АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тағы бір құралы іске қосылды, -деп хабарлайды Алматы облыстық Жетісу газеті.
Ол «Халық маркасы – 2015» байқауы. Оған отандық азық-түлік түрін өндіретін кәсіпорындар қатысады. Үздіктерін тұтынушылар интернет арқылы дауыс беріп, анықтайды. Жеңімпаздар 16 қазанда Миланда өтіп жатқан «ЭКСПО – 2015» көрмесіндегі Қазақстан павильионында марапатталмақ. Сапаны куәландыратын аталмыш жоба белгісі өндірушіге өз тауарын өткізудің жаңа белестерін бағындырып, тұтынушы сеніміне ие болуға жол ашады. Сондай-ақ, бұл қатысушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға ықпал етпек.
Айта кетейік, қазір елде тауық етін шығару сиыр еті өндірісінен кейін екінші орында. Тек өткен жылдың өзінде ел көлемінде 3,2 млрд.-тан аса жұмыртқа, 148 мың тонна құс еті өндіріліпті. Былтыр үш жаңа құс фабрикасы салынып, ішкі нарықта тұрақтылықтың сақталуы мен сала дамуына айтарлықтай ықпал еткен. Игілікті іс нәтижесінде отандық өндірушілер ел тұрғындарының жұмыртқаға деген сұранысын 100 пайызға қанағаттандырған. Бір қуанарлығы, құс етін тұтынушылар қатары артқан сайын өндіру көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, 2000 жылдары небары 53,2 тонна құс еті пайдаланылса, қазіргісі 250-300 мың тонна. Бұл сұраныс әзірге 50 пайызға ғана ақталып отыр. Сондықтан, биыл ет өндіретін екі-үш ірі құс фабрикасын салу жоспарланған. Ойлаған іс көңілдегідей іске асса, алдағы үш-төрт жылда Қазақстандағы ішкі нарықты отандық құс етімен толық қамтуға мүмкіндік тумақ. Құс өсірушілер одағының болжамынша, биыл 5 млрд.-тан аса жұмыртқа, 190,5 мың тоннадан аса құс еті өндіріледі деп көзделіп отыр.
Ал Жетісу өңірі бойынша құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда былтыр 57 мың тонна құс еті, 700 млн. 500 мың жұмыртқа өндіріліпті. Осындай игілікті іспен шұғылданып, алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан «Когер ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де аталмыш жобаға қатысушылардың бірі. Талдықорған қаласының шет жағынан орын тепкен іргелі кәсіпорын 1997 жылы құс фабрикасы болып құрылған. Содан бері талай биікті бағындырып, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Олардың бүгінгі тірлігі жаман емес. Оған құс басының өсіп, өнім көлемінің артқаны дәлел. Зауыт 2005 – 2013 жыл аралығында 24,5 млн.-нан 189,6 млн.-ға дейін жұмыртқа өндірген.
– Облыста өткен байқауда өндірістік мақсаттағы үздік тауар өндіруші аталымы бойынша бірінші орынды иелендік. Бұл біздің еңбегіміздің жемісі. Себебі, халыққа сапалы құс еті мен жұмыртқасын ұсынудамыз. Жалпы, мұндай байқаулар кәсіпкерліктің тасын өрге домалатып, оның одан әрі дамуына серпін береді деп ойлаймын, – дейді аталмыш серіктестік басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Светлана Иванова.
Бұған зауыт жұмысымен танысу кезінде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Аумағында атшаптырым алаңы бар кәсіпорынға бас сұққанда-ақ ерекше тазалыққа тәнті боласың. Мұнда өсіріліп жатқан тауықтар мен шығарылған жұмыртқалардың да саны аз емес. Фабрикада еңбеккерлердің сапалы өнім алып, бәсекелестікке қабілетті болуына қажет жағдайдың бәрі қарастырылыпты. Үкімет қолдауының арқасында мүмкіндігінше технологиялық тізбектер де жаңартылған. Құс қоралары мен құрама жем, сою цехтары да барынша жаңа құрылғылармен жабдықталыпты. Жұмыстың басым бөлігі автоматты түрде жүргізіледі. Ол арнайы тетіктерді басқару арқылы жүзеге асырылуда. Жұмыртқа іріктейтін желі қол еңбегін қажет етпей-ақ атқарылып жатыр. Бұрындары осы желіде бірнеше адам еңбек етсе, қазіргісі электрониканың күшімен жүргізіледі.
