ҚАЗАҚ ТАРИХШЫЛАРЫ ШЫҢҒЫС ҚАҒАННЫҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНІН БІЛЕ МЕ?
Қазақ тарихшылары Шыңғыс қағанның қазақ екенін білеме деген сұраққа біледі, деп жауап беремін. Білмейтіндер және білгісі келмейтіндер тек қана Қазақстанның орыс тілді үкіметіне тәуелді ресми тарих ғылымы ғана. Олардың Қазақтың ежелгі тарихын жоғарғы оқу орындарында оқытудан бас тартып жүргендері де осыдан болса керек.
Қазаққа Шыңғысханның туыстығы бар ма деген сұраққа академик Оразақ СМАҒҰЛ былай деп жауап береді: «Алдымен Шыңғысхан моңғол ма, моңғол емес пе дегенді анықтап алу керек. Шыңғысхан, мәселен, ХІІІ ғасырда өмір сүрген адам. Бірақ, сол Шыңғысханның елі қолданған тіл мен сол тұстағы этникалық атауларды бүгінгі моңғолдар түсінбейді. Арада бар болғаны 800 жыл ғана өтсе де, олардың жазуын не оқи алмайды, не түсінбейді. Ал, біз түркі тектес халықтың біріміз, осыдан 700-800 жыл бұрынғы көне түріктердің жазуын ашып, оқып жатырмыз ғой. Сонда бұл жақындық пен айырмашылық нені білдіреді?.. Бұдан шығатыны, ол заманда, Шыңғыс заманында моңғолдар атты этникалық дара қауым болмаған. Атау болған, бірақ негіз болмаған. Ол заманда, тіпті түрік әлемі мен моңғол тектес халықтардың арасында айырмашылықтар да, қайшылықтар да болмаған болуы мүмкін. Оны жалған десеңіз, қазір барлық тарихи деректерде жазылып жүр, Шыңғысхан түркі әлемімен хат алысқанда тілмәш ұстамаған. «Мен моңғолмын» дегенмен олар түркі тайпаларымен барлығы бір тілде сөйлескен. Ал, енді бұл нені білдіреді? Әрине, негізі бір екендігін білдіреді. Шыңғысханның қоңыраттың қызы Бөртені алғаны да тегін емес қой. Ал, біз бүгін тұрақты этникалық топқа бөлініп алғаннан кейін оны анаған тартып, мынаған тартып, өз айтқанымызды растағымыз келеді». (Оразақ СМАҒҰЛ, академик: Шыңғысхан моңғол ма, моңғол емес пе дегенді анықтап алу керек).
Түсініктеме: Өте дұрыс тұжырым. Ол заманда Мұңал (Моңғол) деген мемлекет болған жоқ, бірақ қазақтың кенжесі Адайда Мұңал деген ру болды. Мұңалдың, яғни өз атасының есімін мемлекет атауына айналдырған Шыңғысхан атамыз. Бұл сөз түсінген жанға бүкіл әлем елдерінің қалай дүниеге келетінінің айдай айғағы. Бүкіл әлем елдері осылай дүниеге келген.
«Мәдениеті мен дәрежесі, әскери күш-қуаты мен мемлекеттік құрылымы жағынан Шыңғысхан мемлекеті Ұлы Түркі Қағанатынан заңды жалғасы болса да асып түсті. Себебі, Ұлы Түркі Қағанатының шеті Қырымға ғана тірелсе, Батудың сарбаздары мінген аттардың тұяғының дүрсілі мен жебесінің зуылынан европалықтар мен орыстар зәресі ұшып, қалтырай қорықты. Біз оларға, олар бізге ұнамсыз шетжұрттық тарихшылар тізбектеп жазғандай, адамзат цивилизациясын жоюға бағытталған қанды қырғын мен жаппай жер бетіндегі қалаларды жермен- жексен етіп қиратып, шектен шығу болған емес. Сол заманда Русь жерін аралаған Плано Карпинидің өз жазбаларында, мен орыс қалалары мен селоларында ешқандай соғыс іздерін көрмедім деген сөздерді таңқалыспен қалдырған.
Алтын Орда мемлекетіне үш жүз жылдан астам бодан болған орыс мемлекетінің сол кездегі көне қалалары әлі күнге дейін қаз-қалпын сақтап тур. Ал енді Иван Грозныйдан басталған орыс шапқыншылығы айналасы бір ғасырға толар - толмас уақыт ішінде Алтын Орда мемлекетінің 200 астам қалаларын жер бетінен ізін де қалдырмай мүлде жойып жіберді. Тағылымы мол тарихи деректер қамтыған қаншама кітапханалар мен баға жетпес мұралар өртенгенін есептей беріңіз. Осы кезеңнен бастап Шыңғысханды қаралау үшін жаптым жала, жақтым күйе эрасы басталды.
