Айдос Сарым: «Жас ұлтшылдар Алашшыл, Абайшыл болуы керек»
Оқырманның көзайымына айналған «Қазақ альманағының» кезекті саны жарық көрді. Альманахтың бұл жолы да өзіндік ұлттық, интеллектулдық болмыс-бағытынан айнымағаны қуантады. «Қазақ альманағының» бұл санында қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалаушы, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның, белгілі саясаткер Марат Тәжиннің, жазушы-публицист Марат Қабанбайдың мемлекет, ұлт, қоғам турасындағы толғаныстары берілген.
Төменде біз А.Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарымның «Қазақ альманағына» берген «Жас ұлтшылдар Алашшыл, Абайшыл болуы керек» атты сұхбатын ұсынуды жөн көрдік.
Қазақ альманағы: Әңгімемізді ыстық-суығы басылмай тұрған Қырғызстан оқиғасынан бастасақ. Саясаттанушы ретінде айтыңызшы, сәуірде болған Қырғызстандағы дүрбелең шынайы төңкеріс пе, әлде әлдебір топтың билікті күшпен басып алуы ма?
Оқырманның көзайымына айналған «Қазақ альманағының» кезекті саны жарық көрді. Альманахтың бұл жолы да өзіндік ұлттық, интеллектулдық болмыс-бағытынан айнымағаны қуантады. «Қазақ альманағының» бұл санында қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалаушы, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның, белгілі саясаткер Марат Тәжиннің, жазушы-публицист Марат Қабанбайдың мемлекет, ұлт, қоғам турасындағы толғаныстары берілген.
Төменде біз А.Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарымның «Қазақ альманағына» берген «Жас ұлтшылдар Алашшыл, Абайшыл болуы керек» атты сұхбатын ұсынуды жөн көрдік.
Қазақ альманағы: Әңгімемізді ыстық-суығы басылмай тұрған Қырғызстан оқиғасынан бастасақ. Саясаттанушы ретінде айтыңызшы, сәуірде болған Қырғызстандағы дүрбелең шынайы төңкеріс пе, әлде әлдебір топтың билікті күшпен басып алуы ма?
Айдос Сарым: Баяғыда Қытай басшысы Дэн Сяопин Францияға іссапармен барған екен. Алғашқы сапары болуы керек, баспасөз мәслихатында француздың бір қыңырлау журналисті "Сіз Ұлы Француз революциясының нәтижелері туралы қай пікірдесіз?" деп сауал қойған екен. Сонда Қытайдың қарт саясаткері: "Оның нәтижелері туралы сөз қылу үшін тым аз уақыт өтті" депті мүдірместен. Сол сияқты бауырлас елдегі жағдай туралы, оның барысы мен нәтижесі туралы нақты әңгіме айту үшін белгілі бір уақыт өтуі керек шығар. Алайда, дәл бүгінгі күні қалыптасқан жағдай, оған алып келген себептер мен салдар туралы белгілі бір қорытындылар мен түйіндер жасауға әбден болатын сияқты.
Біріншіден. Биліктің өктемдігі мен халықтың шыдамының шегі болады. Егер оппозицияның жемқорлық пен былыққа батқан биліктен еш айырмасы болмаса, одан өткен сорақылыққа барса, жаңа биліктің болашағы бұлыңғыр. Кезінде көшенің көмегімен билік басына жеткен Құрманбек Бакиев үкіметі Орталық Азиядағы авторитарлық режимдердің жиырма жылда өткен жолын небары төрт жылдың ішінде экстернмен өтіп шықты. Оймақтай елдің оймақтай экономикасын түгелдей өз жанұясына қаратып алды. Оның үстіне елдегі саяси элитаның сөзінен гөрі көлдеңкелі экономиканы билеп-төстеген қылмыстық топтарға арқа сүйеді. Бакиевтің туған-туыстары тікелей қылмысқа барып, саясаткерлер мен бизнесмендерге қысымның көкесін көрсетіп, оларды қырып-жоюдан тайынбады. Оның қасында елден айдалған Асқар Ақаев айналайын болып қалды. Бұдан артық "2005 жылғы революцияны" масқаралау, оның нәтижесін жоққа шығару мүмкін бе?
