Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 10843 1 пікір 25 Қаңтар, 2016 сағат 21:59

БИЛІККЕ 50 ПАЙЫЗ ӘЙЕЛ КЕЛСЕ... ӨЛДІҢ ҚАЗАҚ, КӨРІҢДІ ҚАЗ...

"Көшеде қазақы орамалымен кетіп бара жатқан келіншек үйіндегі ата-енесі, айналасындағы күйеуінің рулас ағайын туыстарына сәлемін салып, қайын-қайын сіңлілерінің атын атамай ат тергесе, бауырында балалары, жанында сүйікті жары, басында құтты шаңырағы бар болса, сол жан ғана бір әулеттің аяулы келіні бола алады. Ал шыққан төркіні; анасы тәлімді-тәрбиелі, ибалы-инабатты, ата-ененің құрметіне, әр салған сәлемі үшін халықтың батасына бөленген, әкесі де саналы ата-анасын аялаған абзал жанның қызы – барған жерінде бақытқа бөленіп жүр. Орамалды әйел - бақытты әйел" деп еді бірде ҚР Парламент мәжілісінің депутаты қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы ханым. 

Иә, қазір қоғамда, көшеде, үйде, мемлекеттік жұмыс, кеңседе, сауда орындарында, мектепте, ЖОО да қазақы орамал тағып күміс күлкісімен жымиып иіліп сәлемін салып тұрған бақытты жандарды кездестіре аламыз ба?

Қазақ айтады:

«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады.

Күйеуінің барын ұмытады,

Шашы тамаққа түседі,

Өзіне келген қонақтың назары түседі.

Сәлем салмаса өзін сыйлайтын

қайын ата, қайын ағадан айырылады,

тегін батадан қағылады» деп.

Әрине, бата алмаған әйел қайдан бақытты болсын. Орамал тағу – нағыз мәдениеттіліктің белгісі. Кешегі кеңестіктер қазақтың ұлттық мәдениетін, руханиятын жою үшін: «Орамал тарту – ескіліктің қалдығы, құлдықтың белгісі, әйелдерді қорлау», – деп орамал тартқандарды мазақтап, арына тиіп, орамалдан бездіріп жіберді. Қазіргі әйелдердің ата жауы – орамалы, басын тістеп алардай қорқынышпен қарайды. Оның орнына жәпірейтіп телпек киіп алады.

Ислам діні әйелдерге тәндері көрінетіндей жұқа киім киюге, омырауы ашық көйлекпен еркектердің көзіне қылмыңдап түсуді қолдамайды. Ал, қазірше жас қыздар түгілі 50-60-70-тен асқан әйелдер, немере, шөберелерінің алдында сүйкімі жоқ құбыжық болып жүреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Өз күйеуінен басқаға зейнеттеніп сәнденіп, сыртқа шыққан бір әйел қиямет күні нұрсыз бір қараңғылыққа ұқсайды. Әйел бейсауат көрінуге болмайтын ұяттың ұясы, сондықтан ол сыртқа шықса, шайтан оның соңына түседі, азғыруға тырысады», – деген . ЖОО мен мектеп, балабақшада істейтін «оқыған» әйелдердің түр сықпыта қараңыз. «Жақсы мен жаманды айыра алмайтын қоғам, өзін-өзі құртып тынады», – деген екен бабаларымыз Ер Түріктер.

Кеңес одағы кезіндегі қазақ ұлтын сүймеуге, жек көруге тәрбиелейтін мектеп оқулықтарындағы саясаттың әлі сірісі сөгілмеген. Оқулықтардағы барлық шығармаларды ой елегінен өткізіп, түбіне үңілсеңіз, барлығы біржақты ата-баба салт-дәстүрінен, дінінен, байлардан қорлық көріп бір-біріне қосыла алмаған ылғи бақытсыз жандар туралы жазылған. Кеңес Одағы орнағанша, біздің аналарымыз, қыздарымыз, әжелеріміз мыңдаған жылдар бойы, тек қорлық-зорлықпен мал сияқты өмір сүргендей. Ата-бабаларымыз туралы мақтап, құрметтеп жазған бірде-бір роман түгілі бір сөйлем таппайсыз. Қазақ әдебиеті оқулығында: «Қазақ әйелінің қас жауы, қазақ әйелдерін теңсіздікте қорлық-зорлықта ұстап, малға теңеген феодалдық салтқа қарсы күрес... Роман арқылы феодалдық шірік салтты әшкерелеу, қалың халық бұқараны одан бездіру, әйелдерді азаттық күреске қарсы шақыру еді...» деген сөйлемдерді оқып жағамды ұстадым.

