Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5158 0 пікір 24 Желтоқсан, 2015 сағат 11:58

БІЗДІ РЕСЕЙДЕН ЕШКІМ АЛЫСТАТА АЛМАЙДЫ

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанды Ресейден біреулер алыстата алады деп ойлау қате екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы «Қазақстан жаңалықтарына» сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның бүгінгі ұстанымы «барлығына ұтымды» философиясына сай көрінеді. Ерлан Ыдырысов мырза барлық қатысушылардың мүдделеріндегі алшақтыққа қарамастан Еуразия және Орталық Азия алаңы мүдделер үйлесімін қамтамасыз ете алады деп санайды. Оның ойынша, әр елдің өзінің айтарлықтай артықшылықтары бар.

«Ешкім Қазақстанның ең үлкен көршіміз Ресейге жақындығын жоққа шығара алмайды. Бізді тарих, демография мен мәдениет біріктіреді. Сондықтан, бізді Ресейден біреулер алшақтата алады деп ойлау қателік болады» деді министр сәрсенбі бүгін өткізген баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр Орталық Азия экономикасын қолдау ресурстарына ие Қытайдың да экономикалық потенциалын жоққа шығару мүмкін емес деп санайды. Е. Ыдырысов мырза АҚШ пен Еуропа елдерінің де техногиялық потенциалына тиісті баға беру керек деген пікірде.

«Үшіншіден, ешкім Батыстың – АҚШ пен Еуропаның жоғары технологиялық потенциалына дау айта алмайды. Оларда озық технологиялар, тәжірибелер мен кең тараған бизнес-стандарттар бар», - дейді ол.

 Елдің мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға тиіс Сырты істер министрінің бұл мәлімдемесі қазақстандық мүддеден гөрі, солтүстік көршінің көңілін табуды ғана мақсат еткен қулыққа көп ұқсайды. Олай дейтініміз, Ресейге қатысты мәселелерде қазақстандық билік үнемі қоғамдық пікірден алшақ ұстанымын танытып келеді. Ресейлік Су-24 ұшағын түркиялық әскерилер өз аспанында атып құлатқанда да сыртқы саясат саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия билігін ашық айыптап, Ресейді қолдайтын пікір білдірді.

Бұған дейін ресейлік ақпарат құралдары Еуразиялық Одақ елдері ортақ валютаға көшуі керек деген ұсынысты кеңінен насихаттағанда да Қазақстанның сыртқы істер ведомствосы бұл мәселеге қатысты ел билігінің нақты ұстанымын жеткізе алмады. «Ортақ валютаға көшу күн тәртібінде тұрған жоқ» деген дүдамал пікір бар болғаны Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Дәурен Абаевтың аузымен айтылды.

Ресей мен Түркия шиеленісі салдарынан қазақстандық жүк көліктері Ресей шекарасынан өте алмай тұрып қалғанда да қазақстандық дипломаттар мәселені халықаралық қатынастар талаптарына сай шешуге араласпады. Қазақ кәсіпкерлерінің мүддесін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана қорғап шығып, Түркиядан тасылатын тауарларды елге Ресейді айналып өтетін бағыттар бойынша жеткізуге шақырды. Санамалай берсе, мұндай мысалдар жетіп артылады.

Ерлан Ыдырысов мырза «Ресей мен Қазақстанды ортақ тарих пен мәдениет байланыстырады» деген жаттанды ұранмен қарама-қайшылықтарды бүркемелей салғысы келеді. Әйтпесе, тарихты қозғасақ Ресей тарапынан қазақтарға жасалған қысым мен қорлықтың неше атасын табасыз. Ал, енді Қытайдың экономикалық потенциялы мен батыстың озық технологияларына «мән бере» сөйлеуін Қазақстан билігінің «көп векторлы саясат» деп ат қойып, айдар таққан саяси құйтырқылығына тән кезекті арзан қулық демеске шара жоқ.

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371