Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 8116 0 пікір 7 Желтоқсан, 2015 сағат 12:06

СЫЙЛАСТЫҚ ПЕН ҚИМАСТЫҚ

Курстасым Сембай Қисымов туралы бір ауыз сөз

Біздің Сембай оқуға түскен кезде-ақ әр құбылысқа өзіндік пікірі бар, пайым-парқы орныққан, қақ-соқта жұмысы жоқ, кимелеп, килігуді білмейтін біртоға жігіт еді. Жұлынып-жұлқынып алға шықпай-ақ, өзінің үздік оқуымен, байсалды мінезімен, ұстамдылығымен, дарқандығымен сыйлы болды. Әсіресе, оның ортасынан қақ бөлінетін қалбыр табаққа толтыра салынған маржандай қара уылдырықты әкеліп: «Жігіттер, ауылдан келіп еді,  мынаны жеп көріңдерші» деп миығынан күліп тұратын сәті көз алдымда. Сол кезде біз қазір табыла қоймайтын сол уылдырықтың қадірін біле-бермейтін болармыз, асханадағы макарон, картошке мен котлетке үйренген студент  басымыз, соған тамақ деп қарамайтын едік. Сол қайран «қара тары» шала-шарпы ауыз тиген күйінде, сыртында ағылшынша жазуы мен бекіре балықтың суреті салынған әдемі қалбырында рәсуа болып, бекерге қатып қалатын.

Студент - Сембай

Қашан да бүйректен сыйрақ шығарып жүретін Жанат Тұрғанбеков деген курстасымыз оған:  «Семьбай деген ат орысша, сенің қазақша атың  - Жетібай, Жетібай!» деп, азан шақырып,  жаңадан ат қойған. Бірақ оның өзінен басқа ешкім Жетібай атандырған жоқ.

Оқу бітіріп кеткен соң біраз жылдар өткенде ол ғылымға құсы құлап, аңсары ауып, диссертация қорғамақ болып, Атыраудан Алматыға келді. Тақырыбы әдебиет тарихынан болатын. Менде болмашы бұйымтайы бар екен – өзіне ғылыми жетекшілікке ұсынылған көрнекті  ғалым-сыншы  Шерияздан Елеукеновпен жақын таныстыруды өтінді. Шекен ағаға Сембайды курсымыздың көсеміндей, ортамыздағы серкеміздей етіп «күмпите» таныстырып едім, досымыздың алымдылығы, ғылыми жұмысының болымдылығының арқасында болар, талғамы жоғары, сыншылығы кірпияз ұстазы біртіндеп жібіп, екеуі тонның ішкі бауындай етене болып,  жақындасып, тіл табысып кетті. Нәтижесінде диссертациясы лайықты қорғалып, біраз мықты ғалымдардың жоғары бағасына, қолпаш, мадағына ие болды.

Сол 1997 жылы Сембай Талғардың бау-бақшалы шет жағында пәтер жалдап тұрып еді, бір  барғанда аз уақытта бүкіл көрші-қолаңына сыйлы болып үлгіргенін байқадым. «Сембайға қонақ келді» десіп,  «қожайындарының» бірі монша жағып, біреулері үйіндегі тұздаған  ішіп-жемін әкеліп, жозы жайып, бәйек болды. Дастархан жайғаудан Сембайдың өзі де құралақан емес еді.  Сол жолы аулада, лапас астында тұрған шағын биллиардты көріп таңырқап қалғам, таңырқағаным – биллиард столының қолдан жасалғандығы  және оны басқа шебер емес, Сембайдың өзінің жасап шыққандығы болды. Кәдімгідей жасыл шұғамен әдіптеп, әсемдеп, мұқият қаптап шығыпты. Қолы ұсынақты екен. Шар қуалап, қарық болып қалдық.

