Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарихтың бір күні 13217 0 пікір 26 Қаңтар, 2016 сағат 12:12

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ БАСШЫСЫ

2015 жылғы 2-18 қарашада Парижде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының оқу, ғылым және мәдениет жөніндегі мамандандырылған мекемесі Бас конференциясының 38-ші сессиясы мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік іс-шараларға  қатысатыны жайында  шешім қабылдады. Сонымен, қазақтың ардақты перзенті, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы биыл ЮНЕСКО аясында атап өтіледі. Алаш қозғалысы серкесін ұлықтау үстіміздегі жылы осынау беделді халықаралық ұйымның қатысуымен өткізілетініне айрықша қанағаттанғандық сезіммен оның өмірі мен қызметі жайында жазылған төмендегі мақаланы оқырман назарына ұсынамыз. 

Қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалысы бастауында

1866 жылғы 5 наурызда Тоқырауын өзені алқабында дүниеге келген Әлихан Нұрмұхамедов әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, одан Қарқаралы мектебінде  оқыды. Сосын Омбы техникалық училищесінде кәсіптік білім алды да, ата тегін Бөкейханов деп жазуға қол жеткізіп, 1890 жылы Санкт-Петербургтің Орман институтына түсті. Осы жоғары оқуды экономист мамандығы бойынша 1894 жылы бітіргеннен кейін Дала уәлаятының астанасына оралып, орман шаруашылығы училищесінде оқытушы болып еңбек жолын бастады. Көп ұзамай түрлі статистикалық басқармаларда, зерттеуші экспедицияларда істеді, қазақ жер-су жағдайын арнайы зерттеуге келген әйгілі земстволық статистик Ф.А.Щербинаның 1896 жылдан Ақмола, Семей, Торғай облыстарында жұмыс істеген экспедициясы жұмысына атсалысты. (Бұл зерттеулер нәтижесі кейінірек «Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедиция қазақ жерінің пайдаланылуы хақында жинастырған және жүйелеген материалдар» дейтін атпен Егіншілік және мемлекеттік меншіктер министрлігінің басылымы ретінде Щербинаның редакциясымен 13 том боп басылып шыққан.)

Мұның бәрі оның патша үкіметінің жер саясатын терең зерттеп білуіне ықпал етті. Біліп қана қоймай, тиісінше, сол саясат салдарынан орын алып жатқан қазақтың отарлық тыныс-тіршілігіндегі келеңсіз өзгерістер мен ауыртпалықтар жайында ой-пікірін аян етіп, баспасөзде өзіндік үн қатып тұрды. «Россия. Біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» атты әйгілі көптомдық еңбектің қазақ даласына арналған, 1903 жылы шыққан XVIІІ томының авторларының бірі болды. Зерттеулерімен шұғылдана жүріп, зерделі, оқыған азамат ретінде ол туған халқының тағдырын жеңілдетуді, тұрмысын жақсартуды ойлады. Орталықтағы студент шағынан оң иығын беріп тұратын қоғамдық мәселелерге қазақ елі ішіне келгелі белсене араласты. Империядағы бірінші революция оқиғаларына сергек үн қосып отырды.

Бүгінде біз Алаш қозғалысы деп атайтын құбылыстың алғашқы ұшқындары  ХХ ғасырдың басында пайда болған. Қазақ еліндегі зиялылар империя үкіметінің озбыр отаршылдығы салдарларын – шұрайлы жер-судан айрылу, діннің, мектептің қыспақ көруі, ел-жұртты басқаратын ең төменгі билік буындарына да тікелей отарлық өкімет өкілдері отырғызылып, орыстандыру шараларының күшейтіле жүргізілуінен жапа шегу мысалдарын ортаға салып, не істеу керектігін ақылдасу қажеттігін ұқты. Сондай мақсатты жүзеге асыру үшін Көкшетаудағы діни қызметшілер тарапынан көзі ашық азаматтарды жинап мәслихат құрмақ әрекеттері жасалды. Алайда патша үкіметінің құпия қызметі жансыздарының көмегімен оларды тез тауып алды. Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Семей үйездерінде тұратын өзге де оқыған қазақтарды тінткілеп, үйлеріндегі кітапханаларын тәркіледі, ойы бөтен деп тапқандарын патшалықтың барша өңірлерінде қолданып жүрген тәсілдерімен тез «залалсыздандырды». Біразына біқатар жазалау шараларын қолданды. Бірақ  буырқанып қайнап жатқан халық наразылығын күшке салып басып отыру мүмкін емес еді. Бұл әсіресе 1905 жылғы 9 қаңтарда империя астанасында орын алған «Қанды жексенбі» оқиғасынан кейін мүлдем мүмкін болмай қалды.

