Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5442 0 пікір 12 Қаңтар, 2016 сағат 10:05

ЖАМАН ДАЛА

Алыстап барамын. Келгенім кеше еді, бүгін ауылдан тағы да кетіп барамын. Енді қашан келемін?. Мініп келе жатқан көлігімнің терезесінен көз алдымда зымырап жылжып жүріп жатқан өзім өскен ауылдың: тау мен тасы, даласы мен шөбі, қарағаны мен тобылғысы. Шығыс Қазақстаннан облысына қарасты өзім өскен Жаңа ауылдан алыстап барамын. Шекаралық аймақта орналасқан ауылдың үйлері күйреп, кең далада әр жерге бір үйілген төмпешік сары топыраққа айнала бастапты. Түтінін түтетіп отырған жиырмадан астам үй. Қабырғамды болат балқытып, соны сапырылыстырып біріншісінен екіншісіне шырқыратып құйғандай шыжғырып барады. Еңсем түскен қалпында үнсіз терезеден қимастықпен қарап, ауылдан шыға беріс жерлердегі көріністерге көз салып отырмын...

*****

...Таңға жуық түсімнен шошып ояндым.Түсіме ауылдағы үйім кірді. Алып құбжықтың ышқынған дауысындай гәр-гәр еткен сары түсті, жып-жылтыр шынжыр табанды экскаватор ұзыннан созылған темірінің басында шынжырға байланған домалақ шойынмен гүмп-гүмп еткізіп өскен үйімнің қабырғасын аямай ұрғылап жатыр екен. Гүрс еткізіп бір рет ұрып еді, әр кірпіші әкемнің қолымен қаланған қабырға дір етіп қозғалғаны болмаса екінші ұруына да дайын тұрды. Қайтара үш рет ұрғанда дүрс етіп қабырға құлап, шаңырақ ортасына түсті. Жетіп барып кабинаның ішінде отырған мұрты қалың, қалпағын қисайтып киіп, езуінің сол жағына темекі қыстырып алып бұрқыратып отырған, таңқиған мұрын, көк көзді, ақ құлақ қақолды алып-ұрып жығып, терезеден лақтырып жібергім келеді. Әттең, кесе-көлденеңдеп заңның шығатыны бар. Жіпсіз байланудамын. Әйтпегенде сары бет-жүзін жұдырықпен бір қойып қызылға бояп тастауға болар еді. Кедергілердің әр біреуін саралап қана тұрмын. Жас ғұмырыңды бір сасық кеуде үшін тордың ар жағында өткізгіңде келмейді. Әр кірпіші үгітіліп, быт-шыты шығып ішіне түскен бөлмеге қарадым. Өзім үстіне мініп арлы-берлі теңселіп ойнаған аппақ, мен үшін ақ боз атымның шекесі жарылып, шаңға көміліп жатыр. Енді бір ұрса оның да күлпәршәсін шығарады. Қарап үлгергенім сол еді; әлгі орыс маған қарап кектіп бір жымиып қараусыз қаңырап тұрған, өзі бір қабырғасын құлатып үлгерген үйге тасыр-тұсыр еткізіп басқарып отырған техникасын тағы да кіргізіп жіберді. Мына ашық қабырғадан кірген шойын екінші қабырғадан атып шықты. Алдыға шығып қиратқан экскаватордың шойыны өзіне қайтып келе жатып жол-жөнекей тағы бір қиратып өтті. Бір қызығы: айналамда үйліп тұрған таныс-тамырлар, ауыл адамдары қозғалып қимылдар емес. Керсінше осы көріністерден ләззат алып тамаша көріп тұрғандай. Жатқан орнымнан шошып ояндым. Мен туған ауыл тегісмен қазақ еді. Түгелі бірін-бірі демеп, көмектесіп, әр істеріне жәрдемдесіп жүретін. Көзімді тұрған сәтімде уқалап, келесі бөлмедегі суға барып шайып алдым. Телефон қолыма ілінді. Ауылдағы досыма хабарластым.
- Бәрі орнында, ауыл тыныш, сол баяғы тірлік пен жұмыстар. Ауыл турасында алаңдама , ақырындап жүріп жатырмыз – деді. Майлы асуынан төмен қарағанда уысқа сыйып кететін шағын ғана ауыл үшін алаңдадым. Бұрыңғымен салыстырғанда жиі ойлаймын.
Ертесі бар жүгімді жинап ауылға тартып тұрдым.

*****

Таулардың ішімен, бұралаңы көп, ұсақ тасы жылтырап көрініп жатқан шаңды жолмен ауылға жақындап келемін.Алыс ауылға таяған сайын алаңдаушылық сезімі арта түсті. Туған ауылға табанымның тимегеніне екі жарым жылдың жүзі болыпты. Бұл ауылдың тобылғы мен терегін, ауыл реңін ашып, көркін келтіріп тұратын жасыл жапырақтарға көмкерілген ағаштарын, тау бүйірін тесіп аққан сылдыраған бұлағын, ең бастысы ауылды қоршап тұрған тау мен жоталарын бір жағы сағынышпен, екінші жағынан алаңдаушылықпен ойыма алып келемін. Ауылдың төрт мезгілі: қысы суық, жазы ыстық болатын, күзі салқын, көктемі жылымық ауа-райыда ойымнан жүріп өтті.
Ауылға кіре берісте қабырғалас қос үйдің бұзылып – үйінді болғанын көрдім. Мен ауылдан кететін жылы бұл қос үйдің ауласы шулаған бала, доп қуып жүгірген, шыбықты ат қып мінген, шүйіркелескен кішкене ұлдар мен қыздар болатын. Сол қос үйдің әр қабырғасында шығып тұрған екі терезенің алдында; қоңыр-ақ қауырсындарда ғажап ақ-қызыл гүлдер өсіп, күн нұрына шомылып тұратын. Бүгін сол бір үйдің үйіндісінің үстіне жабайы шөптер кеңінен өсіпті.Ішім қылп ете қалды. Үнсіз ғана тынып отырмын. Өзімнің өскен үйімді көргім келеді...
Көлік ішінде көзімді тас жұмып отырмын. Көргім келмейтін көңілсіз көріністерді көріп қалатындаймын. – Жеттік, балам!- деген көлік жүргізіп отырған Мейірбек ағайдың дауысын естідім. Жүректің тарс-тұрс соғуы жиілеп, кеудедегі қатарлап тізілген қабырғаларды бір-бірлеп бөліп шашыратып атып шығатындай. Ақырын сығырайтып оң көзімді кішкене ғана ашып, көлік терезесінен қарадым. Ақ кірпіштен қаланған, залы сары түспен боялған үйімнің бүтіндігін көрдім. Қос көзімді бірақ ашып, қуанғанымнан Мейірбек көкеге рақметімді айтып, есікті айқара ашып түсіп қалдым. Жерге бірінші оң аяғым тиді. Тамаша сезімге бөлендім. Түсіп кеткен еңсем көтеріліп, жүзіме қуаныш орнады. Кеуде ішіне көктем келіп, жасыл желектеніп, бұта басында сайрап отырған бұлбұлдардың әсем сазды үні келгендей.Түскен орнымнан жан-жағыма қарадым. Бұрыңғымен салыстырғанда көңілсізденіп қалыпты.
Туып өскен үйімді көрдім, жақын жолдастарыммен жолықтым. Ауыл тұрғындары бұрыңғы көрсеткішпен салыстырғанда сирепті. Бес күн жүріп шулы, тас қалаға екі күндік жолға қайта шықтым.

*****

Келесі түс мүлдем қорқынышты орын алды. Өскен үйімнің түгі қалмай қирапты. Жеке менікі ғана емес, ауылдың жартысынан көбінің үйлері қирап үйінді сары топыраққа айналып, әр жерде бір төмпешік болып жатыр.
Осы жолы өңімде жолдасым өзі бірінші болып хабарласты. Өскен үйімді, кіндік қаным тамған, қызығы ескерткішке айналған шаңырағымды сатып алатын адамдар табылыпты.
- Бұрын арша тұтап, тамаша иіс шығаратын үйде енді суретке жалбарынатындар тұратын болды,- деген де, алақанымнан қара телефоным сусып шығып кетті.
Үшінші мәрте түсіме кіргенде шекараның түбінде орныққан Жаңа ауылым байырғы атына заты сай болып иесіз Жаман дала болыпты. Ол жерге бару енді қиындап кеткен сияқты...

Серік ҚҰДАЙГЕНҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435