Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 5688 0 пікір 17 Ақпан, 2016 сағат 12:29

АРАҚ ІШІП ӨЛГЕН ТОТЫҚҰСТЫҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

немесе ҚАДІРІ КЕТКЕН БАС ЖҮЛДЕ 

 

Осыдан біраз ғана бұрын Қазақстан Жазушылар Одағы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай арнайы шығармашылық жабық бәйге жариялап, оның қорытындысын шығарды. Әрине, ниет түзу, мақсат-игі болған да шығар, әу баста. Бірақ сол ниет, мақсаттың дұрыстығы да, бұрыстығы да оның нәтижесі шығарылғанда барып бір-ақ мәлім болатыны тағы бар ғой! Ендеше, осынау ұлан-асыр мерекенің құрметіне ұйымдастырылған бұл бәйгенің нәтижесі қандай болды? Бұған дейін поэзия жанры бойынша жүлде алған шығармалардың  озықтары мен тозықтарына қолдан келгенше талдау жасалып, ол «Жас Алаш» газетінде жарияланған болатын. Онда әсіресе алты шығармаға үшінші жүлде берілуін өте өрескел  кемшілік екені, Бас Жүлде алған шығарманың кемшілікті тұстары сылап-сипап қана айтылған-ды (Осы Abai.kz cайтында «Бұл бәйге ме, шүлен тарату ма? (http://abai.kz/post/view?id=6405) деген тақырыппен жарияланды).

Енді, міне, бүгін қолымызда проза жанры бойынша жүлде алған шығармалар томы. Жазушылар Одағы жанындағы «Ан-Арыс» баспасынан шыққан кітаптың «Алаш тарихының ақиқаты» деп аталуына әп дегеннен таң қалғанбыз. Өйткені, Алты алаштың тарихының бүкіл ақиқаты, яғни, нағыз шындығы осы кітапта дейін десең, оның іші толған көркем шығарма. Ал көркем шығарма ешқашан тарихи деректің қалыбында қатып қалмай –жазушы қиялымен қоса шығандап кететін тұстары болғандықтан бұл кітапқа әлгіндей атойлаған ат қоюдың өзі оның ең басты қателігі. Сосын, е, неғылар дейсің, кітап атын сұлу сөзді судай сапырып, желдей естіруге құмар біреу қоя салған шығар, ішіндегі дүниелері дұрыс болса болды ғой деп едік. Амал не, олай болмай шықты! Поэзия бойынша Бас жүлде алған шығарманың атауы мен құрылысында, сөз саптауында азды-көпті кемшілік болғанымен онда ең болмаса тарихқа қатысты, яғни, Кенесары ханның өмірінің белгілі бір кезеңі баяндалатын еді. Ал, проза саласында Бас жүлде алған шығара ше? Ол қандай алаш тарихының ақиқатын айтып тұр? Жалпы Қазақ хандығының 550 жылдық тарихына осы шығарманың қатысы бар ма? Оған Бас жүлде не үшін берілген?

Белгілі жазушы Т.Нұрмағамбетовтың осы бәйгенің Бас жүлдесін алған «Какаду» атты шығармасын оқып шыққаннан кейін міне, осындай сауалдар ойымыздан шықпай қойғанына ар-ұятымыз куә! Сосын жарықтық әкелеріміздің «Құдай адамның қадірін кетірмейді, адамдар өз қадірін өзі кетіреді» дегені еске түсіп «апыр-ай, бәйге, жүлде, сыйлық дегендердің қадірін кетіру де оп-оңай екен-ау. Әйтпесе, «А-ар-рақ, аа-р-рақ» деп тақылдап, ақыры арақ ішіп өлген маскүнем тотықұс туралы шығарманың Қазақ хандығының 550 жылдық мейрамына не қатысы бар?» дедік іштей.