Екіншіден. Кез-келген режим өзінің билігін тұрақтандырып алған бойдан, қоғамды алдыға апаратын, елдің болашағы мен тұтастығын қамтамасыз ететін саяси және қоғамдық институттарды күшейтуі қажет. Қарап отырсақ, Орта Азиядағы мемлекеттерде жұмыс істеп отырған саяси және қоғамдық институттар жоқ. Сайып келгенде билік пирамидасы бір адамға, бір институтқа ғана негізделіп қаланған. Қырғызстанның көрші елдерден айырмашылығы біреу - онда да бір ғана институт жұмыс істеп отыр. Ол - айдағанның артынан жүретін, көңілі күніне қырық рет өзгеретін көше. Көшенің өктемдігі, көшенің барлық ресми, заңды институттарды сыпырып тастап, бүткіл билікті өз қолына алуы жаман дәстүрге айналып барады. Көпшіліктің билігі мен көшенің билігі арасындағы айырмашалық жер мен көктей екені анық. Бұл барып тұрған охлократия. Әрине, олигархатрдың билігі де жетісіп отырған жоқ. Алайда, жөні түзу қоғам қашан да ат төбеліндей олигархтарды ауыздықтай алады. Ал миллиондар қатысқан, қахарына мінген, билігіне сеніп, еркіндігінің шегін көрмеген озбыр стихияны кім ауыздықтайды? Басқа мемлекеттің агрессиясы ма? Әлде азаматтық соғыс па? Сондықтан әрбір зиялы қоғам миллиондардың талабы мен миллионерлерлердің амбицияларын сәйкестендіріп, сыйыстырып, біріне-бірін тәуелді, бағынышты, бірімен-бірі санасатындай етуі керек.
Үшіншіден. Авторитарлық режимнің құлауы елдегі кейде жылдар, кейде ғасырлар бойы жиналған, қордаланған мәселелердің автоматты түрде шешілуіне алып келмейді. Билік ауысса болды, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды" деп санау сауатсыздық. Керісінше, азаматтық қоғамы бекімеген, бірде-бір институты дұрыс жұмыс істемейтін елдегі авторитарлық биліктің ауысуы бұрын-соңды болмаған қиындықтарға алып келуі ықтимал. Билікке жаңа келген үкімет, әсіресе, Қырғызстандағыдай екінші рет заңсыз жолмен келген үкімет, қоғамды алдыға сүйреудің орнына "өрт сөндірушілер командасының" рөлін атқарумен әлек болады. Ондай үкімет халықтың қолдауына ие бола алмайды, себебі авторитарлық режимнің қателіктерін жөндеу үшін көпшіліктің көңілінен шықпайтын, кейінге қалдырылған шешімдерді қабылдауға мәжбүр болады. Олай болса озбыр көше оны да төңкеріп тастауы ғажап емес. Бұндай жағдайда ел экономикасы құлдырап, халықтың әл-ауқаты төмендейді. Елдің бизнес және инвестициялық ахуалы күрт нашарлайды, бизнес елді дамытумен емес, елден қашумен айналысады. Наразы көпшілік популистік ұрандарға сеніп, парасаттылардың емес, парықсыздардың соңына ереді. Бұның салдары сан-алуан болуы мүмкін: азаматтық соғыс, этникалық азшылықтарды қыру, діни экстремизм, елдің қылмыстық анклавтарға бөлінуі, тіпті мемлекеттің бірнешеге бөлініп, тәуелсіз ел ретінде жойылуы. Дәл осы сценарийлердің барлығы Қырғыз елінде орын алуы әбден мүмкін. Күндердің күндерінде бәрінен шаршаған, бәрінен жалыққан бұқара нағыз диктаторды сайлап, тоталитаризмнің адам көрмеген үлгісін орнатпасына кем кепіл?
Қазақ альманағы: Қырғыз оқиғасынан посткеңестік елдердің саяси элитасы үрке қарап отыр. Сіздіңше, Қырғыз оқиғасы ТМД елдерінің, соның ішінде Орта Азияның саяси режиміне қаншалық ықпал-әсер тигізуі мүмкін? Еліміздің бірқатар сарапшылары көрші елдегі жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін емес деп отыр. Дегенмен бұрынғы КСРО аумағында соңғы он жылдықта болып жатқан түрлі саяси оқиғалар алдағы күндері осы кеңістікте түбегейлі саяси өзгерістер мен үлкен әлеуметтік толқуларға ұласуы мүмкін бе? Әрине, бізді әуелі Қазақстандағы мысал көбірек қызықтырады.
