Криминалистің баласын кетіру кімге керек болды?
Өркен КЕНЖЕБЕКОВ
Қазақ атом өнеркәсібінің қожайыны Мұхтар Жәкішев қамауға алынғанда БАҚ атаулы түгел елең етті. Отандық та, жатжұрттық та. Енді ше, бір өзі емес, төрт орынбасары – Дмитрий Парфенов, Асқар Қасабеков, Малхаз Цоцория, Бауыржан Ибраевты да қоса алып кетті. Екі қолға кісен салып, үйін тінтіген – Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Енді бір жорналшылар бұлардан бөлек кемінде бес адамның «қолды» болғанын жазды. Мұның ішінде Жәкішевтің жеке көмекшісі мен ұлттық компанияға еншілес құрылымдардың үш басшысы бар көрінеді. Тек Жәкішевті жеке ұшақ жалдап, Астана асырса, қалған нөкерлерін Алматыдағы тергеу қапасында қалдырыпты. Айтпақшы, оның көп орынбасарының бірі – Айдар Қасабеков қазір еркіндікте жүргенге ұқсайды. «Көрінеді», «ұқсайды» деген долбарымыздан-ақ ұққан боларсыздар – құқық қорғау мекемелері әзірге ләм-мимнен әрі кетпеді.
Өркен КЕНЖЕБЕКОВ
Қазақ атом өнеркәсібінің қожайыны Мұхтар Жәкішев қамауға алынғанда БАҚ атаулы түгел елең етті. Отандық та, жатжұрттық та. Енді ше, бір өзі емес, төрт орынбасары – Дмитрий Парфенов, Асқар Қасабеков, Малхаз Цоцория, Бауыржан Ибраевты да қоса алып кетті. Екі қолға кісен салып, үйін тінтіген – Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Енді бір жорналшылар бұлардан бөлек кемінде бес адамның «қолды» болғанын жазды. Мұның ішінде Жәкішевтің жеке көмекшісі мен ұлттық компанияға еншілес құрылымдардың үш басшысы бар көрінеді. Тек Жәкішевті жеке ұшақ жалдап, Астана асырса, қалған нөкерлерін Алматыдағы тергеу қапасында қалдырыпты. Айтпақшы, оның көп орынбасарының бірі – Айдар Қасабеков қазір еркіндікте жүргенге ұқсайды. «Көрінеді», «ұқсайды» деген долбарымыздан-ақ ұққан боларсыздар – құқық қорғау мекемелері әзірге ләм-мимнен әрі кетпеді.
«Сол Жәкішевің кім еді?»- десең, білетіндердің бәрі бірауыздан «іскер» дейді. Капиталистік топ-менеджерге тіпті бас коммунист С.Әбділдин де, демократ Владимир Козлов та «Тарт қолыңды Мұхтардан!» деп ара түсті. Оны айтасыз, Қайрат Келімбетов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Мұхтардың майталман маман екендігіне титтей де күмән келтірмейтінін мәлімдеді. Сөйтіп, баға бергіштердің пікірі Мұхтар Еркінұлы отандық бизнестің жатырын жарып шыққан төл тума, талантты топ-менеджер дегенге кеп тіреледі. Татьяна Квятковскаядан басқасы. Бұл туралы шамалыдан соң. Әзірге кейіпкеріміздің сыр алдырмайтын сырбаз екенін айтқан абзал. Сыр алдырмайтын дейтініміз, осы мақаланы дайындау барысында ол кісі хақында «интернет-теңізге» неше сүңгісек те, килобайт-мегабайт дүниелерді қанша ақтарсақ та, жарық берер мағлұматқа жарымадық. «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының баспасөз қызметінен алдырған дерегіміз де – санаулы сөйлем. Соған қарағанда, Жәкішев жорналшы ағайынға жалпылдап сұхбат беріп, имидж деп иінінен дем алып, өзіне пиар жасаумен әлектенбеген секілді. Оппозициялық басылымдар да ол жайында «топ-менеджер» деген қысқа тіркеспен қайыруды жөн көреді. Бажайлап қараған жан Жәкішевтің бойынан алғырлықты байқар еді. Жүрісі жылдам, іс-қимылы шапшаң. Бір сөзбен – істің адамы. Бүгінгі кейіпкеріміз 1963 жылдың 28 маусымында дүниеге келіпті. Бала кезінде-ақ тағдыр оған болашақта сол бизнесмендерге қырғидай тиетін кісімен таныс болуды жазыпты. Академик-дәрігер Мұхтардың ұлы Рахатпен бейкүнә балалығын бір балабақшада өткізеді. Одан кейін – мектеп, Мәскеудегі инженерлік физика институты... «Қатты денелердің физикасына» бас қатырып жүрген жасты тағдыр тағы бір «талайлы» азаматпен дос қылады. Ол – Мұхтар Әбіләзов. Екеуі жатақхананың бір бөлмесінде тұрған деседі. Әйткенмен, оларға физик болу «бақыты» бұйырмапты. Себебі Жәкішев 1986 жылы институтты тәмамдаса да, Ньютон, Лагранж, Максвеллдердің жолын қумады, керегесі ыдырай бастаған Кеңестер Одағына келе бастаған бизнес заңын білуге құмартты. Кәсіпкерлікке кірісті. Оның 1995 жылы Болат Әбіловтің командасында Қарағанды металлургиялық комбинатын басқаруға келгені де бар. Бірақ бұған сол кездегі бірінші вице-премьер, бүгінде марқұм Виталий Метте мүмкіндік бермеді. Айтпақшы, әкесі Еркін Жәкішев отандық криминалистиканың қазығын қаққан маманның бірі. Енді бір бейресми дерекке жүгінсек, Мұхтар алғаш рет атағын сол криминалистика арқылы шығарған деседі. Рас, мұны нақты мағлұматпен айғақтау қиын. Сонда да... Жәкішев атылған оқтың баллистикасын анықтайтын шағын қондырғыны ойлап тапқан. Оған анау-мынау емес, АҚШ Федералдық тергеу бюросы қолқа салады, қызмет ұсынады. Ол бас тартады.
Түрлі салада тәжірибе жинаған Жәкішев 1998 жылдың қазан айында «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық атом компаниясының тізгінін ұстады. Ол келгенде кәсіпорынның қарызы 43 млн доллар, жағдайы мүшкіл еді. Іскер басқарудың арқасында уран өндіру жөнінен 1999 жылы 13-орыннан тапжылмай тұрған кәсіпорынды 2005 жылы 3-орынға алып шықты. Ұлттық экономиканың ұстыны болған мұнай мен газды ығыстырмаса да, атом өнеркәсібінің тамырына қан жүгірді, шетелдік инвестор қаптады, жаңа кен орындары ашылды. Ғаламдық нарықта сұраныс артса, осы саланың марқасқалары – Канада мен Австралияны да басып озып, №1 компания боламыз деп арындағаны әлі есте.