Біріншіден, оның тарихтағы орнын ақтан қараға ауыстыру пиғылымен ұлтын өзгертіп, түркі емес моңғол деп жария қылды. Моңғол деп көрсетудің тиімділігі, жабайы халықтың өкілі болғандықтан, ол жауыз әрі қанішер болуға тиіс деген ұғымды қалыптастырудың жеңіл-желпі оңайлығы, баспанасы тек киіз үймен ғана шектелген, мәдениеттен жұрдай, қалалары мүлде болмаған - деген пікірдің қолайлығы.
Екіншіден, өздерінің дәл қазір қол астындағы түркі халықтарына кеше ғана өздері үш ғасырдан астам бодан болғанын мойындаудың мүмкін еместігі. Бұл әрине шовинистік пиғылдан туған – пікір. Еліміз егемендік алғаннан бері ақиқаттың ауылы жақындап көріне бастады, оған дәлел тарихтың қайта қаралу процестерінің басталуы. Бұл тарихи үрдіс ұрпақтан ұрпаққа жалғасады, тоқтату енді мүмкін емес.
Үшіншіден, Марал Ысқақбайдың мынандай сөздерін қайталағым келеді, жиырмасыншы ғасырдағы «просвещенная Россияның» мансап иелері мен оқымыстылары жалпақ дүниені жайлап жатқан қазақты шөкімдей қырғызбен шатастырса, сонау сегіз ғасыр бұрынғы түркі жұртын моңғол атандырып жібергеніне таңдануға болмайды да» («Жәрдем» KZ газеті. 29.09.2013, Берден Қадыр).
Өте дұрыс пікір. Орыс тарихшыларының мұны түсінуге білімі жетпеген.
«Қытай деректері былай деп жазыпты: Олар (мұңғылдар) Батыс өңірдің (Орталық Азияны қытайлар осылай атайды) көмегімен қытайларды езді, ұлт халқының қарсылығын әлсіретіп, өз үстемдігін нығайту үшін, Қытай халқының ішкі ынтымағына іріткі салды. Олар сондай-ақ, Қытайда жасайтын халықтарды төрт жікке (дәрежеге) бөліп қарайды.
Бірінші дәрежедегілер - өздері (мұңғылдар); екінші дәрежедегілер – батыс өңірдегілер (түркі халықтары), үшінші дәрежедегілер – терістіктегі өзге көшпелі халықтар; төртінші дәрежедегілер – қытайлар мен түстік халықтар» (Б.Қ.Албани «Қазақия» Алматы. 2008. 214 бет).
Шыңғыс ханның тегі Түрік болмаса, ол өзінен кейінгі екінші дәрежеге Түріктерді қоймаған болар еді.
«Шыңғысхан ХІІІ ғасырда Моңғолия территориясында өмір сүрген қазақ тайпаларының тілінде сөйлеген.
...Моңғолдардың Шыңғысханға ешқандай қатысы жоқ. ...Әлем тарихындағы көрнекті тұлғаларының тым болмағанда үшеуінің біздің халқымызға тікелей қатысы бар. Бұлар – сақ патшайымы Тұмар, Ғұндардың көшбасшысы Еділ (Аттила) және біз сөз етіп отырған Шыңғысхан. Бұлардың бойында қазақтың қаны болды.
Айтулы Ұлы моңғол империясы 1206 жылы құрылды. Оның құрамына қазіргі қазақ ұлтын құрайтын тайпалар мен рулар кіріп, бұл мемлекетті қазақ халқының даңқты ұлы – Шыңғысхан құрды». (Қайрат Зәкрянов. Шыңғысхан татар ма, моңғол ма, әлде қазақ па? «Қазақ үні» газетінен 20 тамыз 2014 жыл).
«Біз ұлттық тарихымызды Шыңғыс хансыз елестете де алмаймыз. Сондай-ақ, қазақ тарихынан – Қазақстан тарихынан Шыңғыс ханды ешкім, ешқашан да алып тастай алмайтынына кәмел сенеміз! Ұлтымыздың соңғы 800 жылдық тарихын Шыңғыс хан мен оның әулетінен бөле қарау мүмкін емес». (Марал Ысқақбай, жазушы, Қазақстан және Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі).
