ҰЛТШЫЛДЫҚ ДЕГЕН ҮРЕЙЛІ СӨЗ ЕМЕС
Кремльдегі көсемсымақтар басқарған Кеңес заманында бір ұлттың төл мәдениеті, төл сана-сезімі мен салт-дәстүрі, қысқасы ұлттық ерекшелігі туралы аузыңды аша бастағаннан сен кеңестік құрлысқа, коммунизмнің жарқын болашағына кереғар пікірдегі теріс пиғылды адам болып есептелетінсің.
Бұл қағидаттың әсіресе Қазақстанда құлашын кең жайғаны сондай Республика тұрғындарының, яғни, орыстан бастап бүкіл өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ деген халықта әлгі айтылған төл мәдениет, төл озық салт-дәстүр, оқу-сызу деген болған емес, қазақ еңбек ету дегенді білмейтін жалқау, тек малдан тезегі басқа ұлт деген ұғым қалыптасты, тіпті, бұл сөздердің ашықтан-ашық айтылып жүргенінің де куәсі болып, «казахи–звери, чурки, калбиты, бараны» деген қорлық сөздерге де көпшіліктің құлағы үйреніп кеткенін өтірік дей алмайсыз. Осындай кемсітушілік, қорлық сөздер бүгінде де ашық айтыла қоймағанмен сол көзқарастың жаңғырығындай әлдебір көмескі, көлеңкелі зымиян ойлар бүркемеленіп, астарланып айтылып қалатыны һәм шындық. Мысалы «қазақта демократия болған ба?», «әйел теңдігі деген болып па еді», «қазақ қыздарын сатқан ба», «қазақта өркениет болды ма» деген сияқты астарлы сұрақтар қойып, салт-дәстүрімізден, ұлттық ерекшелігімізден бәле іздеген көрсетілімдер мен интервьюлерді күнде көріп жүрсек те үндемейміз. Тіпті, қазақта мемлекет болды ма, әскер болды ма, шекара болды ма, астана болды ма деген сұрақтардың өзінің аржағында не жатқаны есі дұрыс қазаққа айтқызбай-ақ түсінікті. Оларды сұрақ-жауап немесе интервью дегеннен гөрі бұдан былай нағыз «сайқализм» (түбірі сайқал) десеңіз де қателеспейсіз. Ендеше, «может ли национализм, прежде всего казахский быть цивилизованным, просвещенным и конструктивным» дегеннің аржағында қазақтың әлі де бар-жоғы беймәлім ұлтжандылығының өзін кемсітушілік пиғыл жоқ дей аласыз ба? Ол өз еркіңіз. Бірақ... қазақ «национализмі» бүгінде «Central Asia monitor» газетінің «актуальды тақырыбына» айналғанын қалай деп түсінесіз? «Национализм» деген сөздің толық түсіндірмесіне сәл кейінірек тоқталайық. Дәл осы сөзді бұл газет тілшісі қандай мағынада қолданып отырғанын (жағымды ма, жағымсыз ба?) өзі біледі. Бірақ бүгінгі күннің, әсіресе ұлтқа деген ниеті таза адамдардың түсінігінде бұл «ұлтжандылық» деген сөз, ұлтын сүю, ұлсүйерлік, ұлтқа жаны ашу сияқты игі мағынада қолданылады. Ендеше, аталмыш газет тілшісі Сәуле Исабаева оны, яғни, қазақтың ұлтжандылығын өркениетті ұлтжандылық па, (цивилизованный), білімді ұлтжандылық па (просвещенный), және үйлесімді (конструктивный ұлтжандылық па деп жіліктеуінің аржағында не пиғыл жатыр? Егер бұл орыстілді журналист қызымыз ұлтжандылық, ұлтшылдық, ұлсүйерліктің өркениетсіз, білім-біліксіз, үйлесімсіз деген түрлерін де білетін болса соларға ең болмағанда сөз арасында тоқтала кетуі керек еді ғой. Біз қазақтың ұлтжандылығы туралы қоғамда қызу талас-тартыс болып жатқанын көрген емеспіз, ендеше «Central Asia monitorдың» «Учитывая широкий читательский интерес к этой дискуссий, мы решили продолжить ее»-сына жол болсын? Және бұл газет қашаннан бері қазақтың ұлттық жоқ-жітігін жоқтайтын болыпты? Және оған соншалықты «широкий читательский интерес» қайдан келе қалыпты? Бұл қып-қызыл өтірік емес дей аласыз ба? «Широкий интерес» болған, болмағанын білмесек те» жеке өз басымыз газет ұсынған бұл тақырыптың аржағында қазақ ұлтжандылығында өркениеттілік, біліктілік, үйлесімділік (орындылық, орнықтылық) мүлде жоқ қой деген кекесін жатқандай көрінеді де тұрады.
