Құм ішіндегі қызғалдақ қала
Жалдық сипатта тірлік кешкен жұлдызды өңірдің бүгінгі бет-бейнесіне қарап отырып ұлыстары ұйысқан, азаматтығы әртүрлі деп сипаттама беруге болатын шығар. Мүмкін ғарышжайдың соңғы он жылдық тарихында екі ел заңнамаларының қатар қолданылуы да белгілі бір дәрежедегі оң ықпалын тигізген шығар. Қалай құбылтып айтсақ-та кешендегі іргелі кәсіпорындар мен қалалық мекемелерде тілі басқа, тілегі бір ондаған ұлыстың өкілдері кәсіби мамандықтары бойынша негізгі мақсат жолында жұмыла жұмыс жасауда.
Жалдық сипатта тірлік кешкен жұлдызды өңірдің бүгінгі бет-бейнесіне қарап отырып ұлыстары ұйысқан, азаматтығы әртүрлі деп сипаттама беруге болатын шығар. Мүмкін ғарышжайдың соңғы он жылдық тарихында екі ел заңнамаларының қатар қолданылуы да белгілі бір дәрежедегі оң ықпалын тигізген шығар. Қалай құбылтып айтсақ-та кешендегі іргелі кәсіпорындар мен қалалық мекемелерде тілі басқа, тілегі бір ондаған ұлыстың өкілдері кәсіби мамандықтары бойынша негізгі мақсат жолында жұмыла жұмыс жасауда.
Аса құпия түрде салынған ғарыш кешенінің құрылысы кезінде және одан кейінгі қалыптасу жылдарында бұл өңірге жан-жақтан мыңдаған жұмыс күші әкелінгені мәлім. Сол құрамдағы басқа ұлттың өкілдеріне арнайы тексерулерден соң ғана ресми рұқсат беріліп, мөлшермен жіберілген еді. Құмның ортасындағы қызғалдақ қалаға қоныстанатын қазақтарды көп қабатты тұрғын үйлердің ең жоғарғы және төмендегі қабаттарына орналастырылғаны да ащы да болса ақиқат. КСРО келмеске кеткен тұста стратегиялық алып нысан тәуелсіз еліміздің құзырына қаратылып, дербес құрылымдар орнықты. Дүниені дүр сілкіндерген қоғамдық өзгерістерге орай кішкентай қалада татар-башқұрт пен украин-беларус және орыс-қазақ мәдени орталықтары құрылып, ділі мен дініне сай салт-дәстүрін жаңғыртуға мол мүмкіндік алды. Алайда бұл бастамалар өз жалғасын тапқан жоқ. Себебі олардың көпшілігі туған жерлеріне көшіп кеткен-ді. Байырғы байқоңырлықтар бірлестіктердің ұйымдастыруымен атқарылған талай рәуішті істерді әлі күнге дейін ұмытпай айтады.
- Жұлдызды шаҺар қашаннан көп ұлтты. Кеңестік кезеңдегі бұқаралық ақпарат құралдары бойынша ұсынылатын мәліметтерде жергілікті халықтың үлес салмағы жеті пайыздан аспайтындығы айтылатын. Шындығында да мұндағы транзиттік тұрғындардың көпшілігін сырттан келгендер құрады. Ең сүйсінерлігі олардың бір-бірімен сыйластығы да аса жоғары деңгейде еді.
Тоқсаныншы жылы ана тілімізге жанашыр жандардың қолдауымен “Қазақ тілі” қоғамы құрылып, “Ақ жол” газеті жарық көргені әлі есімде. Орыс мектептерінің жанынан татар, башқұрт тілдерінде тегін дәріс беріп, ұлттық әндерді үйрететін үйірмелер ұйымдастырылды. Бұл мәдени орталықтар Орынбор мен Уфа және Қазан қалаларымен байланыс орнатып, іс-тәжірибелер алмасатын. Қала тұрғыны Александр Корнилов есімді орыс жігітінің “Қазақстан” әні кеңінен таралды. Бұл өлең жолдары қазақшаға төмендегіше тәржімалаған да еді:
Жатсынбайтын киелі ғұрып па өзі,
Жиылмайтын қашан да дастарханы.
Жай отынан жаралған жігіттері,
Жаймашуақ алдыңа бас тартады.
Қозғағанда қаныңды құштар шабыт,
Маржан емес кірпіктен от тамады,
Мұхитына ғарыштың старт алып.
