме кезінде байлығын айтып мақтану, лепіре сөйлеу, өзін өзгелерден жоғары ұстау секілді оғаш мінездерінің байқалып қалатындығы. Өзгені былай қойғанда бұл қылық  генерал секілді лауазым иелеріне тым артықтау секілді. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, генералымыз осындағы ылғи бір элиталық үйлер салатын «БК-строй» құрылыс компаниясының бастығы өзінің досы екендігін, сондықтан бұған жалпы көлемі 200 шаршы метр құрайтын, хан сарайындай, ат шаптырым үйді (мұндай үйлерді Таунхаус деп атайды) айына небәрі 10 мың теңгеге жалға бергендігін жасырмайды. Сонда дейміз-ау, мұндай жомартықты әлгі қожайын тек дос болғандығы үшін  жасады ма, әлде ішкі істер департаментінің бастығы болған соң жасады ма? Жауабын алыстап іздеп қажеті жоқ шығар. Сонан соң, атынан ат үркетін ішкі істер департаментінің бастығының алып құрылыс компаниясының қожайынымен, сондай-ақ атын айтуға қорқатын атақты бизнесменмен достығын қалай түсінуге болады? Қылмысқа қарсы күресетін ұйымның басшысының байлармен көңіл жарастығы заңға томпақтау келмей ме? Олардың «мен генералмен доспын» деген сөзі талай есікті теуіп ашуға жарап жатыр емес пе? Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы мемлекеттік қызметші болып есептеледі. Ал оның әлгіндей  қалталы адамдармен дос-жарандығы мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс кодексінің» талаптарына қайшы келмей ме? Әлде біздегі шен-шекпенділер мен қалталыларға заң жүрмей ме?

P.S. Генерал Мәткенов уәдесінен тағы да айнып қалды. «Іссапардан келген соң журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, бар шындықты жайып салам, тіпті өзімнің қымбат сағаттарымды да көрсетемін» деп ант-су ішкен сөзі құр көз алдау болып шықты. Бейсенбі күні таңертең ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі генералдың журналистермен кездеспейтіндігін мәлімдеді. Сөйтсе, біріншіден, барлық жай түгел айтылып қойылыпты. Ал, екіншіден, генерал мырза журналистер мәселені бұра тартады деп қатты ренішті көрінеді. Яғни достары ылғи ығай мен сығай болып келетін бұл кісіңіз сіз бен бізге өкпесі қара қазандай екен. Құдайым генералдың кәрінен сақтасын деп тілейік.

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318