МАСCОН АФҒАНИ МЕН АБДУХТЫ ОҚЫТУ ЕЛІМІЗГЕ ҚАЖЕТ ПЕ?
Бисмиллаһи Ирахмани Рахим.
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары бойынша «Мәдени мұра» мемлекттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі М.Әшімбаев төрағалық ететін қоғамдық кеңес дайындауымен «Жазушы» баспасынан (Алматы, 2008 ж.) жарық көрген жиырма томдық «Әлемдік философиялық мұраның» он тоғызыншы томы «Қазіргі мұсылман философиясы» студенттер мен магистранттарға оқу құралы ретінде оқытыла бастағанына біршама уақыт болды.
Кітап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әлеуметтік маңызды әдебиеттер түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген. Кітаптың алғашқы бетіндегі таныстырылымындағы қоғамдық кеңес мүшелері мен редакциялық алқасы құрамы тізіміне қарасақ еліміздің қазіргі барлық бетке тұтар философ ғалымдар мен соңғы он жыл көлеміндегі мәдениетімізге жетекшілік еткен біраз министрлер мен мемлекет және қоғам қайраткерлері еніпті. Кітаптың ғылыми редакторлары мен құрастырушылары, тіпті сарапшылары да белгілі ғалымдардан сарапталған. Бұл – қуана құптарлық тіршілік қой. Мұндай жоғары салиқалы алқа құрамда кітап шығару жарық көріп отырған рухани мұраның еліміз үшін қаншалықты құндылығы бар екендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Осы құрамның бақылауы және қолдауымен жарық көрген дүние әрине елге қажетті нағыз рухани қазына болуы керек емес пе?. Сол үміт ақталып отыр ма?
Елімізде дін мемлекеттен заң жүзінде бөлінген. Дегенмен тұтас бір ел ішіндегі дүние еш уақытта сол мемлекеттен бөлек өмір сүре алмайтынын біз жақсы білеміз. Дін – сенім. Сол сенім болмаса адам да мемлекет те жер бетінде ұзақ тіршілік жасай алмайды. Діннен тыс – дінсіз тіршілік жасаймыз деу жай ғана тәкаппарлық, шолақ ойлылық. Дін сенім болмысы болған соң ол – қасиетті Отаның ғана емес, бүкіл жаратылыс он сегіз мың ғаламға сенімділік рухында тәрбиелейді және уақытша тіршілік ететін саяси партияның саясатымен емес рухани діни таза имани сұлулықпен тәрбиелейді. Жоғарыда аты аталынған біз сөз еткелі отырған «Мәдени мұраның» аты дырдай болған соң, осы орайда дінге де сүбелі үлес беретін шығар деген үміт болғанымен, ә дегеннен ондай үлестің бұйырмағанын байқап, болмаған соң әдетте, «тисе терекке тимесе бұтаққа» деп тұмсығын тықпас жерге тығып тиісіп отыратын кешегі кеңестің шекпенін шыққан біздің ғалымдар, «Ислам діні туралы, олардың әлемдік және отандық ғылымы туралы, исламдық теология мен мораль туралы, исламдық білім беру туралы не айтты екен?» деп осы басылымға үлкен үмітпен назар аударған едік. Осы орайда кеңестік атеистік жүйеден мойын қамытын ажыратқан философтарымыздың еркін ойға алған еркіндігі дінге, исламдық гуманизмге, құранистикаға, сопылыққа, сунна мен тафсирлікке, сенім мен ілімге көзқарасы қаншалықты дәрежеде өзгерді екен деген ішкі таразы ойымыз қатар тұрғанын несіне жасырамыз. Көрер көз, естір құлақ болса айтатын әңгіме баршылық сияқты. Бұл мәселелерді шын қажет ететіндер болса, осы мақаладан соң жүйе жүйесімен жеткізе жатармыз деп ойлаймын. Ол жұмысты бастамас бұрын алдымен бүгінге осы кітаптағы екі мақала кейіпкерлеріне байланысты пікірімізді ортаға салумен шектелгенді мақұл көріп отырмыз.