Айдос Сарым: Менің пікірімше, бүгінгі Қырғызстанда қалыптасқан жағдай Қазақстан мемлекеті үшін, оның билігі мен элитасы үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда біздер ондағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани ахуалды мықтап зерттеуіміз қажет-ақ. Ең бастысы, ондағы керіағар, негативті үдерістердің өз елімізде қайталанбауына жол бермеуіміз керек. Өз басым, Қырғызстандағы жағдай сол күйінде Қазақстанда не болмаса аймақтың басқа мемлекеттерінде қайталанады дегенге сенбеймін. Әр елдің өз халқы, өз менталитеті, өз тағдыры бар. Кезінде азаматтық соғыстың қиямет-қайымын кеңінен көрген Тәжікстанға, бүгінгі күні азаматтық соғыс пен тұтастығынан, мемлекеттігінен айрылайын деп отырған Қырғыстанға қарап біз ең алдымен өз болашағымызды ойлауымыз абзал. Өз ішіміздегі "Қырғыздар жасасын! Солардың тіршілігін біз жасауымыз керек! Кімнен кембіз?" деген жалпылама, жалпақ ұрандардан аулақ болайық. Оларды айтпас бұрын мәселенің мән-жайына, тереңіне барып алайық. Әрине, бұл бүгінгі биліктің қателіктері мен шенеуніктердің қылмысына кешірімдікпен, төзімдікпен қарау, бәріне төзу, шыдау керек деген сөз емес. Біз ең алдымен өзіміз үшін тәуелсіз мемлекетіміз бен демократияның не екенін, олардың әрқайсысының құны, бағасы туралы қолайсыз, қытығымызға тиетін сұрақтарды қойып, соларға жауап іздегеніміз жөн. Бәлкім, бұл осы ғасырдағы қазақ алдында тұрған ең күрделі сұрақ, ең даулы дилемма болар. Сол сұрақтарға қоғам, ел болып жауап таппай, постотарлық, посттоталитарлық бейуақта талтайып тұра беретін сияқты көрінеді маған.
Ал Қырғызстандағы жағдайдың аймақтағы елдерге тигізер әсеріне келсек, онда да ондаған сценарийлер орын алуы ықтимал. Мысалы, Қырғызстанда ашынған халық айналасынан жау іздеп, "бәріне кінәлі - өзбек (орыс, қазақ, ұйғыр)" деп тапса не болады? Ош облысында тұратын өзбектермен қырқысып жатса, ағайынды қорғаймыз деп Өзбекстан ол жаққа өз әскерін кіргізіп, басып алса не болады? Немесе оңтүстік пен солтүстік болып бөлініп, бір емес, екі қырғыз мемлекеті болса не болады? Орта Азия аймағы өте күрделі, бірімен бірі тығыз байланыста тұрған аймақ. Атышулы су мәселесін айталық. Шекарамызды жаптыңдар деп қырғыз бауырлар су қоймаларын тарс еткізіп жауып тастап, біздің оңтүстігіміздегі жерлерді судан айырып тастады. Ал көрші елдің іші бүлініп, бөлінген жағдайда не болады? Сол су қоймаларын террористер жарып жіберсе ше? Түбінде мүддемізді қорғаймыз деп біздер сол жаққа өз әскерімізді кіргізіп жатсақ не болмақ? Израиль мен Ливан далада қалып жүрмесін! Ондай жағдайда ол жаққа аймақтағы содырлар мен діни экстремистердің барлығы дерлік жиналмасына кім кепіл? Қасымыздан екінші Ауғанстан ашылды деген сөз емес пе? Бүкіл аймақ жарылды деген сөз ғой бұл! Сонда түркі бірлігі қайда қалмақ? Елдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайы не болмақ? Көріп отырсыз, күмәні мен күдігі мол мәселе. Сондықтан да болар аймақтағы барлық елдер, олардың саяси элиталары, зиялы қауымдары Қырғыз еліндегі жағдайдың сабасына түсіп, саяси ахуалдың тұрақты, болжауға келетін жағдайға түсуіне мүдделі болуы керек. Әсіресе қазақ билігі, қазақтың зиялы қауымы ерекше ынта, айрықша жігер, қажет болса төтенше белсенділік танытуы тиіс. Қажет болса қазақтың бар зиялы қауымы жиналып, қырғыз бауырларға үндеу қабылдап, сол елдің зиялы қауымымен белсенді жұмыс істегені дұрыс.