Шыңғысхан атамыздың тегінің қазақ екенін әйгілі қазақ жазушысы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өзінің Тұрар Рысқұлов жайлы тарихи еңбегінде былайша суреттейді: Т.Рысқұлов бірде Сталин өткізген бір жиналысқа кешігіп келгенде, Сталин оған Шығыстың Шыңғысханы кел төрге шық дегенде, Тұрардың оған төрге Грузиннің князы жайғасыпты ғой, деп екеуінің сөзге келісіп қалғаны айтылады.
Шерхан ағамыз Сталиннің аузымен Шыңғыс ханның тегінің қазақ екенін анық айтып тұрған жоқ па?!
Қазақтың көрнекті жазушысы І.Есенберлин «Алтын Орда» атты тарихи триологиясында Шыңғысханның өзі де, одан тарап Қазаққа хан болған барлық қазақ хандарының тегі Қазақ екендігін жеріне жеткізе жазыпты.
«Моңғолдың (Мұңалдың М.Қ.) құпия шежіресі» бұл Қазақ халқының «Батырлар жыры» дастандарының жалғасы» (Қ.Данияров).
Т. Әбенайұлының "Шыныңа көш тарих: Шыңғысхан кім?" деген кітабында Шыңғысханның тегі Қазақ деген тұжырым жасалған.
Қарағандылық М.Қарғабаев «Көшпенділер атлантидасы» атты зерттеу еңбегінде Шыңғысханның тегі Қазақ екендігіне ешқандай күмән келтірмейді.
Жазушы М.Мағауиннің төрт томдық «Шыңғыс хан» атты деректі тарихи романы Шыңғыс ханның тегінің қазақ екендігіне арналған: «Шыңғыс ханның ең негізгі мұрагері – қазақ халқы. ...Шыңғыс қаған мөрінің беті түрікше жазылған. Оны ешкім теріске шығара алмайды. Ал енді ойлап қараңыз, Орыс мемлекетінің мөрі ағылшын тілінде, француз тілінде болуы мүмкін бе? Англия корольдігінің мөрі неміс тілінде болуы мүмкін бе? Түрік мемлекеті – түрік тілінде. Сол сияқты толып жатқан мәселелердің бәрін нақтылауға тура келді». (Мұхтар Мағауин).
Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Шыңғысхан Түрік. Түріктің ішінде қазақ».
Тоқберген Байтасов: «Мен Қазақтың шежіресіне де Шыңғысхан бабамыздың қазақтың ұрпағы екеніне де күмәнім жоқ».
«Шыңғысхан біздің бабамыз, біз түркілер, оның ішінде қазақтар Шыңғысханның ұрпақтарымыз!» (Қазыбек Иса).
«Шыңғыс ханның ұрпағын шарқ ұрып іздеп жүрген қытайлықтар ұлы қаған ұрпақтарының қазақ жерінде өріп жүргенін білмейді-ау. Әйтпесе, бірден академик Шота Уәлиханов ағамызды іздеп келмей ме. Шота ағамыз қайбір жылы Моңғолияға барғанда, моңғолдар Шыңғыс ханның өзі тіріліп келгендей, жүректері жарыла қуаныпты. Өздерінде хан ұрпағынан тірі тұқым қалмапты. Соған қарағанда, «Шыңғыс хан - қазақ» деп жүргендер бір нәрсені біліп айтатын сияқты ма-ау...» (Төре ҒАЛИ).
Өтеміс қажының «Шыңғыс-нама» шығармасында Шыңғыс ханның ұлы Жошы Ұлытауда аң аулаған кезінде аттан құлап, мойны үзіліп қаза тапқанын жазған (1-тарау). Тарихта оның әкесінен жарты жыл бұрын қаза болғаны айтылады. Қазақта «Ақсақ құлан– Жошы хан» деген аңыз, күй бар.
«Адамзатта Шыңғыстай ер тумайды» (Мағжан Жұмабаев).
«Шыңғыс ханның түркі халқынан шыққаны хақ. Қобыланды жырында «Қырық мың үйлі Қият» деген ел бар. Сол қияттың әулеті Шыңғыс ханның ата-бабалары. Мәселен айталық, Абақай, Есукей, Қабыл хан. Түгел түркі текті адамдар. Ал Шыңғыс ханның тоғыз өрлігі болған. Тоғыз өрліктің тоғызы да түркі текті адамдар. Мәселен, керейден Торқан Сары бар, жалайырдан Мұқалы бар. Түгел осылай болып келеді. Ал Шыңғыс ханның алған әйелінің бірде-біреуі моңғол емес. Ана атақты төрт ханымның төртеуі де түркі тектес.