Кітапқа Стамбулда жарық көрген Осман Аминнің «Жамаладдин Афғани» және «Мысырдағы ренессанс; Мухаммед Абдух және оның мектебі» деген авторлық екі мақаласының аудармасы еніпті. Алғашқы мақалада Жамаладдин Афғани туралы мынадай пікірлер айтылған; «...Исламды жаңа тәсіллермен түсіндіруде алғашқы болып атағы шыққан Жамаладдин Афғани болды. Ол – ХІХ ғасырдың ең атақты Шығыс ойшылы. Жамаладдин Афғани кез келген нәрсені әдеби, көркем және өте түсінікті халде түсіндіретін ойшылдардың бірі болды. Оның көркем мінезі, ой тұжырымдарының жоғары дәрежеде болуы көшбасшылық қасиетті иемденудің негізгі себебі болды. Әрі ұлы ойшыл, әрі діни реформатор, әрі саяси көшбасшы болған Афғани ислам әлемінде маңызды орын алады... Афғанидің ой-тұжырымдары көне грек ойшылдарының ішінде Сократтың көзқарастарына ұқсас келеді. Оның өмірі мен көзқарасы үш түрлі приципке байланысты. Олар руханият, діни төзімділік және ахлақтық түсінік. Афғани мұсылмандар арасында жасалған материализм насихатына қарсы тұрып, материализмнің кемшіліктерін тез арада ашып берген. «Материалистерді терістеу» атты еңбек те жазған. Афғани тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіріп, жазуға тырысқан кертартпа адамдарға қарсы логикалық түрде жазылған көптеген мысалдарға толы жауаптар жазып материалистердің үндерінің өшуіне үлкен ықпал тигізген. Діни төзімділік Афғанидің көптеген еңбектері және діннің қоғам ішіндегі функциялары туралы көзқарастар ішінде айтылған. «Дін көптеген ұлттарды ортаға шығарған және адамзат үшін шынайы бақыттың қайнар көзі» - дейді. Дегенмен, Афғани бауырластық сезімін діни бірлестікке айырбастау ниетінде емес еді. Ол ислам елдерінің бір-бірінен тәулсіз әрі бір сенім негізінде өмір сүруін қалған еді. Афғани өзінің «Әл-Вуска» атты еңбегінде ұлтшылдық турасында былай дейді; «Өз ұлты мен халқын сүю, құрметтеу және қорғау әрбір адамның міндеті. Ал отанын сатқаны турасында айтқаны; «Өз отанын, ұлтын, жерін ақшаға сатқан және отанның ішкі сырларын дұшпанға жеткізіп отырған адам нағыз отан сатқыны. Отан – баға жетпес құндылық. Өз отанының дұшпан аяғының астына тапталып жатқанын көре тұра, еш мән бермеген адам – нағыз сатқын». Афғани өз тілі болмаған халықтың ел бола алмайтындығын, өздеріне тән әдебиеттері болмаған халықтың тілі туралы сөз етілмейтіндігін, өз ішінен шыққан білім адамы болмаған халықтың тарихы жазылмайтындығын айтқан. Оның ерекшелігі ішкі және сыртқы қысымдардан еш мүлтіксіз шығып кете алатын алғырлығы мен бостандық сезімі еді. Барлық нәрсеге мән беріп қарау оның табиғатына тән құбылыс болатын. Жамаладдин Афғани есімі және оның қалдырған мұрасы бүкіл мұсылман халқының жүрегінде өшпес бір естелік іспетті, ол Ислам Ренессансының атасы болып есептелінеді...». (151-155 беттер). Мухаммад Абдух туралы екінші мақалада мынадай пікірлер айтылған; Бүгінгі Мысырда исламдық ой пікірдің қайта жандануына Мухаммед Абдухтың сіңірген еңбегі орасан зор. Мысырдың ұлы ойшылы, социолог және реформатор ретінде Абдух 1323/1905 жылы дүниеден өткен