Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 4458 0 пікір 15 Желтоқсан, 2015 сағат 09:53

ҮЛЕС АЛУЫ МҮМКІН. СЫЙЛЫҚ АЛҒАН ЖОҚ...

Салмақты сөйлейтін, ойлы дүние айта алатын басылымның бірі болған соң «Қазақ үні» газетінің сайтын қарап отыратын әдетіміз бар. Осы сайт 5 желтоқсандағы санында «НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫМЕН МАРАПАТТАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ» деген мақала берді. Мақаланы, «ойпырмай, мынау шын ба, шын болса сенсация болды ғой, біз қалай естімедік? Басқа ақпарат құралдары не ғып үнсіз жатыр, қашан алды екен, кім болды екен?» - деп шұқшия қарап, оқып шықтық.   

Сөйтсек... сайт деректі көп адам біле қоймайтын басқа бір сайттан алыпты. (Жарнама болып кетпес үшін оның дерегін жазбадық). Осы сайт қазақ азаматы Достай Раманқұловтың 2005 жылы МАГАТЭ-де істеп жүргенде Нобель сыйлығын алғанын жазыпты. Тіпті, үзіп-жұлып бір кездерде басқа басылымдар да осылай жазған екен.

Егер бұл оқиға шын болса, ендігі төбеміз көкке жеткендей қуанып, Достайдың атын аспанға шығарар едік қой. Өйткені, Нобель сыйлығын алу деген... адамзаттың мойындауы дегенді ұқтыратын ерекше атақ. Мәселе тіпті оның ақшасының көптігінде де емес, атағында!

Енді мына жаңсақ ақпараттың жайын айтып көрейік. Нобель сыйлығын алушыларды жыл сайын тұтас институттар мен академиялар анықтайды. Сыйлыққа ұсынылған жүздеген еңбектердің арасынан физиология мен медицина саласынан лауреат болатын еңбекті Каролин институты, әдебиет саласының лауреатын Швед академиясы, физика мен химия салаларының лауреатын Шведтің корольдық ғылым академиясы, ал әлемдік бейбітшілік сыйлығының лауреатын Норвегияның Нобель комитеті анықтайды. (Бұрын швед пен норвегтік уния бір болып, 1905 жылы ғана бөлінген. Сондықтан Нобель сыйлығының бір саласы бойынша лауреатты белгілеу норвегтіктердің үлесіне тиген).

Тіпті бұл ұйымдар өздері де анықтамайды, тек олар жауапты деп саналады. Ал лауреатты анықтайтын әр саланың білікті мамандарынан тұратын халықаралық комитеттер. 1969 жылдан бері Швеция банкісінің бастамасымен экономика саласы бойынша да сыйлық беру белгіленді. Осыдан кейін Нобель сыйлығының қоры номинациялар санын көбейтпеу туралы арнайы шешім қабылдады. Айта кететін жайт, Альфред Нобельден қалған байлық бүгінгі бағаммен 250 млн. долларға тең болған. Ал сыйлықтар осынша қаражаттың құнды қағаздарға салған өсімінің есебінен төленеді. Сондықтан ол жыл сайын өзгеріп тұрады. Бірақ осы уақытқа дейін 1 млн. АҚШ доллары көлемінен түсіп көрген емес.

Енді 2005 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы туралы айтайық. Осы жылдың желтоқсан айында Норвегияның астанасы Осло қаласында халықаралық МАГАТЭ ұйымына және оның басшысы Мұхаммед әл Барадейге ядролық қуатты әскери мақсатқа жұмсауға қарсы жасаған әрекеттері үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Сөйтіп, бір сыйлық ұйым мен оның төрағасына бөліп тапсырылды. Ұйымның атынан сыйлықты Басқарушылар кеңесінің сол кездегі төрағасы Юкия Амано (Жапония) қабылдады. Ал Мұхаммед әл Барадей (суретте) өзіне тиесілі бөлікті өзі қабылдап, төсіне Нобель сыйлығының алтын белгісін қадатты. Сөйтіп, 2005 жылғы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына МАГАТЭ ұйымы мен оның сол кездегі төрағасы Мұхаммед әл Барадей ие болды деп алтын әріптермен нобелдік кітапқа жазылды.

Бар оқиға осы. Ал біздің журналистер осы сыйлықты сол кезде МАГАТЭ-де қызмет ететін Достай Раманқұлов та алды деп жазып жүр. Қазір халықаралық ұйымдарда қызмет істейтін қазақ жігіттері мен қыздары толып жатыр. Достай да соның бірі. Ол МАГАТЭ-ге берілген сыйлықтан басқалармен бірге үлес алуы мүмкін, алайда бұл Нобель сыйлығының иегері болды деген сөз емес. Сондықтан оны «қазақтан шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының лауреаты» деу орынсыз. 

МАГАТЭ мен М.Ә.Барадейдің есімдері осы жылы 200 үміткердің арасынан таңдап алынған. Тартыстың қаншалықты қиын болғанын осыдан-ақ аңғарамыз. Сондықтан бүйрегіміз бұрып тұрса да, қол жеткізуі өте қиын сыйлықты өз қандасымызға қанша телісекте қисынға келмейді.

Жақсыбай САМРАТ

Abai.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525