Қазақ альманағы: Енді елге оралсақ, соңғы кездері елімізде оппозициядан гөрі ұлтшылдардың белсенділігі мен пәрменділігі күшейіп келеді. Қалай ойлайсыз, бұл ұлттық рух пен саяси сананың қайта оянуы ма? Әлде «Шахановтар факторы ма?»
Айдос Сарым: Бәрі де бар сияқты. Менің түсінігімде, бүгінгі таңда қазақ ұлттық мемлекетін құру жолындағы ұлттық күрестің екінші кезеңі басталып келе жатқан сияқты. Тарихтан жақсы білеміз, кезінде қазақ халқы кеңестік империяға қарсы 1986 жылы алғашқы болып бас көтерді. Артынан қазақ жастары, қазақтың зиялы қауымы жаппай қуғын-сүргінге ұшырады, қудалауды басынан өткізді. Бұл жайттар халықтың қаны мен сүйегіне сіңіп кеткен тоталитарлық атавизмдерді, сталиндік кезеінен қалған үрей мен қорқыныштарды оятып жіберді. Сондықтан да болар, Кеңес империясы құлаған кезде әбден әлсіреген коммунистік партияның қолынан билікті жұлып алар көпшілік қолдаған ұлт-азаттық қозғалыс қалыптасып үлгермеді. Басқа республикаларда ұлттық ұйымдар бас көтеріп, миллиондаған, мыңдаған адамдарды көтеріп, өз биліктерін тәуелсіздікті жариялауға үндеп жатқанда, біздегі ахуал мүлде өзгеше болды. Оған еліміздегі қазақтың аздығы, жалпы ортаазиялық менталитет те әсер еткен болар. Қысқасы, ұлтшылдардың сөзінен гөрі кешегі коммунистік элиталардың сөзі өтімді болды, дәурені жүрді. Бұл элиталар тәуелсіздік пен азаттық үшін күрескені шамалы. Алайда, көпшіліктің талабына сәйкестеніп, Кеңес одағының ыдырауынан өздерінің жеңетініне көзі жеткен соң ғана Орта Азия елдері көштің соңына қалып, өз тәуелсіздіктерін жариялағаны айқын. Бұл елдердегі ұлтшыл топтың өкілдерінің біразы билікке шақырылып, жаңа мемлекеттікті қалыптастыруға ат салысты. Қалғандарыамалсыз билікке оппозиция деңгейінде қалып, жылдан-жылға маргианалдана түсті.
Сонымен, қалай болса да, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Осыған орай жаңа мемлекеттігін құру жолында көптеген шаруалар атқарылды. Осы кезде қазақ ұлтшылдары "жаңа мемлекетке кедергі етпейік, айналып келгенде өз елімізде өмір сүріп жатырмыз" деген ойда жүрді. Жаңа нарықтық экономика кезеңінде аман қалу, күн көрі, нан табу мәселесі де оңай болмады. Белгілі бір дәрежедегі эйфория, жайбарақаттану да орын алғаны жасырын емес. Сондықтан да болар, негізінен гуманитарлық интеллигенция қатарынан шыққан ұлттық ұйымдар, ұлтшылдар негізінен өздеріне етене жақын руханият, тіл мәселесі төңірегіне ғана шоғырланып қалды. Есесіне жаңа бағыттағы, жаңа заманға лайықты бағыттардың барлығы түгелдей биліктің "қарауына" өтіп кетті. Жаңа нарықтық экономика, жер, су, өнеркәсіп, бизнес, қаржы жүйесі, жерасты байлығын игеру мәселелері билік еншісінде қалды. 1990-шы жылдардың ұлтшылдары тек ішкі саясаттың тілдік-терминологиялық, ономастикалық, топонимикалық, тарихи мәселелерімен айналысты. Оның да нәтижелері болғаны сөзсіз. Есесіне мемлекеттік басқару жүйесі, партиялық жүйе, жергілікті өзін-өзі басқару, сот жүйесі сияқты маңызды бағыттар сырт қалды. Парламенттің бір емес екі таратылуы, жаңа конституцияның қабылдануы ұлтшылдардың саяси ұрандары мен белсенділігінің аясын мүлде тарылтып жіберді. Қажет кезінде билік ұлтшылдарды өз мүддесі үшін пайдаланып қойып, қалған кездері орыстілділерді, Ресейді қорқытып-үркітетін құбыжық күш ретінде, қайсібірін мұражай экспонаты ретінде ұстап келді. Болашақта куәгерлер ашығын айтып, мұрағаттар ашылғаннан кейін біздер талай адамның осы үдерістердегі атқарған рөлі мен ойындары туралы хабардар болғанда талай таң қалатын болармыз.
