Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11413 0 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 10:03

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

Биылғы жылдың басты мерейлі екі мерекесі болса, соның бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Кедейлеріміз «шала байып» тоймаса да... байларымыз байлығының «баж» ете қалатындай бір бөлігін ортаға салмаса да... Ұлы Даланы дағдарыс кезсе де... тойладық. Дегенмен, бүкілхалықтық мерекеге айналдыра алмадық.

Үкімет әшейінде дарақыланып, «гуманитарлық көмек» жасағыш. Болмайтынға ақшаны төге салатыны бар еді. Болатынға – маңызды сондай мерекеге, өздері бас болып, «тыққан­пыққан» өз ақшасын қоспаса да, елдің ортақ қазынасынан жеткілікті қаржы бөліп, қомақты дүние жасағаны жөн­ақ болатын. Бірақ, толық олай жасай алмады. Оның тағы бір дәлелі, Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты көркем фильмді әлі түсіріп үлгірмегеніміз. Сиырқұйымшақтыққа салып. Сөз реті келгенде жеткізіп қалып жатқанымыз ғой...

Әйтпесе, негізгі тақырып – Қазақ хандығындағы демократиялық, саяси және құқықтық мәдениеттің қандай болғандығына қатысты. Ендеше, осыған аз­кем ой­пікір қоссақ. Бұл мәселеге қатысты пікірлер шағын, үлкен жиындарда айтылғанын білеміз. Сонда Қазақ хандығы дәуіріндегі көңіл толатын тұсқа келгенде кеудемізді керіп те алдық. Әрине, шүкір, Қазақ хандығында ауыз толтырып айтатын өзіндік жоғары қоғамдық сана қалыптасқаны анық. Кемшілігі де болмай қалған жоқ. Онысын батыл сынағандар да болды (мүмкін, шектен шыға). Әсіресе, демократиялық, саяси және құқықтық мәдениетімізге қатысты. «Өлгендер қайтып келмейді» дегенге салды ма... Қалай дегенмен Қазақ хандығының дәуірлеп тұрған кезінде, билік пен халық арасында демократиялық мәдениет қалыптасқаны, оның қоғамдық өмірде өзіндік үйлесім таба отырып дамығанын теріске шығару қате екені анық. Демократиялық мәдениетімізді бұзған отаршыл ресейлік патша үкіметі деп санаймыз. Ендеше, Қазақ хандығында қалыптасқан саяси демократияның құлдырауы, іргесі шайқалып, артынан құлаған тұсы – Ресейдің отарына айналған кезден бастау алса керек. 

«...Асқақтаған хан болса, Хан ордасын таптай білген елміз!»

