ДЕПУТАТ
Асанәлі көкем бір інісіне: «Сен атып шыға келе ме деп үтікті қосуға қорқатын болдым» деген сыңайда зілді әзіл айтыпты. Осы әзіл шындыққа айналғалы қашан? Қазір әртіс-әншілердің тұмсық тықпайтын жері қалған жоқ. Бай да – өздері, манап та – өздері... Халықтың қалаулысы да, мемлекеттің еңбек сіңірген қайраткерлері де – солар... Оларға енді бірлі-жарым спортшы мен журналистер қосылды. Қайда барсаң, қызылды-жасылды болып «халаулайкім хаулайлап» сонда жүреді... Енді міне, олар топ-тобымен еліміздің «бас мінбесі» саналатын Парламенттің есігін қағып тұр. Ол жақты да «әлеметтемек»... Жо-жоқ, әлеметтемейді. Мен шынымды айтсам, сол «әләуләйләрдің» депутат болғанын шын көңілден қалаймын.
Ресейге барып «Омбы - қазақтың қаласы» деп салған Қайрат Нұртас неліктен депутат болмауы керек? Айтыңызшы... Қайрат кімнен кем? Бердіоңғаровтан мың есе артық емес пе? Қайрат депутат болуы керек... Бір рет емес, бетінің әрі тайып қартайып, ешбір фанатына қажетсіз болып қалғанша, Парламенттің жайлы креслосында отыруы қажет. Қазір өзіңіз ойлаңызшы... мынау жастар Парламентте не болып жатқанын, қандай заңдар талқыланып жатқанын біле ме? Білмейді. Қазақтың тағдыры қалай шешіліп жатқанынан хабарсыз. Ол жақта Қайрат Нұртас отырса, «точно» білер еді. Қайрат «мамасына» айтады, мамасы дереу елге жаяды. «За то» бүкіл қазақ жастары әп сәтте саясаткерге айналады... Жаман ба? Жаман емес.
Парламенттегілер де – пенде. О байқұстар күнде «заң қабылдаймыз» деп шаршап жүр. Олар біз секілді көше кезе алмайды, қоғамдық автобусқа аяқ арта алмайды. Фигурасы 60-90-60 қыздарды тек интернеттен көреді. Интернеттен ғана... Бұл әділетсіздік қой. Мына біз күнде көшеден көріп, көзімізді «суғаратын» сылқымдардың бөкселерін Парламентте отырып-ақ тамашаласа жаман ба? Жанар Дұғаловаға бір шарт қойып, депутаттық мандат беру керек. Жанар секілді екі-үш сылқым болса, тіпті қатып кетеді... Олар омырауы жырым-жырым, етегі жарты қарыс көйлек киіп кеп, заң жобалары талқыланар алдында арлы-берлі мода көрсетіп жүргендері дұрыс. Сілекейі шұбырған депутат мырзалар отырыстан қалып қоятын жаман әдеттерін қояды, сонда... Жақсы емес пе, Парламент Мәжілісі толық құраммен заңдарды талқылап жатады. Олар Мәжіліске заң үшін келмесе де, айдында жүзген аққудай Жанарларды көру үшін бас сұғатын болады. Идея ма... Идея...
МС Сайлаубекке де бір орын бергеннен бұ қазақ ұтпаса, ұтылмайды. Неге дейсіз бе? Сайлаубектің әр сөзі – хит... Парламент отырысында халыққа ұнамайтын заңдар қабылданарда, Сайлаубекке тізгінді бере салу керек. «Ки миними бет тма, Камана бек тма, Тамана бек тимена, Бет тма фит тима» десе бітті, бүкіл журналист күн тәртібіндегі мәселені қоя салып, Сайлаубектің «ұлылығы» жайлы зарлай жөнеледі. Қандай керемет... Бұрын мұның бәрін неге ойламай жүргенбіз?.
Жоғарыда айтқан азаматтарды қайдам, меніңше, Илья Ильин осы жолы міндетті түрде депутат болып сайланғаны дұрыс. Илья ғана емес, Генадий Головкин мен Серік Сәпиев те келесі шақырылым үшін аса қажетті адамдар. Оларсыз бұл шақырымның дым қызығы жоқ.
«Бұлар Парламентте не бітіреді?» демекшісі ғой. Парламент Мәжілісінің бар жұмысы осы үш жігіттің мойнына аса салу қажет. Мәселен, қазір кейбір министрлер Парламентке көмекшілерін жібере салатын болып жүр. Сондай «менмен» шенділерді Парламентке «дырылдатып» сүйреп әкелу жұмысын осы үш батыр орындаса, қандай керім болады-ә! Дұрыс есеп бере алмаған, яки жұмысы көңіл көншітпейтін шенеуніктерді кейде сабағым келеді. Сіз де сондай шығарсыз. Енді міне, сол арманыңыз орындалатын күн жақын. Мысалы, Арыстанбек Мұхамедиұлының «иелігіндегі» министрлік бір заң ұсынып жатыр делік. Ол заң депутаттарға ұнамай қалса, Илья оны зілтемірдей тікке көтеріп алады, ал Сәпиев пен Гена «төмпештей жөнеледі. Қай шендінің таяқ жегісі келеді дейсіз. Таяқ жемеу үшін олар заң жобасын дайындағанда аса мұқият болады...
А, Илья неге көтеріп тұруы керек дейсіз бе? Оның бір ғана себебі бар... Шенеуніктің көбі шойын жұдырықпен бір қойғанда есінен танып қалуы мүмкін. Мұндай қызық сәтті телеоператорлар түсіріп үлгермей қалса, оларды ұрғаннан не пайда? Илья көтеріп жатқанда елдің бәрінің назары осы жайға ауады. Ал, сосын тамашаны алаңсыз көре бересіз.
Әрине, әр нәрсенің астарында саясат болуы керек. Мысалы, кейбір кезде кей депутаттарды, шенділерді өтірік сынап, мінеген боламыз. Бірақ тісіміз батқан емес. Қалай батады, Есімовті ұру үшін «дух» керек. Десек те, сол Есімов сындыларды ақырын-ақырын Сәпиевке «ұрғызып» алуға болады ғой. Біріншіден, Сәпиевтің «удары» анау айтқандай жойқын емес. Екіншіден, «шенділерді де оңдырмадық, міне, ұрып жатырмыз, соғып жатырмыз» деп көз жасау үшін Сәпиевтің шеберлігін пайдаланғанымыз жөн.
Ал, Генаға Арыстанбек секілді депутаттарды, яки өзінің не істеп жүргенін білмейтін әкім-қараларды сойғызу керек... Генаның бір соққысынан аман қалғаны қызметін жалғастыруына рұқсат. Ал, өлгендерінің сұрауы жоқ...
А, айтпақшы, бізде ұлтаралық араздықты қоздыруға тыйым салынған. Ұлты басқа, Ассамблея арқылы депутат болып кеткендерді Сәпиевке ұрғызуға болмайды. «Қазақтар өзге диаспора өкілдерін төмпештеп жатыр» деген сөз жаман. Ондай сөз болмау үшін өзге диаспора өкілдерін батыр Гена жөнге салғаны дұрыс. Мұным қалай-ә?! Генатайымыз Кулагинді «қоңқ» еткізіп, есінен тандырып тастағанын елестетіп көріңізші...
Қош! Сіздер әртіс пен әншілер депутат болып не бітірмек дейсіздер... Олардың атқарар шаруасы әлі алда... Маған сеніңіз...
Қанат Әбілқайыр
Abai.kz