БАЙҚОҢЫР РЕСЕЙДІҢ БІР БӨЛШЕГІ ЕМЕС ПЕ?
Вице-министр Владимир Божко гептил уының экологияға тигізген зардабы туралы қандай-да бір мәлімдеме жасамас бұрын, алдымен өзі аталмыш эко-қауіпті аймақта тұрып көрсін. Жақында «Антигептил» қозғалысының бір топ белсенділері дәл осындай ұсынысты министр мырзаға жасаған.
Өткен аптада Ресей тарапы ресми мәлімдеме жасап, 2013 жылы Байқоңыр маңында құлаған «Пратон-М» зымыранынан тараған гептил уы үшін өтемақы төлеуден бас тартқан болатын. Осыған қатысты, қазақстандық қоғам белсенділері мен «Антигептил» қозғалысы жетекшілері наразылық білдірді. Аталмыш қозғалыс тобының координаторы Ұлан Шәмшет мырза «7NEWS.kz» агенттігіне сұхбат берген.
Біз білетіндей, өткен аптада ҚР Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Владимир Божко мырза, журналистерге сұхбат беріп, Қазақстанның ресми органдары РФ Ғарыш агенттігіне «Пратон-М» апатының зардаптарын дәлелдей алмағанын айтқан еді.
«Әуелде біздің тараптан бастама көтеріліп, «Пратон-М»-нен тараған гептил уы келтірген экологиялық зардаптар үшін өтемақы төлеуді талап еткен ек. Бірақ, Ресей жағы бізден нақты дәлелдер келтіруді сұрап, соның ішінде тап осы «Байқоңырға» келтірілген зардаптарды сұрады. Естеріңізде болса, «Пратон-М» құлағаннан кейін, біз ресми комиссия құрып, келтірілген залалдарды есептеуге кіріскен едік. Содан кейін, Жезқазған қаласынан тәуелсіз комиссия келіп тағы есептеді. Ал нәтижесінде, біздің сарапшылар ғарыш айлағының сыртындағы экологиялық шығындарды есептей алған жоқ. Соған байланысты, өтемақы туралы келіссөздер доғарылды. Нақты соманы біз есептей алмадық»,-деген еді вице-министр Божко мырза.
Божконың баяндамасына сүйенсек, Ресей тарапы нақты сома есептеліп, көрсетілсе, өтемақы төлеуге даяр тұрған. Алайда, ресми сарапшылар дәлелдеп бергендей, зымыран тасымалдағыш «Пратон-М» апаты біздің экологияға еш залал келтірмепті-мыс.
«Байқоңыр маңында 600 тоннадан астам аса уллы гептил жағармайы шашылды. Министрі Божко мырза мен, РФ Халық батыры – Талғат Мұсабаев айтқандай, гептил жағармайы атмосферада, ауада жанып кеткен жоқ. Ресми билік органдары мен кей шенеунік мырзалар гептил жайлы қисынсыз әңгімелерді өрбіте бастағанда, біз «Пратон-М» хроникасын алға тартамыз. Нақты дәлел бар. Видеосы да бар. Онда анық көрсетілгендей, «Пратон» ауада емес, жерге құлаған. РФ «Роскосмостың» сол кездегі басшысы өзі келіп, «Пратон» құлаған жерді көрді. Апаттан орын алған үлкен шұңқырға түсіп көрді. Содан кейін 10 айдан кейін рактан қайтыс болды. Біз ол кісінің отбасына көңіл айту хатын Қазақстандағы РФ елшілігі арқылы жолдадық»,- дейді Ұлан Шәмшет мырза.
Сонда Божко мырзаның баяндамасы мен бажайлауы мүлде басқаша болғаны ма? Вице-министр Владимир Божко әңгімесінің ауаны, ресейлік «Пратон» ел жкологиясы мен ғарыш айлағы аумағындағы елді-мекендерге мүлде зиян келтірмеген. Сол үшін де Ресей тарапы өтемақы төлеуге міндетті емес.
«Божко мырзаның бұлай деуі негізсіз. «Пратоннан» ешбір зиян келмеді деген вице министрдің өзін, сол Байқоңырға ең құрығанда бір жылға жіберу керек. Гептилмен уланған аймақта аз дегенде бір тұрып көрсін. Сосын барып, оның денсаулығын тексеру керек (ғылыми зерттеу нысаны ретінде - эксперимент). Өзінің тікелей міндеттерін тап сол жерден атқарып көрсін. Мен Божконы әлденеге айыптап отырғаным жоқ.Ол бар болғаны көпті білмейтін шенеунік»,-деп түйіндейді Шәмшет мырза.
Естеріңізде болса, ресейлік зымаран қазақ даласында апатқа ұшырап, оның ішіндегі 600 тоннадан астам аса улы гептил ауаға тарағанда, қоғамдық белсенділер «Пратон» зымыранын Байқоңырдан ұшыруды тоқтату керек деп бажайлаған болатын. Тіпті, бұл мәселде республикалық басылымдарда да жиі айтылды, көп талқыланды.
Ал бұрынғы экология министрі болған, марқұм Нұрлан Қаппаров мырза, 2013 жылғы «Пратон» апатынан ел экологиясына 95 миллион доллар шығын келгенін есептеп, айтқан еді ғой.
Қазіргі геосаяси ахуалдарға назар аударсақ, Кремьл қожайынының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғаны жасырын емес. Біздің территориямызда Кеңес кезінде екі бірдей ядролық сынақ полигоны болды. Ал қазірдің өзінде бес ресейлік әскери полигон мен Байқоңыр бар. Сондай-ақ, Қызылорда облысы онкологиялық аурулар жөнінен көшг бастап келеді. Өңірдегі еркек белсіздігі мен әйелдер бееулігі туралы қазақстандық БАҚ аз жазған жоқ. Сонда, Байқоңырды Ресейге жалға бергеннен не ұттық? Уәде етілген, жал құны да дер кезінде төленбейтінімен қоса, біздің жетекші ғарышкерлеріміздің өзі ұшп жақаны шамалы. Ал РФ тарапы, біздің ғарышкер Айдын Айымбетовты біздің ақшамызға ұшырды. Сонда біздің Байқоңырдан ұтқанымыздан ұтылғанымыз басым болып шығады.
Бүтін ғарышымыздың тізгінін сеніп тапсырған қаһарманымыздың өзі «Байқоңырдағы «Протонның» құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды» деп Ресей мүддесіне қызмет етіп отырғанда, басқасынан не сұраймыз. 17 миллион халықтың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп отырған гептилден бас тартуға «ақсақал биліктің» қауқары жетпейтініне көзіміз баяғыда-ақ жеткен. Біздің биліктің Байқоңырға бейтарап қарайтыны белгілі. Соған қарағанда «Байқоңыр Ресейдің бір бөлшегі емес пе?» деген күлімсі күдік туады... Сонда қалай болғаны?!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz