Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6073 1 пікір 16 Желтоқсан, 2015 сағат 10:42

ДҮЛЕЙ ДӘУІРДІҢ АР-ОЖДАНЫ

немесе Мұхтар Шахановтың қажеттілік қағидасы

Тарих көшінде сан қилы аласапыранды басынан өткізіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлты қайраткер ұл-қыздарға кенде болмаған. Азаттықты аңсап кеткен ата-бабаларымыздың арманы орындалып, егемен ел болдық.   Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінде берген сұқбатында: «ХХ ғасырда қазақ халқы несімен бақытты десеңіз: өзінің жеке басының мүддесі үшін емес, халқының болашағы жолында қызмет жасаған тарихи тұлғалардың көп болғандығымен қазақ халқы бақытты», – деген еді.

1922 жылы 22-ші шілдеде 22 жастағы Смағұл Сәдуақасов  Әбдірахман Бәйділдинге: «Қазақ қазақты кімнің алдында жамандайды? Әрине бөтеннің алдында жамандайды. Мұнда келіп ұққан бір нәрсем: қазақ Мәскеуге келіп ішкі кикілжің жөнінде хабар бермеуі керек. Әсіресе, бірін-бірі жамандамасын. Сөз тасымасын. Менің пайымдауымша, олар біраз уақыт өткен соң, біздің жолымыздың дұрыстығына көз жеткізеді. Жүректерінде тырнақтай таза ет болса, олар ертең-ақ отаршылдарға қарсы тұрады. Ал мұны жасамаса, өзінің бес күндік өмірі үшін халқын сатуды жалғастыра береді»,деп жазады. Елден орталықа барған жас жігіт Мәскеудің «бөліп ал да билей бер» саясатына  қарсы уытын осылай тарқатады. Бұл: «Патша заманында отар болған ұлттар, енді өз алдына тәуелсіз мемлекет болуға құқылы» деген большевиктердің бағдарламасына сенген Кеңес үкіметіне қызмет еткен қазақ қайраткерлері мен Алаш зиялыларының арасындағы текетірес кезеңі болатын. Артынан Кремльдің қазақты жою үшін жүргізіп жатқан саясатын түсінген арыстарымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірігіп, ұлтты құтқару жолында бастарын бәйгеге тігіп, күрес жолына түскенін мұрағатта жатқан құпия құжаттар айғақтайды.       

Abai.kz сайтында жарияланған Мақсат Нұрыпбаевтың  "МЕН ХАЛЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН" деген мақаласына арқау болған 2013 жылдың 23-қарашасында Алматы қаласында өткен Халық өкілдерінің бірінші Құрылтайына қатысқан 400-ге жуық адамның бірі мен едім. Аталған мақалада автор:  «Құрылтайда қазақ ұлттының мүддесін қорғау бағытында жұмыс істеуді, ұлтшыл күштердің басын біріктіруді мақсат тұтқан Қазақ Ұлттық Кеңесі құрылған еді. Қазақ ұлттық интеллигенциясының көптеген көрнекті өкілдері, саяси тұлғалар қатысқан бұл жиында Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасы да бекітілген-ді... желдей есіп, құмдай сусып, құстай ұшқан екі жылда ештеңе бітіре алмадық. Жасыратын несі бар, екі жыл бұрын менің қоғамдық, саяси күресте тәжірибем жоқ еді. Көп жыл мемлекеттік қызметте істеп, көптеген жобаларды Үкіметтің қаулысымен, министрдің бұйрығымен, мемлекеттің ақшасымен ұйымдастырып үйренгендіктен қоғамдық жобалардың, істердің қалай ұйымдастырылатынынан хабарым аз болды.  Баршамыз сеніп, арқа сүйеп, артынан ерген Мұхтар Шахановтың өзі Ұлттық Кеңестің үлкен саяси күшке айналуына мүдделі болмады»,дейді. Ежелгі Шығыс даналығында: «Мақсатқа жеткізетін үш жол бар. Бірінші тәжірибе жолы ең ұзақ жол, екінші өзгеге сену жолы ең жеңіл жол, үшінші ойлау жолы ең дұрыс жол» дейді. Ат жалын тартып мінгісі келген азаматтың өзі мойындағандай «Дайын асқа тік қасық» болып ең оңай жолды таңдағаны өкінішті. Мұндайда атам қазақ: «Балық аулай алмасаң, суды ылайлама» деуші еді.