Уақыт өте берді. Экономикалық ахуал түзеле бастады. Қазақтың саны өсті. Жиырма жылда тоталитарлык, отарлық езгіні көрмеген жаңа тәуелсіз ұрпақ келді. Күнделікті күйбең тіршіліктен кішкене болса да басын көтерген халық жан-жағына, айналасына қарай бастады. Сондағы көргені, түсінгені не болды? Ұлттық мемлекеттігіміз қайда? Тіл, рух, тарих мәселесі қайда? Ақпараттық қауіпсіздігіміз қайда? Неге Ресейге жалтақтай береміз осы? Санымыз өскенімен, сапамыз сол күйде ғой деген сұрақтар борады. Айналып келгенде, "Тәуелсіздік бізге не берді?" деген ауыр сұрақ әрбір ойлы қазақ азаматын мазалай бастады. Осы ізденіс ұлттық тақырып пен ұлтшылдарға халық ішінде жаңа сұраныс туғызды. Өткен жылдан бері "қазақ мәселесінің" күн тәртібінен түспей қоюы осыдан. Мойындау керек, осындай үдерістердің басында Мұхтар Шаханов сияқты елге кеңінен танымал, халық сүйетін азаматтардың болуы да өзінің оң әсерін тигізді. Мысалы, өткен жылы Шаханов ағамыз Доктринаға қарсы аштық жариялаймыз дегенде халық елең ете қалды, орнынан атып түрегелді. Билік оны көрді, әрекет ете бастады. Ал кеше ғана Жасарал Қуанышәлиндер аштық жариялағанда қазақ та, билік те селк етпеді. Неге? Яғни жеке тұлғалардың, азаматтардың саяси үдерістердегі рөлі бар деген сөз.
Мұхтар ағамыз бастаған "Тәуелсіздікті қорғау" қозғалысы енді ғана бекіп, ұйымдастыру мәселелелерін шешіп келеді. Жақында ғана жалпы жиын болып, онда қозғалысты құрудың жолдарын, қозғалыстың жарғысын талқыладық. Менің түсінігімде, Мұхаң елімідегі кез-келген партиямен тең тұлға. Халқымыздың асыл азаматы, сүйікті ұлы. Ол ағамыздың беделін, оған деген халықтың ілтипатын біздер билікті ұлт мәселесіне қарату үшін дұрыс пайдалануымыз қажет. Олай болатын болса, Мұхаң бастаған қозғалыс ұлттық ұйымдарды, жастар ұйымдарын, зиялы қауымды біріктіріп отыратын "аға ұйымға", "арбитр ұйымға" айналуы тиіс. Оның қасынан талай ұйымдар, қорлар, қоғамдық бірлестіктер құрыла берсін, қанат жайсын. Бірақ, "Тәуелсіздікті қорғау" дер кезінде ұлтқа да, билікке де, партияларға да бағдар беріп, жөнін айтып отыратын, бірлесіп жұмыс істеу, әрекет ету дәстүрін қалыптастыратын ұлтзиялы қауым ордасына айналуы тиіс. Егер бірігіп жұмыс істеу дәстүрі пайда болса, ол ерте ме, кеш пе институтқа айналады. Бүгін биліктен басқа қоғамға сөзі өтер институт жоқ. Ондай институттарды дамытуға биліктің құлқы да жоқ сияқты болып елестейді. Олай болатын болса, кем дегенде бір беделді ұлттық, қоғамдық институтты дүниеге әкелу біздің парызымыз. Әрине, осындай қисынды қабылдағысы келмейтін, өз басына төбе, өз айналасына көсем болғысы келіп жүргендер де аз емес. Бірақ олардың уақыты әлдеқайда өтіп кеткен. Жалғыздың үні шықпас дейді қазақ. Олар бірдеңе депті, олар ренжіп жатыр екен деп ұлттың көшін тоқтатып қоятын уақытымыз жоқ. Саясаттың жапан даласында жалғыз қалам деушілерге артық сөз айтып, солардың лаңы мен айқайына назар аударудың қажеті шамалы. Ол да саяси таңдау шығар. Оған да түсіністікпен қарайық.
Қазақ альманағы: Жақында қазақ құрылтайы өтті. Бұл турасында қым-қиғаш пікірлер айтылуда. Алдымызда дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы мен қазақ журналистерінің халықаралық бірінші форумы келе жатыр. Осындай «қазақ» атын жамылған жиындардан не күтесіз?
Айдос Сарым: Бұл туралы ойларымды құрылтайдың өзінде ашық айтқан болатынмын. О бастан оны ұйымдастырушыларға дәл осылай асығып, апыл-ғұпыл шара өткізудің не қажеті бар деп бірнеше рет айтқан болатынмын. Одан да тағы бірер ай дайындалып, азаматтардың пікірін жинап, қаңтарда ұлтшылдар ұсынған тұжырымдама деңгейіндегі бурнеше құжаттарды жасап шығайық. Алдағы уақытта парламент және президент сайлаулары келе жатыр. Соларға қатысты қазақ жұртшылығының мұң-мұқтажын ашатын, сайлаудан үмітті партияларға бағыт беретін "қазақ манифесті", "қазақ петициясы" сияқты дүниелерді жасау керек деген ойымды осыдан бес-алты ай бұрын құрылтайды ұйымдастыру тобының жиынында да айтқанмын. Өкінішке орай, оның бірі де болмады. Жасалған баяндамалар мен қарарлар ағымдағы мақалалар мен сұхбаттардың деңгейінен аспайтын, мазмұнсыз, таяз болып шықты. Сонда бірнеше жыл бойы айтылып келген құрылтайдың мақсаты не болды? Егер мақсаты облыстардан халықты жинап, күнделікті күйбең тіршілікке қатысты әңгімелерді ғана айтып, бірімізбен біріміз айтысып, бір-бірімізді кекетіп-мұқату болған болса, онда, сөзсіз, құрылтай өз мақсатына жетті. Ал егер мақсат болашаққа бағыт беретін, қазақ ұлттық қозғалысының ертеңіне бағдар болатын құрылтай өткізу болса, онда бұл алқалы жиын өз мақсатына жеткен де, жақындаған да жоқ. Айналып келгенде, өзімізді-өзіміз мазақтағандай болдық. Сонда осы түрімізбен "халықты көтереміз", "билікті қиратамыз", "бизнесті өзімізге қаратамыз" десек, онда барлығымызды да электр тоғымен не Жаңақорғанның балшығымен емдеу керек. Құрылтайдан бір түсінгенім: қазаққа жаңа ұлтшылдар мен жаңа ұлтшыл ұйымдар керек екен. Жиырма жылда кем дегенде бір буынның ауысатын кезі келді. Кетбұғының жорығынан бері келе жатқан "сардарларымызбен" бітіретін шаруамыз шамалы.
Құрылтайға, пайымдауымша, тереңдік пен шынайылық жетпеген сияқты. Мәселе қатты сөз айтып, жалынды ұран тастауда емес. Ол жағынан жиырма жылда қазекең екіжүзжылдық жоспарын уақытынан бұрын атқарып тастаған халық. Шамалауымша, құрылтайда ең алдымен қазақ ұлтшылдары деген кімдер? Олардың басқа саяси күштер мен биліктен айырмашылығы неде? Жаңағылармен қайтсе, қайткен күнде бірігіп жұмыс істеуге болады деген сұрақтарға жауап берілуі тиіс еді.