Ғалым - Сембай

Сол жылдары Сембай Астанаға ауыспақ болды. Гумилев атындағы университеттің журналистика факультетінің бір басшысы маған телефон соғып, өздеріне маман мұғалімдер жетіспей жатқанын айтқан болатын. Оларға енді ғана диссертация қорғаған су жаңа ғалым, екпіні тау жыққандай мықты маман ретінде Сембай Қисымовты ұсындым. Ол бірден жұмысқа қабылданды. Біз сияқты Астанаға қопарыла көшіп барған мемлекеттік қызметкерлерге сол жылдары көп ұзатпай пәтер беріп жатқан. Маған да пәтер тиіп, Сембайдың жатар орны да бірден шешілді, біздің үйде тұратын болды.

Біздің Астанаға көшкеніміз де қызық.

1998  жылдың көктемі болатын. Мәдениет, ақпарат министрлігінің Тілдер департаментінде жұмыс істеймін. Аяқ-астынан Арқаға көшетін болдық. Үйдің алдына үсті жабық дәу «КамАЗ» көлігі келіп тоқтады. «Астанаға баратын төсек-орындарыңды, жүктеріңді тиеңдер!» дейді. Қандай жүк тиерімізді білмейміз. Өйткені, қызмет орнымыздан басқа табан тірер тиянағымыз жоқ, қандай жатақхана, қандай бұрыш тиері беймәлім. Бізге орын дайындауға кеткен қызметтесіміз Кенжехан  Матыжанның өзі бір інісінің үйіне қонып жүргенін айтты. «Ұлке, көшкен кезде төсек-орынды екіден алу керек екен. Мынау інімнің жатар орны біреу-ақ, екеуміз сыймай жатырмыз» дегені есімде қалып қойыпты. Содан зайыбым: «Көлікке не салайын?»деп сұрағанда мен шұбырта жөнелдім: «Екі қасық, екі шанышқы, екі кесе, екі тәлеңке, екі көрпе, екі жастық, екі матрас...» деген кезде әйелім:

«Тұра тұршы, бәрі екеуден болып кетті ғой, Астанаға жалғыз өзің бара жатқан жоқсың ба, екі төсек неменеге керек?» деп сұрап қалды. Сонда мен де жұлып алғандай: «Қонақ келсе қойныма алып жатам ба?» деп жауап берген едім. Бұл – сол тұста Астанаға көшушілер арасына кең тарап кетіп, әлі күнге дейін күлкілі әңгіме болып жүр.

...Сөйтіп, сол 1998 жылдың желтоқсанынан бастап Сембай екеуміз Астананың «Екі шырақ» атанған қос үйінің біріндегі 20-қабатта, 99-пәтерде   9-сыныпта оқитын менің балам үшеуіміз еркекқос болып, бір қыс бойы бірге тұрдық. Таңертең асығыс кетеміз, кешке қарай басымыз тоқайласады. Қолымыз қалт еткенде, Астанаға көшіп барған курстастарымызбен бас қосып, талай қызықты шақтарды бастан өткердік.

1999  жылы үлкен қарындасым Салтанат Өскеменде Ертістің  суына кетіп, қайтыс болды. Оның жерлеуі өткен соң демалыс алып, Алматыға келіп жатыр едім, сол тұстағы Атыраудың әкімі, Алаштың ардақты азаматы, досым Иманғали Тасмағамбетов  көңіл айта келіп, еліне шақырып, өзімен бірге алып кетті. Иманғали барғалы келбеті жаңарып жатқан қаланың жаңа ғимараттары мен мұражайларын аралап, Құрманғазы мен Динаның ескерткіштеріне көз тоғайтып, Ақыртөбенің Алтын адамы, басқа да қазыналарымен танысып, редакциялар мен кітапханаларда кездесулер өткізіп, Жайық пен Атыраудың айдынына құлаш ұрып, бір сергіп қалдым. Иманғали өзі рөлге отырып, Сарайшыққа апарып, хандардың пантеонын көрсетті. Сондағы мұражайда жұдырықтай бір мүсінге ерекше назарымды аударды. Қарасам: қайықтағы екі адамның құйтымдай мүсіні. Бірі - мықшиып ескек есіп отырған, қабырғасы ырсиған ашаң, арық орыс қайықшысы болса, екіншісі - оған қарама-қарсы биік орындықта отырған еңселі, басында сәнді тымағы бар, қолын сермей түсіп әсерлі әңгіме айтып отырған апайтөс қазақ байы. Айдарынан жел есіп, шаруасы дөңгеленіп, Жайықтан желпініп өтіп келе жатқан сыңайлы. «Шіркін-ай, Имеке, мына мүсіншені барынша үлкейтіп, Атырау қаласынының қақ ортасына  үлкен ескерткіш етіп қойса болғандай екен!» деп едім, Иманғали ойланып қалған. Сол мүсінше әлі есімнен кетпейді.