Шыңғысханды 10 жыл зертедім. Сондағы келген қорытындым – Шыңғыс хан асқан қырғыншы дегенге қосылмадым. Шыңғыс хан өз дәуірінде данышпан адам болған. Үлкен ұйымдастырушы, мықты саясаткер, әскери маман болған.
...Әл-Әсирдің сөзін оқып берейін: «Шыңғыс хан алғыр, ақылды, шешімді саясаткер, ұйымдастырушы еді. Ол ежелгі Шың (қытай), араб заңдарын аудартып, өз қауымына лайық келетін Яса, яғни Ясак деген заң жазды. Сол заң бойынша әрбір дін, әрбір қауым құрметті саналды. Сол себепті ол құрған мемлекетте, ең ірі империяда жасайтын сүниттер мен шейттер, буддистер мен яхудилер, христиан мен түріктер, армяндар бір әке, бір шешеден туғандай, тату-тәтті өмір кешті», – депті. Шыңғыс ханнан төрт жыл кейін өлген адамның сөзі. Осы адамнан артық Шыңғыс ханға баға бере алмаспыз деп ойлаймын». (Зейнолла Сәнік).
«Дулатидың, Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді. Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой. Осындай нақты дәлелдер бар». (Төреғали ТӘШЕНОВ, журналист, Алматы қаласы).
«Шыңғысхандық маңғол тайпасы, Борджигин мен Тайджут тайпаларынан құралғаны мәлім. Борджиги дегені Бөріжігі, оны өздерін Бөрі (қасқыр) ұрпағы дейтін аңыздары да дәлелдейді. Ал Тайджут дегені Адайжұрт, оны осы тайпадан шыққан атақты Жебенің есімі Жорға Адай екені дәлелдейді (132 бет).
...Шыңғыс хан ұрпақтары өздері орнатқан мемлекетті, неге Қазақ хандығы деп атады дейміз? Өйткені осы аймақта, Шыңғыс ханға дейін Қазақ қағанаты өмір сүргенін олар жақсы білетін. Бұл атау барлық тайпаларға ортақ екендігінен атады, өздері де (Жәнібек пен Керей) Қазақ халқымыз деп білетін Шыңғысхан ұрпақтары еді. Қазақ тайпаларының 19-шы ғасырда ешқандай диалектісіз біртілді екені және өздерін бір халық санайтыны, сол замандағы Ресей адамдары көрсеткен» (Бекжан Аден «Қазақ пен Казак немесе Құпияланған тарих» Алматы, 2013. 158 бет).
«Хан ордасында жоңғар елшісін қабылдау рәсіміне қатысып отырған барша ел ағалары шектерін тартты. Демдерін іштеріне алып, Тәуке ханға қарады. Сонда ол қазақ тағы биігінен бәрінің көкейінен шығатын сөз айтты. Ойрат Қалданның талабы Ұлы Шыңғыс ханның жолын бұрмалағанын көрсетеді деді. Елшісі оған мынаны жеткізсін – өзінен бұрынғы ізашарлары секілді, қазақ хандығының жаңа әміршісі Тәуке хан, жаһанды дірілдеткен Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы болып табылады. Ал оның ұлы бабасы Шыңғыс қаһан әлемнің жартысын жаулап алғанменен, ондағы ел-жұрттардың жан-дүниесіне зорлық жасамаған. Ол өзі сыйынатын көк тәңіріне табынуды ешкімге тықпаламаған. Сондай тәртіпті жиһангер ұлдары мен немерелеріне де өсиет еткен. Ойраттар Шыңғыс әскерінің аса ержүрек, жауынгер қанаты болғанмен, ұлы қаһанның күшінің сырын ұқпаған екен. Елші қожайынына айта барсын, оның қойып отырғаны – ешқашан орындалмайтын және сол талапкердің өзін орға жығатын жөнсіз шарт. Қазаққа мұсылмандықты Мұхаммед пайғамбардың алғашқы жаушылары жеткізген. Бұдан пәлен ғасыр ілгеріде оны Қарахан әулеті, одан кейін Алтын Орда билеушілері мемлекеттік дін ретінде қабылдаған. Мұсылман иланымының ұлы уағызшысы Қожа Ахметтің осынау бас ордадан қол созым жерде тұрған кесенесін халықтың қастерлеп сақтайтыны сондай, бүгінде онда қазақтың күллі хандары мен игі жақсылары тыншыған. Жоңғар ханы қисынсыз талабын қайтып алсын, ондай орынсыз шарттар емес, достық қарым-қатынастар елдерімізді дәулет пен бақытқа кенелтеді» (Бейбіт Қойшыбаев http://abai.kz/post/view?id=5256).
«Шыңғысхан қазақ болмаса, неге онда қазақтың барлық хандары мен сұлтандары таққа талас кезінде тек Шыңғыс тұқымынан болуы міндет болды? -деген сұраққа ешбір ұлттың ғалымы жауап бере алмайды.
Шыңғыс ханның өз руы мен халқына келетін болсақ. Оның аталары Мұңал-Жары тауында туылған (Ақтөбедегі Мұңал-Жары тауын орыстар Мугаджар деп қате жазған)...
Бұрынғы Қыпшақ, Қаңлы, Үйсін т.б мемлекеттер секілді жер сол елдің басқарушы рудың атымен аталған.
Сол себепті мұңалдардың аяғы тиген жердің бәрі (жаулап алған немесе өз еркімен қосылған ру, тайпа, халықтар жері) Мұңал жері деп аталды.
Айта кетерлігі сол замандағы арыс, ұлыс деген ұғымдар қазір де сол Мұңалдар да, Адайларда сақталған. Мысалы: Адайдың сегіз арысы немесе төрт ұлысы: Қосай, Тобыш, Жеменей, Мұңал.
Шыңғыс ханның қазақ екенінің тағы бір дәлелі Моңғол Империясында атақты Адай деген хан болғандығы және Моңғол (Мұңал) хандарының есімдері Адайлардың "й"-әріпімен аяқталатындығы. Қосай, Бегей, Жеменей, Шоңай, Жаңай т.б ру аттары секілді. Мысалы Шыңғысхан туған балаларына, немерелеріне де аттарын адайша қойған: Шағатай, Үгедей, Батый т.б.
Адайлардың саң ғасыр бойы еш билікті мойындамағанын осыдан түсінуге болады» (Адай Елназар).
«Шыңғысхан тарихын таразылаудың алғашқы сахабалары - деп Мухтар Мағауин, Тілеуберді Әбенайұлы, Қайрат Закирьянов, Марал Ысқақбай, Балтабек Умирьяев, Серікбосын Нұрқасымов, өзіміздің жерлестеріміз, жер жаннаты Жетісу өңірінің ардақты да аяулы азаматтары Әміре Әрін, Марат Жандыбаев, Бексұлтан Нұржекеевті атауға болады.
...Бүкіл әлем бас иіп, екінші мыңжылдық адамы деп құрмет тұтқан ардақты бабамыздан алыстамайық ағайын! Өз ұлын, өз жақсысын ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді – деп Илияс Жансүгіров айтпақшы, біреудің атасы біреуге ата болмайды өз атасы тұрғанда. Шыңғысхан адамзат тарихындағы ұлы тұлғалардың ең биігі, пайғамбарлар мен халифтардан кейін, біз үшін шеті жоқ, шегі жоқ мәңгілік мақтаныш.
Шыңғысхан ұлысының тікелей мұрагері – қазақ халқы, бұл туралы бұлтартпас дәлелдер жарыққа шығып жатыр. Болашақта, әрі кетсе бес-он жылдың ішінде Шыңғысханның бізге кім екені әлемге әйгілі болуға тиіс». (Берден Қадыр, журналист).
«Сонау алтын айдарлы Сақ-Тұмар ханшайым, Жаужүрек жеңімпаз - Еділ патша, түркінің тарландары Бумын, Білге, Күлтегін, айбарлы қолбасшы Шыңғыс хан, қос жасампаз билеуші Керей мен Жәнібек, жеріміздің кеңдігін аңсаған Қасым, Хақназар, Есім, Тәуке хандар, халқымыздың бірлігі мен берекесін ұйытқан Әбілқайыр-Абылай, елімізді жаттың уысына бермей түгендеген Жұмабай мен дана Дінмұхаммед сынды қазақтың біртуар ұлдарынан аманат қазақтың қасиеті көшін бүгінгі күні Нұрсұлтандай ел басымыз өзгеден көш ілгері жетелеп келеді. Бұған тәубә қылып, жаратқанға мың алғыс айтып, құдіретіне тағыда бас иеміз». (Қ.А.Серікұлы, БҚО, Орал қаласы «Түркілер Адамзаттың асылы» (--http://okok.kz/archives/59043 | okok.kz қазақи ақпарат ортасы).
