Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 6315 0 пікір 28 Желтоқсан, 2015 сағат 15:27

РЕСЕЙДІҢ КЕСІРІНЕН ҚАЗАҚСТАН ШЫҒЫНҒА БАТЫП ОТЫР

Жуырда Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс дендеген қысылтаяң кезеңде тығырықтан шығудың нақты жолдарын қарастыру туралы сөз еткен болатын. Бұл туралы «Қағанат» сайты жазған (http://kaganat.kg/?p=37577&lang=ru).

Қазіргі экономикалық дағдарыстың негізгі себептерін сөз еткен Елбасы Мәсімов Үкіметінің мүшелеріне нақты жоспарды әзірлеуді тапсырған. Әрине, Мемлекет басшысының қатулы қабағынан қаймыққан ақ жағалылар бұл жолы дағдарыстың себептерін түсіндіруге тырысқанымен, талқының түйін сөзі Елбасының аузынан естілді. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның экономикасы біршама шығынға батқанын да жасырмады. Бұның артында елдің сыртқы саяси ұстанымдары мен Ресей ұстанып отырған қазіргі саясаттың да ықпалы бар еді.

Елбасының айтуынша, Қазақстан нарығының әлсіреуіне Батыс елдерінің Ресейге қарсы қойған санкциялары ғана емес, Ресей рубльі бағамының құлдырауы да ықпал еткен.

Айта кетейік, Ресей орталық банкінің ізін шала, Қазақстаның Ұлттық банкі мен ҚР Үкіметі  теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімге келген. Көріп отырғанымыздай, бұның соңы инфлияциялық шығынға әкеп соқтырды.

Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Біз дағдарыстың болатынын білдік. Бірақ, қаншалықты ауыр болатынын білмедік. Біздің негізгі экспорттарымыз – мұнай, газ, металдар құнсыз болып қалды. Оның үстіне Ресейге салынған санкциялар мен рублдің құнсыздануы және Қытай биржасындағы өзгерістер біздің экономикамызға әсер етуде», деп еді.

Түйін: ЕАЭО-ға мүше болғанда жоғары биліктегі көкелердің бірсыпырасы бөріктерін аспанға атып қуанып еді. Бүгінгі әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың әсерінен аймақтық бірлес­тіктің озық үлгісі саналатын Еуроодаққа еліктеген ел басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құрды.  Бұл Уыста ұстаудың уы қайтып, уыты кетпеген Путиндік Ресейдің КСРО-ны қайтып құрсам деген құйтырқы амалы деген пікірлер аз айтылмады.

Жә, ескі һәм жаңа одақтасымыз әлемге арқасын беріп, соның тиісінше қаһарына іліккені тағы рас. АҚШ пен Батыс елдері бірінен соң бірі Ресейге санкциялар салуда. Ресей Президенті Путиннің кесірлі саясаты онымен одақтас елдердің экономикасы мен геосаясатына да кері әсер етуде. ЕАЭО салдарынан ұлттық экономикамыз дефолтқа айналудың аз-ақ, алдында тұр. Теңгеміздің құны тиын болды.

Ресей ықпалынан шыға алмауымыздың ақыры – неконсерватизмге, яғни бұрынғы  отаршы елдердің  тәуелсіздігін  алған  мемлекеттерді  экономикалық, саяси, әскери, мәдени, идеологиялық  және  т.с.с. өз  ықпалында  ұстау, ісіне  араласу, қысым  жасау  саясатына әкеліп соқтырмаса игі еді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320