Осы сапарда менен де басқа шаруасы шаш-етектен болып жатқан  Иманғалидың маған қолы тимей қалған кездерде әрдайым қасымда жазғы демалыста еліне барған Сембай жүрді. Онымен бірге өткізген облыстық газет редакциясындағы кездесу туралы көлдей мақала шықты. Сонда жазылмаған бір жәйтті айта кетейін.

Кездесуге белгілі драматург Берік Қорқытов ақсақал да қатысып, сөз сөйлеген болатын. Кейін шай алдында қол жууға шыққандағы оңаша сәтті пайдаланып, Берік аға әлгінде ғана қозғалған Кенесары хан  тақырыбын жалғады. Сол тұста Тұрсын Жұртбай мен Думан Рамазанның Кенесары ханның бассүйегін іздеу сапарының жолжазбалары дүркін-дүркін жарияланған еді. Сондықтан біздің  әңгімемізге де тиек болған.

- Маған Шоқан туралы «Көгілдір салт аттылар» деген хикая жазған белгілі орыс жазушысы Сергей Марков бірде Кенесары ханның бас сүйегін  Ор қаласының музейінен ертеректе көргенін айтып еді,- деп бастады ол,- Марков: «Дәлірек айтқанда, музейдің өзінен емес, директорының кабинетіндегі столдан көрдім. Адамның бас сүйегінен жасалған ерекше күлсалғышқа таңырқап қалғанымды байқаған директор танысым: «Бұл - қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі!» деп еді. Үнінен «Мұндай бұйым менде ғана бар» дегендей мардамсыған мақтаныш сезілгендей болды. Ерекше күлсалғышты айналдырып қарап, таңдай қағып, орнына қойғам. Бұл бас сүйекті күлсалғышқа кім айналдырды, ол бұл музейге қайдан келді, бұл жағына бас қатыруға мұрша болмады. Біршама уақыт өткенде «Правда» газетінде Кенесары қозғалысын қаралаған мақала шығып, тарихшы Бекмаханов сотталып жатқан кезде менің тағы да Ор қаласына жолым түсіп, баяғы музей директорымен қайта жолықтым. Бұл жолы оның үстелінен бас сүйек - күлсалғыш көзге шалынбаған соң: «Қайда кеткен?» деп сұрап едім, «Правданың» жойқын  сынынан кейін, Кенесарыны зерттеушілер төңірегінде бұлт қоюлана бастаған соң, сақтанып, «аш құлақтан - тыш құлақ» деп, жоқ қылдым» деп жауап берді. Оны қалай жоқ қылды, қоқысқа лақтырды ма, пешке тастап жіберді ме, мен білмеймін. Сұрап едім, орысша айтқанда: «Уничтожил!» деді. Естіген құлақта жазық жоқ. Марковтың айтқаны осы. Ана жігіттер арамтер болып, жоқты бекер іздеп жүр. Сен осы айтқанымды жазсаңшы» деді Берік ақсақал маған бұрылып.

