Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4611 0 пікір 21 Қаңтар, 2016 сағат 11:14

ЖАҚСЫБЕКОВ ТУРАЛЫ ЖАҚСЫ СӨЗ

Қазақ жұртының Астанасына көптен бері ат басын тірегенім - биылғы жылдың қаңтарының басы...
Мүгедек ұлым Мұхтарымды Астанадағы Республикалық балаларды оңалту орталығына емдеуге алып келдім.

Қыс қақап тұр. Қар мол. Жол күресін...

Қаланың әрі ескі, әрі жаңа әкімінің тиянақтылығының табы ма, әлде, өз ісін терең меңгерген шебердің қолының киесі ме, әйтеуір, желі ызғарлы қала жып-жинақы қыздың үйіндей үлбіріп тұр...

Алыстан менмұндалаған мұнарлы Ақорданың да айбары асқақ...

Бас қаламыздың басты құрылысшысы һәм салиқалы сәулетшісі Елбасымыз: «Мен кең дала төсімен есіле ағып жатқан Есілдің бүлкілсіз суы бетіне қазақстандық күннің қалай сәуле шашып шағылысқанын көремін. Ол қала шегіндегі адам қолымен жасалған жаңа өзен арнасы суында шомылып жүреді... Кей кездері мен түнгі Астана көшелерінде көлікпен немесе жаяу жүремін. Әркез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кернейді. Өзіме – иә, біз осыны жасадық деймін!» - деп жазыпты...

Расында, қазақ Астанасының сымбатты сәулеті мен әсем әлеуетіне еріксіз көз тоқтатып, көңіл тоғаяды: әлемдегі ең үлкен сәулетті Хан Шатыры, болмысы биік Бәйтерек, қыран құсы зеңгірге заулаған «Қазақ елі» монументі, бірлік пен келісімнің құтты ордасы Бейбітшілік және келісім сарайы, Ақорданың қос өкпесінің тынысын ашқан Есілдің ерен көпірлері, «Астана Опера», «Пирамида», «Мәңгілік Ел» кешендері... айтып тауыса алмайсың...

Жұрттың бәрі біледі: қазақтың елордасының сәулетінде аты адамзатқа мәшһүр сәулет өнерінің жампоздары ағылшын Норман ФОСТЕРдің, жапон Кисе КУРОКАВАның, италиян Манфреди НИКОЛЕТТИдің алақандарының ізі қалды. «Түркі әлемінің мәдени астанасы» құрметті атағының өзі жеңіл жауапкершілік жүктемейді...

Әділбек Рыскелдіұлы ЖАҚСЫБЕКОВ - Астананың алғашқы кірпішін қаласқандардың бірегейі. Сегіз желдің ызғары өңменінен өтсе де, өрлікпен күндіз-түні қала салғандардың көшбасында да Әдекең тұр...

Халқы 4 есеге жуық, бала туу көрсеткіші 2 есеге өскен Астана қаласының әлеуметтік әлеуеті Әділбек Жақсыбеков қайта соғып, басшы болғалы едәуір еселеніп, денсаулық сақтау саласының қуатты кешеніне айналыпты.

Сырқат ұлым Мұхтарыма шипа іздеп келген мен, ең алдымен, осындай орасан өзге­ріс­ті анық сезіндім. Біріктірілген жаңа медициналық кластерді 6 заманауи емханалар: Ана мен баланы қорғаудың ұлттық ғылыми орталығы, Нейрохирургия ғылыми орталығы, Диагностикалық орталық, Балаларды оңалту орталығы, Ұлттық ғылы­ми кардиохирургиялық орталық, Жедел медициналық көмек ғылыми орталығы құрыпты. Балаға қамқорлық дегеніміз - болашаққа қамқорлық. Болашағының қамын бүгіннен күйіттеген елдің келешегі күнгейлі болады...

Өзі футбол десе ішкен асын жерге қоятын қаланың қазіргі әкімінің астаналықтардың денсаулығына айрықша көңіл бөлетіндігі айқын көрініп тұр. Сужаңа спорт ғимараттарының кең желісі мынадай: «Алау» мұз спорты сарайы, Республикалық велотрек, «Қазақстан» мен «Алатау» спорт кешендері, «Астана-Арена» жабық стадионы, ондаған спорт алаңдары, клубтар мен фитнес орталықтары т.с.с. Бұған қоса, экологиялық тазалықты сақтаушы тепловоздар, тікұшақтар, вагондар, күн батареяларының модульдерін шығара бастаған Астана - жаңа өнеркәсіп салаларының негізін салды.

Ауа тұнық, тыныс кең болуы үшін Әдекеңнің бастамасымен саябақтар мен гүлзарлардың, көгалды алаңдар мен субүркектердің күрт көбейгені де заңдылық. Инвестициясының жалпы көлемі 4 триллион теңгеден асқан елорданың ертеңі ерен.

«Батыстың сырбаздығы мен Шығыстың терең рухани дәстүрлерін бойына берік сіңірген» (Нұрсұлтан Назарбаев) Астана - сөз жоқ, күллі жаңашылдық пен инновацияның жүрегі ғана емес, еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы болып табылады.

Жасампаз елордада 70 мемлекеттік, 12 мемлекеттік емес мектептер; 78 мемлекеттік, 60 мемлекеттік емес мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді. Мүлдем жаңа ғылыми-білім беру жүйесінің көшбасшысы Назарбаев Университеті бой көтерді.

Қазақ Астанасының іргетасына қаланған алғашқы кірпіштерді білетін Әділбек Рыскелдіұлы қаланың жылу коммуникациялары мен электр желілерінің қуаттары ұлғайтты. Арнайы экономикалық аймақтар мен технопарктер қала экономикасының түрлі секторларына жоғары технологияларды енгізуге ықпал етіп, инфрақұрылымдарды жаңғырту мен кеңейтуге жол ашты.

Қазақ жұртының байырғы астаналары мен көне қалаларының сан ғасырлық шежіресін еске салатын Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Алматы көшелері – елорданы еліміздің мәдени және рухани орталығы екендігіне меңзейді.

Айналасын қарағай мен шырша, қайың мен шетен қорғап-қоршалап, аз уақыттың ішінде сәулеті мен салтанаты жарасқан Астана - Қазақ Елін әлемдік өркендеудің заңғар шыңдарына жетелейді. Өйткені, бас қаланың тізгіні қияға салса - тартынбаған, жарға ұшырса - жарқылдаған мықты мемлекетшіл тұлға Әділбек Рыскелдіұлы ЖАҚСЫБЕКОВтің қолында.

Кәнігі қолдың қуаты деген осы.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434