Жалпақ елде алғашқы орыс революциясы дауылдатты. Жағдайды уыстан шығармау үшін император ІІ Николай мен оның айналасы «революцияны резолюцияға айналдыруды» көздеген бірқатар шешім жасады. (1905 жылғы 18 ақпанда патша ішкі істер министріне рескрипт – бодандарына жақсылық жасайтынын жариялы түрде мәлімдеген ашық хат берді. Онда министрге заңнамалық жобаларды алдын ала қарайтын сайланбалы өкілдік мекеме, яғни халықтың сеніміне ие боп сайланып келетін өкілдерден Мемлекеттік Дума құру жайында заң жасау тапсырған. Сонымен бірге, сол күні Правительствующий (билік етуші) сенатқа жолдаған жоғары мәртебелі пәрменінде «мемлекеттік жағдайластыруды жетілдіруге және халықтың берекелі тұрмысын жақсартуға қатысты мәселелер бойынша жеке адамдар мен мекемелерден» өз атына түсіп жатқан тілектер мен ұсыныстарды қарап, талқылау міндетін Министрлер кеңесіне жүктеуді бұйырған. Ал 17 сәуірде діни ұстанымға еріктілікті жария еткен пәрмен шығарды.) Осылардай биік дәрежелі пұрсаттар жасалуына орай жер-жерде жиындар өтті,  жұрт өздерінің мұң-мұқтаждықтарын айтып, тілектерін білдірген петицияларын үкіметке жолдап жатты.

Бұл науқанға Әлихан Бөкейханов пен оның пікірлестері үлкен мән бере қарады. Патша үкіметі атына өздері дайындаған тілек-хаттың Дала өлкесіндегі халық көп жиналатын жәрмеңкелердің бірінде талқыланып, жұртшылықтан кең қолдау табуын ұйымдастырды. Петицияда тағдыры Ресеймен қосақталған қазақ елінде жүргізіліп жатқан  орыстандыру саясаты талданды, қазақтардың діни-рухани істеріне көрсетіліп жүрген зор қыспақ мысалдар келтіріле отырып атап айтылды. Халықтың экономикалық жағдайын түзеуге, қазіргі тұрмыс ахуалын көтеруге мүмкіндік беру үшін жасалуға тиіс шараларды, олардың ішінде қазақ халқының мүдделерін күйттеп, құқтарын қорғау мақсатымен «орыстың заң шығару жиналысына» қазақ депутаттарын қатыстыру керектігін де қосып,  үкімет алдына қойылатын талаптар он бір тармаққа түйіндеп жазылды. Сосын революция  қуат берген ұлттық қозғалыстың бағдарламасы іспеттенген бұл тілек-хат көпшілік назарына ұсынылды. Қоянды жәрмеңкесі жұмыс істеген маусым айы бойы жұртшылық арасында талқыланып, қолдау тауып жатты. Ақыры, 14,5 мың адам қоштаған (хат танитыны қолын қойған, сауаты ашылмағаны бармағын басқан) петиция әзір болды. Бірақ оны Қарқаралы поштасы қабылдамады да, үлкен қиыншылықпен, Дала өлкесінен тысқары қаладағы пошта арқылы  патшалық астанасына жіберілді.

1905 жылғы 6 тамызда ІІ Николайдың Ресейде Мемлекеттік Дума құрылатынын әйгілеген манифесі өмірге келеді. Сонымен бірге Думаға депутаттар сайлауын өткізу ережесі де жарияланды. Бірақ бұл жұртшылықты сонша қуанта қоймады. Император бекіткен құжат ішкі істер министрінің қолынан шыққандықтан, соның атымен «Булыгин Думасы» атанып кетті. Заң шығарушылық емес, кеңесшілік рөл ғана атқармақ Мемдума, халық ереуілдерге шығып, қатты наразылық білдіргендіктен, шақырылмаған күйі қалды. Ақыры, «революцияны резолюциямен алмастырудың» кезекті бір әдісі іске қосылып, патшаның «17 қазан манифесі» дүниеге келді. Мұнда оның «Мемлекеттік Думаны құру туралы» 6 тамызда қол қойған манифесімен сабақтастырылып, парламенттің жаңаша тағайындалатыны айтылды, заң шығарушы мекемеге халықтың лайықты адамдарының сайлануына жол ашылатыны, Дума мақұлдамайынша бірде-бір заңның күшіне енбейтіні мәлімделді. Сондай-ақ, 1905 жылғы 17 қазанда шыққан осынау Манифест саяси құқтар мен еркіндіктерді жария етіп, ел игілігіне ұсынды. Яғни бұл құжатта халыққа сөз бостандығы, ар-ождан бостандығы, жиналыс жасау еркіндігі, одақтарға бірігу еркіндігі және жеке тұлғаның қол сұғуға болмайтын дербестігі қамтамасыз етіледі деп уәде етілді.