Сонымен «Какаду» қандай шығарма? Кітаптағы жүлде алған шығармалардың бәрінің «хикаят», «деректі хикаят», тіпті «хикаят-фэнтэзи» деген атаулары бар. Неге екенін қайдам автор «Какадуын» әкесі  белгісіз баладай қып жанрының атын да қоймапты. Мейлі ғой! Ал енді бұл жанры жұмбақ шығарма не туралы дейсіз бе? Әп дегеннен айтайық, Т.Нұрмағамбетовты ешкім де нашар жазушы дей алмайды. «Какаду» да тым жерде қалған шығарма емес, әсіресе, кей жерлерінің Тынымбайға тән юморлы тұстарын оқып отырып еріксіз жымиып та қоясыз. (Кемшін тұстарына кейінірек тоқталамыз!). Сонымен,  шығарманың басты «кейіпкері» Какаду-құс пен оның екінші иесі Байгелді. Оны Байгелдіге «жоғарының қысымына шыдай алмай беделді қызметінен еріксіз түскен соң шетелге кетпек болған досы» әкеп береді. Ол Австралиядан келген сәнқой құс, тотықұстардың төресі «Какадуын» жөні түзу адам құрып қалғандай өзі жақында әйелімен айрылысқан, қала сыртындағы саяжайды мекендеп жүрген бөтелкелес достары бар, өзі ішкілікке құмар  Байгелдіге «Басқа адамға сенбей тұрмын... бір бақса сен ғана бағар деп шештім» деп әкеп тастайды. Күндер өте келе Байгелді мен Какаду бір-біріне сырлас, мұңдас жандарға айналады. Тіпті, «ақша таппай қалған күндері тотықұспен жарысып кепкен жеміс жеп отыратын әдет шығарды»–дейді автор.

– Какаду, сен құстардың президентісің.

– Пр-рез-з, - дейді Какаду тағы да қайталап.

Бұл диалог Какаду мен Байгелдінің саясат тақырыбына жасаған алғашқы қадамы ғана екен. Көп ұзамай Байекең үйде отырып-ақ Какадуын «бүкіл Австралия құстарының президенті» деп жариялайды. «Егер Австралия құстары арасында президент сайлау науқаны бастала қалса сенімен біреулер таласып бағар-ақ. Бірақ бәрібір жеңіс сенікі ғой. Құдай біледі, Австралия құстарының тоқсан үш пайызы өзіңе дауыс берер. Бірақ сондай жауапты науқанға әзірленудің орнына, сен біздің елде неғып жүрсің, а? Сен, осы президенттік шексіз билігіңді пайдаланып, бірдеңені бүлдіріп қойған жоқсың ба?».

Бұл «сырласу» арқылы автор нені мегзеп отырғанын өзі біледі және бұдан саяси астар іздемей-ақ та қоялық. Десек те,  осы шығарманың осы бір ең «толғауы тоқсан тұсынан» «Алаш тарихының ақиқатына» алғысөз жазған Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин айтқандай «елдің санасына қозғау салатын», «рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтауға» үлес қосатын не таптыңыз?  Әрі қарай, өзінің президент екенін естіген Какаду «Дол-ллар! Доол-ларрр» деп таңдайы тақ ете қалады. Ал Байгелді «Әне айттым ғой, сен тегін емессің. Айтпақшы, сенің Қазақстанды паналауыңның өзі... Құдай біледі, сау емесссің...»-деп қарқылдап күледі. Сөйтіп жүргенде бұл «тотықұстар президентін» Байгелдінің досы ат-түйедей жалынып-жалпайып бір аптаға бес мың теңге төлеп сұрап әкетеді де ол оны бастығының –«Үлкен кісінің» елуге толған күніне сыйлық ретінде беріп жібереді. Осылайша, қолдан-қолға өтіп жүрген «президент» құс үйге ауру болып оралады. «Ішетіні бір шәйқасық, кейде жарты шәйқасық қана арақ». Не керек, Какадудың ең соңғы рет, «терезеден ашық далаға қарап отырып жылағанға да, күлгенге де ұқсамайтын ерекше бір мұңлы дыбысын» естіген Байгелді «бұл үнді тотықұстың әруақ шақыруы» деп ойлайды. Сәлден соң «Какаду сол аяғын көтере берді де үстел үстіне гүрс құлады». Бітті!

