Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3697 0 пікір 29 Мамыр, 2009 сағат 06:27

Байқоңыр бағынбай барады

1995 жылы екі жақты қол қойылған “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы” Келісім туралы осылай демеске амал болмай тұр. Себебі осы құжаттағы 10-баптың үшінші бөлігінде: Байқоңыр ғарыш кешені жалға берілген кезеңде Қазақстан Республикасының мына органдары жұмыс істейді: сот, прокуратура, Ұлттық Аэроғарыш агенттігі, Қазақстан Республикасы президентінің арнайы Өкілі, мемлекеттік мүлік комитеті, ҚР Ұлттық Банкінің бөлімшесі, әскери комиссариат, ҚР ішкі істер Министрлігі мен Мемлекеттік тергеу комитетінің өкілдіктері. Бұл органдар қайта тіркелуге жатпайды, - деп жазылған.    

1995 жылы екі жақты қол қойылған “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы” Келісім туралы осылай демеске амал болмай тұр. Себебі осы құжаттағы 10-баптың үшінші бөлігінде: Байқоңыр ғарыш кешені жалға берілген кезеңде Қазақстан Республикасының мына органдары жұмыс істейді: сот, прокуратура, Ұлттық Аэроғарыш агенттігі, Қазақстан Республикасы президентінің арнайы Өкілі, мемлекеттік мүлік комитеті, ҚР Ұлттық Банкінің бөлімшесі, әскери комиссариат, ҚР ішкі істер Министрлігі мен Мемлекеттік тергеу комитетінің өкілдіктері. Бұл органдар қайта тіркелуге жатпайды, - деп жазылған.    
Неге екені белгісіз сол кезде бекітілген осы тізімге жергілікті бірнеше мемлекеттік органдар енгізілмей қалыпты. Және кезінде мемлекетті басқару билігін реформалау барысында аты мен заты неше мәрте құбылатын құрылымдарды қатарға қосудың оңайлатылған тетігі қарастырылмаған. Егер толықтырулар жасалатын болса міндетті түрде тараптардың арасында тағы да келіссөз жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстарды үйлестіру екі жақтың Үкіметі арасында құрылатын бірлескен комиссияның құзырында. Бірақ өкілетті жұмыс тобы бес жылдан бері осы бағытта енгізілетін тиісті өзгерістерді өзара мақұлдай алмай әлек. Осы аралықта жалдық сипаттағы өңірде орналасқан отандастарымыздың Конституцияда белгіленген азаматтық құқықтарын жан-жақты қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаратын құрылымдардың  саны отызға жуықтады.
Қызылорда облыстық әділет депараментінің құзырындағы Байқоңыр  қалалық  әділет  басқармасы  еліміздің “Неке және отбасы”  туралы  Заңында көрсетілген азаматтардың  хал актілерін  мемлекеттік  тіркеумен ғана  айналысуға мәжбүр болып отыр. Өйткені құқықтық негіздегі құжаттарды Ресей Үкіметі тарапынан жасақталатын жергілікті атқару билігі рәсімдейді. Кәсіпкерлікпен  айналысатын заңды және жеке тұлғалардың бәрі дерлік көрші биліктің заңнамаларымен жұмыс жүргізетіндіктен бұлармен де бірегей байланыстары жоқ.  Сондықтан еліміздің “Неке және отбасы”  туралы  Заңының  163 бабына сәйкес  туу  мен  қайтыс болған   және  некеге  тұру мен  некені бұзу, бала асырап алу, сондай-ақ аты-жөні мен тегін  өзгерту  тұрғысындағы  азаматтардың  хал актілерін  мемлекеттік  тұрғыдан тіркеумен айналысатын әділет басқармасы  шектеулі шеңберде жұмыс жүргізудің тар шеңберінен аса алмай отыр.
Ал, ресейлік сарапшылар болса стратегиялық маңызы зор нысандағы қазақстандық құрылымдар жұмысының жүйелі жалғасуына қарсы кертартпа пікір ұстанып келеді. Атап айтқанда бұл аумақтағы отандық кеденшілер ұжымының он алты жылдық тұтас тарихы бар. Сала мамандары екі жақты келісімдерге қарайлағанымен отанымыздың экономикалық қауіпсіздігін қорғауға басымдық беруде. Әйтсе де көптеген шектеулердің кесірінен ғарыш кешініне сырттан әкелінетін тауарлардың мақсатты пайдаланылуын ресми түрде тексеруге мүмкіндігі жоқ. Демек олар ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған бағалы дүниелердің коммерциялық мақсаттарға жұмсалмауын бақылайтын құзіретінен айрылып отыр. Осы тұрғыдан ортақ түсіністік табуға ұмтылған қазақстандықтар бастамасын талқылайтын қарсы жақ әлі де ала-ауыз көрінеді. Бұл қайшылықты көзқарас түрлі келеңсіздіктерге жол ашқаны байқала бастады.             
Ресейдің ЦЭНКИ федеральдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты  ЦЭНКИКОМ филиалындағы лауазымды тұлға 2005 жылы осы мекемеге жеңілдетілген тәртіп арқылы әкелінген тауарды “Пермские авиалинии” мекемесіне сатып жіберуі кесірінен келтірілген залал ретінде 3 360 340 теңге шығын мемлекет есебіне қайтарылса, 2006 жылы “Байконурэнерго” мемлекеттік біртұтас кәсіпорнына жеткізілген бағалы дүниелердің өз мақсатында пайдаланылуын тексеру кезінде еліміздің экономикасы 6 601 058 теңге зиян шеккені нақтыланған-ды. Одан кейін “Қиыр” әуежайынан Мәскеу қаласына бағыт алғалы тұрған ұшақ жолаушыларының заттарын рәсімдеу кезінде Ресей Федерациясының А.Н.есімді азаматын ресми түрде тоқтатуға мәжбүр болғанын білдік. Ғарыш айлағындағы 44108 әскери бөлімнің қызметкерінің қол жүктерін тексеру барысында күдік расталып, жеке киімдерінің арасынан алты целлофон пакет тәркіленеді. Ол өз сөзінде жасыл түсті және ерекше иісі бар өсімдік тәріздес белгісіз түйіншектерді Мәскеуге алып барғысы келгенін айтыпты. Арнайы жүргізілген сот-химиялық сараптаманың қорытындысында жалпы салмағы 324,1 грамды құрайтын бұл наркотикалық зат есірткі араласқан кептірілген марихуана екендігі анықталыпты. 
- Контрабандағы қарсы күрес бөлімі әлгі азаматқа қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексіндегі 250 бабы және 259 бабының бірінші бөлімдері бойынша қылмыстық істер қозғап, кейіннен Байқоңыр қаласындағы қазақстандық прокуратура арқылы Ресей Федерациясының Қорғаныс Министрлігінің ғарыш айлағындағы әскери прокуратурасына тергеу реттілігіне байланысты жолданғаны рас, - дейді отандық кеденшілер. Ал, былтыр Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің қызметкерлері іргелес Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентіндегі автокөлік бекетінің жанында наркотикалық затты заңсыз сақтаумен бірге  тасымалдауға тікелей қатысы болуы мүмкін екі күдіктіні құрықтады.  Олардың аты-жөндерін анықтау барысында 1977 жылы туылған Вакуленко Андрей Вячеславович пен 1962 жылы туылған Ким Эдуард Львович Байқоңыр қаласында тұратын Ресей Федерациясының азаматтары екендігі нақтылған. Олардың жеке басын тінту кезінде алғашқысынан 8,65 гр. героин тәркіленсе, соңғысының бойынан да 12,02 грамм табылған. Айғақты затты өздерінікі екенін мойындаған шетелдіктер улы ұнтақты әкелу үшін Шымкент қаласына арнайы барып, бейтаныс кісіден алғандарын айтыпты. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жазаланды. Басқа да бағыттардағы осындай олқылықтардың соңы заңсыздықтарға ұласпауынан сақтану үшін ғарыш кешенінде тіркелген қазақстандық құрылымдарды арнайы тізімге жедел түрде енгізу қажеттілігі жоғары деңгейде де талқыланды. Нәтижесінде Н.Назарбаев пен В.Путин “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр кешенінің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықтарды ілгері дамыту жөніндегі” Меморандумды (09.01.2004ж) мақұлдау барысында екі жақтың Үкіметтеріне бұрын қабылданған бірнеше келісімдердің мәтініне заман талабына сай қайта түзету жасауға нақты тапсырмалар берілгенін де білеміз.
Бірақ жалдаушылар жағы осы міндеттемелерді жүзеге асыруға келгенде ылғаи да құлықсыздық танытып жүр. Түрлі сылтаумен кейінге сырғып қалатын құжаттардағы кемшіліктердің кімдердің мүддесіне  тиімді жұмыс істеп тұрғанын аңғару аса қиын емес. Қысқасы жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласы  ресейліктердің ырқына бағып, Қазақстан өкіметінің заңдарына бағынбай барады.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ, журналист. Байқоңыр қаласы, 29. 05. 2009 жыл.

 

 


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318