кезде, артында баға жетпес еңбектерімен қатар өзінің ізін басушы көптеген шәкірттер қалдырды. Оның «Әл-устад әл-Имам (ұстаз, жетекші) атағы бүгінгі күнге дейін өзінің мәнін жоймаған. Ол өзін ислам университтетінің оқу бағдарламасында қарастырылмаған «модернистік» деп аталатын нақты ғылымдарға арнады. «Дару-л-Улум» (Ғылымдар ордасы) деп аталатын жоғарғы оқу орынында тарих профессоры, тілдер орталығында әдебиет профессоры ретінде қызмет атқарды. Азхардағы дәрістерімен қатар, осындай жаңа қызметтер атқарды. Кейбір қайраткерлердің қол ұшын беруі арқылы ол ислам, иудаизм және христиан діндерінің келісімге келуін мақсат еткен еркін қоғам құрды. 1307/1899 жылы Мысырдың бас муфтиі дәрежесіне көтерілген Мухаммад Абдух сол күнге дейін қол жеткізбеген құрметке ие болды. Абдухтың жаңашылдық идеялары осы дәрежеге жеткеннен соң жалпы халыққа таныла бастады. Абдух Құран тәпсірі бойынша бүтіндей жаңа әдіске негізделген дәріс берді. Бас муфти ретінде Мухаммед Абдухтың берген үш пәтуасы оның басқа діндермен толеранттық қатынасын айқын түрде көрсетеді. Мұхаммед Абдух – кедейлерге материалдық рухани көмек көрсету және олардың оқу-ағартушылық деңгейін көтеру мақсатында құрылған «Мұсылман қайырымдылық қоғамын» құрушылардың бірі. Оның Мысыр университетінің ашылуына қосқан үлесі зор екендігін ұмытпаған жөн. Осындай көзқараспен жарақталған Абдух еркін ойды, еркін зерттеу құқығын жақтаған, сонымен бірге, адамның жеке, өз алдына зерттеу жолына емес, діни артықшылық тұрғысынан өзіне ұсынылған догмаларды дәлелсіз, көз жұмған күйде қабылдауға негізделген еліктеушілікпен күресуден жалықпаған. Абдух моральға реформа жасау үшін оған басты негізді діннен іздеген. Адам ақылы заман талабына сай дамымағандықтан реформаны діни ұғымдардан бастаған жөн. ХХ ғасырдың басында Абдух Мысырдағы білімнің, діннің, ұлттық патриотизмнің дамуына орасан зор үлес қосқан. Мысырлық оқымыстылар қауымы өзінің рухани бастауын осы Абдухтан алған болатын. 1318/1900 жылы тығырыққа тірелген жас буын Абдухтың еңбектері арқылы жарқын жол тапты...»(230-253 беттер). Осы мақалаға кітапта редакциялық мынадай түсінік жазылыпты. *Жамаладдин әл-Афғани (1839-1897) – исламдық модернизмнің негізін салушы. Мұхаммед Абдо (1849-1905) – әл-Афғанидің шәкірті, оның идеяларын жалғастырушы. Бұл ойшылдардың философиясы мұсылмандық Шығыстың филасофиялық ойының әрі қарай дамуының идеялық дамуының бастауына айналады. Сондықтан осы томның құрастырушылары олардың шығармаларын қазіргі мұсылман филосафиясы аясына қосып отыр. Исламдық модернизм – исламдық құндылықтарды ортадоксалды және схолостикалық нұсқалардан бастауға және құндылықтарды қайта қарау идеясына негізделгені – рухани ағымдардың кең таралуы. Сонымен қатар оның құрылымында Құран мәтінін тұжырымдау, исламның іргелі негіздерін рационалистік сипатта баяндау көрініс береді. Исламдық модернизм философиясы қоғамының этикалық, эстетикалық, әлеуметтік және саяси мәселелерін әлеуметтік теңдік және әділеттілік негізінде қарастырады.(151 бет).