Екіншіден, қазақ ұлттық қозғалысының бүгінгі күйі мен тіршілігіне адал баға беріліп, оның болашақта атқарар істері, стратегиясы мен тактикасы туралы шынайы әңгіме айтылуы жөн еді. Осы кезге дейін қалыптасқан "ұлт патриоттары", "ұлтшылдар" дегеннің барлығы сайқымазақтар, қолынан айқай-шудан басқа ештеңе келмейтін маргиналдар деген жалған атақтан қалай құтыламыз? Билік пен арнайы қызметтер көрсетіп берген "сара жолдан", "сценарийлік рөлдерден" қалай шығамыз? Осындай кейіпте жүргеніміз үшін кім кінәлі? Басымыз неге бірікпейді? Неге бір ұйым құрыла қалса болды, қасынан қырық ұйым болып шыға келеміз? Осындай сұрақтарға жауап іздеуіміз қажет еді.
Үшіншіден, бүгін ұлттық мемлекет құрудың екінші кезеңі басталып келеді. Халықтың сана-сезімінің өсуі, зиялы қауым белсенділігінің артуы оған анық дәлел. Есесіне Қазақ елі өз тарихының ең күрделі онжылдығына аяқ бюасып келеді. Алдымызда сан-алуан оқиғалар мен қиын асулар тұр. Осыған дайындығымыз қалай? Қйатсек ұлттық күрес отын жандандыра түсеміз? Қайтсек билікті өз жағымызға қаратамыз? Осындай сұрақтарға нақты жауап іздеу керек.
Ал болашақтағы жиындарға келетін болсақ, олардың басты мақсаты бір-бірімізге дұрыс сұрақтарды қоя білу. Баяғыда әлемнің мықты бір физигі: дүниенің дамуы өзімізге өзіміз қоя білген сауатты сұрақтарға тікелей баланысты деген екен. Яғни ішімізге үңіліп, өткенді саралап, қолдағымызды түгендеп, барды бар, жоқты жоқ деп шыншыл баға беру үшін үлкенді-кішілі қазақ жиындарының өтіп тұрғаны дұрыс. Ол жиындар жаңа нұсқада, жаңа тәртіппен, сөзден гөрі нақты іске негізделсе тіпті керемет болар еді. "Мен айттым, сен істе" деген жаман әдеттерімізден айрылуға әкелсе мүлдем қатып кетер еді.
Қазақ альманағы: Қазақ ұлтшылы десе қазір көз алдымызға басында дағарадай бөркі бар, үстіне оюлы шапан киген, қолында аса таяғы бар бақсы-балгерге бергісіз жан елестейді. Я болмаса өзге тілде сөйлемейтін, тіпті оны жек көретін, ғаламдық құбылысты құбыжықтай көретін қарабайыр сыңарезу адам елестейді. Сіз қалай санайсыз, қазіргі қазақ ұлтшылы қандай болуы керек?
Айдос Сарым: Оныңыз рас. Бүгінгі қазақ ұлтшылдарының басым көпшілігі кезінде билік жазып берген рөлдер мен таңылған имиджден шыға алмай келеді. Тағы бір басты мәселе бар. Бүгінгі "ұлтшылмын" дегендердің басым көпшілігінің мақаласын не көтеріп жүрген ұрандарын қараңыз. Олардың қазақ үшін іздеген "Жерұйығы" болашақта емес, өткен күнде. Олардың бинокльдері, перспективалары алдыға емес, тек артқа ғана қарайды.
Қайсыбір ағаларымыз ұлттық мұрат ретінде рулық жүйе мен билер институтын қалпына келтіру керек деп ұрандатып жүр. Осынымыз утопия емес пе? Жай ғана утопия емес, зиянды утопия! Баяғыда "қазақ утопиясын" "Қазопия" деп қалғаным бар. Дәл сол "Қазопия"! Кеңістіктен, қара жерден орын таба алмаған утопия! Утопияның өзі белгілі бір қоғамның ой-санасының көрсеткіші, оның даму деңгейінің және ұмтылыстарының жиынтығы екені хақ. Сонда біздің қоғамның идеалы, мұраты, миссиясы өткен шаққа, хандар, рулар заманына оралу ма? Қайтадан көшпелі өмір салтын жаңғыртып, малдың артынан еріп көшіп-қонып жүру ме? Болашағымыз өткенге, кешегі күнге қайта оралу ма? Өткенді еске алу жарқын болашаққа әкелмейді. Қайта керісінше, болашақты ойлау, болашақты жобалап-жоспарлау өткенді терең түсінуге, оны қайта жасақтауға алып келеді!
