Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3638 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫН БЕКІТЕМ ДЕСЕК, БІРЛІКТЕН АЙРЫЛМАУ КЕРЕК

Елбасының «Болашағы біртұтас ұлт» жоспарына сәйкес біз Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлерінің «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛҒА жолығып, пікір бөліскен едік.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа» бастамасы туралы айта келіп, жаһандық сын-қатерлер әрбір мемлекеттің тұрақтылығын сынаққа салады деген еді. Осы сын-қатерлердің бүгінгі күнгі ауқымы қандай деп ойлайсыз? Оларды тежеудің жолдары бар ма?

– Өзіңіз білесіз, таяуда Елбасы әлемнің ең жоғары, ең мәртебелі мінбері – БҰҰ мінберінен еліміздің ХХІ ғасыр ортасына дейінгі стра­тегиялық даму жоспарын жариялай отырып, жаһандық дағдарысты еңсеру, дүниежүзінде бейбітшілік, келісім және тұрақтылықты қам­тамасыз ету бойынша үлкен, сал­мақты, нақты бастамалар көтерді... Қазақстан көшбасшысы ядросыз әлем қалыптастырудың жаңа тұжы­рым­дамасын, адамзаттың келеше­гіне қауіп төндірген терроризмге қарсы күрестің дүниежүзілік желісін құру қажеттігін мәлімдеді.

Адамзат дәл осындай көш­бас­шыларға зәру. Несін жасырайық, қазір әлем ұшынып тұр... Әділеттілікті уақытында орнатуға әуелден құлық­сыз уақыт әр елді әрқалай сынап жатыр...

Дінаралық және этносаралық татулық, бейбітшілік пен келісім, болашағы баянды һәм біртұтас ұлт – осы істің басында жүрген жалғыз Елбасына ғана емес, ең әуелі мына аумалы-төкпелі заманда жайлы жатып, жақсы тұруды тілейтін қа­лың жұртымызға керек. «Мәңгілік Ел» жолында азғырушылар да, адас­тырғысы келушілер де аз кездеспейді... Мысық тілеулілерге ішіміздегі бірлікті қарсы қоюға тиіспіз. Қаптаған сын-қатерлерді тек ішкі бірлік қана еңсере алмақ.

Дүниенің дег­бірін қашырған дағдарыстар да тәмамдалады. Олардан келісім мен достық, қайрат пен қайсарлық, табандылық пен тағат-төзім секілді мәңгілік құндылықтарға сүйенгендер ғана аман шығады.

– Елді дамыту үшін бес инсти­туттық реформа алға ұсынылды. Соның ішінде «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру қажеттігі айтылды. Бүгінгі күні осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Көңілім толады, бірақ жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға да болмайды. Бұл жұмыс – үздіксіз жүретін, жетілдіріле беретін жұмыс. Жалпы, «Болашағы біртұтас ұлт» – Елбасы жариялаған барлық бес институттық реформаның негізі, ұстыны. Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ол қалған төрт реформаның өзегіне өрілген және бәрін біріктіреді..

Болашағы біртұтас ұлт «біз­дің бірлігіміз – біздің әралу­ан­дығымызда» қағидатына сүйенеді. Ол қазақ жерін мекен еткен, Отаны бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір, түрі басқа болғанымен, тілегі бір, ұлты басқа болғанымен, құлқы бір, тағдырын да, болашағын да Қазақстанмен байланыстырған әрбір этнос өкіліне төл бет-бейнесін және болмысын сақтай отырып, жаңа бірлікке – «Қазақстан халқына» кірігуге мүмкіндік береді. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Болашағы біртұтас ұлт» қана орнықты және табысты мемлекеттің, «Мәңгілік Ел­дің» ең сенімді іргетасы бола алады.

Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия «Бола­шағы біртұтас ұлт» реформасын негізгі іске асырушы және басты тетік ретінде Қазақстан халқы Ассам­блеясын белгілегені мәлім. Осы құрылымның еншісіне үлкен салмақ, зор жауапкершілік түсуде. Ол бес институттық реформа аясында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуда, халық бірлігін, елдің ішкі тұтастығы мен тұрақтылығын сақтауда басты рөл атқаруға міндетті. Бұған қажеттінің бәрі қолда бар. Біз – Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді қоғамдық бірлестіктің мәртебесін Конституцияда бекітіп, оған әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ өкілеттіктер мен мүмкіндіктер берген елміз. Ол осы әлеуетін толыққанды әрі орнымен пайдалануы, ел мен Елбасына шын тіреу болуы керек.

Ол әралуандылығымызды біз­дің қазынамызға айналдыра отырып, ұлысымызды мемлекет құ­рау­шы ұлт – қазақтың айналасында ұйыстыруы керек. Білуімізше, бүгінде қазақстандық саясаттың ел бірлігі мен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуды көздейтін «Бола­шағы біртұтас ұлттың» Жол картасы ретінде тұжырымдамасы қабылданады деп күтілуде. Бұл тұжырымдаманы іске асырушы бас­ты шаралар қатарында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жаңа заң, ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы және «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасы аталуда.

Ендеше, елдегі қоғамдық келісімді сақтауға ҚХА-мен бірге мемлекеттік органдар да нақты жауапкершілік арқалайды. Айтқандай, Президенттің бес халықтық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңнамалық қолдау аясында біз, Мәжіліс депутаттары 16 қыркүйекте «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» қол­да­ныстағы Заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізетін жаңа заң жобасын мақұлдадық. Оған сәй­кес, Ассамблея бұрынғыдай тек этносаралық және дінаралық қатынастарға ғана емес, тұтастай алғанда, қоғамдық келісімді сақтауға бар күш-жігерін бағыттауы қажет. Тиісінше, ҚХА-ның қоғамдық келісімді сақтаудағы жауапкершілігі бекітілді.

– Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында әсіресе, қандай шаралар атқа­рыл­ғаны жөн деп ойлайсыз? Қазақ­стан халқы Ассамблеясының осы ба­ғыттарда атқарып жүрген жұмыс­тарына қатыстыңыз ба?

– Қазақстан халқы Ассам­блея­сының биылғы ұйымдастырған бас­ты шараларының бірі – «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбы арқау болған жуырдағы Қазақстан патриоттарының респуб­ликалық форумы болса керек. Еліміздің әр өңірінен 2 мыңдай делегат – өз ісінің үздігі саналатын дәрігерлер, әскерилер, өндіріс жұмысшылары, ғалымдар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, спортшылар, мәдениет майталмандары, жас көшбасшылар, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері, яғни нағыз патриоттар шақырылған бұл беделді форумға мен де қатысып, сөз сөйледім.

Жалпы, «Нұр Отан» партия­­-
с­ының және Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттайтын патриоттық іс-шараларына қатысуды өзіме парыз санаймын.

Ассамблеямен де тығыз байла­ныс­тамыз. Бұл ретте арнайы депу­таттық сауалдар да жарияладым. Мысалы, сайлаушылармен кездесу аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі мүшелерімен жүздескен едім. ҚХА Аналар кеңесінің мақсаты заманауи отбасындағы тәрбиеге байланысты мәселелерді көтеру, балаларды отаншылдыққа баулу бағытындағы этностық дәстүрді насихаттау болып табылады.

Мен Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Мың бала» жобасы аясындағы патриоттық форумына да қатысқан едім. Бір атап өтер жайт, Ассамблеяның осы жобасы ар­қа­сында өзге ұлт өкілдерінің мем­лекеттік тілді меңгеруге деген құш­тарлығы артты. Атап айтқанда, жоба арқасында қазақ тілін еркін меңгерген өзге этнос өкілдерінің қатары тек бір жылда 20 мыңға жуық көбейген. Бұл жаңадан қосылғандары ғана! Шынында, мемлекеттік тілді көптеген қандастарымыздан артық білмесе, кем білмейтін өзге ұлт өкілдерінің саны қазір көп.

Ассамблеяның әр облыстағы 2 мыңнан астам мүшесі мемлекеттік тілде сөйлейді. Патриоттық форум барысында қаншама өзге этнос ұландары қазақ тілінде сөйлеп, әр сөзінің астарынан нәр, әр сөйлемінің астарынан жауһар төгілтіп, көңілді бір марқайтты. Ұйымдастырушылар мінберге мені шақырғанда, осы сүйсінісімді жасырмай айттым.

Содан кейін ана тілін жатсы­нып жүрген өз жастарымызға қайы­рылдым: «Көрмейсіздер ме, қазақ тілі қандай? Мейірді қандыратын, жүрек отын жандыратын, тереңдігімен өшпестей әсер қалдыратын тіл! Елбасы айтқандай, «Ана тіліміз бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жетелеген бірден-бір арымыз да, нарымыз да. Дауға салса, алмас­тай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі көне, әрі мәңгі жас, отты да ой­нақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?».

Бұтағы жоқ қонатын, шалдық­қанда, талып кеп.

Үміті жоқ алдында, шақыратын жарық боп.

Тауға соғып маңдайын, тасқа тіліп табанын.

Отан деген бір сөзге, зар боп жүрген халық көп.

Анаңның ақ сүтін ішіп, оның тілін босағадан сығалатып қоюға кімнің қандай қақысы бар? Қазақтың тілі қайсыңа жамандық жасады? Өзге ұлттың ұландары сенің тіліңде сайрап тұр. Неге үлгі алмасқа? Бұл бізге сын! Қазақ тілі – татулықтың, бірліктің тілі. Үйренбейсіңдер ме? Мемлекеттік тілде сөйлеушілер – болашақта елдің тұтқасы, бүкіл бағыттың нұсқаушысы болатын билеушілер. Елімізге, Елбасына жақтаушы, мемлекеттік тілдің абыройын сақтаушы сендер болуларың керек!» – дедім.

Осыны айтқанда, сахнадағы не­міс, орыс, түрік және басқа да этнос өкілдері көңілдері босап, жылап тұрды. Бұл – қазақ тілінің құдіреті еді.

Сұрағыңызға қатысты тағы бір ай­тарым, Елбасы жариялаған «Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына» арнап, екі тілде «Үш қырлы жебе», «Трехгранная стрела» атты кітап шығарып жатырмын. Онда Ауған соғысы кезінде әр ұлттың батыр ұландарының жасаған ерліктері сомдалады. Қан майданда, Ауғанстан даласында әртүрлі ұлттың өкілдері бір-бірімізге дос, бауыр болып күн кештік. Біз ұлт пен ұлысқа бөлінген жоқпыз, біріміз үшін бәріміз жанымызды қиюға даяр болдық, біріміз үшін бәріміз басымызды бәйгеге тіктік. Сөйтіп, ауыр тағдыр кешсек те, аман-есен Отанға оралдық. Татулық пен бірліктің ұлылығы да осында.

Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасында ұйыстыру қажет. Біздің әрбір қолға алған ісіміз, әрбір айтқан сөзіміз, әрбір жасаған жұмысымыз – бәрі-бәрі ұлтаралық достыққа бағытталуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377