Енді әлгі уәдеміз бойынша национализм деген сөзге талдау жасап көрелік. «Краткий политический словарьда» (Москва, Изд-во, полит.литературы. 1989) бұл сөзді Мәскеудің «азуы алты қарыс» академиктері мен толып жатқан ғылым докторлары «национализм (ұлтшылдық, ұлтжандылық.-М.К.) дегеніміз буржуазиялық және ұсақ буржуазиялық идеология. Ол қоғам дамуында әлеуметтік-таптық фактордан ұлттық фактордың басымдығын мойындауға негізделеді. Национализм–пролетарлық интернационализммен ешқашан ымыраға келмейді. Оның әлеуметтік, қоғамдық дамудың талаптарына қарама-қарсылығы күшейіп, тереңдеп бара жатқандықтан да ол тарих бетінен жойылады» деп түсіндіреді. Бұл ғалымдар қыза-қыза келе шовинизмнің өзі де осы национализмнен басталады дегенге мегзейді. Бұл мысалды келтіріп отырған себебіміз әсіресе, Қазақстандағы орыстілді басылымдар ұлтшылдық, ұлтжандылық туралы осындай пікірталассымақтар ұйымдастырған болып отырып, өздерінің қазақ ұлтжандылығын ұнатпайтынын, қазақтар өз ұлтының мүдделерін, тілі, салт-дәстүрі, өзінің осы елдің иесі екені сияқты ұлттық ерекшеліктерін мүлде ойламайтын ылғи бір интернационалистер, глобалистер болғанын қалайтыны қанша бүркемелесе де ап-анық көрініп тұрады. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазақ тілді ақпарат құралдарында ұлтшылдық, ұлтжандылық қасиеттердің бүгінгі қазаққа өте қажет екені туралы сыңар ауыз сөз, пікірталас айтылмайды. Қазақ басылымдары өйтсек «еліміздің әлемге үлгі болып отырғаны» туралы ұранды сөздерімізді, тіпті ел тыныштығын «бүлдіріп аламыз» деп қорқады. Оның орнына пәленшекеңнің зайыбы орыс, пәленшекеңнің күйеуі италиялық, шешесі белорус, әкесі неміс деген сияқты надани ұраншылдық мақалаларды, телекөрсетілімдерді көбірек бергенді жөн санайды.