Сөйткен Жәкішевтің басына қара бұлт 2007 жылдан бастап үйірілді. Жоғарғы Кеңесті таратумен атын шығарып, атағын жайған Татьяна Квятковская неге екені белгісіз, Жәкішевтің балағына жармасты. Сол жылы «тиын-тебенге бола, уран кеніштерін саудалап жіберді» деген экс-депутаттың қозғауымен тексеру жүргізілді. «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының соңғы қызметкеріне дейін тексерді, ақырғы файлына шейін ақтарды – түк таппады. Есесіне, сол жылы кейіпкеріміздің кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды. Парадокс. 2009 жыл... осы оқиға айна-қатесіз қайталанып отыр. Баяғы Квятковская, баяғы айып. Тек нәтижесі өзгешелеу... Мұндағы жаңалық – Жәкішевтің аты енді Әбіләзовпен қосақталды. Экс-депутатқа салсақ, «ол (Жәкішев) Әбіләзовтың жақын досы әрі банкирдің уран кеніштеріне қол сұғуына көмектескен». Квятковскаяның «Күлкі күні», яғни 1 сәуірде жасаған мәлімдемесі бойынша Бас прокуратура тексеру жүргізді. Сөйтіп, Жәкішев алдымен жұмыссыз қалды, артынан қамауға алынды. Орнына бейресми ортада «терістік көршінің мүддесін күйттейді» дейтін В.Школьник келді. Әлгі Козлов (тіркелмеген «Алға» партиясы Үйлестіру комитетінің төрағасы) «Школьниктің шамасы Жәкішевтің жасағанын сақтап қалуға да жетпейді» деп салды. Оның үстіне Школьниктің бір арманы – атом компаниясын шетелдіктерге, оның ішінде Ресей, Қытай, Үндістан не Францияға сатып жіберу екендігі туралы «саяси өсек» тарап үлгерді. Әрине, бұл ақпаратты Владимир мырза терістеді. Алайда, әлгіндей нұсқалардың іске асуы – қиял-ғажайып әлемінен деп те айта алмаймыз.
Ендігі жерде «Жәкішевті «ығыстыруға» не себеп?» деген сауалға тоқталсақ. Саясаткері де, саясаттанушысы да, олардан қалыспайтын журналистер де оқиғаны сан-саққа жүгіртеді, сан қилы қисын, бітпейтін болжамды алға тартады. Соның ішінде шындыққа мейлінше жақындауы осы болар деп, мына үш нұсқаны таңдап алдық.
1) Жәкішевтің басқаруында отандық уран өндірісі аймақтық геосаясатта басты факторға айналды. Канаданың Cameco, жапонның Toshiba, француздың Areva компанияларымен серіктес бола жүріп, тәуелсіз саясатын түзей білді. Былтырдың өзінде 8700 тонна уран өндірсе, көршіміз Ресей бар-жоғы 3 мың тоннаны місе тұтты. Ал ішкі сұранысы ұлғайып барады. Оның үстіне, Батыстағы серіктестерімен берік байланысқан, солардың менеджментімен, технологиясымен қаруланған «Қазатомөнеркәсібі» Ресейдің басты бәсекелесіне айналды. Рас, Жәкішевтің өзі Мәскеумен бақталас емес екенімізді қадап айтқан. Әйтсе де қалыптасқан жағдай Кремльдің түңдігін түрушілерге түрпідей тиюі әбден мүмкін. Енді ше, Ресей әлі күнге дейін уранды күні жеткен шахталық тәсілмен алса, Жәкішев жерастын шаймалау әдісімен «ғасыр отынын» өндірді. Мұның бәрі Кіндік Азияны өзінің өрісі деп білетін Кремльге жайсыз әсер етуі ықтимал.
2) Жәкішев-Әбіләзов достығы. Шекара кескен банкир-олигарх алыстан жұдырығын түйіп жатқанда, дүрбелең біраз адамға әсер етпей қоймады. Әсіресе дос-жаранға. Әйтпесе, Т.Квятковская ханым соңғы шабуылында «оның банкирмен байланысын» сенсациялық дәйек ретінде ұсынбас еді. Бұл жайында Жәкішев бір сұхбатында «Онда торпақ жұлдызымен туғандарды да түрмеге тоғытайык. Әбіләзов – жұлдызнама бойынша торпақ қой» деп ызамен жауап бергені бар. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Жәкішев Еуропаға шыққанда, оппозициядағы ағайындар «ол енді қайтпайды» деп жорамал жасап тастады. Біреулер Жәкішев Германияның бір клиникасына жүрегін тексертті десе, енді бірі Әбіләзовті елге қайтару үшін досымен келісіп қайтты десті. Жәкішев елге оралды, Әбіләзов қайтқан жоқ. Яғни, келісім де болған жоқ, не келісе алмады. Естеріңізде болса, 2001 жылы Мұхтар Әбіләзов түрмеге түскенде, оған осы Жәкішев кепіл болған деседі. Бұл жолы да Әбіләзовтің «артын жабу» үшін Жәкішев құрбан болды-мыс. Әрине, Жәкішевтің жеке ұшақ жалдап, шетел асуына жалақысы жетпей қалды деуге ауыз бармайды. Осыған қарағанда, оның моральдық ар-ұяты сол досы Әбіләзовтен, «бір сүйем» болса да, артық болып тұр-ау шамасы.
