ӘДРІССІЗ АЛЫСҚА ӘЗІЛ ХАТ
«Дорогой Леонид Ильич!»
«Адамның тәні өлсе де, жаны өлмейді» деген ескі сөзден хабарым барын өзіңіз шарлап өткен бүкіл дүние жүзіне білдіргім келіп, осы хатты жазуға бел байладым. Қаламымның ұшында – өзіңізсіз, тойыст, Сіздің жаныңыз. Хатымның соған, тойыст, Сіздің жаныңызға жететініне шүбәм жоқ.
Оқып білуімше, адамның жаны марқұмының туған, өскен, қызмет істеген жерлеріне уақ-уақ келіп, біраз болып, өзгерісті шолып кетіп жүреді екен, сондай сапарларының бірінде оның көзіне менің хатым да түсуі мүмкін ғой. Қалай болса да, «тәуекел түбі – жел қайық...» дедім.
Сонымен сөйтіп, КСРО жұртын қасыңызбен баурап, жымиып билеп жүрген жылдарыңызда тұтас совет халқы, оның ішінде өзіңіздің қазақстандықтар да атағандай, Дорогой Леонид Ильич, Сізге айтпағым мынау:
Сіз дүниеден армансыз өткен сияқтысыз. Қатардағы коммунистен КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы деңгейіне жеттіңіз. Қатардағы солдаттан Кеңес Одағының Маршалы дәрежесіне жеттіңіз. Алған алтын жұлдыздарыңыз бен орден-медальдеріңіздің саны жетпістен асыпты. Бірінші Ильичтің маңында Екінші Ильич болып жатырсыз.
Е-е, Қазақстанды: «Нан болса, ән де болады!» деп пәлен жыл басқарғаныңызда өзіңіз ер-әйелінің талайын тап аузынан шолп-шолп сүйген қазекеңде: «Армансыз адам болмайды» деген нақыл барын естіген шығарсыз, ал ол сөздің бекер айтылмағанына дәлел жеткілікті. Мысалды, дорогой Леонид Ильич (Брежнев жолдас), Сіздің өміріңізден де келтіре аламын.
Мысалдың нарқы салыстырмасына қарай. Ендеше, Сізді біздің елді жалғыз өзі жиырма төрт жыл иіріп отырған ініңізбен қатар қоя сөйлейін. Салыстыруым тым салақтап кетпес үшін Сіздің әулетіңізде болмаған жайттарды ғана тізімге аламын. Яғни:
Сіздің етікші болған атаңыз, бақташы болған әкеңіз, сауыншы болған шешеңіз жайында «би болды; ел басқарды; шешен, ақылман болды; киелі, көріпкел болды» деп хикая, роман, баллада, дастан жазылды ма? Жоқ!
Сіздің шәкірттік, бозбалалық, жігіттік, фабрик-зауыт училищесінде курсант, комбинатта жұмысшы, комсомолда хатшы, партияда қызметкер, басшы кездеріңіз жайында том-том кітап, пьеса, спектакль жазылды ма, көп сериялы кинофильм түсірілді ме? Жоқ!
Сіз «Леонид Ильич Брежнев» деп өзіңіздің атыңызда орден жасата алдыңыз ба? Жоқ!
Сіз «Елбасы» атағын ала алдыңыз ба? Жоқ!
Сіз «Ұлт лидері» атағын ала алдыңыз ба? Жоқ!
Сіздің тірі кезіңізде нөкерлеріңіз Сізге бірнеше ескерткіш орнатты ма? Жоқ!
Сіз көзіңіз тіріде: «кемеңгер, дана, ойшыл, көреген, данышпан, әлем мойындаған саясаткер, ақын, композитор...» деген баға ала алдыңыз ба? Жоқ! «Нағыз лениншіл» дегенді ғана естідіңіз.
Сіз ғылыми еңбек жазып әуре болмай-ақ «Ғасыр Ғұламасы» деген атақ алдыңыз ба? Жоқ!
Сіз өзіңіздің жазғаныңыздан өзгелерге жаздыртып алғаныңыз көп жүз шақты кітап шығардыңыз ба? Жоқ! Сіздің жазған-жаздырғаныңыз небары 3 кітап, бірақ, қисыны келгенде қиын болмайды ғой, сол 3 кітаппен-ақ әдебиеттің Лениндік сыйлығын алдыңыз (ал Сіздің жүз шақты кітап жазған Ініңізге біздің әдеби Мемлекеттік сыйлығымыз бұйырмай-ақ қойды, әрине, бұл - Сіз үшін де, біз үшін де өкініш. Алайда әзірше 75 жастағы Ініңіздің бар өмірі алда, әлі алмаған сыйлық-атақтың бәрін ертең-ақ алатыны даусыз).
Сіздің портреттеріңіз Кремльдің қақпасындай етіп жасалып, КСРО-ның қала-село-деревняларында ілулі тұрды ма? Жоқ! Түрлі-түсті бояулы фотосуреттеріңіз кітап дүкендеріне симай тұрды ма? Жоқ!
Сіздің қызыңыз бен күйеубалаңыз бесіктен белдері шықпай жатып миллиардер болды ма? Жоқ.
Сіз: «Награда алу мен беруде рекорд жасадым!» деп, өзіңізге өзіңіз сырттай да, іштей де разы болып кеткен шығарсыз, жо-жоқ, Ініңіз ол жағынан да Сіздің енеңізді ұрып жіберуге жақын!
Сіз Нобель сыйлығын алуды көкседіңіз бе, «Алуым керек! Қайтсем де аламын!» деп жанталастыңыз ба? Жоқ!
Жә, дорогой Леонид Ильич, осы жерде тоқтайын. Шынымды айтсам, - мен салыстырудан жалығып кеттім. Сіздің жаныңыз да тыңдаудан шаршаған болар. Мынау жарық дүниеден армансыз жан болып өте алмағаныңызға иландыңыз деп білем.
Солай, дорогой Ильич!
Хат иесі сонау жылдары Сізбен партиялас болған миллиондардың бірі - Қазақстаныңыздың жазушысы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
Abai.kz