Озық ойлы зиялылар осы манифест империяда бостандық күнінің туғанын паш етті деп санады. «17 қазан манифесін» барша қазақ зиялылары, олар арқылы қалың бұқара шын шаттанып қарсы алды. Манифест Омбыға жеткен бойда Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның серіктері қазақ даласындағы қалаларға телеграммалар жолдап, барлық халыққа патша ағзам тарапынан сыйланған жаңа құқтар жайында хабарлады. «Біз өзіміздің тілшілеріміздің бәрінен қуанған телеграммалар алдық, – дейді Бөкейханов. – Жеке бастың дербестігі мен ождан бостандығы жөніндегі уәде қазақтарға айрықша әсер етті. Бұлар – орыстандыру саясатының тұрпайы агенттері төпеген тұрақты соққыны ұдайы бастан кешіп келе жатқан, тап сол саясат салдарынан мешіт, медреселері жабылып, кітапханалары қонфискеленіп, діни ожданы езіліп отырған қазақтарға өте-мөте түсінікті еді».

Әлихан Бөкейхановтың мақалаларынан 1905 жылғы қазақ қауымының, оның көкірегі ояу, көзі ашық бөлігінің ойы мен әрекетін айқын аңғарасың. «17 қазан манифесі» жария болысымен Омбыда тұратын қазақ интеллигенттері оны тездетіп  қазақ тіліне аударды да, жергілікті газеттердің цензоры боп табылатын вице-губернатордың рұқсатымен 10 мың дана етіп бастырып, ауыл-ауылға жөнелтті.  «Қазақтардың шапшаң қозғалатындығының арқасында манифест қысқа мерзім ішінде күллі далаға тарап үлгерді. Барлық жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды, манифесті оқыды, түсініктемелер жасады. Мемлекеттік думаға болашақта сайлау жүргізу мәселелерін талқылады. Ең алыс болыстардан қазақтар қыр қалаларына топ-тобымен аттанды, онда азаматтар өткізіп жатқан қала митингілеріне қатысты. Орыс, татар, өзбек пен қазақтар туысқан бір отбасына тоғысты. Бұл бір ешқашан ешкім көрмеген тамаша уақыт болған еді», – деп жазды Әлихан Нұрмұхамедұлы  «Бірінші Мемлекеттік думаның он жылдығына» жинағына енген «Дала өлкесіндегі сайлау» атты мақаласында.  Ел-жұрт бостандық күні туғанын сезінді. Бөкейхановтың жазуынша, күллі зиялылар, басқа да еті тірі адамдар үгіт-насихат жұмысына білек сыбана кірісті. Жұрт алдында сөйлеген шешендер полицияны бет-жүзіне қарамай аяусыз сынады. Ескі режимді баршасы ойланбастан, қорықпастан сын садағына алды. Бұрындары ойларына келгенін істеп жүрген құдіретті жергілікті әкімшіліктің қызметін қатардағы адамдардың осынша  мейірімсіздікпен сынағанына ауылдардан ат терлетіп келген қазақтар тұңғыш рет куә болды. Кешегі қаһарлы өкімет төрелерінің көп халық жиналған митингілерде үнсіз сүмірейіп тұрғанын таңырқай назарлады.  

Алайда жер-жердегі патша әкімшіліктері «17 қазан манифесін» халықтан барынша жасыруға тырысқан еді, сондықтан да жаңа толқулар бой көрсетті. 1905 жылдың күзінде Қарқаралыда үйездік кеңсе алдында қалың ел қатысқан үлкен жиын өтті. Соңы көше-көшені ұрандата аралаған ірі демонстрацияға ұласты. Сол митингіге, Әлихан Бөкейхановтың анықтамасына қарағанда –  «қаражүздікшілермен қызметтес болғысы келмегендіктен бостандық күндері доғарысқа шыққан» мировой судья (негізінен ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судья), шешендігі мен қоғамдық-саяси белсенділігі арқасында жұртқа тез танымал болған Жақып Ақпаев қатысты. Бұл оқиғаны Қарқаралы үйезінің бастығы Омбыға, Дала генерал-губернаторы кеңсесіне жолдаған ақпарында  «бүлік», «тәртіпсіздік» деп бағалап, бұратаналарды жуасыту үшін көмекке әскери жасақ жіберілуін сұрады. Патша чиновнигінің осынау арандатушылыққа тұнған жәдігөйлігін  Әлихан Бөкейханов «Степной край» газеті бетінде: «Қазақ халқын білмейтін, оның, өкінішке қарай, сатрапияға айналдырылған даласын білмейтін қылмыскер адамдар ғана осынша жеңілтек ой пішеді! Оссовскийдің әлдеқандай «бүлік» жөніндегі донесениесі – шып-шылғи өтірік», – дей келіп, халықтан Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру жайындағы манифесті (патшаның 17 октябрьдегі манифесін) жасыруға тырысқан, одан толқулар сырын бұрмалаған патша әкімінің жымысқы әрекетін батыл әшкереледі. Қазақтардың Ресейдегі бостандық үшін алысқан күрескерлердің ардақты есімдерін әзірге білмейтінін, бірақ олардың Пестель сынды дарға асылған декабристерден бастап, Шлиссельбург қамалының  қазіргі таңдағы тұтқындарына шейінгі азаткерлерді ұзамай-ақ танып-біліп алатынын, яғни олардың да алып империяны шайқай бастаған революциялық қозғалыстың белсенді қатысушысы болатынын сенімді түрде жария етті. «Әміршіл құрылыстың қабіршілері, қылмыстарыңды көбейте бермеңдер! Сендердің күндерің таусылып келеді. Сендермен біз орыстың өкілетті жиналысында есеп айырысамыз!» – деген сөздермен, қалтылдап тұрған жүйе қызметшілеріне қаһарлы ескерту жасады. 

