Жұма, 22 Қараша 2024
Өмірдің өзі 8880 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 08:09

ЕМШІМІН ДЕП ЕЛДІ АЛДАЙ МА?

Елімізді дағдарыс жайлаған тұста нешетүрлі әулие-әнбилер мен қу жауырынға қарап бал ашатындар қаптап кететіндігі мың мәрте дәлелденген аксиома секілді. «Ойбай, ана жерде анадай көріпкел шығыпты, мына жерде мынадай жаңа пайғамбар пайда болыпты» деген қаңқу сөздер өрт шалғандай қаулап кетті. Тіпті «мен сондаймен» деп теледидар алдында айылын жимастай, жаһанға жар салатындар табылып та жатыр.
 Жарайды, көріпкел мен пайғамбарларды өздерін-өздері жарнамалап жүрген пысықайлардың қатарына қосалық. Алайда бізді кейінгі кездері «мен кез-келген адамды кез-келген аурудан құлан-таза жазып шығарамын» деп талай жұртты әуре-сарсаңға салып жүрген жандардың тым көбейіп кеткендігі алаңдатпай қоймайды.
Бір кездерде, шамамен осыдан 20 жылдай бұрын Қостанайға атақты «Сары әулие» келіп, екі-үш күн бойы қаламызды шулатқан. «Мен қазір құдаймен тікелей сөйлесемін» деген таза күпірлігін былай қойғанда «мүгедектерді, ақсақ-тоқсақтарды орнынан тұрғызып жіберемін» деп аңқау жұртты алдағанын қайтерсіз. Сонда мен өзім жақсы білетін, екі аяғы сал болып, арбаға таңылған ардагерді сөзге тартқанымда «сеанста орнынан тұрып кеткен жандарды мен танымаймын, сірә бұл жақтікі емес» деп айтқаны бар. Емшісымақтардың мұндай құйтырқылықтарын жақсы білеміз. Олар қастарына бір топ адамдарды ертіп жүреді де, бөтен облыстарға барғанда бұларды алдыңғы қатардағы арбаларға отырғызып, сеанстың соңында «ал, орындарыңнан тұрыңдар» дегенде әлгілер атып тұратын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, олар емші жалдаған, өтірік жазылып кететін «әртістер». Қарапайым халық бұған сенеді. Ал әлгі емшілер оларды сауын сиырға айналдырады.
Бір қызығы, мұндайлар өздеріне ерекше ат қойып, халықтың назарын өздеріне тез аударуға тырысады. Бейне бір сахнадағы ән айтатын әншілер секілді. Біздегі «Бүркіт» немесе «Албан» секілді, ал шетелдегі «Леди Гага», «Мадонна» дегендей.
Өткенде Ақтөбеде осындай «Қыдыр ата» деген емші пайда болды. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың бәрі де Ақтөбеге ағылды. Қостанайдан да талай жұрт батысқа жол тартты. Сөйте тұра «мен құлан-таза жазылып кеттім» дегендерді көрген де, естіген де емеспіз.
Менің өзім куә болған мына бір жайттан да өнеге алуға болар. Былтыр теледидардан Өскемен жақта атақ-даңқы бір түйеге жүк болатын Базылхан қажы Дюсупов (барлық жерде осылай жазылады) деген емшінің жазбайтын ауруы жоқ дегенді есітіп, бақандай 15 мың теңгеге бейне таспасын сатып алдым. Бірнеше ай бойы күн сайын тапжылмастан 20 минут бойы тыңдап та жүрдім. Қазір ақшамның босқа кеткендігін күмәнсіз түсіндім. Бір қызығы, сол қажының сайтындағы өріп жүрген, тек таң қалған лебіздерді көріп, алданған жұртты сақтандыратын пікірімді білдіріп едім, ақыры жарық көрмей кетті. Көңілі қалған жалғыз мен емес шығармын. Алайда ол кісінің сайты мұндай өзге пікірлерді ұнатпаса керек. «Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдеріне танымалмын, қандай да дертті өз сеансыммен сылып тастаймын» деген атақты емшінің өзіне деген сеніміне таң қаласың.
«Жүре берсең, көре бересің» дегендей жақында «Қызылорда облысының Арал ауданында 11 жасар емші шығыпты» дегенді теледидардан көріп, тағы да қолыма қалам алуға мәжбүр болдым. Сол баяғы көрініс. Сол баяғы есік алдында мүгедектер тастап кеткен арбалар. Сол баяғы талай жыл меңдеп кеткен ауруынан жазыламын деп ағылған жұрт. Қолына қамшы алып, жұртты емдеп жатқан бала. Тағы да бойымды сезік биледі.
Жалпы, мен бұл жерде өзімнің күмәнді ойларымды ғана ортаға салып отырмын. Мен жалпы өмірде емшілік қасиеті бар жандардың болатынына сенімдімін. 
Осы жерде маған мынадай ой келеді. Бізде ғой медеицина саласының мүйізі қарағайдай мамандары аз емес. Ғалымдары да жетерлік. Ал біз  олардың осындай емшілер туралы салиқалы пікірлері мен тұжырымдарын неге естімейміз? Емшімін дегендердің бойында сондай қасиеттер бар ма, болса қандай дәрежеде? Бұлардың жалпы халықты емдеуге қаншалықты медициналық, тіпті моральдық құқы бар? Олардың ғажайып мүмкіндері неге арнайы сараптамадан өткізілмейді? Бұған, құдайға шүкір, қазіргі заманғы техниканың құдыреті жетпей ме? Өкінішке қарай, бұл сауалдар бүгінгі таңда мүлдем жауапсыз қалуда. Ал әлгіндей сеанстардың пайдасы мен залалын кім таразыға салып жатыр?. 11 жасар бала адам ағзазы жөнінде не біледі? Ол сырқаттың қаншалықты меңдегендігін, оның ақыры қайда апарып соғатындығын түсіне ме, анықтай ала ма?
Бір кездерде, көрші Ресейде Кашпировскиий, Чумак дегендер де шыққан. Ол ел біздегі секілді мұндай емшілерді тайраңдатып қойған жоқ. Дүйім жұртты жинап алып, сеанс өткізудің зиянды жақтары бар екендігін дәлелдеп, ақыры тоқтатып тынды. Шындығында да, Кашпировскийдің сеансында оған психикалық жағынан тәуелді болған адамдар ол қайда барса, сонда өріп жүрген. Мұндай сеанс кезінде өздерін жақсы сезінеді екен де, ол кеткен соң баяғы  таз қалпына қайта келетін көрінеді. Яғни оған басыбайлы құл секілді адамдар шыққан. Міне, қауіптілігі де осында.
Ал біздің Денсаулық сақтау министрлігі болса, Базылхан қажының сеансының құдіретілігін уағыздаудан қолы босамай жатыр. Интернеттен осы министрліктің қажының дискісін тек өзінен ғана сатып алу керектігін жұртқа жария етіп жатқандығын өз көзіммен оқыдым. Бұл өтірік болса, неге оған тиым салмайды? Әлде бұл минстрліктің де көздеген өзіндік мақсаты бар ма? Сонда қарапайым халыққа, ауруына ем таба алмай адасқан жұртқа кім дұрыс бағыт береді?
Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328