Сонысымен ерекшеленетін құс фабрикасында жұмыртқалайтын тауық пен балапан саны өсіп келеді. Бұрындары бір құс мекенінде төрт адам жұмыс істеп, жиырма жеті мың тауықты күтіп-баптаса, бүгінде жүз он мыңға дейінгі құсты небары екі-ақ адам бағады. Қалай десек те, жұмыртқа – әлеуметтік жағынан маңызы бар тағам. Таптырмайтын дәруменге бай табиғи өнім нарықта жоғары сұранысқа ие. Тұтынушылар талғамынан шығу мақсатында мұндағы құс өсірушілер Германия, Голландия сияқты шет мемлекеттерден сапалы өнім беретін «Ломан брауын», «Ломан ЛСЛ» құстарын әкеп, асыл тұқымды шаруашылық құрған. Бүгінде мекеме еңбеккерлері қалай болғанда да тапсырыс берушінің көңілінен шығып, жоғары межеден көрінуді көздейді.
Қазіргі кезде фермада өндіріліп жатқан құс еті мен жұмыртқасы Талдықорғаннан бөлек Жамбыл, Шымкент, Павлодар облысы мен Көкшетау, Алматы, Өскемен, Семей, Астана қалаларына, сондай-ақ, Ресей, Қырғыз елдері нарығында да саудаланады. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының белсенді қатысушысы. Өнімдері «Ақ құс» сауда маркасымен шығарылады. Өндіріс ошағында екі жүзден аса адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Олар қай жағынан болсын басшылық тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән риза. Осындай ауызбірліктің арқасында былтыр 234 983 654 дана жұмыртқа шығарылып, еңбек өнімділігі 6,6 есеге ұлғайған. Соңғы жылдары әлемде де, елде де құс еті мен жұмыртқасын тұтыну көлемі артты. Сол себепті де мұндай орындардың маңызы зор.
Ләззат ЧИНГАЕВА мен Валентина СОРОКИНА, кәсіпорынның байырғы еңбеккерлері:
– Құс фабрикасында еңбек еткенімізге он жылдан асыпты. Бастапқы кезде біраз қиындықтың болғаны рас. Соған мойымастан төзімділік танытып, көп жұмысты қолмен атқардық. Шүкір, қазіргі жағдайымыз мүлде басқа. Өздеріңіз көріп тұрғандай бәрі механикаландырылған. Кәсіпорын көз алдымызда өсіп-өркендеп келеді. Әрине, оған қуаныштымыз. Өйткені мекеменің керегесі кеңейген сайын жаңа еңбек орындары ашылып, жағдайдың жақсаруына ықпал етеді. Жастар көбеюде, оларға бар білгенімізді үйретеміз. Жалақымыз да жаман емес. Мереке күндері ақшалай, заттай сыйлықтар табыс етіледі. Бұл жерде әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған еңбек адамдары бір атаның баласындай ауызбірлікте жұмыс істейді. Кәсіпорын қаладан шалғай орналасқандықтан, бізді үйге арнайы автокөлік апарып, әкеледі. Осының арқасында балаларымызды өсіріп, оқытып, отбасын асырап отырмыз. Сондықтан серіктестік басшысы Константин Шинге деген алғысымыз шексіз.
ТҮЙІН:
Қалай десек те, құс шаруашылығының өнімдері қай кезеңде де үлкен сұранысқа ие. Қайта құруға дейін елде құс жұмыртқасы мен етін өндіру және осындай құнарлы өнімдермен тұтынушыларды қамтамасыз ету толығымен құс шаруашылықтары арқылы жүзеге асырылып, талай жыл мал шаруашылығының алдыңғы қатарынан көрініп келді. Өндірілген өнімнің біраз бөлігі шетелдерге де жөнелтілді. Қазіргі кезде де тиімді технологияларды қолдану мен білікті мамандар еңбегінің арқасында бұл салада оң өзгеріс байқалуда. Өнеркәсіптік негізде қарқынды дамып, жұмыртқа, ет өндіру бағытында құс фабрикалары мен асылтұқымды зауыттар ашылып, репродуктор шаруашылық пен инкубатор стансылары ұйымдастырылуда.
Айгүл Байбосынова,
“Жетісу”