Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 7087 0 пікір 16 Мамыр, 2016 сағат 09:35

ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫНАН КЕЙІНГІ ОЙ

 Жер жөніндегі комиссия бірінші отырысын өткізді. Комиссия үзіліссіз жеті сағат мәжіліс құрыпты. Көтерілген, айтылған мәселелер жөнінде электронды ақпарат құралдарынан хабардар болдық. Сонда байқағанымыз – комиссия мүшелерінің басым бөлігі халық талабын ұқпаған секілді. Дұрысында, халықтың Жер кодексіндегі жаңа баптарға қарсы шығуын білместіктің салдары санайтын тәрізді. Жұрт қателеседі, қателікті осы комиссия түзетуге тиіс деп ойлайтындай. Яғни Жер кодексіне түзетулер мен толықтырулардың дұрыс енгізілгенін Комиссия мінберінен бар дауыспен шегелеп айтуды міндет көретіндей, бұл үшін жерді сату және жалға беру пайдалы болмағын ең алдымен біріне бірі, өздеріне өздері түсіндіру, дәлелдеу қажет деп білетіндей. Мәселені келісімге келу жолымен емес, дауысқа салу арқылы шешуге, сөйтіп ел наразылығын туғызған баптардың өмір мұқтаждығынан туғанын көпшілік дауыспен бекітіп алуға білек сыбанып тұрғандарына қарағанда, бұлардың, Комиссияның агрессивті-үкіметшіл басым бөлігінің, қара жұртшылық артқан үмітті ақтамайтыны аныққа шығатын түрі бар. Әйтсе де, Жер комиссиясы жұмысын енді ғана бастағандықтан, бәлкім, алдағы отырыстарына дейін ойланар деген үмітпен, проблеманы талқылау үдерісіне ел ішінен өз үнімізді қосуға біз де мәжбүр болып отырмыз.

Халықтың «жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін» деген аманатын Комиссия мүшелерінің азын-аулақ бөлігі еске салып, өз жұмысымызды осы тілекті қанағаттандырудан бастайық деген ұсыныс айтты. Осыған құлақ асу жөн болар еді, өйткені жұрт жердің жаңаша отарлану, өздерінің жаңа сипаттағы отар құлы болу ықтималдағының алдын алғысы келгендіктен алаңдарға шығып, Кодекстегі өзгерістерге наразылық танытты. Талап қойды.  Құй мойындайық, құй мойындамайық, ел көңілі күпті. Қазіргі таңда сол ашық та түсінікті, әрі өте қарапайым талап-тілекке арнайы құрылған комиссия жете мән берсе керек еді. Бірақ, алғашқы мәжілістен анық аңғарылатыны –  олай болмай тұр. Ендеше оның мұндай жұмысы – елді алаңдатқан күдікті тікелей талқылап, сейілтудің орнына, оны  елемеуге тырысуы – көңіл көншітпейді. Демек, жерді сатудың, шетелдіктерге жалға беріп пайдаланудың тиімділігін, маңызын қаншама дәлелдеп, ақылгөйсігенмен, мұндай уәждер жұртшылықты тыныштандыра алмайды. Неге? Неліктен?

Себебі, тарихқа жүгінсек, жерді тиімді пайдаланудың маңызын патша үкіметі де уағыздаған. Жерді тиімді пайдалану үшін, мол кеңістікте мал жайып, экстенсивті экономикамен күнелтіп жүрген қазақты «отырықшы болуға» шақырып, «артық жерлерін» тартып алған да, шұрайлы жер-суға ішкі губернияларындағы ереуілдеп жатқан  шаруаларды  топырлатып әкеліп қоныстандырған. Сонда, жаңа жерлерді отарлаушы мұжықтарына жағдай жасай келе, империя үкіметі «дала өлкесін гүлдендіреміз» деп ұрандатқан. Алапат ашаршылық апатынан кейін босап қалған жерлерге, «тусырап жатқан тыңды игереміз» деген ұранмен, советтік өкімет те  шартараптан мың сан қыз-жігітті – жерді жаңаша отарлаушылдарды орнықтырған. Екі қоғамдық құрылыста да билік жариялы түрде «қазақ жерін көркейтуді», «жер-суды тиімді пайдалануды, табыс көзіне айналдыруды» көздеді. Мән беріп қараңыздар – қазақ халқының тұрмысын жақсартуды емес, қазақтың өзінсіз-ақ оның жер-суын игеруді, егін егіп,  өмірді жайнатуды, заманауи экономиканы өркендетуді көкседі.

Дегенмен, совет заманында жер-суды ұжымдасып пайдаланудың түрлі тәжірибелері жасалғаны, сөйтіп, ақыры, ел-жұрт көндіккен және уақыт талабына сай дамытқан өмір салты қалыптасқаны мәлім. Алайда тәуелсіздік дәуірінде кеңшар, ұжымшарларды күштеп таратып, басшыларын қолдан бай жасадық та, ауылдардағы қалың бұқараның көпшілігін жерден айырдық. (Содан бері ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға берілген кейбір орындарда іс жүзінде өз халқымыздың құқтарын шектейтін  басқа тәртіп орнап жатқанын бүгіндері әлеуметтік желіде жұрт күйіне айтуда.) Қазіргі таңда сол қалың бұқара үкіметімізді жер мәселесін қарайтын арнайы комиссия құруға мәжбүр етіп отыр. Егер енді осы Комиссия мүшелері мәселені сағызша созып, Кодекстің күдікті баптарын іштеріндегі азшылыққа қайткенде мойындатуды мақсат ететін болса, халық, әрине, бұл жолы тыныш отыра алмайды. Комиссияның мұндай ықтимал қадамы мен әрекеті, шынында да, қалың қауымға «жусан революциясын» аңсататын болады. Өйткені, өкінішке қарай, біздің бүгінгі тәуелсіз еліміздің де үкіметі «қазақ халқын көркейтуді» емес, «жерді ұтымды пайдалануды» мақсат етіп, қазақтың жер-суын ішкі, сыртқы қалталыларға игерту арқылы шаш-етектен пайда табуды ғана жоспарлайтын сияқты. Олай болмауға тиіс. Өйткені олай ету біздің ұлттық мүддемізге, күллі ел болып алдымызға қойып отырған «мәңгілік ел болу» жайындағы арманымызға жауап бермейді.

Ендеше, президент Назарбаев орынды атап айтқандай, халыққа жақпайтын заң, «жерді сатуға, жалға беруге»  мүмкіндік жасайтын заң кері қағылуы керек. Сонымен қатар, осы кезге дейін жеке меншікке сатылған жерлер национализацияланып,  мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс. Комиссия бірінші кезекте парламентке осындай ұсыныс енгізуді дәйектесе, сөз жоқ,  мойнына алған тарихи міндетін дұрыс атқарған болар еді. Бұл – парыз, мұны алдағы уақыттарда атқарылатын барша шаруаның базалық тұғырына айналдыруға тырысу қажет.

Одан әрі Комиссияның не істегені жөн?  Одан әрі патшалық дәуірде де, советтік кезеңде де орындалмаған, тіпті біздің тәуелсіздікке қол жеткізген заманымыздың өзінде де әлі күнгі  қолға алынбаған өзекті мәселені – қазақты жерге орналастыру үдерісін бастап, жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін дәйектегені дұрыс болмақ. Осыны заңдастыру жөн. Қазақ жер өңдеу, мал өсіру ісіне тікелей тартылып, өз жерінің шын мәніндегі қожайыны дәрежесіне жетуі ләзім. Бұл үшін жер-судың сапасына, пайдалану мақсаттарына қарай әр қожалыққа тиесілі үлестік нормасын белгілеу керек. Үлес алған адамдардың түрлі серіктестік құрып, шаруашылықты жүргізе бастауына бастапқыда мемлекеттік жәрдем беру шаралары мұқият ойластырылуы тиіс. Аграрлық сектор мамандары, заңгерлер, қаржыгерлер өздерінің күллі ақыл-ой, күш-жігерлерін осы бағытқа жұмсаса оңды болар еді. Сонда, қазақ өз жерін өзі түлетуге кіріскенде, еліміздегі жұмыссыздық пен кедейшілік мәселелерін сәтімен шешу бағытына түсер едік. Осылайша мемлекетіміздің әлемдік елдер палитрасынан өз бояуымен тиісті орнын алып тұруына, жаһандану аранына жұтылмай, ұлттық бітім-болмысын сақтауына, яғни, декларативтік емес, шынайы мәңгілік ел қатарына ұмтылуына мықты негіз салынары кәміл.

Қорыта айтқанда, халық талабына байланысты құрылған бұл мемлекеттік комиссия үкіметіміздің халыққа шын мәнінде қызмет етуіне септесуді аса маңызды, ең басты және ең негізгі міндеті деп санаса ғана ел алдындағы борышын адал өтейді. Отарлық қамыттан ширек ғасыр бұрын мүлдем құтылған халқымыздың ғасырлар бойғы арманы  енді орындалуға тиіс. Оған, ауыл шаруашылығы өндірісін халқымыздың өз қолына алып, өз жерінің шынайы қожасы өзі болуын қамтамасыз етуге – тәуелсіз еліміздің өкіметі міндеттенуі керек.  Комиссия осындай бағыт ұстанса, сөйтіп билікке сондай ұсынысты жан-жақты дәйектеп берсе ғана халық үмітін ақтайды. Осы бір азын-аулақ ойымызды биік комиссиядағы білікті азаматтардың қаперге алуын қалаймыз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

16.05.2016

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1517
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3294
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5868