Әңгімедегі  Какадуды жүздеген мың долларға сатып алмақ болып газетке берген хабарландырулар  туралы ұзын-сонар тұстарды  Какадуше қайталауды артық деп білдік. Шығарма Саят деген жігіттің: «адамдар өздерінің араларындағы қысастық пен қиянаттары үшін жауаптарын бұ дүниеде не о дүниеде айтар, ал мына бейкүнә-құстың обал-сауабы үшін не дейміз» деген  арзанқол философиясымен аяқталады. Және авторға сенсек,  маскүнем Какадудың өлімі басты кейіпкер «Байгелдінің өміріндегі ең ауыр секундтар осы сәтте өтіп жатты-ау, шамасы...» дейді. Құдайшылығын айтыңызшы, автор қандай жанрға жататынын айтпаған, біз әңгіме деп отырған бұл шығарманың мазмұнын, көркемдігін, (тілінде мүкіс жоқ, әдемі тіл!) айтпағанда оның Жазушылар Одағы жариялап отырған бәйге тақырыбына қанша қайнатсаң да сорпасы қосылмайды емес пе?!. Әйтпесе, ішкіш Байгелді мен  оның «ар-рр-ақ, ар-рр-а-ақ деп» атау-кересіне ақырғы рет арақ ішіп өлген Какаду құсының тарихымызға – Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойына қандай қатысы бар? Жазушылар Одағының пайымдауынша «Алаш тарихының ақиқатын» маскүнем Какаду құстың тағдыры арқылы суреттеп те  Бас жүлде алуға болатын болғаны ма? «Алаш тарихының ақиқатына» Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы жазған «Алаш ақиқаты» деп аталатын алғысөзде «Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма секретариатының ұйғарымымен бәйгіге түскен шығармаларды сараптау үшін көрнекті, белгілі ақын-жазушы, әдебиет сыншысы, театр қайраткерлерінен құралған 11 мүшесі бар арнайы талдау, сараптау, бағалау комиссиясы құрылғаны», олар бұл шығармаларды бір жарым ай оқығаны айтылған. Сонда белгілі-белгілі ақын-жазушылар, әдебиет сыншылары бір жарым ай оқығанда Бас жүлдеге лайық деп «Какадуды» тапса, олар қандай ақын, қандай жазушы, қандай сыншы болғаны? Егер шынымен-ақ Қазақ хандығының ұлы мейрамына арналып «Какадудан» артық шығарма жазылмаса, онда әдебиетіміздің әбден құлдырап біткені емес пе? Әлде бұл бәйгелерді беру кезінде де «Ау, пәленшекең қалып барады ғой», «түгеншекеңді ұмытып барамыз ғой», «анау биыл пәлен жасқа толады ғой» деген сияқты көңілшектік, тамыр-таныстық, артықтау айтсақ ағайын-жегжаттық сияқты кеселдер көлденеңдеп тұрып алды ма екен? Ол жағын айта алмаймыз. Бірақ осы бәйгеде проза бойынша да, поэзия мен драматургия бойынша да Бас жүлде алған үшеудің үшеуі де не жетпіске толып, не жетпіске енді жеткелі тұрғандар екені ойланарлық құбылыс. Алайда, оған да «миымыз жетпегесін», е-е, нағыз ақын, нағыз жазушы болу үшін адам 70-ке келу керек шығар, әлде адам баласы жасы 70-ке келмей ақыл-есі толыса қоймайма екен, дедік те қойдық

Осы бәйге жарысында поэзия бойынша 6-адамға бірдей үшінші орын  жүлдесі таратылған еді. Абырой болғанда прозадағы үшінші орын 4 адамға беріліпті. Егер бір жүлделі орын 6 не 4 адамға қатарынан беріліп жатса, оны шүлен тарату демегенде не дер едіңіз?! Жарысқа түскен  тоғыз шығарма туралы бір мақалада талдау жасап, тоғызына да төрелік айтпақ болу өзіңді де әуреге салу, әрі тоғыз авторға да қиянат болар еді. Сондықтан үшінші орын алған бір-екеуіне қысқаша ғана пікір айтып өтелік.