Қазақ арасындағы бірінші орыс революциясы оятқан жаңа тұрпатты саяси қозғалысты жандандыруға Бөкейханов осындай уытты публицистикалық мақалаларымен әрдайым қызу атсалысып жүрді. Жоғарыда аталған Қарқаралы демонстрациясына орай Омбыдан шығуы ықтимал жазалаушы экспедицияның жасақталмауына ол мерзімдік басылымдар арқылы тиісті қоғамдық пікір туғызу, сондай-ақ, земство съезінің Мәскеудегі бюросын хабардар ету жолымен ықпал етті. «Бостандық күндерінде» түрлі жиындардың шақырылуына ұйытқы болып, жұмыстарына қатысып жүрді. Земство және қала қайраткерлерінің қарашада өткен Мәскеу съезіне барып, «4,5 миллиондық қазақ халқы атынан» патшалық режимнің қылмыстарын әшкерелеген сөз сөйледі. Бес қазақ облысынан келген өкілдермен Орал қаласында бас қосып, ұлттық саяси партия құру жайын ақылдасты. Тәжірибелі қоғам қайраткері, қаламы жүйрік публицист, белгілі ғалым адамның осынша белсенділікпен саяси жұмыстар жүргізуі жандармерия назарынан тыс қалмады, оның жүрген-тұрған ізін аңдып, қауіпті тұлға ретінде ұдайы бақылауда ұстады.

Әлихан Бөкейханов жұмысына қатысып жүретін земство одағы қайраткерлерінің мұрындық болуымен, 1905 жылдың 12–18 қазанында Санкт-Петербургте өткен құрылтайшы съезде жаңа саяси партия –  конституционалист-демократтар (кадеттер) партиясы шаңырақ көтерген. Бұл оқиға әйгілі «17 қазан манифесінің» дүниеге келуімен тұспа-тұс орын алды.  Одан, патша сол жылғы 11 желтоқсанда шығарған жаңа  пәрменімен 6 тамызда қабылданған «Мемлекеттік Дума сайлауы туралы ережені» өзгертіп, қосымша ережелер бекітті. Бұл «17 қазан манифесін» дамыту орайында жасалды. Қазақтардың да Мемдумаға депутат болып сайлануына заңды мүмкіндік туды. Ұлт зиялылары жер-жерде осынау жаңа жағдайды ұтымды пайдалану жайын бас қосып ақылдасуды қолға алған. Сондай мақсатпен Семейде ашылмақ облыстық съезге бара жатқан жолында Бөкейхановты жандармерия қолға түсіреді. 1906 жылғы 8 қаңтарда Ямышево поселкесінде (Тұзқалада) тұтқындайды да, Павлодар түрмесіне отырғызады. Содан жандарм басқармасы оны тергеусіз, сотсыз төрт айға жуық абақтыда ұстайды. Өйткені осынау үкіметке сенімсіз, ойы бөтен, бұратаналар ішінде беделі зор тұлғаны Мемлекеттік думаға депутат  сайлау науқанынан оқшаулау мақсат етілген еді.  Алайда патша түрмесі ұлттық қозғалыс серкесінің халық арасындағы абыройын арттыра түсті. Ел-жұрт оны сырттай-ақ бір болыстан выборщик (сайлауға қатысу үшін бір қауым ел атынан таңдап жіберілген өкіл)  етіп сайлады. Сол себепті, қанша қаламағанмен, патша әкімшілігі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты 1906 жылғы 30 сәуірде түрмеден шығарды. Ал маусым айының басында Семейде өткен выборщиктер жиналысы оны Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлады...

Халық бостандығы партиясы ұстанымымен үйлестікте

Мемлекеттік дума жұмысына қатысу үшін Санкт-Петербургке жүрер қарсаңда, 1906 жылғы 21 маусымда, Бөкейханов Семейдің қалың жұртшылығымен кездесіп, сөз сөйледі.  Сөзінде ол жыл басында өткен екінші съезінде «Халық бостандығы партиясы» делінетін қосалқы аталым алған кадеттер партиясының бағдарламасын тарқата айтты, осы саяси ұйымның азаттық үшін күрестегі маңызды орынына көптің назарын аударды. Өйткені өзінің күллі саяси қызметін Әлихан Нұрмұхамедұлы кадет партиясының ұстанымы ауқымында жүргізгенді жөн көретін.