Сол кезде біраз ұлтшыл азаматтар: «Еуразиялық одаққа мүше болып, тәуелсіздіктен айырылайын деп жатырмыз. Ресейдің бодандығында болған кезде қазақтың тартпаған азабы, көрмеген қорлығы жоқ еді ғой. Одан да бар күшімізді халықты сол одаққа қарсы біріктіргуге жұмылдырайық» деген. Бірақ Мақсат Нұрыпбаев, Ғабиден Жакей т.б. белсенділер  «үй ішінен үй тігіп» өздері де байыбына бара бермейтін «Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасы» бойынша жұмыс жасауға Шахановты  көндірген еді. Бұл өзі үй өртеніп жатқанда, іргеде ағып жатқан өзеннен шелекпен су тасып сөндірудің орнына, ішкі бөлменің еденін сыпырып жатқанмен пара-пар тірлік болатын. Айта кету керек,  өздерінің жеке ұстанымы бар көптеген ойлы, ұлтшыл азаматтар қаралатын мәселемен келіспегендіктен Құрылтайға қатыспаған екен. Ұйымастырушылардың «құрылтай» деп атаған жиынына жиналғандардың 96 пайызы Шаханов үшін келген.

Мақсаттың: «Кеңес құрамындағы 40 адам Алматы қаласында қалып, менің Астанада болуым да үлкен зиянын тигізді» дегені де ұяттау болды.  «Жер- шаруаларға, завод, фабрика, жұмысшыларға» деп ұрандатқан пролетариаттың көсемі В.И.Ленин күркеде отырып-ақ қағаз бен қаламның арқасында  тобырды дүлей күшке айналдырып,  дүниені төңкеріп тастаған жоқ па еді? Жаратушыға қарсы шығып, дінді жойған теріс пиғылының кесірінен құрған қоғамының ғұмыры ұзақ болмады ғой.

Бүгінгідей байланыстың кез-келген түрінің дамыған заманында  Алматы мен Астананың қашықтығын сылтауратқанына қарағанда, Кеңестің  41 мүшесі, бір көрпенің астында жатса да ештеңе бітірмес еді. Себебі иманды болғыр Гер-ағаңның бүгінгі қазақтар жайлы  айтқанындай олардың: «Ойлары бір басқа, сөйлеулері бір басқа, істері – мүлдем бөлек» болған. Кезекті бас қосқан жиналыстан кейін орынбасарлары Шахановпен бірге түскен суреттерін бірден интернетке жариялайтын. Өйткені ол кезде «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақынымен» суретке түсу оларға үлкен мәртебе болумен қатар, өздерін жарнамалайтын сәті оңынан туған мүмкіндік еді.  Бірақ,        

«Қиын емес абақтыға жапқаны,                                                                    

Қинамайды дарға асқаны, атқаны.                                                                          

Маған ауыр осылардың бәрінен,                                                                   

Өз аулымның иттері үріп, қапқаны, дегендей Мұхтар Шаханов екі жылдан кейін Ахмет Байтұрсыновтың кебін киетінін қайдан білсін? Мұндайда: «Сабыр ет, Мұха» дегеннен басқа не айтуға болады?

Елбасының кезекті жолдауынан кейін «дамбал» сөзі хитке айналды. Ертеректе матаның тапшы кезінде  жуып қойған іш киімін ұрлап бара жатқан ауылдасын көрген кейуана: «Өзіне жаман болатын болды, өзіне жаман болатын болды-ау» дей беріпті. Оны естіген көршісі: «Байғұс-ау, өзің лыпасыз қалып тұрып, ұрыны аяғаның не?» дегеніне дамбал иесі: «Маған әбүйірімді жабатын бір-екі кез бөз табылар, бұл  байғұсқа дамбал ұрлады деген ат жамылатын болды-ау» деп қамығыпты. Ал енді дағдарысты желеу етіп, жұрттың лыпасына (ұлттық қор, зейнетақы, т.б.) жармасқанына қарағанда, мына Үкіметтің Алланың алдында да, халықтың алдында да жауап беретін күндері алыс емес сияқты. Киімді «кешек» деп, дүниені «боқ» деп бағалап, ер-азаматтың намысына күзетші болған аналарымыздың құрсағында жатып, тектіліктің нәрінен қорек алған сәбилерден ұлттың қамын жеп, қорғаны болған батыр-бағландар шыққан. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көзсіз батырлықтың үлгісін көрсеткен қазақтардың мінезінен  сескенген  Кеңес Одағының идеологтары ұлттық рухымыз бастау алатын тарихымызды танытпауға бар күштерін салды.

1959 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасынан шыққан қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Батыр (зат есім). Елдің жауына қарсы күрескен эпостардың, жырлардың геройы, қаһарманы» дей келіп, келесідей мысалдар келтіреді. Батырдың Мао-Цзе-Дун білем атын, Бастаған жеңістерге Қытай халқын (К. Әзірбаев), Ворошилов батырым, артық көрмен еш жанды, Ел сүйген сендей ерімнен. (Ж.Жабаев). Қараңызшы: сөздің төркінін танытатын Бас оқулыққа қулық-сұмдықтан ада, аузын ашса жүрегі қоса көрінетін ақын аталарымыздың өзге ұлттың адамдарын дәріптеген жырларын басқан. Бүлдіршіндерді бала бақшадан бастап өз әкесін соттатып жіберген Павлик Морозов болуды насихаттаса, ересектерді мақтап кеуделеріне орден, медальдар тағып, алдарына арақ қойып,  ащы суға үйір еткен. Рухани құндылықтарымызды табан асты қылып, ата-бабадан аманат болып қалған  жерімізге «ие болыңдар» деп, лек-легімен басқа ұлт өкілдерін көшіріп әкеліп, қазақтарға бағатын малының санына дейін анықтап берген.   Осындай ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған заманда ақын-жазушылар,  қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері қазақ ұлтының ошағын таптап сөндірмек болған зұлым саясатқа қарсы, өздеріне төнген қауіп-қатерге қарамай жанкештілікпен күресті. Осы мылтықсыз майданға қатысқан  өлермен топтың ішінде Мұхтар Шаханов та жүрді. Сол кезеңде де Қазақ халқы осындай ұлдарының жойылып кетпей, аман қалғандығымен бақытты еді.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында мектеп табалдырығын аттап, 70-ші жылдарда университетте оқыған қызығы мол студент шағымызда Мұхаңның жазған өлеңдері мен шығарған әндері елді, жерді, ұлтты сүюге тәрбиеледі. Шахановтың поэзия  әлемі нағыз сұлулыққа ғашық болуға, алдамшы дүниелерден қашық болуға   үйретті. Ақын Исраил Сапарбай айтқандай: «Жақсысы атылған заман, Жаманы сатылған заманда» да, Шаханов өз биігінде қалды. Бәрін тізбелемей-ақ, кезінде «қазақстандық ұлт қалыптастыру» бастамасын тоқтатқандардың басында Мұхтар Шахановтың тұрғанын айтса да жеткілікті. Лев Толстой: «Адам бөлшек сан сияқты. Оның бөлімі өзі туралы ойлағаны, алымы сол адам туралы өзгелердің ойлағаны. Бөлімнің мәні көп болған сайын шығатын нәтиже азая береді» деп тұжырым шығарады. Адамның қоғамдағы алатын орны мен бағасын өмір сүрген  ортасы береді.  Авар халқының ақыны Расул Гамзатов: «Мұхтар Шаханов өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қояр ма екен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін» десе; жапон жазушысы Дайсаку Икэда: «Рухани байлықты мойындамай, тек қана жалаң білімге ден қойған қазіргі «компьютербасты жарты адамдардың» пайда болуы жайлы Шаханов концепциясы бізді, жапондықтарды қайран қалдырды. Мен оның халқын осындай тегеурінді перзент тудыра алғандығымен құттықтағым келеді», депті.       Ұлтқа қызмет еткен тұлға жайлы пікір айтатын кез-келген адам алдымен «мен кіммін, ұлт үшін қандай іс бітірдім?» деп өзінің шамасын анықтап, орнын біліп алған жөн. Жоғарыдағы С.Сәдуақасовтың хатынан алынған:  «Қазақ қазақты даттап кімге жақпақ? Егер билік үшін жанын сатса, ондайлардың жазасын Құдай берсін. Егер олар өкімет билігін уысына алу мен ықпалын арттыру үшін күрессе, дегендеріне жетсін», деген  үзінді  93 жыл бұрын нұрыпбаевтарға арнап жазылғандай. Бір ақылды адам: «Әрбір пенде өткен өмірін еске түсіріп, кеткен қателіктердің себебін табуға тырысқаны жөн. Өз кінәсін түсінсе, мойнына алып, Құдайдан кешірім сұрасын. Мұның бәрі өзінің ниетін тазарту үшін, біреуге кесір жасамау мен зиян тілемеу арқылы жасалсын» депті. Мұхаңның құрдасы жазушы Дулат Исабеков: «Поэзияның қас шебері, өмірдің қас батыры болғанмен, мінезі ала-құла. Ал Мұхтардың 1986 жылғы оқиғаға байланысты жасаған еңбегі-ешкімнің қолынан келмейтін батырлық. Мылтықтың ұңғысы өзіне тіреліп тұрса да, тайсалмай нағыз батырлық іс көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Александр Матросовтың жалаңаш кеудесін пулемет оғына төсеген ерлігі есіңізде болар, Мұхтардың да ерліктерін соған балар едім» дейді. Ағамыз Матросовтың орнына сондай ерлікті алдыңғылардың бірі болып жасаған қазақ Боран Нысанбаевты қойғанда ғой, шіркін. Қайтеміз, Шер-ағаң айтпақшы: «Бірі кем дүние».