Әдебиет – қоғамның жақсы болса, кескін-келбетін, жаман болса ұсқынын, сұрқын, сиқы мен сықпытын көрсетіп тұратын айна. Ал «Какаду» нені көрсетіп тұр? Біздің ойымызша ештеңені де көрсетіп тұрған жоқ. Мұнда тек жәй қысыр сөз бен қуақы тіл ғана басымдау. Шын шебер, шын талантты жазушы жеке-дара жалғыз адамның өмірі, тағдыры арқылы бүтін бір қоғамдық құрлысты, мемлекетті, тіпті бір дәуірдің тарихи ақиқаттарын сипаттап беретін құдірет иесі деуге болады. Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы» хикаятында тарихқа, әдебиетке қиянат деген ұғым мүлде ұмыт қалған сияқты. Көріп отырсыз, шығарма әрі аңыз, әрі хикаят. Деп аталыпты. Дұрысында аңыз бен хикаяттың едәуір айырмашылығы бар, аңыз-хикаят  бола алмайды, хикаят-аңыз бола алмайды. (Бұл бөлек талқылауды қажет етеді). Ал Ә. Ыбырайымұлының бұл «әрі аңыз, әрі хикаяты» әрине, ата тарихымызға түк қатысы жоқ десек шын күнәһар болар едік. Алайда, «Абыз дала аңызы» да  «Алаш тарихының ақиқаты» кітабының алғысөзіндегідей «Елдігіміздің көкжиегін кеңейтер, жас ұрпақтың туған топыраққа деген сүйіспеншілігін арттырар бұл шара»-ға (Қазақ хандығының 550 ж. мерейтойына.-М.К.)  қосылған үлес дей алмаймыз. Және бұл шығарма осы алғысөздегі «Той тарқап кеткен соң хандықтың керегесін ұстап тұрған ұлы елде қалатын үлкен белгі елдің санасына қозғау салатын тарихи шығармалар» қатарына да жатпайды. Ол   тарихымыздың ел аузында жүрген кейбір тұстары мен тарихта аты қалған хандарымыздың, батыр бабаларымыздың ғұмыр-тіршілігіндегі кейбір сәттерді ешқандай жүйесіз, орашолақ  мүсіншінің ермексаздан жұмбаздап жабыстыра салған дүниесі сияқты. Бұл –біздің жеке пікіріміз. Әдетте, мейлі тарихи роман, мейлі хикаят, мейлі поэма болсын сол тарихи кезеңді шебер құрылған желі, композиция арқылы көркем суреттеп беру – өзін жазушымын деген адамның басты міндеті. Бұл шығармада ол жоқ. Ол әуелі Анике деген жігіттің «Жапандағы жаһан» дегеннің жапандағы жалғыз үйіне келіп, сәлем-сауқаттан кейін Аникенің үй иесі жаһанның «ләміне құлақ түрдісінен» басталады. Бұдан әрі ұшы-қиыры жоқ тарих. Оның басы қайсы, аяғы қайсы, ортасы қайсы екенін ажырату анау-мынау адамның қолынан келуі де оңай емес. Ә.Ыбырайымұлы мырза осынау әлде аңыз, әлде хикая шағын шығармасына қазақ даласының бүкіл тарихын сиғызбақ болды ма қайдам, әйтеуір мұнда тарихтан белгілі Алтын Орда мен Моғолстан деген атаулардан бастап, талай-талай тарихи кезеңдер мен уақиғаларды төбесінен тікұшақпен шолып жүрген  адамдай солардың ешқайсысына көп аялдамай өте шығады. Сірә, ол тарихи шығармада көнерген сөздерді, яғни, архаизмдерді пайдалансам, тарихилығы арта түседі дей ме кім білсін ғаскер дегеніміз–әскер, жәди дегеніміз–желтоқсан, түмен – он мың адам, Моғолстанның бұрынғы аты –Жебе деп ескертіп қоюды да ұмытпайды. Бұл шығармада  көзі ашық екі қазақтың біріне таныс есімдерден кім жоқ дейсіз. Батый да, Жошы хан да, Тоқтамыс пен Әмір-Темір де, Ұрыс хан да, оның баласы Құтлұқ Бұқа да,  Тоқтақия да, Анике Болат оның әкесі екені де, оның інісі Құйыршық екені де, Өзбек хан да, Есенбұға, Әбілхайыр, оның баласы Шайқхайдар да, т.т. бәрі-бәрі осы шағын әлде аңыз, әлде хикаят шығармада сығылысып тұр. Ақорда мен Моғолстанды Әмір-Темір жаулап алғаны, Тоқтамыс Әмір-Темірге қашып барғаны туралы көзі ашық қазақ пен өзбекке мағлұм дерек те осында бір-екі ауыз сөзбен айтылып кетеді. Автор осынау ұлан-ғайыр тарихты осылай заулатып баяндап келе жатып «Ал ата жау қалмақтың шабуылы –Тайбурылды Қобыланды заманынан бастау алған» деп ол заманға да бір соғып өтеді. Ол осы жерде  заманда  «бастау алған» деген сөзсаптасы болмағанын, оны осы күнгі кейбір шұбартіл қазақтардың орысша «берет свое начало» деген орысшадан аударып алғанын «тарихи шығармасына» енгізіп жібергенін де байқамай қалады. Осынау ұш-қиырсыз баяндау мен адамдар тізбегін оқып шыққаннан кейін әйтеуір қазақтың тұңғыш ханы Керейдің әкесі –Анике Болат, анасы –Жауһари сұлтан –Жамал Бегім екенін айтатын тұсқа «өліп-талып» жеттік.

