Сенбі, 23 Қараша 2024
Қарбалас 8587 0 пікір 1 Қаңтар, 2016 сағат 18:02

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: ЕҢБЕК ҚАШАНДА – ЕЛДІКІ. БІЗ ЕМЕС, ЕҢБЕКШІ ЕЛ МАҚТАЛСЫН!

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзамен 2015 жылдың қаңтар айында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Ол кезде облыс басшылығының тізгінін қолына алғанына аз ғана уақыт болған Амандық Ғаббасұлы: «Еңбегім елге ұнап, Елбасы сенім білдірсе, қолымнан келгенше халыққа қызмет жасап, осы Жетісу өлкесіне із қалдырғым келеді», - деп отырған. Содан кейінгі сұхбатымыз әкімнің көрген-білгені мен ойға түйгені, үлкендерден естіген ғибырат сөзі  мен өзінің өмірлік тәжірибесі төңіргенде өрбіген-ді. Сонда менің есімде қалғаны: мемлекеттік қызметке жаңа іліккен жас Амандыққа Ғаббас ақсақалдың: «Адамның тағдырына қатысты қандай да бір шешім қабылдайтын болсаң көңіл-күйге берілме, сабырлы, салқынқанды бол, бәрінде парасат-пайымыңа салып шеш», - деген аталы сөзі болды. Ал, Алматы облысының әкімі адамның тағдырына ғана емес, жалпы ел ісінде жеті рет өлшеп, бір кесетін, қандай жұмысты қолға алса да түкпірлеп ойлап, түбіне жеткізіп тынатын, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы болып шықты. Баталовтың облыс ауқымында атқарылуға тиісті жұмысқа батыл кіріскенін алдымен баспасөз байқап үлгерді.  Ақ жағалы ұлықтардың тілімен айтқанда, «көрінген нәрседен ілік іздеп шыға келетін» БАҚ өткен жылдың басынан бері Баталовтың қарекетін оң бағалап, нәтижелі ортақ іске тілектестігін білдіріп бақты. Алматы облысының әкімін Президент Назарабаев та назарынан тыс қалдырған жоқ. Ұлық жиындарда Амандық Ғаббасұлының есімін бірнеше рет атап, оның облыс көлемінде жасап жатқан жұмыстарын мысал етті. Алайда, Әбекең асып-таспайтын адам екен. Біздің «Кейінгі кезде осы көп мақталып кеткен жоқсыз ба?», - деген сыңайда қойған сауалымызға басын изеп күліп қойды да былай деп жауап берді:

 

- Мен жалпы  баспасөзде көрініп қалып жүрсем бір облыстың басшысы ретінде көрініп  жүрген болармын. Әйтпесе, жарқ-жұрқ етіп БАҚ-тың бетінен түспей қою табиғатымда жоқ нәрсе. Соны осы жергілікті баспасөздің жетекешілеріне де ескертіп отырамын. «Мені телеарнадан, газеттерден көрсете бермеңдер. Халықтың көзі қырағы, ұнамай қалуым мүмкін. Мақталып, мадақталудың кері жағы да болады. Маған, орыстар айтпақшы, «медвежья услуганың», яғни «аюдың қызметінің» қажеті жоқ», - дегенді айтамын. Кейде, тіпті, кейіп те қоямын. Еңбек – қашанда елдікі. Біз емес, еңбекші ел мақталсын. 