Бұл аз болса осы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары бойынша Ә.Нысанбаев жетекшілік еткен редакциялық алқасы шығарған «Шығыс философиясы» оқу құралында («Жазушы» баспасы 2009 ж) Төртінші тарауда 4.2. Мұсылмандық модернизм; Афғани, Абдо, Икбал филасофиясының мета физикалық мәнін қайта қарастыру деген тақырыппен оқытудың басты бағыттарын айқындап көрсетіп пысықтау сұрақтары мен оны ұғындыруда оқылатын әдебиеттер тізбесін берген. Бұдан соң осы екі діни реформаторды дәріптеген біздің ғалымдардың мақаласы туралы әңгіме айтсақ тіпті ұзап кететін сияқтымыз...
Ал енді діндегі реформатор атанған осы екі ғалым туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни бірлестігінің 04.09.2002 жылғы 23/0273 қаулысымен «Euro Print» баспасынан 2008 жылы жарық көрген Осман Қарабиықтың «Ислам діні» кітабына жазылған пікірге назар аударалық. Бұл кітап та түрік тілінен аударылған. «...Біраз уақыт орыстарға Ауғаныстанда тыңшылық қызмет атқарды. Орыстардан көп ақша алды. Хижраның 1285 (1870 ж.) жылы Мысырға барып массон болды. Әли баша оны Стамбулға апарып қызмет тапсырды. Ол кезде Стамбул университетінің ректоры болған және садразам (премьер- министр) массон Мустафа Рашид баша тарапынан Парижде оқытылған, кәпір екендігіне фатуа берілген, масон Хасан Тахсин тарапынан оған университетте конференциялар бердіріледі. Алайда шектен шыққан сөздері себепті сол дәуірдің шейхул-исламы болған ұлы ғалым Хасан Фахми эфенді тарапынан Жамаладдин Афғанидің кәпір екендігіне фатуа берілді. Хасан Фахми эфенді заманының ең ұлы ғалымдары қатарында болатын. Ол Османлы мемлекетінің 110-шы шайхул-исламы болды. Хасан Фахми эфенді сияқты ғалымдар басым түсіп, Жамаладдин масқара болды. Әли баша оны Стамбулдан шығаруға мәжбүр болды. Жамаладдин Афғани Мысырда болған кезінде мысырлықтар арасында революция пікірін таратумен айналысты. Француз тілінде жазылған «les franco-macons» кітабының 127 бетінде; «Мысырда құрылған масон ложасының басына Жамаладдин Афғани, одан кейін Мұхаммед Абдух әкелінді. Олар мұсылмандардың арасында масондықтың таралуына көп көмек берді» дейді. Лондон мен Парижде «діни реформа» деген атпен көптеген зиянды нәрселерді жазды. Хижраның 1303 (1886 ж.) жылы Иранға барды. Ол жерде де тыныш жүре алмады. Сондықтан шынжырлармен байланып Османлы мемлекеті шекарасына әкеліп тасталды. Кейін Бағдатта, ол жерден Лондонға кетті. Иранға қарсы мақалалар жазып жүрді. Ол жерде Стамбулға барып, бахайлерге қосылып, дінді саясатқа құрал етіп қолданды. Иранда бүлік шығаруға тырысты. Бір жыл өткен соң жағында рак ауыруы пайда болып 1314 (1897 ж.) жылы өлді. Стамбулдағы Мачка әскери гарнизоны қасындағы «шайыхтар» мазаратына жерленді. Бір американдық азамат келіп оның үстіне көк тас қойғызды.(?)..» (296 бет) деп жазса Мұхаммед Абдух туралы: « ...Соңғы ғасырда біраз адамды тура жолдан шығаруына себеп болған, адасқан дін адамдарының бірі Мұхаммед Абдух деген массон болып табылады. ...