ӘНШІНІҢ АҚЫН БОЛҒАНЫ ЖАҚСЫ
Әншінің ақын болғаны жақсы ғой. Ең бірінші, ән мәтініне мән береді, авторды да таңдай алады, кем-кетістігін байқаса, ақыл қосады. Бұл үрдіс кезінде ақиық ақын Мұқағали мен атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің арасында жақсы іске асты.
Осы тұста Шәмші мен Шахановтың үйлесімділігін де айта кеткен жөн. Сол шынайы шығармашылық байланыстың арқасында таланттар ұтылған жоқ, керісінше үндестік үйлесім тауып, ұлттың әнжариясы, керемет дүниелермен толықты. Бертін келе жоғарыда сөз етілген ақын мен сазгердің арасындағы шығармашылық байланыс бәсеңдей түсті, құлдырау кезеңін бастан кешірді. Өзі ақын, өзі сазгер жарты таланттар сахнаға шықты. Салдарынан сапасыз әндердің қатары артты, адам түсініп болмайтын мәтіндер пайда болды. " Пах, пах, қандай иіс? Көздеріңмен сүйіс" деп Айқын Төлепберген "жарқ" ете қалды , "Шаштарыңның иісін сағындым" деп Асан Пердеш шықты , " Алматының түндерін-ай! Алатаудың салқын самалындай!" деп Қайрат шықты эфирге. Сазы жаттауға жеңіл, мәтіні мағынасыз осы секілді туындылар қазақ ән өнерінің алтын қорына талғамсыз, таңдаусыз еніп жатты.
Араға жылдар салып, бұл олқылықтардың орны тола бастады. Сазгер ақын іздеу үрдісін қолға алды. Нәтижесінде Қалқаман Сарин, Серікзат Дүйсенғазы, Талант Арғынғали, Ринат Зайтов сынды ақын авторлардың мәтіндері әнмен үйлесім таба бастады. Өзі сазгер, өзі ақын Бекжан Әшірбай, Жәкен Омар, Төреғали Төрәлілардың әндері тыңдарманға жол тартты, жүрегіне жол тапты. Әуезді ән мен мағынасы терең өлеңдер үйлесім тауып, тыңдарман қауым бір серпілді. Осы серпіліс жалғасын таба берсін!
Айдар Сейдәзім
Facebook-тегі парақшасынан