Осы жерден батырлар аттанады,- дейді Қызылорда облыстық “Сыр бойы” (бұрынғы “Ленин жолы”) газетінің сол кездегі қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ардагер аға Рашид Жарылқасынов өзінің әңгімесінде.
Арада талай жылдар өтсе де алдыңғы аға буынның өзінен кейінгілерге қалдырған өнегелі үрдісін бүгінгі ұрпақ өкілдері де одан әрі сабақтастыра жалғап отырғанын байқау қиын емес. Әр адамның әңгімесінен қандай қиыншылықтарға кезіксе де келіспеушіліктерге жол берілмеу керектігін естисің. Осы уақытқа дейін екі жақтың да құқықтық құрылымдары ұлтаралық немесе діни сипаты бар оқиғаның тіркелмегенін мәлімдеп отыр. Демек тұрғындар тұрмыс тіршілігіне татулықтарын арқау ету арқылы тұрақтылықтың темірқазығы тұтастықта екенін түйсінгендей. Тағы бір таңданарлығы жергілікті құзырлы орындарға ресми түрде тіркелген заңды тұлғаларды таппайсың, тарихи тамыры мен болмыс бітімін насихаттауды мақсат санайтын. Күн құрғатпай келетін шетелдіктер бірнеше мемлекет азаматтарынан құралған сексен мыңға жуық жұртшылықтың жарасымдылығына қызыға да қызғана қарайтындығын жасырмайды.
Қолға түскен ресми деректерді талдасақ қоршаулы қалада 37091 қазақстандық пен 29333 ресейлік қоныстанған. Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан келгендердің саны үш мыңға жуықтайтын көрінеді. Іргелес екі елді мекендегі 20000 жуықтайтын қандастарымызды қосқанда бұл өңірдегі мұсылман бауырларымыздың көптігін аңғарамыз. Қаламызда мұсылмандар мешітінің болмауына байланысты қаншама жамиғат ислам дінінің әдет-ғұрпымен бес парызын өтеу үшін іргелес Төретам кенті мен Ақай ауылындағы имандылық үйлеріне барып-қайтуға мәжбүр. Ал, христиан дінін ұстанатындарға көмбезі көк тіреген іргелі шіркеу мен қосымша мінажат орындары қызмет көрсетуде.
Қазақстан мен Ресей арасындағы “Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы” Келісімнің 3-бабында: Байқоңыр қаласы тұрғындарының саяси көзқарасы, нәсілдік және ұлттық, әлеуметтік тегі, жынысы, тілі мен дініне қатысы жөнінен қандай да болсын құқықтық шектеуге жол берілмейді, - деп анық жазылған. Қызылорда облыстық әкімшілігі мен ресейлік атқару билігі мемлекетаралық ынтымақтастықтан бастау алатын сан-салалы қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуді жаңа сапалық деңгейге көтеру жолында екі жаққа да ортақ бірлескен жұмыстарды қолға алғаны көпшілікті қуантады. Десек-те, қол қойылған құжаттарға толеранттық тұрғысында қызмет атқаратын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың байланысын Қазақстан мен Ресейдің осы саладағы ұқсастықтарына сай жетік үйлестірудің нақты тетіктері жөнінде қосымша өзгерістер енгізу қажет екені даусыз. Маңызы зор мәселе өткен жылдың басында ғарышжайдың тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы келген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Халық Ассамблеясы Хатшылығының лауазымды тұлғалары бастаған делегациялық топтың алғашқы сапары барысында қала әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцевпен бірге жан-жақты пікір алмасқандары айтылған. Бірақ бұл талқылаулардың нәтижесі қарапайым көпшілік үшін әлі күнге дейін бәймәлім күйінде тасада қалып келеді. Президентіміздің бастамашылдығымен арнайы заң қабылданып, ұзақ мерзімге жоспарланған мақсат-міндеттер айқындалған қазіргі ұрымтал тұста билік басшыларының бұл өңірге де айрықша назар аударғаны керек.
Әл-әзірге барша байқоңырлықтар мемлекеттік мерекелер мен шығыс халықтарының “Наурыз”, славян жұртының “Масленица” мейрамдары және басқа да концерттік бағдарламалар барысында әр түрлі ұлттың тілінде айтылатын әндер мен мың бұралған билеріне қоса халықтық ерекшеліктердегі көзайым көріністерді қанағат тұтып келеді.
Нұрлан МЕРАЛЫ, журналист. Байқоңыр қаласы. 29.05.2009 жыл.