ол барлық жазған еңбектерінде Исламды құлатуға, массондық жоспарын іске асыруға тырысты. Массондардың көмегімен Кайырде муфти болды. Әһли сүннетке қарсы бас көтере бастады. Массондықтар бұдан бұрын османдықтарға да осындай жасаған еді. Массон Мұстафа Рашид башаның бұйрығымен медреселерден жаратылыстану пәндері алынып тасталып, діни пәндер де жоғары дәрежедегі ілімдерден мақұрым етілді. Ислам діні ғылымға негізделеді. Білім болмаса, ақиқат дін адамы қалмаса, Ислам бұзылады. Алайда, Аллаһтың әдеті олай емес. Ислам ғалымы жетіліп шығуы үшін, ислам ілімдері жан-жақты тарап, жайылған болуы керек. Бейруттағы массон ложасының басшысы Ханна Әби Рашид 1981 жылы жарияланған «Дайра-тул маарифул-масонийа» кітабының 197 бетінде «Жамаладдин Афғани Мысырда массон ложасының басшысы еді. Ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінен 300-ге жуық мүшесі бар болатын. Одан кейін имам устаз Мұхаммед Абдух басшы болды. Абдух үлкен массон еді. Оның масондық рухты араб елдеріне жайғандығын ешкім теріске шығара алмайды» - делінген. Мұхаммед Абдухтың жасаған реформаларын көріп оны Ислам ғалымы деп санағандар аз емес. Әһли сүннет ғалымдары оның жазғандарына жауап жазған, оның исламды жамылған жауыз мақсатын әшкерелеген» (298-бет) деп ары қарай нақтылы еңбегіне талдаулар жасап айтқан осы пікірін автор нақтылы фактілермен дәлелдеп шыққан.
Түрік тілінен аударылған осы екі автор мен олар туралы жазған екі пікірдің қайсысы орынды, қайсысы орынсыз? Массондардың діни алауыздық тудыруы, мұсылмандардың рухани әлемін және дінін жою үшін әрқилы әрекеттерге баратындығы, оған олар қаржыларын аямай жұмсайтындығын қазір бәріміз білеміз. Ақша десе барын жиып қоятын мына сұрықсыз нарық заманында сол масондардан сыбаға алып, мұрты майланған, өзі де солардың қатарына қосылып кеткен ғалымдар шынымен-ақ біздің де арамыздан шығып жатса оған таңдануға бола ма? Оларды қалай ажыратамыз? Жоғарыда аты аталынған кітаптардағы нақтылы дерекпен жазылған мақаладан кейін әркім де болса осындай үрейлі ойда қалуы заңдылық емес пе? Осы жағдайда «біздің ғалымдарымыз «әлемдік діни реформатор» деп таныстырып, еңбектерін елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша оқулыққа енгізіп отырған Ж.Афғани мен М.Абдухтың еңбектерін жоғары оқу орындарында оқыту елімізге қажет пе, жоқ қажет емес пе, бұған пікірді кім айтуы керек? Осыдан соң оқулықтың баспада жарық көруіне жол берген Білім және ғылым министрлігі ме әлде Ғылым академиясы ма, әлде Ислам дінінің жанашыры болуға тиісті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ма?» деген заңды сауал тумайды ма?
Тууы туар ау, бірақ сол туған сұраққа нақтылы жауап бола ма? Біз бұл сұрақты қойғанда ешкімге аброй бермес ел ішінде от жаққалы отырған жоқпыз, қайта осы бетімен кете берсе ертең бұрқ ете қалар оттың алдын алуды меңзеп отырмыз. Бұған аталынған құзырлы орындардың бірде біреуі дәл қазіргі жағдайда жауап қата алады деп кімді сендіре аласыз. Өйткені кітап авторлары тұтастай кешегі кеңестік мемлекет атеистері шапанынан шыққан ғалымдар. Оларды тұмсығынан жанашырлықпен тартқыласаң да кезінде жазған, айтқан өз еңбектерінен, өз пікірлерінен қолдарын үзе аламайсың. Ал кітаптың шығарылуын өз басшылығына алып отырғандар солардан дәріс алған, тіпті солардың жетекшілігімен ғылыми атақ алғандар екен. Мұндайда жағдайда олардан не үміт, не қайыр?
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ
Abai.kz