- «Еңбекші ел мақталсын» деген сөзіңізден шығады. 1988-89 жылдары, ұмытпасам,  Панфилов ауданына бардық. Ол кезде мен – мектеп оқушысымын. Бір екі әннің басын шалып айтатын «өнерім» болғандықтан, Айтақын, Қален, Қанша Раисова сияқты ақындардың, әрі әнші, әрі ақын, нағыз сал-сері дерліктей жігіттің сұлтаны Жандарбек марқұмның қасына ілесіп шауып жүрген бозбас шағым. Головацкий жарықтықтың даңқы асып, дәуірі жүріп тұрған заман еді.  Бір үлкен жиын болды. Жұрт жабыла Головацкийді мақтап жатыр. Ана ақбас шал отыр мәз болып. Сөйтіп дуылдасқан көптің ішінен Әбен аға, Әбен Дәуренбеков сурылып шығып: «Жаркентте жайқалған жүгеріні жалғыз өсіріп отырған осы Головацкий ме? Әке-оу, сонда ел ай қарап, жұлдыз санап жүр ме? Елдің еңбегін неге айтпайсыңдар? Ел болмаса, енеңді ұрайын Головацкий деген кім?» - деп еді. Сол кісі айтпақшы, сіз де «еңбекші ел мақталсын» деп отырсыз. Бірақ, Жаркенттегі жүгеріші жұрттың кейінгі жылдары еңбегі – еш, тұзы – сор болып жатқан жоқ па осы? 

- Бұның рас. Жаркенттіктер, жалпы облыс көлемінде жүгері өсірушілер, көктемде егіп, жаз бойы баптап, күзде жинап алатын өнімін ысырап қылып, көзін тауып сата алмай әбден қиналатынын мен жақсы білемін. Олар неге қиналушы еді? Себебі, орып алған жүгерілері шашылып далада қалатын. Қырман жоқ. Далада жатқан дүниені кім бағалап алсын? Оның үстіне өнім таспен, топырақ, балшықпен араласып әбден былығады. Ал, бұндай мәселенің шешімін табуға болатын ба еді? Әрине, болатын. Ол үшін жүгері алқаптарының қасынан қырман салу керек болды. Сөйтіп, Панфилов ауданында құны 594 млн. теңге болатын  8,3 мың шаршы метрлік екі қырманды тездетіп салып бітірдік те пайдалануға бердік. Облыстың барлық аудандарында 72,0 мың га жерге егілген дәндік жүгері жинау жұмыстары толығымен аяқталып, әр гектардан 60,7 центнерден өнім алынып, барлығы 440,0 мың тонна жүгері жиналды. Бұндай нәтиеженің тағы бір себебі: жүгері өсірушілерге 2015 жылы 1,3 млрд теңге субсидия төленді. Жүгері өсірумен облыстың 3 900 ауыл шаруашылық құрылымдары айналысады, оларда 11 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етілген. Панфилов ауданы бойынша 25412 га егістік алқабы жиналып, 153097 тонна жүгері жиналды. Жиналған жүгерінің   99822 тоннасы сатылып кетті. Оның ішінде: «Жаркентский крахмалопатачный завод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 42100 тонна, «Байсерке Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне  22725  тонна, «Жаркент Агро Инвестке»  600 тонна, «Суфьянов» ШҚ-ға 1035 тонна, Жаркент қаласының тұрғындарына 9588 тонна, «Балтабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 900 тонна, Шамалған қаласына 22874 тонна дәндік жүгері өткізілді. Қырманда – 1800 тонна, ал қоймада – 51475 тонна дәндік жүгері сақтаулы тұр.

- Сіз басқарып отырған облыстың жұрты кәсіп ететін тағы бір тірліктің көзі – тәтті түбір егу еді. Қызылша. Сол қызылшаның да қызығы кетіп, жетісулықтар ата кәсібіне айналып үлгерген  істен қол үзе бастаған. Өзіңіз облыс әкімі болып тағайындалардың алдында өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы қызылшаны қайта қолға алып, бұрынғы қант шығаратын зауыттардың бойына қан жүгіртуді тапсырды. Қызылша алқаптары Елбасының пәрменін күтіп жатқандай-ақ, 2015 жылдың күзінде мол өнім берді. Сіз Балпық би кентіндегі қант зауытын жұмыс істеткізіп, алғашқы өнімді көріп мәз болдыңыз. Мәз болып тұрған қалпыңызды қызылшашылармен бірге суртке тартқан жорналшылар баспасөз беттерінде жариялап жатты.