Тырнақ астынан кір іздеген адамша тере бермей осымен тоқтайық. Қорыта келгенде біздің айтпағымыз бұл шығарманың «Алаш тарихының ақиқатындағы» «Алаш ақиқаты» деген алғысөзде айтылғандай «болашағымызға бағдар беретін ұлы той»-ға арналған бәйгенің жүлдегері аталуына келісу қиындау. Бұл да –біздің жеке пікіріміз.

«Дүбірге толы дүние» деген атауының өзі тарихи дегеннен гөрі, поэтикалық жоғары пафосты деуге жақындау бұл шығарманың да  тарихи тақырыпқа «құсы түскен» дүние екені байқалып тұр. Бұл да не  көркем-тарихи деуге, не деректі тарихи деуге сүйрелесең де көне қоймайтын дүние. Бір ұққанымыз мұнда да тарихтан мәлім тұлғалардың аты-жөні, мәртебе лауазымы жайлы мағлұмат пен анау ана жерді жайлап отырғанда, олай болып еді мынау –хан жайлауына көшкенде  былай болып еді, анау ананы өлтіріп, мынау мынаның тұтқыны болған еді  дегендей жалпылама баяндау басым. Мұнда да осының алдындағы шығармадағы сияқты Абылай, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Қалдан Серен, Сыбан Доржы, Лабашы сияқты тұтқындардың аты аталғанмен олардың әрқайсысының характерін даралау, іс-әрекетін ой елегінен өткізу, қысқасы көркем де шынайы ой қорыту (хуждожественное осмысление) деген жоқтың қасы. Оның бәрін қойыңызшы тарихи тақырыпқа қалам сілтеп отырған автор (Төкен Әлжантегі) бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларымыздың сөз саптауын осы күнгі фейсбукта отырған қазақтарша сөйлететін тұстары да  бар екен. Мысалы, алыстан ат терлетіп жеткен жаушы: Болат ханның көздегені де осы  мақсат секілді. Соған байланысты Әбілпейіз сұлтанды бас ете,-дей келіп, –