 Сондықтан Қазақ хандығы тұсында саяси және құқықтық мәдениет, демократия деңгейі жоғары болған десек, қате бола қоймас. Бұған сол кездегі қоғамдық өмірге, хан билігі мен халық арасындағы қарым­қатынасқа назар салсаңыз көзіңіз жете түседі. Хан шешімдері және оның кеңесші, көмекші қызметіндегі тұлғалардың саяси көзқарастары –демократиялық ойларға, ұстындарға толы. Саяси демократия жағынан қарасақ. Қазіргі қоғамдармен салыстыра отырып, ой түйгенде. Мысалы, қаз дауысты Қазыбек бидің Жоңғар еліне барғандағы: «...Асқақтаған хан болса, Хан ордасын таптай білген елміз!» деп айтқанынан не аңғарылады? Халық даналығындағы: "Ханнан тағы кетерде, қарашамен қас болар. Байдан дәулет кетерде, байлығына мас болар. Қарттан қадір кетерде аңдығыны ас болар" деген ойдан  ше?.. Демократия дегенің тұнып тұр ғой! Мұндай өткір пікірлер Бұқар жыраудың хан Абылайға қатысты жырларында да толып жатыр. Басқада да бар. Біз бар болғаны екі пікірге ғана тоқталып отырмыз. Жеткілікті болар деп. Бұл жерде, қарапайым халық бірлікке келмей бытырап, бас­көзсіз қылыштарын сумаңдатып, қалаған уақытында хан ордасына баса көктей кіріп, тақтан төңкеріп тастаған деген ой тумауы тиіс. Қазақ ұлты өзінің кемеңгер, дана, батыр хандарын ардақтағаны сонша, әлі күнге дейін олардың есімдері ел есінде! Бірнеше ғасыр бойы ресейлік отаршылар ұлттық санамыздан залымдықпен өшіруге тырысса да ұмытқан жоқ! Ерекше құрметпен еске алады! Әлі күнге дейін ыстық ықыласта! Сондықтан әңгіме басқада, яғни екеуінде де ханның халық еңсесін басуына, езіп жаныштауына жол берілмейді деген ұстаным тұр. Қандай хан болсаң да, халқыңа қарсы шықсаң, тақтан тайдым деп санай бер деген қоғамдық шектеу жатыр. Халық – билік бастауы деген демократиялық қағида тұр. Сол уақыттың өзінде! Ал, ол кезде Еуропа елдерінің басым бөлігі демократияны «кітаптан» оқып танысып жүрген болатын. Мұнымыз ұшқары пікір деп санай алмаймыз. Өйткені, оған дәлеліміз бар. Мысалы, қазір демократиялы ел саналатын Францияны XVII­XVIII ғ.ғ. билеген король – Людовик XIV­ні алайық. Ол Францияны билеп тұрғанда асып­тасығаны, халқын менсінбегені сонша «мемлекет дегеніміз – мен» дегені тарихтан мәлім! Сондай­ақ, тағы бір королі – Людовик XV айтты делініп жататын: «Менен кейін топан су басса да бәрібір» деген пікір тағы бар. Тіпті олай айтпағанның өзінде, қалыптастырған қоғамы сондай болғанын білеміз.

 Осылайша Людовиктер ойына келгенін істеп, лепіріп жүрген уақытта, біздің әйгілі Әз­Тәуке ханымыз бас болып, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бірлесіп «Жеті Жарғы» заңдар жинағын жазды! Қоғамға ортақ құқықтық нормалар енгізді. Баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететін. Бұл бір ғана ханның кезіндегі демократиялық жетістік!

Белгілі Алаш қайраткері – Мұхамеджан Тынышпаевтың еңбегін оқысаңыз, Қазақ хандығы кезіндегі қоғамдық өмірдің демократиялық негізде дамығанына тағы бір көз жеткізуге болады. «1675-1821 жылдардағы қазақ билеуші табының хат түріндегі мұралары. 2 томдық тарихи құжаттар жинағы» атты еңбектің авторы, іргелі ғалым Ирина Ерофеева да: «қазақ хандары ешқашанда шексіз билікке ие болмаған» деген тұжырымға келген. Қазақ хандары белгілі бір білімділігімен қатар, өмір тәжірибесі мол, өте парасатты, дана, әрі батыр болған дейді. Хан сондай қырларымен барып, қоғамдық сүзгіден өте алған. Қазақ елінде бас билікке кездейсоқ келе салғандар болмаған деген пікір білдіреді. Қазақ хандығындағы қоғамдық өмірдің соншалықты таза, теңдікке, әділдікке негізделгеніне көзі жеткендіктен болар, оның көзқарасынан белгілі бір сүйсіну аңғарылады. Қарапайым адамдық, ғалымдық сүйсіну бар.  

 Халық пен биліктің арасында қай кезде өзара түсіністік, сенім онайды? Билік барынша таза болғанда. Құқықтық теңдік қамтамасыз етілгенде. Әділдік орнағанда. Ал, бұл құндылықтар демократияның негізін құраушылар екені анық! Бұның барлығы дерлік Қазақ хандығында болғанын жоғарыдағы дәлелдер­ақ айқындай түседі. Ендеше, хандығымыздағы саяси демократияның қаншалықты жоғары болғанын осыдан­ақ түйе беріңіз.