- Иә, мәз болдым. Қуандым. Неге қуанбасқа? Елдің еңбегі жанды, төккен тердің төлемі өтелді. Басында «қант қызылшасын қайтадан қолға аламыз» дегенде біздің бұл әрекетімізге күдіктене қарап, күмән білдіргендер: «Бұныңыз нәтиже бермейді, бос әрекет», - дегендей сыңай танытып жүрді. Біз, бірақ, тартынбадық. Кабинетте бұйрық беріп қойып және отыра алмадық. Жауапты адамдарды қасыма ертіп егістік алқаптарына бардым, мәселені өз көзіммен көрдім. Сосын, оның шешімін қарастырдық. Статистикалық деректер келтіре отырып айтайын, 2015 жылы облыс бойынша 4,0 мың гектар қант қызылшасы себілді. Осы қант қызылшасы алқаптарының әр гектарынан орта есеппен 305 центнерден өнім алынып, жалпы түсім 124,3 мың тонна болды. Енді 2016 жылы қант қызылшасын өңірдің стратегиялық маңызы бар дақыл ретінде және облыстағы қант зауыттарын өз шикізатымен қамтамасыз ету мақсатында қант қызылшасының  көлемін 6 мың гектарға жеткізуге талаптанып отырмыз. Оның ішінде Ақсу ауданы – 1260 гектар, Ескелді ауданы – 1450 гектар, Қаратал ауданы – 960 гектар, Көксу ауданы – 1250 гектар, Сарқан ауданы – 1250 гектар және Талдықорған қаласы 170 гектар жерге қант қызылшасын егуге дайын.  Бүгінгі күнге облыстың демек, аталған дақылдың алқаптары себілетін тереңдетіліп жыртылған сүдігері  дайын және тамшылатып - жаңбырлатып суару технологияларын көптеп енгізуге, жетіспейтін қажетті техникаларды дер кезінде жасақтауға, қант қызылшасын өсірумен айналысатын  шаруашылықтарды тұқым мен минералды тыңайтқыштармен уақтылы қамтамасыз етуге қазірден бастап жұмыстар жүргізілуде.

- Мына сан мен цифрлардан бөлек айтыңызшы, қант қызылшасы өткен жылы қалайша мол өнім берді? Құпиясы неде?

- Бұның еш құпясы жоқ. Біздегі қант қызылшасының тұқымы ескіріп кеткен. Өніп жер бетіне шыққанда, сәбіз сияқты болады. Одан әрі өспейді. Сондықтан біз тұқымды Франциядан әкелдік. Франциялық тұқым біздің құнарлы жерге бауыр басқаны сондай – әр түбірдің салмағы 5-7 кило болып шықты. Ескелді ауданының халқы биыл ерледі. Еңбектері жанды. Тәтті түбірді жақсы бағаға сатып, табысқа да кенелді.

- 124, 3 мың тонна өнім алыпсыздар. Бұл қанша тонна қант?

- 12-15  мың тонна.

- 12 мың тонна қант Қазақстан халқына жете ме?

- Жетпейді. Бұл еліміздің 10 пайызын ғана қамтамасыз етеді.

- Қалған қантты қазақ сонда қайдан алып отыр? 

- Сырттан келеді. Мысалы, беларустерден келеді. Жеріміз құнарлы, кең-байтақ. Халқымыз еңбекқор. Бірақ, керегімізді сырттан тасимыз. Мен осыған қарсымын. Біз не, беларустерден кембіз бе? Басқадан кембіз бе? Міне, Дүниежүзі сауда ұйымына кіріп отырмыз. Аталған ұйымды сапалы өнімдермен қамтамасыз ету бізге соншалықты қиын ба? Жоқ. Мен олай ойламаймын. Істің көзін тапсақ, жұртты жұмыла жұмыспен қамтамасыз етіп, әр түтінді, әр адамды жайлы, жақсы тұрмысқа жеткізуге болады. Мысалы, Ескелді ауданында қызылша егу арқылы 5 мың адамға жұмыс тауып бердік. Енді Ақсудағы қант зауытын іске қосамыз.