Ол империя астанасына алып-ұшып жеткенде, Таврия сарайында дуылдаған дебаттар кенеттен тоқтатылар сәт те тақалған еді. Жұмысын қазақ даласындағы сайлау науқаны басталардан бұрын, 1906 жылғы 27 сәуірде бастаған Думада патша үкіметіне жақпайтын мәселелер қаралып, шын мәніндегі революциялық шешімдер қабылдана бастаған. Сондықтан да 72 күн жұмыс істеп, 40 пленарлық мәжіліс, комиссиялардың 18 отырысын өткізген, министрлерге 261 депутаттық сұрау салу жолдаған І Мемдуманы император  «қоғамға тыныштық әкелудің орнына аласапырандықты тұтатып отыр» деген желеумен 1906 жылғы 8 шілдеде арнайы манифест шығарып, тарқатып жіберді. Патша пәрменіне бірінші кезекте кадет депутаттар қарсылық білдірді. Оларды Думадағы мұсылмандар фракциясы да қолдады. Фракция жетекшілерінің бірі, башқұрт арасынан сайланған қазақ депутаты Сәлімгерей Жантөрин мен Питерге соның алдында ғана келген Әлихан Бөкейхановты осы наразы топтың Выборгта түскен суретінен көруге болады.   Олар мұнда үкімет тарапынан рұқсат етілмей екі күн бойы өткен жиналыста қабылданған «Халыққа халық өкілдерінен» деп аталатын,  ел тұрғындарын түрлі салық төлеуден бастарту жолымен үкіметке пассивті қарсылық көрсетуге шақырған үндеуге қол қойған еді. 

Осы «Выборг үндеуіне» қол қоюшылар үстінен үлкен сот үдерісі жүргізіліп, бәріне үш айдан түрмеге отыру жазасы кесілді.  Сөйтіп, істі болғандар қатарында өзін де сайлану құқынан айрылдым деп санаған Бөкейханов ІІ Мемдумаға депутат таңдап сайлау науқанына қатыса алмайтындықтан, Семей қазақтары арасынан лайықты кандидатура белгілеуге атсалысты. Революциялық сипатын өзгертпеуі салдарынан ІІ Мемлекеттік дума да 1907 жылғы 3 маусымда қуылғаннан кейін, «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін өзіне Санкт-Петербург сот палатасы төтенше мәжілісінің үкімімен кесілген жазасын өтеуге, 1908 жылдың басында Семей абақтысына түсті.

Босанғаннан соң астанаға барып, біраз уақыт кадеттер басылымында қызмет атқарды. Бірінші орыс революциясы жылдарында Ресейге қайта оралған масондар ложасына қабылданды. (Революция тарихын зерттеуші шыншыл бас маман ретінде мойындалған, «ХХ ғасырдың басындағы орыс саяси масондығы» (1996) монографиясын жазған профессор В.И. Старцевтің «Француз рәсімі және «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» ложаларына тіркелген орыс саяси масондарының тізімінде» 23-ші ретпен «Букейханов Алихан Нурмагометович» тұр.) 1909 жылдан Самарада, сондағы Дон егіншілік банкінің бөлімшесінде жұмыс істеді. Халық бостандығы (кадеттер) партиясының Самара комитетіне енді, осындағы масондар тобында жетекші орын алып жүрді. Бір-екі жыл эсерлер партиясы қатарында болды. Кадет әрі масон ретінде, демократиялық реформаларды насихаттау мақсатымен құрылған саяси білімдер үйірмесі жұмысына қатысып тұрды.

Осы жылдары Бөкейханов «Қазақтар» атты іргелі еңбегін жазды (І910 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» атты жинаққа енген.) Бұл еңбегінде ол қазақтар тұратын Қазақ және Түркістан өлкелері мен Астрахан губерниясының ұлттық құрамына демографиялық талдау жүргізе келіп, «қазақтардың шаруашылық тіршілігі – малына жаятын жер және суаратын өзен-көл іздеумен үнемі қоныс аударып, бір орында тұрақтамайтын жартылай жабайы көшпендінің қарабайыр экономикасын көрсететін қарапайым формулаға сыймайды» деген байлам жасайды. Таза көшпенді мал шаруашылығын аралас, егіншілік-малшылық шаруашылықтардың алмастыра бастағанын нақты цифрлармен дәлелдейді. Қазақ және крестьян бюджеттерін, олардың табыстарының түрлерін талдайды. Әр жылдың екі-төрт айын ғана  жайлауда өткізіп, негізінен қыстауда отырықшылықпен күнелтетін қазақтардың шаруашылығындағы тыныс-тіршілік жайын қарастырады. Олардың өмірінде әртүрлі жайылым, қорық, жазғы қотандардың қандай орын алатынын бай мәліметтермен өрнектеп көрсетеді.  Сөйтіп қазақ халқы ішінде түзілген әлеуметтік-шаруашылық құрылымды оқырман алдына білгірлікпен, көрнекі түрде жайып салады. Осынау ғылыми очеркінде  қазақ даласындағы саяси құрылыстың мән-жайын, қазақтар арасындағы саяси-мәдени ахуалды таныстыра отырып, Әлихан Нұрмұхамедұлы патша үкіметінің әрі қанап, әрі ұлтаралық араздықты қоздыратын отарлау және орыстандыру саясатын түрлі мысалдармен қанын ағыза әшкере етеді. Сондай-ақ қазақтардың ұлт азаттығын аңсап шындап ояна бастағанын, ұлт қозғалысын дамытудағы саяси белсенділігін көрсететін маңызды деректер келтіреді.   1907 жылғы ІІ Мемлекеттік думаны қуып, сайлаудың жаңа тәртібін жария еткен заңның («3 маусым төңкерісінің») «төрт жарым миллиондық қазақ халқын сайлау құқтарынан айырғанын» айта келе, қазақтың жер-суын зорлықпен тартып алған үкімет енді Мемлекеттік думада осы халықтың өкілдері де отыруын артық көрді деген жұмсақ түйін жасайды.