Қазақтың салт-дәстүрін жойып, өзінде жою үшін аралас некені елімізде насихаттап, жарнамалап жанталасып жатыр. Қазақ өзге ұлттың қызын алса ол жаңа туған нәрестесіне нені үйретеді?. Бесік жырын қай тілде айтады. Әрине шешесінен, туған ұясынан көргенді үйретеді. Ол сосын қайдан қазақ болсын, оның үстіне қаны аралас таза да емес. Олар көбейген сайын қазақ ұлтына қауіп тудыруы мүмкін. Қазақ деген аты бола тұра, қазақ халқын менсінбейтін, тіл, дін, салт-дәстүрінен жиіркенетіндер, осылардың тұқымдары. Өйткені олар өздерін ешқашан таза қазақ сезінбейді. Өзге ұлтқа тиген қазақтың қыз-келіншектері де ешқашан қазақтың ұл-қыздарын дүниеге әкелмейді, Қазақстанда өзге ұлттың санын көбейтеді. Қазіргі еуропанының астан-кестенін шығарып жатқан сол келімсектердің ұрпақтары. Аралас некеден туғандар бірі ағылшын, бірі француз, бірі неміс болып жазылып осы ұлттарды жылдан жылға азайтып, жойып барады. Енді жиырма жылда еуропа сары нәсілдер елі емес қара тобырдың еліне айналады...

Бұрынғы кезде күйеуі өлген әйелдер орамалын алып тастап шашын жайып жіберіп жылаған. Бұл - қайғы қасіреттің белгісі. Орамал тартып жүрген келін өте әдемі ибалы, сыпайы, мәдениетті, нәзік болып көрінеді. Оған еріксіз ішің жылып өз деңгейіңде құрметтей бастайсың. Ондай келінді ұлымның жары, немерелерімнің анасы менің келінім деп білесің.  Ал, орамалсыз жүрген келін, біреудің қызы, бөтен біреу тәрізді немесе ертең төркініне кететін, ажырасатын уақытша жүрген жалдамалы әйел сияқты көрінеді. Қоғамдық көлікке мінгенде орамал таққан әйелге, келіншекке орын бермеген жан көрмедім. Керісінше, орамалсыз әйелге ондай құреметпен ешкімде қарамайтынына көзім жетті.

Көшедегі, мектептегі, кеңседегі, жоғарғы оқу орны, сауда орнындағы кез-келген әйелге, жас келіншекке: «Неге орамал тақпайсың?» айтып көрші. Әзірейіл көргендей болады. Кеңес одағы «Гүлденген коммунизм» кезінде ата-бабамызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық мәдениетімізді, дінімізді армансыз қорладық. Сол кезде көздерін тырнап ашқаннан социалистік жүйенің идеологиясы; октябрят, пионер, комсомол, коммунист етіп, миларын ботқа қылып жіберді. Ненің – ақ, ненің – қара екеніне бастары жетпей өмірден өтіп кеткені қаншама. Павлик Морозовтың «ерлігін» қайталаймыз – деп ата-анасын, бүкіл туысын, итжеккенге айдатып, атқызып жібергендерінде сан жоқ. Осындайлар билікте жоғарылағанда, өз тамырын өзі кесіп отырғанын, әйелге орамал таққызбай бақытсыз еткенін, дінсіздікке үгіттегенін, ұлтының болашағына қарсы күрескенін, туысын атқызғанын қаншама жазықсыз жандардың обалына қалдым демей, билігі мен шеніне малданып, «жарқын болашақ үшін» күресіп жүрміз» деп масаттанды. Мысалы, М.Үсенова «Семья и религия», Мектеп, 1986 ж.; Ж.Дүйсенбин «Киелі ме әлде...», «Қазақстан», 1980 ж.; Ө.Шәріпов «Идеялық сенім және діни фанатизм», «Қазақстан» 1991 ж. т.б. мыңдаған кітап, газет-журналдар осы жолға түсті. Қазіргі жауларымыз неше түрлі қоғамдық ұйымдар ашып, оны өздері қаржыландырып, әртүрлі «әйел теңдігі», «әйел мен баланы қорғау», «гендерлік саясат» т.б. сұрқия «коммунизмімен» емексітіп, қазақ еркектеріне қарсы қазақ әйелдерін салып қойды. Қазақ әйелдері осы беттерінен қайтпаса, онда қазақ халқына қарсы құрылған қоғамдық ұйымдар мақсатына жетіп, мыңдаған жылдар бойы жауларымыз жоя алмаған қазақты, әйелдері елу жылда тұқымынан тоздырып, тумысынан аздырып қазан етуі мүмкін.

Осы неге қазақ әйелдері оқыған сайын, білімді болып билігі, мансабы жоғарылаған сайын ұлтынан, оның салт-дәстүрінен жерініп, тіл, дінінен безіп кететініне түсінбеймін. Керісінше, адам білімі жоғарылаған сайын тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне, халқына, дініне жақындап ұлттың болашағын ойлауға тиіс емес пе? «Әйел теңдік» алу керек дейді, сонда кімнен? Байға тимегендер, ажырасқандар, байлары қайтыс болғандар кімнен теңдік алады сонда? Ал, күйеуі, бала-шағасы барлар кіммен тең болуы керек? Бүкіл еркектермен бе? Сонда атасы, әкесі, баласы, жиені, нағашысы, құда-жекжаттары, ағасы, інісінен қыздары теңдік алады ма? Осыны ойлап тапқан адам – нағыз надан.

Бізде де кешегі «Раушан коммунистің» сіңлілері осы күнге дейін өздері су ішкен құдықтарына түкіріп, өздерін қанынан жаратқан әке, аталарын қорлаумен келеді. Алланың қақ жолын ұстағандарға көрсетпеген қорлықтары жоқ. Әсіресе, мұғалім әйелдер атеистік көзқарасты санаға күшпен сіңіріп, оқушыларды жазалау арқылы зорлықпен рухсыздандырды. Осындайлар мемлекеттен орден, медаль, батыр атағына дейін алды.

Билік басындағы немесе депутат болып жүрген ең болмағанда бір әйел рухани, ибалы, болашақ ана болар қыздар тәрбиелеу жөнінде үні шығып көрді ме? Немесе ұлты, қазақ халқы  үшін «ұлшыл» атанған, билігінен қуылған, түрмеге түскен, атылған бір әйел тауып бере аласың ба?

Өткен жылдары қазақтың бір «көсем» әйелі теледидардан: «Мұсылман елдерінде Арабия, Иордания т, б, елдердің парламенттерінде 19 пайызға дейін әйелдер отыр. Бізде олардан аз», – деп байбалам салды.

Иә, бұл – шындық. Бірақ, біздің «ажырасқан», күйеуге тимеген, алпысқа келсе де бет-аузы көкала бояу, балтырларының тамырлары адырайып, қысқа көйлек киіп, шаштары жалбырап, байсыз бала тапқан, өзге ұлттарға шыққан, ішкілік пен жеңіл жүрісті «өркениетті өмір сүріп жатырмын» дейтін ақымақ әйелдерді; басында орамалы, жүзінде нұр, сыпайы мұсылман депутат, мұсылман министр аналарымен салыстыруға келмейді. Қасында жары, бауырында балалары, басында орамалы, аузында алласы бар әйелді президент етіп сайласа да бір еркек қарсы болмайды. Ондай әйел: «Бала билігіме бәле болады», – деп баласын жасанды түсік жасатып, тұла бойына жаратылған шарананы айуандықпен өлтірмейді. Бір байдан ажырасып, екіншісіне тиіп, одан үшінші... жезөкшелік жолға түспейді. Теледидардан, газеттен жамандамайды. Күйеуімен ажыраспайды. Қазіргідей «әйел болғаны үшін ғана» сайланып отырмайды.

Мұсылман елдерінде, әйелдері өздерінің ұлттық салт-дәстүрін сақтап, оны халыққа үйретіп, адалдыққа, инабаттылыққа, бала сүюге оны тәрбиелеуге үйретіп, өнегелі, үлгілі тәрбиесімен ұлттың анасына айналып отырғандықтан, төбелеріне көтеріп депутат, министр етіп отыр. Біздің «көсемсымақ» әйелдердің гендерлік саясатының ақыры қазақ үшін өлім әкеледі. Қазірдің өзінде білім саласында 85 пайыз әйелдер басқарады. «Нұр Отан»-ның соңғы есебі бойынша білім саласы жемқорлықтан бірінші орынға шығыпты. Осы жемқор әйелдердің бірде біреуі дінімізді ұстанып, салт-дәстүрімізді насихаттамайды. Не білім, не ғылым, не тәрбие жоқ. Енді мемлекет билігіне 50 пайыз әйелдер келсе, онда өлдің қазақ, көріңді қаза бер...

Немістің жазушы әрі ғалымы Лихтенбергтің (XVIII ғасыр): «Біздің ата-бабаларымыз түрлі себептерге байланысты белгілі бір тәртіп, дәстүрлер енгізіп отырған. Ал, біз өз тарапымыздан түрлі себеп-сылтаулар тауып, сол тәртіп, салт-дәстүрлерді жойып отырмыз...» дегені бізге айтылған.

Балалардың бойына патриоттық сезім 17-18 жасқа дейін қалыптасады. Балаларды балабақшадан «Алдар көсе», «Асан мен Үсен» т.б. толып жатқан шығармалармен бір қазақты бай мен кедейге бөліп, «бай ақымақ, кедей ақылды» деп саналарын улап, оларды бай-қуатты болуға емес, бейшаралыққа тәрбиелейді. Кедейлер ақылды болса, неге байып кетпейді? Бірақ, өмір бойы есі кетіп «бай болуды» аңсаумен өтеді. Мектепте әйелдер жемқорлықпен айналысқанша білім-ғылым енгізіп, дамыту үшін күреспей ме?  Жоғалған дінімізді, салт-дәстүрімізді мынадай тәрбиемен қалай қайтарамыз. Оңтүстікте ұстанған салт-дәстүрімізді: «Қыздарын малға сатады. Қалың мал алады. Орамал таққызады. Жұмсайды» деп жамандаймыз. Мен айтар едім. Орамалсыз әйел – бақытсыз әйел. Әйелдің ақылы қысқарған сайын шашы қысқарады -деп.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377