- Сол «Ақсудағы қант зауыты  жұмыс істемейтіндей тозып бітті», - деп біреулер қарадай түңіліп жүр еді ғой.

- Бос сөз. Біздің қазір Казкоммерцбанкпен жасасқан келісіміміз бар. Аталған қант зауыты сақылдап жұмыс жасайтын болады. Ақсу,  Сарқан жағында қызылша алқаптарын көбейтеміз деп отырған себебіміз  - сол.

- Алматы облысы Күн Шығыстағы жан саны көп ҚХР-мен шектеседі. Осы ретте Сіз бен біз Жетісу жұртының табиғи өсіміне де көп көңіл бөлуіміз керек шығар? Дегендей-ақ, өзіңіз Елордадағы өткен брифингте Алматы облысында демографиялық дүмпу бар деп қуанышпен хабарладыңыз. Ендігі әңгімемізді халықтың саны, денсаулығы деген тақырыптарға қарай бұрсақ қалай қарайсыз?

- Иә, демографиялық дүмпу бар.   Бұл сөзімді 2014 жылы Алматы облысында дүниеге келген 500 мыңнан астам нәрестенің туылуы айғақтай алады. Ал, 2015 жылдың күзінде өңірімізде 42 мың бүлдіршін мектепке барды.  Облыста демографиялық көрсеткіштер жақсарды.  1000 адамға есептегендегі  туу көрсеткіші 2014 жылғы 24,9-дан 2015 жылдың  қорытындысы бойынша 25,4-ке жетті. Жалпы табиғи өсім 2015 жылы 18,1-ге жетті. Адамның орта есеппен өмір сүру жасының ұзақтығы 2015 жылы 71,75-ке жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 1,04 жасқа ұзарып отыр (2014 жыл -70,71), ал республикалық көрсеткіш -71,62.

- Осы ретте сізге қатқан бір ресми әрі қалыпты сұрақ қояйын. Денсаулық сақтау сынды тұрақты назарда болатын салалардың жағдайы қалай?  Халық денсаулығын жақсартуда қандай  істер атқарылуда?

- Облысымыздың экономикасы дамыған сайын халқымыздың денсаулығы да жақсарып келеді. «Ел байлығы – дені сау адам» демекші, Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың әр Жолдауында денсаулық саласына өте көп көңіл бөлінуде. 

Алматы облысының 2016,0 мың тұрғынына медициналық көмекті  826 емдеу мекемесі, оның  ішінде  668 – мемлекеттік, 158 – жекеменшік түрде көмек көрсетеді. 668 мемлекеттік мекеменің  81-і аурухана, 236-ы – емхана.

Ауыл  тұрғындарына 45 аурухана, 234 дәрігерлік амбулатория, 105 фельдшерлік-акушерлік  және 234 медициналық пункттер көмек көрсетеді.

2015 жылға денсаулық саласына бөлінген қаражат 67,7 млрд.теңгені құрады. 

Туберкулез ауруымен ауруатындар 100 мың адамға есептегенде   2015 жылы 40,8-ге жетіп, 22,0 пайызға азайды.

2015 жылы 8 мекеменің құрылысы  аяқталды. Жергілікті бюджет есебінен 17 емдеу мекемесін 1,4 млрд.теңгеге күрделі жөндеуден өткіздік.

Жергілікті бюджеттен 1067,4 млн. теңгеге 156 бірлік  медициналық және техникалық құралдар, 148,5 млн. теңгеге 38 санитарлық автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде, облыстың медициналық мекемелері санитарлық автокөлікпен, орташа есеппен 87,0 пайызға қамтамасыз етілді, тозғанын есептегенде медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 78,7 пайызды құрады.

