Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Қоғам 8105 0 пікір 18 Желтоқсан, 2015 сағат 11:48

КРЕМЛЬДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Ресей шовинистері Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы айқай шығарып, наразылық білдіріп жатыр. Дәл желтоқсанның 16-күні  ресейлік  «Другая Россия» партиясының 20 шақты белсендісі Петербургтегі Қазақстан  консулдығына барып, наразылық акциясын ұйымдастырды. 

Тіпті, ресейлік шовинистерге бұл акцияны өткізуге  Ресейдің ресми билігі рұқсат берген. Петербордағы консулдық алдына жиналған  ұлтшылдар Қазақстанның Тәуелсіздігін теріске шығаратын,  мемлекетаралық және ұлтаралық араздықты қоздыратын плакаттар мен тақтайшалар әзірлеген. Ол парақшаларда «Мұндай тәуелсіздік құрысын!», «Біздің отанымыз – КСРО», «Назарбаев, орыстардың мазасын алма, оның арты жаман болады» деп жазылған.

Ресейлік белсенділер Қазақстан мен  Украинаның тәуелсіздік алуы Ресей үшін қаралы күн деп күңіренуде.

Ресейлік шовинистердің қазақ тәуелсіздігіне шүйлігуі – дәл осы күні КСРО дейтін кер қоғамның құлап, ескі империяның тас-талқаны шыққанымен ұштасса керек. Қазақстанның тәуелсіздігі қазіргі Путиндік Ресей үшін қаралы күн деп түйін түйген. Сонымен қатар, акцияға жиналған бір топ белсенді Ақорданың Түркия, Қытай мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып отырғанын сынап, Қазақстан Ресейдің сенімді серігі дегенді жоқа шығарған.

Бұл орыс ұлтшылдарының алғашқы арандатушылық әрекеті емес. Путин билігіндегі Ресейде кейбір екінші-үшінші дивизиондағы саяси ұйымдар мен партиялар осыған дейін де Қазақстанның мемлекеттігіне теріс көзқарас білдіріп келеді.

Кейінгі кезде Қазақстанның территориялық тұтастығының бүлінуін, дәлірек айтсақ, Ресейдің отары болуын қалайтындар жиі сөз алып жүр. Солардың ішінде басқа емес, біз білетін біреу – Ермек Тайшыбеков дейтін дүлей. Өзінің неоимпериалистік көзқарасы үшін 4 жылға темір торға тоғытылғаны болмаса, Ермек сияқтылар еліміздің ішінен ірінді саясатын әлі де жүргізуде.

Әсіресе, Қазақстанның Солтүстік облыстарын Ресей құрамына қосуға ниеттілер әлеуметтік желілерде әкіреңдегенін білеміз. «Северная Казахстан – это Русская земля» деген парақшалар мен топтар да пайда болды.

Мұндағы Путиннің мақсаты  түсінікті – Ресейдің ықпалын қалпына келтіру, Батыс блоктың кеңеюіне жол бермеу. Оған шамасы жете ме, жоқ па, аяғы немен бітеді – бұл жағын талқыламаймыз. Бізді мазалайтыны – Ресейдің реваншистік саясаты Қазақстанның болашағына қалай әсер ететіні. Путин Қазақстанды «қолдағы бала» деп біледі. Сондықтан да ұлтшылдарына тоқтау айтпайды. Осы жағдайды мойындау, басқаша айтқанда Ресейдің мүддесін ескеру - онымен қатынастың түзулігіне кепіл болып отыр. Дегенмен, теориялық тұрғыдан ол қатынас бұзылуы да мүмкін. Аяғы неге апарып соғатыны белгілі болғандықтан біз оған жол бермеуге мүдделіміз. Грузия, Молдова, Украинадағы жағдай қайталанбасын десек, біздегі ахуал соған ешқандай мүмкіндік қалдырмайтындай болуы тиіс.

Біздегі қауіпті аймақтар белгілі. Олар – Қостанай облысы (орыстар 40%, қазақтар 36%.), Солтүстік Қазақстан облысы (орыстар 50%, қазақтар 34%), Павлодар облысы (орыстар 49%, қазақтар 39%), Шығыс Қазастан облысы (қазақтар 59%, орыстар 38). Аталған төрт облыста 1 млн 500 мыңнан аса орыс диаспорасы тұрады. Оның үштен бірі Шығыс Қазақстанда (кейбір деректер бойынша, мұндағы орыстардың кейбірі қысым көріп отырмыз деп біледі, сондықтан «жасыл киімді кісілердің» келгенін қалайды).

Агрессивті саясатты ұстанып отырған Ресей Президентінің Қазақстандағы ұлт саясатына, қазақ ұлтына көзқарасы қандай деген сұрақтар бойынша әлеуметтік зерттеу жасалуы керек еді.

Әйтпегенде, Путиннің өзі «Қазақтарда мемлекет болмаған» дегені, көңілімізге алаң кіргізгені рас.

Ал, бүгін Тәуелсіздіктің 24-жылдығына сонау АҚШ пен Ұлыбритания басшылары құттықтау хат жолдағанда, ескі һәм жаңа одақтасымыздың «ауылдастың тайы озсын» дейтін жөні бар еді ғой. Жоқ, АҚШ президенті өзі де хат жолдап, одан қалса елшісі қазақ тілінде құттықтау айтқанда, жетпіс жылдан астам, ортақ тудың астында болған, қос бірдей одаққа (Кедендік одақ пен  ЕАЭО) мүшелесіміздің мысықжамбастап жатып алып көшеден жиналған әлдекімдердің аузына әлгіндей сөз салады («Мұндай тәуелсіздік құрысын!», «Біздің отанымыз – КСРО», «Назарбаев, орыстардың мазасын алма, оның арты жаман болады»).  

Мәскеу институттары жүргізген бірнеше зерттеудің нәтижесі бойынша, Қазақстан Ресей халқы сеніммен қарайтын, ал Нұрсұлтан Назарбаев – ең құрметтейтін шет елдік басшылардың қатарында.

Бірақ бұл дәл қазіргі жағдайда – путиндік реваншизмге тұсау болады деген сөз емес қой.

Қосымша, біздің елді Ақорда билігі Еуразиялық экономикалық одаққа халықтың ерік-жігері мен таңдау құқына қарамай кіргізгенде, «бұл экономикалық одақ біздің саяси тәуелсіздігіміз бен рухани мәдениетіміздің дамуына ешқандай кедергі келтірмейді» деп сендірген болатын. Сондықтан, Қазақстанның территориялық тұтастығына нұқсан келіп,  қазақ халқының рухани салт-дәстүрі қазіргі президент Назарбаевтың билік құрған тұсында жаңа саясат негізінде өркендемейтін болса, «бірінші президенттің» тарихтағы тұлғасына көлеңке түсіруі кәдік.

Ал Совет Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғаннан кейін, Ресей шовинистері мен реваншистері сол мақсатына жету үшін, қазақтың тәуелсіздігіне көз алартуларын қояр емес. Ол ойларын жүзеге асыру үшін, Қазақстанда тұратын диаспораларды пайдаланғысы келеді.

Өкінішке орай, бізде ұлттық сананы тәрбиелеу үрдісінде тырп еткен тіршілік жоқ. Мен қауіп еткенен айтамын... 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1554
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3348
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6218