Енді бір ағаларымыздың арманы - Қазақстанды, қазақ жерін мұхит ішінде тұрған дербес аралға айналдыру. Ешкіммен араласпайтын, ешкімді қажет етпейтін, өзімен өзі жүріп, күнін көретін автаркия. Уақыттың үш кезеңін де жеңіп шыққан кеңістікті жасақтап, тату-тәтті аграрлық идиллия жасау. Бұл мифологиялық сананың мифологиялық географияны дүниеге әкелуі! Тап-таза шизофрения.
Айналып келгенде біздің қазақ ұлтшылдарының санасында ия уақыт кеңістікпен күреседі, ия кеңістік уақытпен күреседі де тұрады. Ал шындап келсек, уақыт пен кеңістік бірінен-бірі ажырамас, мызғымас ұғымдар. Дүниені бірөлшемді деп санауға болмайды. Дүние күн өткен сайын күрделеніп, қитұрқыланып бара жатыр. Осыны мойындамау, осыны түсінбеу балалықтың, сәбиліктің белгісі. Осыдан қалыптан шығамыз десек бізге ой-сананың сілкінісі қажет. Тұжырымдық, парадигмалық, дискурстік революция қажет. Онсыз күніміз қараң.
Ал қазақ ұлтшылы қандай болуы керек дегенге келсек, менің көз алдыма Алаш қайраткерлері, Алаш ардақтылары елестейді. Осы тұрғыда бір қызық жайт туралы ой қозғағым келеді. Қарап отырсақ, бүгінгі күні тарихтың өзі қазақ ұлтына Алаш мұратын жалғастыру үшін екінші мүмкіндік, ерекше тарихи шанс беріп отырған секілді елестейді. Салыстырып көрейікші. Қазақ хандығы құлдырап, еліміз Ресей империясының боданы болды. Жүздеген көтерелістер мен қозғалыстар өз нәтижесін бермеді. Соңы Кенесарының ұлт-азаттық соғысы. Ауызбіршілік танытып, топтасып, ұйысудың орнына ру-руға бөлініп, тоза бердік. 1850 жылдардан кейін қазақ даласында мүлдем бас көтерер адам қалмағандай болады. Мұрағат құжаттарын ақтарсаң өткен күндердегі көтерілістердің, ақын-жыраулардың бірі де қалмағандай әсер туады. "Қазекеңнің шаруасы біткен жер осы шығар" деп қаласың. Содан кейін дүниеге Абай келеді. Артынан заманы өтіп бара жатқан көшпелі-атты өркениетті уақыттың сынынан өткізу, ұлт ретінде сақтап қалу үшін жаратқандай Алашшыл үлкен бір буын дүниеге келеді. Абайдан сусындаған осы үлкен буын тарих сахнасына 20 ғасырдың оныншы жылдары белсенді түрде шыға бастайды. Міне араға ғасыр салып тарих қайталанып жатқан жоқ па екен? Ұқсастық, үндестік бар сияқты. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың он тоғызыншы ғасырдағы тарихы катастрофалық, апокалипсистік деңгейде қайталанғандай! Қырылып кете жаздадық! Аман қалдық! Тәуелсіз ел болдық! Ендігі уақытта тарих берген мүмкіндікті дұрыс пайдалана білмесек, одан айрылып қалсақ, дәл осындай жағдай туа ма, жоқ па? Осыдан айрылып қалсақ дәл осындай үшінші мүмкіндікті Құдай бізге бере ме екен? Бүгінгі жас қазақ ұлтшылдары Абайшыл, Алашшыл аталарының жолына түсіп, аманатын абыроймен алып жүре ала ма? Алаш ардақтылары екі майданға күресті, екі бағытты қатар жүргізді; бірі - ескілікті жеңу, екіншісі - ұлтты жаңғырту, модернизациялау. Бүгінгі қазақтың жас ұлтшылдарының алдында да осындай мақсат, осындай міндеттер тұр.
Сұхбаттасқан Еренғайып Қуатайұлы
"Қазақ альманағы"