Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4334 0 пікір 15 Желтоқсан, 2015 сағат 09:16

ТЕЛЕАРНАЛАРДЫҢ «ТЕТІГІ» КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

Бізде неге екені белгісіз, тәуелсіздігіміздің түғырын нығайтуға бағытталған қандай да шара бірден саяси сипатқа ие бола қалады. Сосын «қара пиарды» қару еткен ниеті бұрыс жандардың әлемдік шабуылы басталып кетеді. Ақыры әлгі әп-әдемі басталған дүниеміз  шала-жансар күйге еніп, түптің-түбінде сыйырқұйымшақтанып бітеді. Өзгесін былай қойғанда бір кезде қызу қолға алған латын қарпіне көшу туралы бастамамызды мысалға келтірсек те жетіп қалар.

Біздің секем алып отырғанымыз: жақында ғана отандық ақпарат кеңістігін қорғауға бағытталған еліміздегі кабельді телевизияда шетелдік жарнамаларды шектеу туралы қолға алған шаруамыз осындай кепті кие ме деген көңілімізде күдік басым. Өйткені, Парламент «Телехабар тарату туралы» заңға әлгіндей бапты енгізуі сол-ақ екен, елімізде ойбайға бергісіз айқай басталып кетті. Әлгі ойбай осы күні саяси науқанға айналып барады. Жергілікті БАҚ-тардың, тіпті де Құдайы беріп қалды. Олардың ойынша, бұл шектеу  негізінен шетелдік телехабарларды тарататын телевизияның басына қара бұлт ұялатып, түбі оларды жауып тынатын көрінеді. Қаншама адам жұмыссыз қалып, бюджет миллиондаған ғана емес, тіпті миллиардтаған теңгеден қағылады-мыс. Мұның сыртында мыңдаған көреремендер үшін ақпараттық кеңістік қатты тарылып, теледидар өшіп қалады деп еңірегенде етегі жасқа толып отыр. Мұндай «әділетсіздікке» шыдамаған осындағылар Елбасына үшбу хат жолдапты. Көршіміздің телехабарларын ғана таратып, сол арқылы миллиондаған ғана емес, миллиардтаған теңге қомақты қаржыны күреп тауып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырған кабелді телеарна қожайындарының   хатынан өтінішті емес, бұйрыққа бергісіз қатаң талаптың сарынын байқау қиын емес. Олардың бағамдауынша, мұндай шектеулер дүниежүзінің ешбір елінде жоқ көрінеді. Бұл тіпті біздегі  «ұлттық операторларды» (ол қандай ұлттық сонда?) ашықтан-ашық кемсіту екен. Осыларды айта келе біздегі «шетелдік жанашырлар» Елбасына бұл шарадан туындайтын әлеуметтік-экононмикалық сілкіністерге (қалай-қалай сайрайды?) жол бермей, заңнан толықтыруды дереу алып тастауды сұрайды. Қыза-қыза келе бұлар тіпті қыр көрсетіп, өздерінің талаптары орындалмаған жағдайда өздері басқарып отырған кабельді телевизияның қызметін жарты күнге тоқтатындығын мәлімдейді.

Шыны керек, алғашқы кезде бұлардың не себепті асқан белсенділік көрсетіп, Елбасына дейін шағым жасап жүргенін онша түсінбеп едім. Сөйтсем, «бақсам, бақа екен» дегендей, бұлардың көрші Ресейде қолдаушылары  жетіп артылатын көрінеді. Мен мұның сырын Денис Кривошеев деген мың болғыр блогердің жазбасынан аңғарып қалдым. Денис деген азаматтың жазуына сенсек, елімізге Ресей үкіметі мен сол елдің телеарналарының басшыларынан құралған арнайы «десант» келіп, депуттарымызды қатты «үгіттеп» жатқан көрінеді. Тіпті, бұл жағдай анау Украинадай болып кетіп, біздің тәуелсіздігімізге қатер төндіреді-міс. Қысқасы, шектеуге шекелей қалған жергілікті телеарналардың «тетігі» (басқару пульті) кімнің қолында екендігі белгілі болып қалғандай... Денистің айтуынша, мұндай қысымға жол бермеуіміз керек. «Пришло время занять принципальную позицию» деп мәселе көтерген бұл азаматтың ұстанымын аңғарауға әбден болатын сияқты. Шіркін, біздің елде осы Денистей азаматтардың қарасы көбейіп,  солардың арман-тілегі орындалып жатса қане?.. Өкінішке қарай, бізде денистердің емес, тілі мен ділін қазақстандық патротизмнен бөлек салған «дертті» жандардың дегені болып тұр. Алайда, өздері басқаратын БАҚ қызметін кәсіби тұрғыдан дамытудың орнына, көрші мемлекеттің ақпараттық дайын өнімін таратып қана отырғандардың ендігі айқайына құлақ түре берудің қажеті шамалы шығар деген ойдамыз.   

 

Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529