3) Қаржылық-элиталық кландардың арасындағы меншік бөлісу. «Қазатомөнеркәсібі» сияқты стратегиялық мәні бар кәсіпорын – талайдың көзқұрты. Радикал бағыттағы оппозиционерлер әдеттегідей «Мұның бәрі – «Тимур Құлыбаевтың тірлігі» деп шулап сала берді. Бірақ Құлыбаевтың кланынан басқа да топтар бар емес пе? Олардың мүддесі, ықпалы, билікке әсер ету күші Құлыбаевтан кем деп кім айтты? Оның үстіне, кейбір деректер бойынша, Құлыбаев пен Жәкішев – сыйлас достар.
P.S. Қарап отырсаңыз, үш нұсқадан да шыңдықтың көмескі ізі көрінеді. Алайда оны таразылап-топшылауды ойы сергек оқырманға қалдырдық, біреуіне басымдық беруге, не жауырыншылық куәлігіміз, не төрелік билігіміз жоқ. Айтпақшы, осы мақала жазылып жатқанда, ҰҚК ресми түрде баспасөз баянын таратты. Соған сенсек, Мұхтар Жәкішев пен оның серіктері қызмет бабын асыра пайдаланып, елдегі уран кеніштерінің үлестерін оффшорлық аймақтарда тіркелген фирмаларға бұрып беріп отырған. Айталық, Жәкішев 2005 жылы Қызылорда облысындағы «Мыңқұдық» уран кен орнындағы «Центральный» кенішін қайтарымсыз түрде пайдалануға құқық берілген «Кең Дала KZ» атты жеке компаниясын құрған және «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының басқа оффшорлық компания арқылы «Қызылқұм» ЖШС-нің 30% үлесін пайдаланған. Тағы бір жаңалық – 27 мамырда Нұржан Сұбханбердин мен Зейнолла Кәкімжанов бастаған 25 белгілі кәсіпкер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, Жәкішевке араша сұрады.
• «Жас қазақтан» жалқы сауал
ҰҚК – аяғын шалыс баспайтын орган
Мұхтар ТІНІКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
«Мұхтар Жәкішевке қатысты ҰҚК нақты шешім шығарды. Яғни бұл іске қатысты қандай да бір сауал қоюдың өзі артық. Өйткен себебі, ҰҚК – аяғын шалыс баспайтын орган. Оның қателесуі өте-мөте сирек кездеседі. Өзім болсам – Мұхтарға ешқандай да қатысым жоқ адаммын. Сондықтан оның істеген ісі мен тағдыры туралы пікір айту қиын. Мен қазақстандық құқық қорғау органдарының оған қатысты дұрыс шешім шығаратынына сенемін».
Жәкішев біліксіздік танытты
Егорь КАППЕЛЬ, Мәжіліс депутаты:
«Менің ойымша, Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуынан қандай да бір саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Өйткені Қаржы полициясы экономикалық қылмыстардың басы қылтиып шығып тұрғанын жария етті. Сонымен бірге «бұл – биліктегі кландардың арасындағы «соғыс» деп айтуға да келмейді. Себебі Мұхтар Жәкішев қанша өз саласының маманы болса да, бұл жұмысты атқара алмады. Біздің билік «Қазатомөнеркәсіптің» алдына қыруар міндеттер қойып отыр. Бұл – миллиондаған қаржы айналатын сала. Сын сағатта Мұхтардың өзі де, командасы да кәсіби деңгейін көрсете алмады. Яғни ісі алға жылжымаған соң, қызметінен босатылды. Соңынан қылмысы жария болды. Бар болғаны – осы».
Жазып алған Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана