УӘЖІМІЗ РАСТАЛДЫ: АНЫҚТАМА СҰРАУ ҚАЖЕТ ЕМЕС!
Бүгін Мәжілістен депутат Алмас Тұртаев қоңырау шалып, қуанышты хабар жеткізді. ҚХР-дың еліміздегі Елшілігінен ҚР Сыртқы істер министрлігіне «Соттылыққа» байланысты жауап хат келіп түсіпті. Шауып барып, көшірмесін алдық!
Естеріңізде болса, Мәжілістегі Жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының территориясында ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» деп өзгеріс енгізген 49-баптың 9)-тармағы Үкіметтен «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» деген редакциямен қайтып келген болатын. Заң жобасы Үкімет ұсынған осы нұсқамен қолданысқа енсе де, бәрібір, тұрақты тіркеуге тұруда қандастарымыздан «Соттылығының» бар не жоқтығы туралы «АНЫҚТАМА» талап етілер еді. Осы анықтамаға Алдан Смайыл ағамыз бастаған барлық Мәжіліс депутататтары қынжылыс танытқан. Сосын, Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Гүлнәр Сейтмағамбетова апайымыз бұл мәселені келесі отырысқа қалдыратынын, ол отырысқа Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаевты шақыратынын айтып, тарасқан.
(Елшілікке хат жазып, мәселенің мән-жайын анықтаған ҚР ІІМ-нің азаматтары: Сабыржан Сейтжанов, Ерлан Тұрғынбаев (ортада) және осы жолдардың авторы - Ауыт Мұқибек).
Келесі отырысқа Ерлан Тұрғынбаев Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайыновты және Сабыржан Сейтжановты ерте келгенін, делдалдар жасаған жалған анықтаманы көрсетем деп, депутаттардан сын естігенін кезінде жазғанбыз. Сол жолы министрдің орынбасары депутаттарға «ҚР Ішкі істер министрлігі Сыртқы Істер министрлігі арқылы Қазақстандағы Қытай Елшілігінің қабылдауын сұрап, Хат жазамыз. Сол кездесуде Елшіліктен бұл мәселе туралы сұраймыз» - деп, уәде берген. Біз де Қытай Заңын аудармасымен қосып, Ерлан мырзаның қоржынына салып жіберген едік. Е.Тұрғынбаев уәдесінде тұрып, Қытай Халық Республикасының Елшілігіне хат жазыпты. Елшіліктен, міне, жауап та келіп үлгірді. Ерлан Заманбекұлы ер екен! Ұлы Абай айтқан «Сөз бен ісің бір болсын!» деген осы! Жұз жасаңыз, Ерекем!!!
Осы нәтижеге жетуге ықпал еткен Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Гүлнәр Сүлейменқызына, жұмыс тобындағы Алдан Зейноллаұлы, Нұртай Салихұлы, Бақытбек Смағұл, Меруерт Айтқажықызы, Алмас Ұзақұлы... бастағын барлық Халық қалаулыларына біз көп рахмет айтуымыз керек, ағайын!
(Қуанышты хабарды қоңырау соғып жеткізген Алмас Тұртаевпен әңгімеміз әркез ел мұраты төңіргенде өрбиді).
Жалпы Көші-қон Заңының көп талқылауына басты себептің бірі осы – «Соттылыққа» байланысты АНЫҚТАМАНЫҢ «жыры» болды! Біз де бұл Заң жобасының Қытайдан келетін қазақтар үшін құны көк тиын болғалы тұрғанын, оралмандарды сергелдеңге салатынын айтып, қадалып отырып алдық...
«Ештен кеш жақсы!» деген, ақыры Қытай Елшілігінен жауап алып тындық!
Сонымен, аталған жауап хатында Қытай Елшілігі: «Қытай аумағында әкімшілік және қылмыстық істер бойынша ортақ дерекқордың жоқ болуына байланысты, азаматтың соттылығы немесе сотталмағаны туралы анықтамаларды өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің әр провинциясындағы немесе қаладағы аумақтық полиция бөлімшелер береді. Бұл анықтамалардың ортақ стандарты немесе үлгісі бекітілмеген» деп жазыпты. Содан кейін: Елшіліктің Консулдық бөлімі Қазақстанға ҚХР азаматтарының көпшілігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан келетіндіктен, аталған ауданның құзыретті органдары беретін анықтамалардың және оларға лауазымды тұлғалардың қоятын қолы мен мөрлерінің үлгілерін ұсынуы туралы Қытай халық Республикасының Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдағанын және жауап келіп түскен жағдайда қосымша хабарланатындығын жеткізеді.
Осылай дей келіп Қазақстандағы Қытай елшілігі: «Кіру мен шығу мәселелерін реттеу туралы» 2012 жылы 30 маусымдағы ҚХР Заңының 12-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, егер де Қытай азаматы сотталып, оның мерзімі өтелмеген болса, азаматқа қарсы қылмыстық іс қозғалып не қылмыс жасады деп күдікке ілініп, тергеу үстінде болса, сондай-ақ аяқталмаған азаматтық соттық іс бойынша елдің аумағынан тыс кетуге шектеу қойылған жағдайда, оған шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін.«Паспорттарды беру туралы» 2006 жылы 29 сәуірдегі ҚХР Заңына сәйкес бұл санаттағы Қытай азаматтарына ұлттық паспорттар ресімделмейді (ақпарат қоса тіркелген)»-деп анықтап жазыпты.
Демек, «Паспорттарды беру туралы» 2006 жылы 29 сәуірдегі ҚХР Заңына сәйкес, біздің Үкімет ұсынған «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» азаматтарға Қытай ұлттық паспорт бермейді. Бұл – паспорты жоқ адам шетелге де шыға алмайды деген сөз! Біздің Үкіметке талмай айтып жүрген уәжіміз расталды!!!
Енді Қытайдан келетін қандастарымыздан «Соттылық» туралы АНЫҚТАМА сұрау артық! Осы сергелдең де жетеді! «Ортақ стандарты немесе үлгісі бекітілмеген» анықтама кімге керек!? Оған басылатын таңбаның бәрі хансулардың қолында. Қазақтарды телмеңдетіп қою – елдігімізге сын!!
Ең жақсысы бұл мәселені Заң жобасында шешкен дұрыс! Болмаса, «Шығу парағын» күшінен қалдырған №315 бұйрық секілді ҚР Ішкі істер министрлігі арнайы бұйрық шығару арқылы шешсе де болады!
Айтпақшы, Заң жобасы ертең Мәжілістің екінші оқылымына жолданады.
Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін
Ауыт Мұқибек
13.10.2015
Астана
Abai.kz