"ЕЛІМ" ДЕП ӨТТІ ЕСІЛ ЕР
- Қажығұмар ағамыздың «Қылмыс» романының алтыншы томында әкем Әнуардың (романда Әлібек) қазасынан соң, Қажығұмар ағамыздың шешеме көңіл айтып келетіні жазылған. Сол романда әкемнің Қытай түрмесінде жатып қайтыс болған кезі де суреттелген. Бірақ әкем менің есімде деп айта алмаймын, әкемді ұстағанда мен тәй-тәй басқан бала екенмін. Ал қуғын-сүргін заманда әкеммен бірге болған уақытым бір күнге де толмайды екен! Бәрін кейін білдік қой. Әкемді Қытайда «мәдениет төңкерісі» кезінде басына «қалпақ кигізіп» (жала жауып деген мағынада), мәңгібақи түрмеге қамап тастайды. Шешем де «халық жауының» әйелі болып шыға келеді. Отбасымыз кадрларға арналған тұрғын үйден қуылып, кезінде Шың Шысайдың ат қорасы болған лашыққа көшіріледі.
Әкем түрмеде он жылдай жатып, қайтыс болады. Бірақ өкімет сүйегін бермей, түрмеде жерленеді. Тек кейіннен, 4 жылдан кейін әкемнің атағын «қайта қалпына келтіріп», Үрімжі қаласындағы сол кездегі Халық Сарайында салтанатты қоштасу рәсімін өткізіп, әкемнің сүйегін түрме маңындағы зираттан Үрімжідегі құрбандар зиратына көшіретін болды. Бұл Шыңжаң көлемінде «мәдениет төңкерісінен» кейінгі осы «төңкерістің» кесірінен өмірінен айырылған өлке дәрежелі басшыға арналып өткізген тұңғыш азалы жиын еді. Сол кезде маған ерекше әсер еткені анамның жоқтау айтқаны болды. Отбасымыз марқұм әкемнің сүйегімен бірге сарайға кіргенімізде, анам қытайы, ұйғыры, қазағы аралас залға дауыс шығарып жоқтау айтып кірді. Анамның зарлы үні түсінген адамның ғана емес, тіпті қазақшаны мүлде түсінбейтін басқа ұлт өкілдерінің де көзіне жас үйірді. Сол тұста 14-15 жас шамасындағы мен алғаш рет қазақтың өлім-жітім салтының да осындай салтанатты болатынын білдім. Қажығұмар ағамыз да осы жоқтауды естіген соң, «Мынадай жоқталған өлімнің, дәл қазіргі шақта арманы аз шығар» деп жазады ғой романында.
— Сіз де біразға дейін «халық жауының» баласы болып өсіпсіз ғой...
— Әкем Әнуар, ағасы Мағауия мен Мерғазы, әкемнің немере ағасы Әбілмәжін, атамыз Жәкула — барлығы да империяның қуғынын көрген адамдар. Нағашы жағым да бұл сүргіннен аман қалмапты.
Бұл - Асқар Әнуарұлының i-news.kz сайтына берген сұхбаты екен. Болыс болған атасы Жәкула Совет өкіметінің талауына түсіп, әкесі Әнуар қытай коммунистерінің қолынан қаза тапқан Асқар туралы бүгін бір суық хабар естіп отырмыз. Есіл ер дүниеден озыпты.
Асқар Жәкулин - Атажұртына оралған айбоз ұлдардың бірі еді. Келген бетте кәсіпкерлік іспен жатпай-тұрмай шұғылданды. Сөйтіп, аз жылдың ауанында қазақ кәсіпкерлерінің ортасынан ойып тұрып орнын алды, ортақ игілікке үлес қосты. Ол әркез "елге, жұртқа пайдам тисе екен", "қазағымның аты озса екен" деп өмір сүрді. Оның өмірлік ұраны осы болды. Аталған сайтқа берген сұхбатында ол және былай депті:
– Біздер, шетелден келген қазақтар, қоғамның ішіне кірісе алмай, қашанда шеттеліп жүреміз. Ал теледидардан, газеттен қашанда оралманды кедей-кепшік, баласын оқыта алмай, күнін көре алмай отырған байғұс, бейшара етіп көрсетіп, сондай пікір қалыптастырады. Біздің “оралман” деген атқа көңіліміз толмай, ренжігеніміз дұрыс емес екен. Мәселе, “оралман” деген атында емес, соны көтеретін, оларға дем беретін ел ағаларында екен. Біздің арамызда оқыған, білімді, іскер азаматтар өте көп. Неге соларды дұрыс жағынан таныстырмасқа? Қашан басымызды көтереміз? Мәселен, Еуропаны іскерлігімен мойындатқан ағайынды Зенгиндер сияқты мықты қазағымыз бар деп неге таныстырмайды? Бұл шара оралман болып келген ағайындарға үлкен рухани қолдау болар еді.
Асқар Жәкулин жарық дүниені 51 жыл кешіп қана ортамыздан кетті. 51 жасының 2-3 жылын аты жаман дерттен айғудың арпалысына жұмсады. Бірақ, ажал шіркін алып тынды.
Жанның жәннатта болсын, жүзіңнің нұры пейіште шалқысын. Бұ дүниеде бастаған ісің байтақ еліңде жалғасын тапсын. Бақұл бол.
Төмендегі деректі-фильм Асқар Жәкулиннің бабасы ЖӘКУЛА КҮШІКҰЛЫ-150ЖЫЛДЫҒЫНА арналып түсірілген екен. Деректі-фильмнің авторы Болат Мүрсәлім.
Abai.kz ұжымы