Жергілікті бюджеттен Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында  67,0 млн. теңгеге медико-генетикалық кабинет ашылып, медицина құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Талдықорған медициналық  колледжінде республикалық бюджеттен 46,5 млн. теңгеге жабдықталған симуляциялық орталық жұмыс жасай бастады. 

Облыста 14 телемедицина орталығы, 7 компьютерлік және 1 магнитті-резонанстық томографтар, 19 маммограф жұмыс жасайды. Ақсу, Еңбекшіқазақ, Іле, Көксу және Панфилов аудандарында 5 жылжымалы  медициналық кешен шалғайда жатқан  ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде.

- О, бәрекелді! Сықиған сұраққа есеп-қисапқа толы сықиған  жауап болды. Шалғай елді мекендерде тұратын адамдарға жедел жәрдем, ем-дом қажет болып жатады. Сондай кезде әлгі сіз айтып отырған медициналық көмек түрлері көрестіле ме?

- Көрсетіледі. Республикалық санитарлық авиация орталығының филиалы әуе қатынасы жолымен (2 тікұшақ), облыстық ауруханалар құрамындағы  2 санитарлық авиация бөлімдері шалғайдағы тұрғындарға  шұғыл-жәрдем көмектерін көрсетеді.

- Жола апаттары да осы кездері көбейіп кетті ғой. Сондай қиындыққа ұшыраған адамдар қайтеді?

- Оларға да жедел көмегіміз әзір. Республикалық манызы бар автомобиль жолдары бойында жол апаты  кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін бізде қазір 6 трассалық медициналық пункт жұмыс жасайды. Медициналық пункттер Алакөл, Іле,  Еңбекшіқазақ, Сарқан, Жамбыл аудандарында және Қапшағай қаласында бар.

Талдықорған облыстық перинаталдық орталығы және Алматы көпсалалы клиникалық ауруханалары жанындағы 4 жылжымалы транспорттық бригада облыстың  алғашқы медициналық  емдеу мекемелерінен қатерлі жағдайдағы әйелдер мен балаларды жоғары мамандандырылған емдеу мекемелеріне жедел түрде жеткізу жұмыстарын атқарады.

- Білікті маман-дәрігерлерге деген зәрулік жоқ па?

 - Бүгінгі күні облыста 4506 дәрігер жұмыс жасайды, 10 мың адамға есептегенде дәрігерлермен қамтамасыз етілу – 23,3. Жеке тұлғалар бойынша дәрігерлер тапшылығы 201 адамды құрайды. Осы мәселені шешу үшін біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, сондай-ақ С. Асфендияров атындағы медициналық университетпен үшжақты келісімге қол қойып, келісімге сәйкес облысымызға 5 жыл ішінде осы университеттің 350 түлегін әкеліп емханалар мен ауруханаларға жұмысқа тұрғыздық, оның ішінде 175-і ауылдық денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналасты.  2015 жылы облысымызға аталған оқу орнынан 69 түлек және келді.

Облыс әкімінің Гранты бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында 82 студент оқып жатыр, алғашқы 11 түлек облыстың медициналық ұйымдарында жұмыс істеуде.

- Жөн екен. Ал, енді облысыңызға келіп жатқан жастар қайда тұрып, қалай күнелтуде? Баспана дейтін басты мәселемен қамтамасыз етілген бе ол жастар?

- Облыстың медициналық мекемелеріне жұмысқа келген жас мамандарға 5 жыл ішінде 375 пәтер және 666 жер телімі берілді. Талдықорған қаласында медицина қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үй салынуда.

Сонымен қатар, балабақшаларда жас мамандарға арналып орындар бөлінеді, ауылдық жерлерде және қала типтес кенттерде жұмыс істейтіндердің еңбекақысына 25% үстемеақы беріледі.

- Медицина саласы осы күндері жаңа технологиялармен жетіліп, жедел дамып барады ғой. Сондықтан сіздің облыстың болсын, жалпы республика көлемінде болсын дәрігерлер білімін жетілдіріп отыруы керек шығар? Бұған не дейсіз?

- Дұрыс сұрақ. Бізде медициналық  қызметкерлердің білімін жоғарылату бойынша үлкен жұмыстар  жүргізілуде деп айта аламыз. Жыл сайын 500-ден астам дәрігер ғылыми орталықтарда және білім жетілдіру институттарында өз білімдерін көтереді. Алыс және жақын шетелдердің клиникаларында 50-ден астам дәрігер оқып, диагностикалау әдістерін игерді, операция жасау және әлемдік стандартқа сәйкес заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді де үйренді.

-  Алматы облысында балабақшалар көбейіп жатыр дегенді естиміз. Бұл қаншалықты рас сөз?

- Демографиялық дүмпу дегеннен шығып отырған әңгіме ғой. Соған орай облысымызда балабақашалардың саны артуда. 2015 жылы, яғни бір жылдың көлемінде 94 балабақша салынды. Соның 83-ін жекелеген азаматтар өз қаржыларына тұрғызды. Мен облыс әкімдігіне тағайындалысымен барлық елді-мекендердегі пайдаланудан қалып тұрған нысандардың есебін алып, жергілікті басшыларға қатаң тапсырған болатынмын. Неге десеңіз, ол нысандардың жарамдысын күрделі жөндеулерден өткізіп қайтадан пайдалануға болатындығын бұрынғы құрылысшы ретінде жақсы білемін. Сөйтіп, істен шығып тұрғаны бар, қайтадан жабдықталғаны бар, іргетасы жаңадан құйылып тұрғызылғаны бар – 94 балабақша салыппыз. Аз ба, көп пе – оны жұрт айтсын. Бұнымен тоқтап қалмайтынымызды және ескертемін. Іле ауданының әкімі өткенде: «Бір кәсіпкер 500 орындық балабақша саламын, жер беріңіз» дейді» деп қоңырау шалып тұр. «500 орындық балабақша саламын десе, ойбай, тездетіп сұраған жерін бер» дедім мен. Міне, осылай.

- Аграрлық сектор қай елдің экономикасында болсын стратегиялық маңызды сектор болып табылады. Сіз басқарып отырған облыс сол стратегиялық маңызы зор экономикалық аймаққа жатады. Солай емес пе?

- Әрине, солай. Бұл сұрағаңның астарынан «Солай болса, бүгінгі замандағы дағдарыс кезінде не істеп жатырсыздар?» - деген сұрақты түсініп отырмын. Айтайын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау және азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында жыл бойына әр аптаның сенбі күні Талдықорған қаласының «Жерұйық» коммуналдық базарында және аудан орталықтарында жәрмеңке өткізіліп тұрды. 2015 жылы облыс бойынша 1174 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 2 762,4 млн теңгенің өнімі сатылды.

Оның ішінде: Алматы және Астана қалаларында  222 жәрмеңке өткізіліп 886,8 млн. теңгенің өнімі, аудан орталықтарында 813 жәрмеңке өткізіліп, 966,8 млн. теңгенің өнімі, Талдықорған қаласы «Жерұйық» коммуналдық базарында 44 жәрмеңке өткізіліп, 808,2 млн. теңгенің өнімі, Қапшағай қаласында 48 жәрмеңке өткізіліп, 56,4 млн теңгенің өнімі және Текелі қаласында 47 жәрмеңке өткізіліп, 44,2 млн. теңгенің өнімі сатылды.

-          Жәрмеңкелеріңіз жақсы екен. Бұл айтып отырғаныңыз жалпы Алматы облысы өз халқын, Алматы мен Астана жұртын азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын мүмкіндігі бар дегенді білдірсе керек. Бұның сыртында мал басын көбейту, тұқымын асылдандыру, өнім алу деген мәселелер жетіп-артылады емес пе?

-          Мынаны айтайын. Алматы облысында 2016 жылы сүтті сиырлар сауылатын 5 ферма жұмыс істейтін болады. Ол фермалар бір әулетке немесе бір отбасына ғана беріледі. Себебі бұл фермалар әулеттік топтасу, ұжымдасып басқару сипатында құрылады. Сөйтіп, «пәленбайлар отбасының фермасы» аталып брендке айналуы керек. Әр фермада 100 сүтті сауын сиыр болады. Әлгі фермаларға Қапшағайдан шығатын сэндвичблоктармен қоралар салып береміз. Қоралардың құрылысына қажетті заттардың бәрі өзімізде бар. Қоралардың ауасын алмастырып тұру, тазалық жұмыстары, сиырлардың уақытында егілуі – бәрі-бәрі қазірден ойластырылып қойылған. Сүтті күніне екі-үш рет келіп алып тұратын сүт өнімдерін шығаратын зауыттармен де келісім шарттарымыз дайын.

Мал басын асылдандыру, тұқымын көбейту дегенге келсек, тағы да статистика тіліне жүгінуге тура келеді. Қараңыз:   2010-2015 жылдары аралығында шетелден барлығы – 10,0 мың бас асыл тұқымды ірі қара малы сатып алынды, 17 репродуктор шаруашылық құрылды. Малдың тұқымын түрлендіру үшін 77258 бас аналық қамтылды, бұған асыл тұқымды етті бағыттағы 3311 бас бұқа қосылды және сүтті сиырлардың 73,0% қолдан ұрықтандырылды. Бүгінгі күнге асыл тұқымды ірі қара мал – 158,4 мың бас немесе оның жалпы үлесі 18%, қой – 615,9 мың бас немесе үлесі 22,3%, жылқы – 38,6 мың бас немесе 14,6%, түйе – 3,6 мың бас немесе 47,4%, құс – 631,1 мың бас немесе 7,3%.

-          Амандық Ғаббасұлы, әлем жұрты қаржылық дағдарыс екен деп, геосаяси ахуал күрделеніп бара жатыр екен деп қарап отырған жоқ. Әркім өзінше әрекет етіп тырбануда. Мысалы, Еуропа елдері өздеріндегі туризм бизнесін жаңаша түрлентуде. Көптеген жеңілдік түрлерін жасап, қызмет көрсету сапасын арттыра түсуде. Осы ретпен келгенде, жер жәннаты Жетісу – туризмге де қолайлы аймақ емес пе? Туризм туралы не айтасыз?

-          Алматы облысының туристік әлеуеті бай және алуан түрлі. Облыс аумағында 5 мемлекеттік ұлттық табиғи парк: «Іле Алатауы», «Алтынемел», «Шарын», «Көлсай көлдері», «Жоңғар Алатауы»; 2 мемлекеттік табиғи қорық: «Алматы», «Алакөл» табиғи қорықтары; Жамбыл ауданында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы бар. Мониторинг мәліметтері бойынша 2015 жылғы 11 айда 26 туристік нысан қолданысқа енгізілілді және жекелеген инвестицияның жалпы сомасы                       6,1 млрд.теңгені құрады, оның ішінде Алакөл жағалауында жалпы инвестиция көлемі 594,2 млн.тг. болған. 10 туристік нысан іске қосылды. Қазіргі таңда Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауында 120-дан аса орналастыру нысандары жұмыс жасайды.

-          Алакөл демекші, жазда Алакөлдің шипалы суына жетіп, шомылу бізде қиынның қиыны ғой.

-          Сол қиындықты жеңілдету үшін мен  «Алматы-Жетіген-Достық» қатынасындағы жолаушыларға арналған жаңа маусымдық пойызына «Жетіген-Достық» бағытындағы жергілікті бюджет есебінен субсидия бергізіп, Алакөл көлінің жағалауындағы демалушылардың саны 2015 жылғы маусым-тамыз  айларында130 мың адамға дейін жеткізуге пәрмен жасадым. Енді Алакөлге демалушылар еліміздің батыс өңірлерінен, өнеркәсіпті облыстардан келетін болады. Қалай дейсің ғой?   Алакөл көлінің жағалауына демалушыларды әуе көлігі арқылы  жеткізу үшін Қорғаныс Министрі Иманғали Нұрғалиұлымен келісімге қол жеткіздім. Имекең  Үшарал қаласындағы әскери аэродромның қасынан азаматтық авиацияға орын беретін болды. Қысқасы, 1 млрд теңгенің көлемінде Үшарал қаласында әуежай салынады. Бұл әуежай азаматтық авиция қызметіне арналмақ. Демек, демалушылар енді жол азабын тартып, шаршап шалдықпай-ақ Алакөлге ұшып келе береді. 

-          Алакөлді айтқанда оның сыңары Балқаш көлін, сірә, ұмытпау керек-ау... Соңғы жылдары «Балқаштың суы азайып барады» деген дабыл естіле бастады. Балқаш тартылса сұмдық қой?..

-          Балқашқа барып құятын өзендер жолда ысырап болуда. Бұл мәселенің де шешімін тапқандаймыз. Облыстың табиғатты қорғау шараларына сәйкес Балқаш көлінің экологиялық жағдайы мен суармалы жерлерге су жеткізуді жақсарту үшін каналдар арналарын механикалық тазалау, Іле және Қаратал өзендерінің арналарын тереңдету мен кеңейту жұмыстарын жүргіздік.

Балқаш ауданы бойынша : Іле өзенінің су деңгейінің төмендеуіне байланысты, күріш алқаптарына су беруді жақсарту үшін 32,9 млн. теңгеге Бақанас магистралды каналын және 31,9 млн. теңгеге Тасмұрын магистралды каналын механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Іле өзенінің тармақтарын механикалық тазалау жұмыстарына 2014 жылы 90,2 млн. теңге бөлініп, «Ақөзек» тармағында 233360 м3 және «Мырзаш» магистралды каналында 63189 м3 аумақ тазаланды. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес 2015 жылы Балқаш ауданындағы Іле өзенінің тармақтарын механикалық тазалауға 81,6 млн. теңге бөлінді. Істелген жұмыстар көлемі: «Топар-2» тармағында 9255 м3, «Топар-1» тармағында 7815 м3, «Кертөбел» тармағында 17731 м3, «Балатопар» тармағында 366424 м3, «Мықтыбай» тармағында 9313 м3. Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде Іле мен Қаратал өзендернің су өткізу мүмкіндігі артып, ауыл шаруашылығына су беру, балық миграциясының жағдайлары жақсарды. Өзен сағаларының жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің өсуі байқалды.

-          Әбеке, сұхбат барысынан байқап отырмын, мен қандай да бір мәселенің шетін шығарып сұрақ қойсам сіз оның шешімі табылғанын, табылып жатқанын, табыла беретіндігін айтып отырсыз...

-          Өйткені мен өз ісіме сенемін. Егер айтқанымның бірі өтірік болса, артық ақпар, жалған мәлімет болса, елден сұраңыз. «Ел құлағы - елу» дегендей, елдің көзі көреген ғой. Не істеп, не қойғаныңды елі іші қалт жібермей бағып, көріп отырады.

-          Ендеше, түйінді сұрақ: дағдарыстан қалай шығамыз?

-          Шығамыз. Елбасы бізді алып шығады. Саспаңдар. Ал мен Алматы облысының әкімі ретінде дағдарыс жағдайындағы өз міндетімді, өз ролімді жақсы білемін.

Сұхбаттасқан Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371