«Ел жақсылар мен жайсаңдарын жинау барысында бұл шаруаны көппен ақылдаса шешуді дұрыс деп тапса керек,–дейді. Ал  басты кейіпкер есебіндегі Нияз «хан иемнің ойлағанына қолдау танытуға мұршамыз келе ме?»-деп қалады. Осындағы біз астын сызған «соған байланысты», «жинау барысында», «қолдау таныту», сияқты осы күнгі газет тілімен сөйлету сонау қазақ хандығының арғы-бергі тұсындағы бабаларымызға көпе-көрнеу жасалған қиянат емес пе?! Тіпті, «қолдау таныту» сияқты орысша сөз саптауды ең бір шалағай тележурналист болмаса жүлдегер жазушы түгіл сөз қадірін білетін жәй адам да айта қоюы екіталай. Ал жыланның «созылмалы құйрығы» дегенді қалай түсінер едіңіз? «Қайда түнемесін жанында жататын кездікті тауып»-дейді Төкен Әлжантегі мырза. Бұл енді тап-таза орысша «где-бы не ночевал» дегеннің тұп-тура тәржімасы. Тіл білетін, көркем шығарма жазатын адам оны «Қайда түнесе де жанынан тастамайтын» дер еді ғой...

Қорыта айтқанда, бұл екі шығарманың да тарихи тақырыпқа мойын бұрғаны болмаса оларды өмір шындығын, тарихи шындықты нағыз көркемдік шындықпен ұластырған  қазақ хандығының 550 жылдығы деп аталатын ұлы мейрам бәйгесінің нағыз жүлдегері болуға лайық деу өте қиын. Егер осы бәйгеге ұсынылғандардың ішінде  бұлардан озық шығарма жоқ болса, онда бүгінгі әдебиетіміздің де, қаламгерлеріміздің де қандай ылдиға құлдилағанын  білу қиын бола қоймас.

Ал,  «ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды» десеңіз Асқар Алтайдың «Бүкір» әңгімесін әлгіндегі жаныңның жапырағын жабырқатқан шығармаларды оқып болғасын «Уһ, бар екенбіз ғой, шүкір  екен ғой» дей жаздадық. Иә, ордалы ойы, терең толғанысы бар жазушы тіпті екі кейіпкерінің бір-екі ауыз сөзқағысынан-ақ (диалог) олардың характерлерін даралай алады. Сол сөзқағыс арқылы,  не  жеке адамның өмірі мен тағдыры арқылы-ақ бүтін бір қоғамдық құрлысты, мемлекеттің сипатын көзі ашық адамның алдына жайып салуға құдіреті жетеді. Асқар Алтай осы «Бүкірдегі» жәркелеш қыздың ұстазына «Ұлыңызды детдомға өткізіп жіберген дейді, рас па?»-деген сұрағына Бүкірдің шағын ғана іштей шегінісі және ақша үшін рухани азғындаудың қай түрінен де бас тартпауы мүмкін бір ғана Оксана арқылы бүгінгі қоғамдық азғындаудың бір  үлгісін  көз алдыңызға жайып салған.

– Ей, Байсары, - дейді Бүкір. –Бұл күнде бәрі де бір-біріне жат. Бүкіл әлем мұхиттағы балықтай араласып жатқанда қазақтың жаттығы не тәйірі. Есесіне өзге ұлттарды, жат мемлекет пен халықтарды жатсынбайтын болады. Бізге керегі де сол емес пе?! Қазақ өзді-өзіне жатбауыр болсын, бірақ жатқа құрақ ұшсын деген ұран ұрып тұрған кез. Ендеше, Сарыарқаның даласына жан-жақтан құйылып жатқан жаттарды жатырқамайтын жатжанды ұрпақ керек.

Көрдіңіз ғой, сөз қадірін түсінер кісі болса, осы бір үш-төрт ауыз сөзбен айтылмаған не қалды?! Тұтас бір қазақ деген ұлттың тағдыры,  бүгінгі қоғамдық сананың сиқы мен сықпытының (кескін-келбетінің емес) айнасы әдебиет екені, ол айнаны ойы бар, көңіл көзінің аясы алысты шалатын қаламгер ғана жасай алатыны осы азғантай ғана абзацта тұрған жоқ п?! «Менің нашарлау өлеңдерімді бір-екі жақсы өлеңдерім-ақ асырайды» демекші Асқардың «Алаш тарихының ақиқатындағы» үш әңгімесінің ішінде төбесі көкке көтеріле биік тұрған «Бүкірді» ғана алуымыздың себебін осыдан-ақ түсінерсіз.