Қазақ: «Батыр аңқау, ер күдік» дейді. Кемшіліксіз пенде жоқ.  Сірә, Шахановтың басты кемшілігі қасындағыларға күдіксіз сенетін, кіршіксіз көңілінде болар.

Кейінгі кезде әр түрлі сайттар Шаханов туралы жөн-жосықсыз пікірлер жариялағыш болып кетті. Сондықтан да болар Мұхаңның рухтас інісі, Арқаның арқалы ақыны Серік Ақсұңқарұлы «Аңыз адам» журналына берген сұқбатында: «Қынжылтатыны, қазақ тілінің мәселесінде алдымызға Мұхтар Шахановты ғана салып қойдық. Қазақ соңғы кезде ол кісіге өлең жаздырмай қойды. Қазақтың тілі тек Шахановқа емес, бәрімізге керек қой. Аға өзінің тарихи миссиясын орындады. Енді аздап өлең жазса екен деймін» деп жанашырлық танытыпты. Екінші бір бауыры сатирик Көпен Әмірбек:  «... Мұхаң-бабаларымыздың ісін жалғастырып келе жатқан бақытты ұрпақтың бірі. Қасиетті хадисте «Бақыт деген жүректің тыныштығы» делінген. Бұл тұрғыдан алсақ, Мұхаңның жүрегінде тыныштық жоқ. Өйткені туған елі бақытты болмай, Шаханов өзін бақыттымын деп есептемейді»,дейді. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың келесідей пікірі Мұхаңның шыққан биігіне берілген шынайы баға: «Ол жаңаша ойлау дүниесінің өрені. Менің пайымдауымша, мұндай мән-мазмұнға ие ақын бүгінге дейін күллі Азия әдебиетінде болған жоқ. Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр аралығында бой көрсету керек еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз».  

«Төбелер көп, ал биіктер санаулы,

Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды.                     

Шымшықтар көп, ал сұңқарлар санаулы,                                  

Санаулы олар, сондықтан жалпы жұртқа қалаулы»,деп адамгершіліктің болмысына баға беретін осындай жырларынан Шахановтың күнделікті күйбең тіршіліктен, пендешіліктен жоғары тұратын асқақ рухты  тұлғасын, сұңқарлар мекен еткен асқар шыңдардың  ұлылығынан қуат алған өр мінезін көреміз.  Ендеше бүгінгі қазақ халқы осындай ақындарының бар екендігімен бақытты.

Рамазан ҚҰРМАНБАЕВ­, «Ашаршылық құрбандары» ҚБ төрағасы

Abai.kz              

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522