Иә, қазақты қазақ, таза қазақ деп, дінін тенгрист қазақ, кришнайд қазақ, исламист қазақ деп бөлшектеуді шығарған қазақтардың өздері емес. Қазақтың басын біріктірмеудің осындай алуан-алуан тәсілдерін не орыс шовинистері, не орысқа адал қызмет етуші орыстілді Алжастар екенін көзі ашық қазақтар әлдеқашан түсінді. Қазақ үш жүз болып, ру, тайпа болып қырқысқан, соғысқан деген сұмпайы өтіріктерді ойлап тауып, бүгінде жүзшілдіктің өртін қаулатып жүргендер де солар. Олар осының бәрі аз болғандай анда-санда бас қосып, ұлт тағдырына байланысты ұсақ-түйек жиындар өткізіп жүрген азғантай ғана қазақ азаматтарын да бөлшектеудің амалын ойлап тапты. Бұл сайқали саясаттың өкілдері енді әлгіндей ұлтшыл, ұлтсүйер қазақтарды сырттай «лженационалистер», «псевдонационалистер», «псевдопатриоттар», «нацпаттар» деген жер бетінде жоқ, өздері әдейі ойлап тапқан топтарға телиді. Олар ең әуелі «националист», яғни, ұлтшыл деген сөздің өзіне байқатпай-ғана жағымсыз, жеккөрінішті реңк беріп отыруға тырысады. Әсіресе, «национал патриот» дегенді әдейі «психопат» дегенге ұйқастырып «нацпат» деп жазуды дағды қып алды. Әттең, олардың осылай білдірмей құрған тұзағына кейбір оқыған-тоқығандарымыздың да түсіп қалатыны ішіңді удай ашытады. Осы газеттің әлгі «может ли прежде всего казахский национализм быть цивилизованным», просвещенным и конструктивным?» деген сұрқия сұрағына әжептәуір саясаткеріміз Жасарал Қуанышалин «менің шовинистерге көзқарасым қандай болса, жалғанұлтшылдарға көзқарасым да дәл сондай деп қойып қалады. Бұл қоғамдық өмірге, саясатқа араласып жүрген, оқыған-тоқығаны, азды-көпті білім-білігі бар-ау деп жүрген Жасарал Қуанышалин айтатын сөз емес. Бұл жәй ойланбай, қызбалықпен айта салған немесе қазақтың ұлттық санасын қайтсем оятамын деп етегі елпі, жеңі желпі болып жүрген аз ғана азаматтардың кейбіреуіне деген жеккөрінішін сыртқа шығару сияқты көрінеді. Ол азаматтардың бәрі бірдей Жасарал сияқты белгілі саясаткер, жоғары оқу орнында дәріс оқыған, бір кезде облыстық әкімшілік құрамындағы бір бөлімді басқарған қызметкерлер емес. Олардың ұлт мәселесі жолында шалыс басып, қателесіп жүрген, сауаты да төмендеу, саясаткерлігі де осалдау тұстары болуы да мүмкін. Олар сөйте тұра қазағым, қайткенде мына алмағайып құбыл заманда тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін, атамекен жер-суын аман сақтап қалады, қайткенде ұлттың жойылып кету қаупі босағадан бермен аттап тұрғанын бүгінгі жас-кәрінің санасына жеткізіп, ұлттық намысын оятуға болады деп жанын жеп жүрген жандар. Мұндағы «өркениетті», «білікті», «орнықты» ұлтшылдық дегеніміз қандай ұлтшылдық деген сұраққа Жасарал жолдастың (мырзаның емес!) берген жауабы да онша «тастай емес». Бұл орайда оның сонау алашордашылардың саяси қызметі туралы мысалы да көңілге қонымды дей алмаймыз. Бұл бір, екіншіден, мейлі саяси күрес болсын, мейлі бірыңғай ұлттық мүдде жолындағы күрес болсын олардың қай қайсысының да тәсілі тек Жасаралдың ойлағанындай бола беруі шарт емес. Күрестің әдіс-тәсілі әртүрлі, оның қайсысын таңдау–әркімнің шама-шарқына байланысты. Ең бастысы ниет дұрыс болса болғаны. Ең бастысы біздің бүгінгі азаматтарымыздың ұлтшылдығы дегеніміз қазір қазақ сияқты аз ұлттардың басына қатер төндіріп тұрған жаһанданудан және кейбір өзін үстем санайтын ұлттар өкілдерінің шовинистік әрекеттерінен аман-сау сақтауға, әрі-беріден соң ұлтымыздың өз ішінен шыққан тілден безуші, ұлттық сана-сезімнен жұрдай мәңгүрттіктен арылуға бағышталған азаматтық күрес. Ал бұдан шошынып, оларға қарсы жалған пікірлер таратуды және әлгіндей астарлы, жымысқы сұрақтар қоюды не саяси сауаттың төмендігі, не ұлтқа қарсы әрекет деп білуіміз керек. Қазір әртүрлі ұлттардың елімізде ашылған мәдени орталықтары міне, сол ұлттардың да өзін-өзі әртүрлі кесір-кесапаттан сақтаудың, ана тілі мен дінін, ата-дәстүрін сақтаудың қысқасы ұлт ретінде аман сақтаудың бір амалы. Осы орайда айтпауға болмайтын бізде орын алып отырған бір саяси орашолақтық мынау: Егер сен Қазақстанда қазақ мәселесін көтерсең, ол жекелеген бірнеше қазақтың ғана проблемасы деп есептеледі. Ал әлдебір қаладағы не ауылдағы орыс тілінің, орыс мектебі мен орыс балабақшасының мәселесі туралы бір мақала жазылса не теледидарда айтыла қалса, бұл бүкіл орыстың тіпті, бүкіл еліміздің «қиын проблемасы» ретінде үлкен бір дабыраға айналады. Біз бұл жерде Жасаралға еш кінә қоймаймыз, ол –сөз жоқ нағыз ұлтшыл, қаны қазағым, елім деп қайнап тұрған, әрі өте білімдар азамат. Біз оның тек лженационалистер, яғни, «жалған ұлтшылдар» деген бір ауыз сөзіне өз пікірімізді білдірдік.
Иә, орыстілді басылымдар мен кейбір «іштен шыққан шұбаржыландар» қазақтың бүгінгі ұрпағының бірен-саран болса да ұлтшылдық пікірлерін, қазаққа қатысты олар айтқан кейбір ұсыныстарды «қарсы базар қағып алып» сынап-мінеуді, тіпті болмаса аржағында жымысқы астары бар сұрақ-жауап-сымақтар ұйымдастыруды әдетке айналдырып алды. Осындайларды көріп отырып «Апыр-ау, өзіміздің ұлттық мұң-мүдделерімізді айтсақ, осындайлар оны іліп алып сан-саққа жүгіртетіні несі? Осылардың артында жоғарғы жақта қазақтың ой-санасын, ұлттық сезімін тұқыртып отырушы біреулері бар-ау, сірә» дегендей күпірлілеу ойға кетесің.
Нағыз саясаткер, нағыз ұлтшыл азамат қашанда өз ойын күлтіл-білтілге салмай, біреулерді аты-жөнін атамай «лженационалист», «псевдопатриот», «нацпат» атамай ашық, нақты айтқанына не жетсін. «Central Asia monitor» газетінің осы тақырыптағы сауалына саясаткер Расул Жұмалының қайтарған жауаптары мен келтірген дәлел-деректерінде оның ой-өрісі мен өресінің биіктігі, қай нәрсеге де саф сезім, сабырлы оймен, асығып-аптықпай таразылай отырып баға беретін салмақтылығы анық көрініп тұрады.
Расында ұлтшылдық (национализм) сөзінің түп-төркінін коммунистерше жағымсыз райда түсіндірудің заманы өткеніне, оған бүгінгі әлемдік геосаяси да, экономикалық та өзгерістерге орай түсінік беру қажеттігіне қарамастан бұл сөзге әлі де үрке қараудан немесе оны жұртшылық арасында үрей мен жеккөрініштілік (инсинуация) туғызу үшін пайдалатындар әлі де аз емес. «Қазақстан деген мемлекеттің атының өзі қазақ сөзінен шыққандықтан қазақ ұлты–мұндағы титулдық ұлт. Сондықтанда ұлтшылдық дегеннің өзі қазақ ұлтшылдығы деп түсінілуі қажет. Кейбіреулер ұлтшылдықты қазақ ұлтшылдығы деу дұрыс па, әлде қазақстандық ұлтшылдық деу дұрыс па дейді. Бұл осы қазақ ұлтшылдығы деген ұғымға басқаша мағына беру үшін әдейі бұрмалау. Мысалы, «қазақстандық ұлт», «қазақстандық тіл», «қазақстандық ұлтшылдық» десек оның ойдан шығарылған, нақты өмірге жуыспайтын, қолдан жасалған, яғни, тәжікстандық, қырғыздарды –қырғызстандық демейміз ғой. Олар ықылым заманнан тәжік, қырғыз деп аталып келеді»,-дейді саясаткер Расул Жұмалы. Өте дұрыс. Ендеше, біресе қазақтікі, біресе қазақстандықтардікі деп бөлшектеу кімдерге қажет болып жүр? Және қазақтың қандай ұлтшыл ұлының не қызының орыс ұлтшылдары (немесе шовинистері) «Россия только для русских» деп айқайлағаны сияқты «Қазақстан тек қазақтар үшін деген ұран тастағанын көргеніміз бар ма?! Құдай кешірсін, әлде біздің сорымыз осындай әпербақандыққа, бірбеткейлікке бармауымыздан ба екен? Қалай десеңіз, олай деңіз, бірақ Қазақстанда тұратын орысты да, еврейді де, негрді де сен қазақсың деп қазақ ете қою оңай шаруа емес. Әнебір кезде бір чукча Санк-Петербургте ішіп алған бір-екі орыс азаматына «мы же с вами братья» дегені үшін оны «ты нам не брат, косоглазый черт» деп өлімші қып ұрыпты. Он жерден осы елде туып өссе де қазақша «нан», «тұз», «су» деген екі не үш әріптен тұратын сөзді айтпайтын орыс ешқашан «менің ұлтым –қазақ» деп айтпайды. Айтса, теледидардан, газет тілшісіне берген сұхбатында ауызекі айта салады. Бірақ ол ешқашан қазақ болам десе де бола алмайды.
Сонымен, қазақ ұлтшылдығы деген сөздің жұртшылық арасында қандай көңіл-күй туғызатыны туралы қысқаша ой айтқан болдық. Қазақ ұлтшылдығы немесе мен ұлтшылмын деген адамды теріс пиғылды деп түсіну не сауатсыздық, не қазақтың ұлттық тағдырына дос ниетті адамның түсінігі емес. Ұлтшылдық, қазақ ұлтшылдығы деген сөзге кейбіреулердің үрке қарауының басты себебінің бірі– біз осынау қасиетті сөзді көбаса қолданудан әлі де сақтана беретіндігімізде болып отыр. Соны байқағандықтан да кейбір орыстілді басылымдар мен орыстілді қандастарымыз–бұл орайда алуан түрлі пікірлер туғызып, алуан түрлі құйтырқы астары бар сауалнамалар жүргізеді. Біздің парламент пен үкіметтегілердің көпшілігі ел алдына шыққанда тек орысша сайрауының аржағында ұлтшыл деген сөз оларға әлдебір үрейлі көрінетіні және әлдеқайтып кетпейінші деген сауысқан сақтық жатқаны да шындық. Ол аз болса орысша сөйлесем білімді, күшті боламын деген мәңгүрттік санадан арылмаған қандастарымыз және В.Ленин айтқан «великодержавный шовинизмнен», «ұлыорыстық» аурудан айыға алмағандар әлі де жеткілікті. Біз ұлтшылдықты, қазақ ұлтшылдығын мақтан тұтуымыз керек. Ұлтшылдық орыс шовинизмі сияқты қорқынышты кесел, ауру емес. Ол– ең әуелі өз ұлтыңды сүю. Абзалы біз қазақ ұлтшылдығы, қазақ ұлтжандылығы дегенді ту етіп, оны идеологиямыздың, ұрпақ тәрбиесінің үлкен бір пәні етіп көтерсек те артық болмас еді. Бұл –жаһандану заманында қазақты аман сақтаудың бір құралы десек адам алдында да, Құдай алдында да күнәһар бола қоймаспыз.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын,
Мәдениет қайраткері
Abai.kz