Қазақ хандығындағы демократиялық мәдениетке жету – ТМД елдеріне әлі арман

Иә, солай деуге негіз бар. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдай болса да. Мүмкін, КСРО тоталитаризмі тым «өтіп кеткен» шығар?.. Күн өткен секілді. Әйтеуір, қоғамдық өмір, халық пен билік арасы сондай ой түйгізеді. Мәселен, Қазыбек бидің сол сөзін қазіргі тілмен саяси ресмилегенде: президенттің диктатор, деспот болуына халық болып жол бермейміз дегенге саятын ой шығады. Жәй ой емес, қоғамдық қауқар сезіледі! Ал, Қазыбек бидің қызметін қазіргіше «ресмилесек», Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі секілді лауазымдарға сәйкес келеді, яғни биліктің өкілі! Оппозиция емес! Ендеше, қазіргі ТМД­ның авторитарлы жүйедегі бір мемлекетінің саяси биліктегі іргелі өкілі президентіне қатысты сондай пікір білдірсе, оның алдағы өмірі қалай болуы мүмкін?.. Өз еліне келгенде түрлі себептермен қамауға алынуы әбден мүмкін болатын. Сосын бірінші басшы ойына келген бір жазаны қолдана салуы бек мүмкін еді. Ал, Қазыбек бидің кезіндегі хан билігі деспотияға, тиранияға негізделсе ше? Бәлкім, ондай жағдайда Қаз дауысты Қазыбек бабамыз садағын алып, «өзін-өзі үш рет атып» өлтіре салатын ба еді...

Ұлттық демократиялық мәдениетті бұзған – ресейлік отаршылар

Абай атамыз қара сөзінде қазақ ұлтының бойындағы жағымсыз мінез­құлықтарды, қасиеттерді жеріне жеткізе сынағаны белгілі. Дегенмен данышпан Абай өзі ғұмыр кешкен кезеңдегі қазақтарды негізге ала отырып сынады. Сонымен қатар, ол өзі өмір сүріп жатқан қоғамдағы қазақтардан, ата­бабаларының «...артық екі мінезі» болғанын да баяндай кетеді. Біріншісі, халықты бірлікте ұстай алатын әділ, адал, кемеңгер, данагөй, батыр билеуші мен оған ел тағдырын тапсырған жұртының арасындағы өзара сенімі. Өзара адалдығы. Сол тұстары: «Бас­басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, бас алқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деген қанатты сөздің қоғамдық ұстанымға айналғанын жеткізген. Абай атамыз. Екінші артық мінезі – кемеңгер Абайдың пайымынша, намысқойлығы: «Аз араздық қуған, көп пайдасын кетірер», «Ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген секілді даналық сөздер ел идеологиясы ретінде жүрген. Әділетсіз, жемқор билік болса, ел ішінде осындай бірлік болуы мүмкін бе?!. Мүмкін емес! 

 Ал, Абай атамыздың тұсында Қазақ елі өзін­өзі басқару тетігінен айырылған еді. Хандық билігімізді ресейлік патша өкіметі күшпен, зымиян әдістермен жойған уақыт болатын. Тиісінше, толықтай отарына айналған кезіміз. Содан кейін әрине, аза бастадық. Дұшпанға билетіп қойғаннан кейін, ал ол арам ниетпен басқарғасын, ел көгермейді ғой!

Осылайша, қазақ ұлты хандық кезіндегі саяси және құқықтық мәдениеттен ажырай бастады. Демократиялық мәдениеті төмендеп, басқа саяси құндылықтарын жоғалтты. Мұның салдарын әлі тартудамыз.

P.S. Біздің Қазақ хандығындағы демократияда ессіз еркіндікке, қоғамның азуына әкелетін әрекеттерге жол берілмеген. Қазіргі Батыста кездесіп жатқандай. Демократиялы саналатын қазіргі көптеген елдердегідей. Қазақтың әйгілі хандары елді әділ, адал басқарып қана қоймай, қоғамның ар­ұятын бұзушыларға келгенде, жазалау функцияларын да сәтті қолданған. Ұлтымыздың рухани азбауына терең мән берген. Аса зор жауапкершілікпен қараған. Демек, Қазақ хандығында демократиялық тепе­теңдік барынша сақталған.

Құрманғали Нұрғалиев, журналист, экономика магистрі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458