«Аға, бұл әңгімені сізге Марков айтқан екен, сіз маған айтып отырсыз, оны мен жазғаннан гөрі өзіңіздің жазғаныңыз жөн емес пе?» деп едім, Берік Қорқытов аға, өзі де қараторы адам, өңі одан арман қошқылданып, түнеріп, үндемей қалды. Сөйтсем, ол кісі жас кезінде жазықсыздан «халық жауы» атанып, түрме теперішін әбден көрген адам екен. Шайлығып қалған жүрек әлі де секемдене беретін сыңайлы. Ол кісі жазбапты. Мүмкін жазып қалдырған шығар?..

Қайран қалған мен сыртқа шыққан соң бұл әңгімені Сембайға айттым. Екеуіміздің пікіріміз «бас сүйек табылса да орыстар енді бізге бере қоймайды, себебі күлсалғышқа айналған экспонатты бас сүйек деп көрсетуге ұялатыны анық, тіпті бұрын жойылмаса - енді жойып жіберуі мүмкін. Ханының басынан күлсалғыш жасау – қазақтай халықты қорлау, кемсіту, мейлі бұл патша заманында бұратана деп есептелген ұлтқа деген шовинистік көзқарас шығар, бірақ сол түзетуге жатпайтын өрескел қателікке, тіпті тарих алдындағы қылмысқа бүгінгі орыс ұрпағы жауапкер болғысы келмесі анық. Сондықтан, хан басының жоғалғаны - жоғалған» дегенге сайған болатын.

Кейінгі бір тұста Қазақстанның Ресейде өткен мәдени жылының қорытындысы кезінде екі елдің сол тұстағы Мәдениет министрлері М.Құл-Мұхаммед пен М.Швыдкойдың Кремль мұражайындағы кездесуіне куә болып едім. Сонда сұңғыла Мұхтар бауырымыздың: «Мен бұл кісіге әріптестігімізді айтпағанда арамыздағы көп жылғы жақын достығымызды пайдаланып, Кенесары ханның басын тауып беруге қолқа салып, іздетіп қойдым. Құдай бұйыртса, жақында тауып бермек» дегені есімде. Бірақ, сол  Ресейдің күллі мұражайы қолында тұрған Швыдкойдың өзі тауып бере алмауында әлгіндей бір гәптің бары анық. Тапқан күннің өзінде күлдіреген күлсалғышты  «Ханыңның ардақты басы мынау» деп қай бетімен көрсетпек?! 

Жаз шыға Сембайға университет пәтер бөлген екен. «Үш бөлмеден бас тарттым, «маған бір бөлмесі де жетеді» дедім» деп миығынан күліп келіп тұр. Қанағатшылдығын қойсаңшы! Сөйтіп, оған енші беріп, бөліп шығардық. Алған пәтері бұрынғы аудитория болып шықты.Оның ішін қабырғамен  бөліп, ас үйі бар, ұядай құтханаға айналдырғанына куәмін. Сол тұста ол «Егемен Қазақстан» газетінде істейтін Сейфолла Шайынғазин деген қаламдас дос-құрдас тауып, екеуі бос уақыттарын бірге өткізіп жүрді. Менің жұмысым Үкіметке ауысып, қағазбасты қарбаластан бос уақыт дегеннен жұрдай болдым. Көп ұзамай қайтадан Алматыға көшіп кеттім де, көрісуіміз тіпті сирекси бастады.

Бірде «Сембай ауырып жүр екен» деді Астанадағы бір курстасымыз. «Ауырмайтын адам бар ма, тымау-сымау шығар» деп, оған мән бере қоймап едім, бір күні «Сембайдан айырылып қалдық!» деген ауыр хабар «дүңк» ете түскенде сенер-сенбесімді білмей қалдым. «Енді бізге Сембай жоқ» дегенге әлі сенгім келмейді. Абзал азамат, ардақты дос, айырылысуға қимайтын сыйлас, жүректес жолдас еді.

Сыйластық болған жерде қимастық та болатынына көз жетті.

Ұлықбек Есдәулет

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475