САЙЛАУҒА ҰЛТШЫЛ ТҰЛҒАЛАР ТҮСУІ КЕРЕК
25 жылда (90-шы жылды қоса есептегенде) Қазақ Парламенті жеті рет сайланыпты... Соның төртеуі (ұмытпасам) мезгілінен бұрын таратылды... Мұндай саяси үрдіс Қазақстан үшін қалыпты дәстүрге енгендіктен бе, Парламент Мәжілісі депутаттарының бүгін өзін-өзі тарату туралы үндеу жариялағанына ешкім пәлендей мән бермеді...
Оның үстіне "жаңа депутаттық корпус жасақталады екен" деген әңгіме көптен жүр... Де-юре 5-ші шақырылымдағы Парламент депутаттары, "Бюджет туралы" заңды бас шұлғи қабылдай салатын, Үкіметтің айтқанына көнгіш, Мәсімовты бірнеше қайтара Премьерлікке бекіткіш, әрі Еуразиялық Одақты құруға ықпалды болған Парламенттік топ ретінде менің есімде қалды.
Ал егер объективті айтар болсақ, депутаттар кез-келген заң жобасын қабылдай салды, қоғам өміріне араласпады деуге аузым бармайды. Парламент ішінде әрбір заңды қабылдар кезде қызу пікірталастар болып жатты. Әрбір заң жіті зерттелді. Қоғамдық процесстерге белсене араласқан мықты халық қалаулылары болғанын айту керек. Сейтмағанбетова Гүлнәр, Қуаныш Сұлтанов, Айсина Майра, Оразкүл Асанғазы, Мейрам Бегентаев, Камал Бұрханов, Нұрлан Жазылбеков, Нұрлан Әбдіров,Нұрғали Әшім, Меруерт Қазбекова, Азат Перуашев, Омархан Өксікбаев, Рамазан Сәрпеков, Айткүл Самақова, Сабильянов, Гүлжан Қарақұсова, Төлеген Ибраев, Мәулен Әшімбаев, Тасболатов Абай, Айгүл Соловьева, Алмас Тұртаев саяси белсенділер қатарынан көрінді. Ал енді алған жалақысы мен пәтеріне разы боп, депутаттық мандатына марқайып жүретін "сен тимесең - мен тиме бадырақ көз" депутаттар да аз емес болды...
ЕҚЫҰ-на Қазақстан төрағалық еткен тұста Қанат Саудабаев қатты жұмыс істеп қойды ма, депутат ретінде көлеңкесін іздеп таппай қалдық. Депутаттық қызметіне дейін "ұлтым" деп кеудесін ұрғылап осы арқырап жүретін Бақытбек Смағұл ағамыздың зор дауысы ақырын ғана естіліп, бәсеңси түсті. "Әсима Бимендина мен Үсенгелді Медеуов деген депутатты білесіздер ме" десем, бәріңіздің бір ауыздан "жоқ" дейтіндеріңізді шамалап тұрмын... Тәңірберген Бердоңғаровтың Тәңір берген депутаттық қабілетін шамалап қалдық. Фамилияларды моншақтатып тізе беруге болады, бірақ, одан пайда бар ма?
Сонымен, хош! Тәуелсіздігіміздің бастау бұлағында жұмыс істеген 90-94 жж, 94-95 жж бір-ақ жыл қызмет атқарып, ақыры "маңдайымызға сыймай" таратылып кеткен екі шақырылымдағы депутаттардың "жан алысып-жан беріскен" жұмысы ел есінде... Өңкей мықты тұлғалардан құралған топтың "интеллектуалды Парламент" атануы сондықтан шығар... Демократия туралы құрғақ сөз көп бүгінде... Нағыз демократ депутаттар деп соларды айт! Отандық Парламентаризм алда кемелдене түсер... 25 жыл тым аз уақыт қой!
Десе де, алда қазақты талай қоғамдық маңызды реформалар күтіп тұр... Ал оны Парламент секілді мықты саяси институтсыз атқару мүмкін емес... Ол үшін қаржы-экономикалық сауаты бар, рухы мықты, ұлттың сөзін сөйлейтін тұлғалар сайлауға түсуі қажет...
Дина Елгезек
Facebook-тегі парақшасынан