Иә, осының алдында Қазақ хандығының ұлы дүбірлі мерейтойына орай белгіленген жүлделердің поэзия жанры бойынша  пікірімізді айтқанбыз. Әсіресе, сыни тұстары басымдау болса да оны Жазушылар Одағы тарапынан да, былайғы оқырман тарапынан да ешкім күстаналай қойған жоқ. Онда да, бұл жолы да біз ешкімді сен ақын емессің  сен жазушы емессің деп кемітуді, мұқатуды мақсат тұтқан емеспіз. Біздің мақсат – адам баласының рухани азығы, жасыса жанын жадыратар, тасыса басу айтар бас емшісі іспетті  әдебиетімізге бағыт-бағдар нұсқап отыруға міндетті Жазушылар Одағына қатысты ой, пікір білдіру ғана. Біреу құптар, біреу құптамас, қалай десек те бүгінгі қазақ әдебиеті өркендеп, дамып барады дегеннен гөрі «апыр-ау, жүлде, бәйге алып, лауреат атанып жатқан шығармаларының түрі мынау болса...» дегізерлік күйге түскені ащы ақиқат. Кез-келген мемлекет экономикалық дағдарыстан да, басқалар салған санкциялардан да жолын тауып шығып кете алады. Тіпті, жан қысылып, жұртқа деген сенімің жоғала бастағанын сезсең боксшы, зілтемір көтеруші, палуан, шоу-бизнестің әншісі демей-ақ депутат сайлап жіберуге де болады (әзіл ғой). Дүнияда ең ауыр дағдарыс –рухани дағдарыс. Рухани дағдарыс дегеніміз өнер мен әдебиеттің құлдырауы. Мұндай дағдарыс кезінде, әсіресе әдебиеттің құлдырауы адамдардың ынсап, ар-ұят, инабат, намыс деген қасиеттерді ұмытуына әкеп соқтырады. Мұндайда  әдеби шығармасының не дәмі, не татымы жоқ бола тұра пәлен деген бәйгенің  жүлдегері, пәленшекемнің атындағы сыйлықтың иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атақ-даңқ шүлен таратқандай таратылады, әдебиетте лауреат қаптап кетеді. Жасыратыны жоқ біздің бүгінгі әдебиетіміз осындай күйге түсіп кетті ме деп қорқамыз. Әнебір жолы Жазушылар Одағы 40-тан астам адамға «Алаш» сыйлығын бір күнде таратқанда осылай бір зәреміз қалмап еді.

Әлгінде бір сөзімізде сын деп қалдық. Сын ең алдымен қоғамның да, жеке адамның да рухани емшісі. Біздің  әдеби газетімізде шын сын көрмегенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Ал, қаламгер, әдебиетші атаулы бірін-бірі жарыса мақтауды әдетке айналдырды. Әнебір жолы Жазушылар Одағы өзіне қарсы батыл пікірлерін айтып баспасөзге жариялаған бір азаматты, Орал облысының әкімімен айтысып сотты, істі болған тағы бір азаматты Одақ мүшелігінен шығарып тастады. Әсіресе, сотты болған азаматқа бұл қосымша соққы болды. Ол жазушы ешкімге мемлекеттік жүйені өзгерту керек, бас көтеріп бүлік шығарайық деген жоқ. Жазығы әкімшіліктегі жемқорлық пен өрескелдіктерді айтып, сотта жеңіліп қалғаны ғана. Әділіне келсек, Жарғы бойынша мұндайда Жазушылар Одағы  қолдан келгенше жазушының мүддесін қорғауға күш салуы керек еді. Иә, біздегілерге сын айтсаң, сені мін іздеуші дейді. Десе дей берсін, бірақ Қазақстан Жазушылар Одағы «Алаш тарихының ақиқаты» деген атпен шығарған бұл кітапта алаш тарихының ақиқаты тұр деу жәй сөзуар адамның ләмі деуге ғана лайық сияқты. Жаратушымыз халқымызды рухани мүгедектікке жетелейтін  әдебиеттен сақтағай!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, Мәдениет қайраткері 

Abai.kz

0 пікір