«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІ АСТАНАНЫҢ АЙБЫНЫН АРТТЫРАДЫ
Ғылым мен техника, мәдениет пен өнер жаңалықтарының жаршысы болатын «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның барлық саладағы жеткен жетістіктерін әлем алдында паш ететін әлемдік мегажоба болғалы отыр. Әсіресе, тәуелсіздік жылдар бой көтерген елордамыз әсем Астананың айбынын әлемге танытатын болады. Сол себеті көрменің дайындығы күннен күнге артып келеді.
Мемлекетіміздің айбынын асқақтатып, мерейін арттыратын ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық шараларын тездету мақсатында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы мен Астана қаласы әкімдігі бірлесе отырып, ортақ жұмыс жоспарын жетілдіруді қолға алуда. Қазіргі таңда 50 іс-шараны өткізуді көздейтін 2018 жылға дейінгі жұмыс жоспары әзірленді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков «Бізді үлкен де жауапкершілікті жұмыс күтіп тұр. Ұлттық компания мен елорда әкімдігінің қызметтері өз жұмыстарын бір арнаға тоғыстыруы керек. Алдымызда ортақ мақсаттар тұр, олардың орындалуы үшін біз бір ұжым ретінде жұмыс істеуіміз керек», - деді.
Негізі, жсопар бойынша 2016 жылы ЭКСПО нысандарын салу жұмысы толық аяқталуы керек. Сондықтан дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Астана әкімдігі көрмеге дайындық аясында қаланың инфрақұрылымы мен елордалық сервис сапасын жақсарту, сондай-ақ, ақпараттық жұмыс пен шет елдерден қонақтарды тарту бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. ЭКСПО кезінде өткізілетін шараларға ерекше көңіл бөлінуде. Көрме өтетін күндері елордада түрлі фестивальдер, концерттік бағдарламалар, халықаралық жарыстар, спорттық шаралар мен бизнес-форумдар өткізу көзделген. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының өкілі Айгүл Мүкейдің пікірінше, көрмеде мерекелік шаралар басымдық алатын болады. «Көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді. Бұл тек, халықаралық симпозиумдер мен конференциялар ғана емес, үш мыңнан астам мәдени шаралар мен «А» класындағы жұлдыздардың мерекелік кештері өтетін күндер. Соның барлығы 93 күн ішінде болады», - деді А.Мүкей.
Көрме кезінде қаланың логистика мәселесі де ерекше маңызға ие болмақ, Сондықтан, қазіргі уақытта халықаралық әуежай терминалын кеңейту, темір жол вокзалы мен жеңіл рельсті көлік жолақтарын салу секілді бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл ретте елорда қонақтары үшін навигация жүйесі де жақсартылады. Астананың «ЭКСПО» көрмесіне дайындалу барысында инфрақұрылымға айрықша мән беру керектігін Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасында да қамтыған болатын. «ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті - 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», делінген «Нұрлы жол» бағдарламасының бесінші бағытында.
Сонымен бірге, елорданың туристік тартымдылығын ескере отырып, сувенирлік және имидждік өнімдердің шығарылуы артады. Дегенмен, бұл сала айтарлықтай дамымаған. Елорда әкімінің айтуынша, сувенирлік өнімдерді шығаратын компаниялармен жұмысты реттеп, Астана бренді мен ЭКСПО белгісін тауарларда көрсетуге назар аудару қажет.
Алайда, бүгінгі таңда құрылыс саласындағы еңбек шарттары өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Құрылыс нысандарының көбі қосалқы мердігерлік мекемелердің күшімен салынатындықтан, құрылыс алаңдарында жоғары және орта біліктілігі бар жұмыскерлер саны үштен бір бөлігін де құрамайды. Көбі құрылыс алаңдарында ғана тәжірибе жинақтай бастайды. Соның салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып, атқарылған жұмыс сапасы төмен болады, сондай-ақ әлеуметтік қарбаластық пен түрлі шиеленістер көп кездеседі.
ЭКСПО аяқталысымен ол ғимараттар Орталық Азиядағы ірі қаржылық орталыққа беріледі. Сондықтан, бұл көрме Астананың халықаралық қаржы орталығына айналдыратын бірден бір мега жоба болғалы отыр. Және Астана қаржылық орталығында Дубай мен Гонконг тәжірибесі қолданылады. Іскерлік жұмыстар ағылшын тілінде жүргізіледі. Ағылшын соты, xалықаралық арбитраж енгізілетін болады. Бұл көрменің басты тақырыбы «Болашақ энерегиясы» болғандықтан, ЭКСПО Қазақстанда энергияны үнемдеу саласында мемлекеттік саясат сәтті жүзеге асыруының көрісіні іспетті. Сондай-ақ, Елордамыздың әлем таныған, халықаралық аренада өзіндік орны қалыптасқан, қаржы және мәдени орта ретінде қалыптастыруына үлес қосатын ірі мега жоба болғалы отыр. ЭКСПО Астананың абыройы асқақтатып, айбынын еселейді. Сондықтан, Астанадағы дайындық шарасы сапалы әрі межелі күнге сақалы сай болуы абзал.
Жәния Әбдібек
Abai.kz