Оның мұндай сыпайы ескертпесінің астарында қазақ халқына парламенттік жолмен қандай да бір пайда тигізу үміті үзілмегендігі жатқан. Шынында да, ол қазақ зиялыларымен бірге ІІІ және ІV Мемдумалардың конституцияшыл-демократтар (халық бостандығы) партиясы мен мұсылман фракциялары жұмыстарына мақсаткерлікпен атсалысып тұрды. 

Ұлт мүддесін көздеу

Самарада тұрған жылдары Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ даласымен байланысын үзген жоқ. Орынборда 1913 жылдан жарық көре  бастаған «Қазақ» газетін шығаруда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа рухани демеу көрсетіп, газетке тұрақты идеялық жетекшілік жасады. 1914 жылы Семей облысы қазақтарының тапсыруымен Мәскеуде өткен мұсылмандар съезіне қатысты.  Съезде қазақ тіршілігіне байланысты өзіндік пікірін аян етті, түйгендерін «Қазаққа» дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін жазып тұрды. Жалпы, Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақтың рухани және әлеуметтік мәселелерін көтерген сан алуан мақаланы ғасырдың бастапқы жылдарында орыс басылымдарына да беріп тұрған.  Ол орыс оқырмандарына ұлы Абайдың өмірбаяны мен поэзиясын бірінші боп 1905 жылы таныстырған. Ал қазақ газет-журналдары беттерінде саяси және экономикалық тіршіліктің қилы өзекті мәселелерін қозғай отырып, орыс интеллигенциясын толғантып жүрген озық ойларды аударып жария етіп жүрген. 

Ресей империясының жаһандық соғысқа кіруі  оның қазақ елі сынды отарын да бейтарап қалдырмағаны белгілі. Әуелі майдан мұқтажына табын-табын етіп ірі қара, мың-сан қой айдалған, ұзамай сарбаздар аттандыру мәселесі де сөз бола бастады. Қазақ жігіттерінің жақын уақытта Ресей әскері құрамында соғысуы мүмкіндігін «Қазақ» газеті 1915 жылдан  қозғады. 1916 жылдың басында Әлихан Бөкейханов газет редакторы Ахмет Байтұрсыновпен бірге  Петроградқа аттанды. Соғыс министріне, басқа да ресми орындарға кіріп, қазақтарды әскерге шақыру мәселесінің кейінге қалдырылғанын анықтап қайтты. Содан газет жазға дейін пікір алмасуды жалғастыра берді. Көпшілік қазақ жігіттері үшін казактар секілді атты әскерде қызмет ету қолайлы екенін айтып жатты. Жаяу әскерге баруды жақтағандар да болды.

Сөйтіп жүргенде патшаның әйгілі «Июнь жарлығы» – орыс армиясының соғысып жатқан ауданындағы қорғаныс құрылыстарын салу жұмыстарына «өзге текті»  тұрғындарды шақырған 1916 жылғы 25 маусым пәрмені  жарияланды. Бұратаналарды, соның ішінде қазақтарды әскер қатарына емес, соғыстың қара жұмысына алатын болды. Жарлықтың артынша әр-әр жерде белгілі толқулар бұрқ-бұрқ тұтанып, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты. Патшаның жазалаушы жасақтары қара істеріне кірісті. «Қазақ» газеті 1916 жылғы 8 шілдеде жариялаған бас мақаласында жігіттердің әскерге емес, қара жұмысқа шақырылғанына әрі намыс, әрі өкініш білдірді, бірақ, бәрібір жарлықты орындауға үндеді.  Соғыс жағдайындағы тәртіптің қаталдығын, қара жұмыстан қашам деп жеңілтектік көрсетудің арты жаманға соғарын, қырдағы әскери жасақтардың шаруашылықты күйзелтіп, елді, ошақ басын бақытсыз етерін айтты.

Осы мәселе Орынборда Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен І916 жылғы 7 тамызда өткен Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары қазақтарының мәслихатында талқыланды. Жиналыста халық толқуларын жергілікті өкіметтер, әсіресе болыс басқарушылары өздерінің асығыс әрекеттерімен, дөрекіліктерімен және қиянаттарымен туғызды, ең бір бейбіт, жоғарғы әмірге көнімпаз халықты зығырданын қайната көтерді деп тұжырылды. Даладан жазалаушылық операциялар жүргізіп жүрген әскери жасақтарды кері шақырып алу және жер-жерде халық өкілдерінің жиындарын өткізу арқылы халықты тыныштандыратын шараларды шұғыл қолдану қажет делінді. Майданның қара жұмыстарына алу туралы хабар қазақтардың пішен шабу науқаны қызып, астық жинау мерзімі тақалған уақытта шықты да, бір айдан бері күллі даланы толқытты. Шаруашылық күйзелді: шөп шабылмады, астық орылмай жатыр. Осының бәрін ретке келтіру үшін жиналыс  жұмысшыларды шақыру солтүстік үйездерде 1917 жылғы 1 қаңтарға, оңтүстік үйездерде 1917 жылғы І5 наурызға дейін шегерілсін деген ұсыныс жасады.

Үкімет оған, әрине, құлақ асқан жоқ, майдан жұмыстарына шақырылған төрт жүз мыңнан астам қазақтардың жүз отыз мыңдайы, әр аймақта күннен күнге өрістей түскен көтеріліс от-жалынына қарамастан, соғыс шебіндегі қорғаныс жүйелерін салуға жіберілді. Сонда Бөкейханов Минскіде орналасқан армияны жабдықтау жөніндегі земство және қала одақтары комитетінен Өзге тектілер (бұратаналар) бөлімін ашуға қол жеткізді. Бұл бөлімге қызметке келген оқыған жігіттер батыс майдан аймағында еңбек етіп жүрген тіл білмейтін, сауаты жоқ қара жұмысшылардың жағдайын қарап, туындап жатқан түрлі қиындықтарын шешуге  жәрдемдесті. Ағымдағы саясатты түсіндіре жүріп, жігіттерді революциялық ойлармен бауырластырды, «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрды. Сонда Ақпан революциясын қарсы алып, 15 наурызда Әлихан Нұрмұхамедұлының басшылығымен елдегі зиялыларға бостандық таңы атқаны жайында жазылған, жұртшылықты жасампаз саяси істерге жігерлендіретін әйгілі жеделхатты салды. Сосын Уақытша үкіметтің шешіміне сәйкес, жұмысшыларды елге қайтару мәселесімен шұғылданды. Ал Ә.Н. Бөкейханов арнайы шақырумен Петроградқа аттанды... 

Ұлттық қозғалыстың шырқау  шыңында

Петроградта 1917 жылғы 25–28 наурызда кадеттер партиясы 7-ші съезін өткізіп, «Ресей демократиялық республика болуға тиіс» деген шешімге келді. Орталық комитетінің жаңа құрамына  Әлихан Бөкейхановты да сайлады. Кадеттер мен масондар Уақытша үкіметтің алғашқы құрамында жетекші рөл атқарды, сонан да шығар, Әлихан Нұрмұхамедұлы Торғай облысының комиссары болып тағайындалды. Бұл биік лауазым оның ұлттық қозғалысты жеңісті шыңына қарай сеніммен бастап жүруіне соны серпіліс берді.

Бөкейханов Орынборға келіп қызметке кіріскеннен қазақ  қозғалысының облыстағы белсенді қатысушыларын жаңа өкіметтің нақты істеріне тартты. Сол тұста облыстың қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік тыныс-тіршілігін басқару жұмыстарын сеніп тапсыруға болатын кадрлардың тапшылығын сезінуі оны қазақ елінің автономиялық құрылысқа дайын еместігі жайындағы ойға иландырса керек, жаз соңында Сібір халықтары автономиясына қосылу ниетімен, Торғайдан басқа облыстардан да делегаттар сайлатып, оларды күзге қарай Том қаласындағы съезге бастап барды. Қоғамда сол шақта жүріп жатқан үдерістер барысы оны бұл қадамынан айнытып, қазақтың жеке автономиясын құру арқылы өз алдына ел болуы қажеттігіне  бұрды.

Шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінде ол болашақ қазақ саяси партиясын кадеттер партиясы үлгісімен құру қажеттігін айтқан еді. Алайда, орталықтағы кадеттердің Уақытша үкімет құрамынан кетіп, биліктегі рөлі әлсірей бастауына және елдік мәселелер мен жер-суға қатысты мәселелерде кадеттік ұстанымның қазақтың ұлттық мүддесіне қиғаш келетін тұстары ойландыруына байланысты, ол біртіндеп көзқарас эволюциясын бастан кешті. Сосын өзі бас боп ұлттық Алаш партиясының бағдарламасын жазды да, басында тұрды.

Кадет партиясынан шығатынын мәлімдегенінде Орынбордағы орыс зиялылары білімді де білікті, аса беделді тұлғаның бұл қадамынан халық бостандығы партиясы қатты ұтылатын болды деп өкініштерін білдірді. Бірақ бұл кезде кадеттерде қауқар да қалмаған еді, большевиктер кадеттер партиясын заңсыз деп жариялаған. Алғаш ұйымдасқанынан-ақ өте танымал да беделді болған халық бостандығы партиясы патшалық тұсында, әділет министрлігіне құжаттары қаншама ұсынылса да, ресми тіркеуден өткізілмеген еді, соған қарамастан жұмысына патша үкіметі кедергі келтірмеген болатын. Тіркеуде жоқ осынау кадет  партиясы монархияны құлатуға атсалысып, жаңа (уақытша) үкімет құрысқан еді, алайда сол жаңа үкіметті төңкеріп тастаған совет өкіметі енді оны –  халық бостандығы партиясын – мүлдем жауып тастады. Ал Әлихан Нұрмұхамедұлы Алаш партиясының көрігін қыздырды. Оның басшылығымен Ресей Республикасында шақырылмақ Құрылтайшы жиналысқа Алаш партиясының тізімімен делегаттар сайлау науқаны ойдағыдай  жүргізілді, автономия мәселесін қарастыруға тиіс кезекті қазақ құрылтайын өткізуге дайындық жасалды. 1917 жылғы 5–13 желтоқсанда жұмыс істеген Екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясын құрды да, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің төрағасы лауазымына сайлады. 

Алаш қозғалысы осылай шырқау шыңына шықты.

Бөкейханов бастаған азаттық күрескерлері қазақ халқы империяның темір құрсауынан азат болғаннан кейін тұңғыш құрған ұлттық мемлекеті екі жылдай ғана өмір сүргенімен, ғұмыры бойында сол кезгі саясат ыңғайымен қилы қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіп, ақыры тарих сахнасынан ығысқанымен, халық санасынан өшкен жоқ. Алаш идеясының жасампаздығы қазақтың большевизм туы астына шыққан советтік қайраткерлерін де жігерлендіріп, қазақ елінде социалистік ұлттық республика құру үшін күрес жүргізуге жетеледі. Бұл идея бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде де өзекті. Қазіргі таңдағы жаңа тұрпатты күрескерлерге қазақ айналасына елдегі өзге халықтардың өкілдерін топтастыра отырып, мықты саяси ұлт ретінде мемлекетімізді мәңгілік елге айналдыру бағдарламасын жүзеге асыруда нәрлі тамыр қызметін атқаратыны кәміл.

Бұл орайда автономдық Алаш (Қазақ) Ордасының бірінші әм соңғы жетекшісі  Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың өмір жолын біліп жүрудің де мол рухани азық беретіні анық. Біз оның 20-шы ғасыр басында заманауи өркениетке сай туып, дамыған ұлт-азаттық қозғалыс басында өткерген жолына шамалы шолу жасадық. Кеңес өкіметі оны мемлекеттік құрылыс ісіне араластырмады, қазақ елінен оқшаулап, Мәскеуде ұстады. Сонда да  Бөкейханов өзінің білім-білігін қайткенде ел қызметіне қою жолынан айныған жоқ.

1923 жылы өзінен ақыл сұрап хат жазған жас қайраткер Дінше Әділұлына: «...Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!» – деп жауап берген еді.  Өзіне шектеулі мүмкіндік берілген жолда ол, өзінің осы ақыл-кеңесіне сәйкес, халқына мейлінше пайдалы болуға тырысты.

Мәскеуде 1922 жылы Нәзір Төреқұлов іргесін қалап, басқарып тұрған  Орталық Шығыс баспасында (1924 жылдан оған Орталық Батыс баспасы біріктіріліп, КСРО халықтарының Орталық баспасы атанған) қазақ бөлімінің меңгерушісі болды. Маркс, Ленин шығармаларын, марксистік әдебиеттерді, орыс классиктерінің әдеби шығармаларын қазақ тіліне аударумен шұғылданды, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеді, ғылыммен айналысты, баспа ішінен ашылған «Темірқазық» журналына шаруашылық, оқу-білім мәселелері бойынша мақалалар жариялап тұрды. Мәскеудегі орталық комиссариаттар мен ғылыми мекемелер қызметкерлеріне сұрауларына орай Қазақстанның экономикасы жөнінде кеңестер беріп тұрды. Өзі де Қазақ республикасына ғылыми экспедиялармен келіп жүрді.

Бірақ сол кезгі большевиктік солақай саясат оның туған еліне толық мәнінде қызмет етуіне мүмкіндік бермеді. Ақыры 1937 жылы өріс алған «Үлкен террордың» құрбаны етті...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379