«(Орыс ғалымы Вельяминов-Зерновтың зерттеулері бойынша) 1397-1410 жылдары Қырым татарларының бір бөлігі Литван королдігіне көшіп келіп, почта қызметін атқарады. Осы Литван татарлары да өздерін қазақ деп атаған. (М. Тынышбаев «Великие бедствие» 48 бет).
«Алтын Орданың барлық көшпенді халқы 13-ғасырда да одан кейін де өздерін қазақ деп атаған.
Ұлы Петр патшаның кезінде Молдавияның господары (патшасы) болған, өте білімді, Осман империясы мен Молдаван тарихын жазған Шыңғыс тұқымы Дмитрий Кантемир өзі туралы-туған жерім қыпшақ даласы, ана тілім- қазақ тілі деп өз еңбектерінде жазып қалдырған. Бұл мәліметтерді татар тайпасына қайта айналып келмес үшін келтіріп отырмын.
12-ғасырдың басында түркі тайпасы қарақытайдың (мұсылман авторларында -кідән.) Солтүстік қытайды 200 жылдай билеген Ліәу империясы құлайды. Бұл Шүршіт (чжурчжень) тайпаларының біріккен соққысынан болды. Шүршіттер –манчжур- тунгус тайпасы. Ал қарақытайдың түрік тайпасы екендігі «Құпия шежіреде» Шыңғыстың өз сөзімен келтірілген.
«Біз кідән бауырларымызды шүршіт тепкісінен азат етуге барамыз.» Ұрыс барысында кідән армиялары өз еркімен Шыңғыс жағына шықты. Кідән империясы құлаған соң олардың Елюй Дашы (Мүмкін өз кезінде «Ел басы» деп аталған шығар) басқарған бір бөлігі Ұйғыр идіқұтының жерімен солардың көмегі арқылы өтіп, Жетісуға Үйсін жеріне келіп Батыс Ліәу хандығын құрады. Түрік тайпаларынан басқа халықтар мемлекетін - хандық деп атамайды. Үйсін, қаңлы тайпалары бастары бірікпей өзара соғысып жатқан кезі болғандықтан Елюй Дашы бұл тайпаларды тез әрі өз еркімен бағындырады. Л. Гумилев айтқандай бұл қатар өмір сүру секілді құбылыс еді. Уақытша бұл жағдай екі жаққа да тиімді болып көрінді. Жалайыр тайпасының Монғолия жеріне қоныс аударғанын тек қара қытайға бағынғысы келмегенімен түсіндіруге болады. Себебі Елюй Дашының келуімен Қарахандар заманынан бері билік басында болған Жалайыр тайпасы биліктен айрылады. Ол кезде қазіргі Монғолия үстіртін мекендеген Моғол тайпаларында хандық билік жоқ еді. Соғыс жағдайында ғана тайпааралық одақ (конфедерация) құрылып, гурхан сайланатын. Елюй Дашының да әкімшілік дәрежесі Гурхан болды.
Лев Гумилевтың «Киял патшалығын іздеу» кітабындағы картада Яғма (жалайыр) тайпасының қоныстануы көрсетілген:
8 – 9 – ғасырларда – Балқаш, Іле бойы.
10 ғ – Қашғария жері.
12 - ғасырда Жетісу да Қашғария да Батыс Ліәу хандығының құрамына кірді. Тәуелсіз тайпалар негізінен қазіргі Монғолия үстіртінде қалды. Жалайырлар да Онон, Керіөлең бойына қоныс аударды. Реті келгенде айта кетейік, Шыңғыстың найман ханы Таянмен соғысының негізгі себебі мынау еді:
- Керей тайпаларын қосып алып күшейген соң Шыңғыс Таян ханға елші жіберіп, қарақытай тепкісінен Үйсін бауырларын азат етуге көмек көрсетуді сұрайды. Таян хан көмек бермек тұрмақ, найман жерінен Шыңғыс әскерін өткізуден бас тартады. Найман ханын жеңіп, халқын қосып алған соң ғана Шыңғыс Батыс Ліәу хандығына шабуыл жасауға мүмкіндік алды. Осы соғыста Ойрат тайпасы наймандар жағында соғысады. Батыс Ліәу билігін 1211 жылы найман Күшлік хан басып алған еді. 1218 жылы ол Шыңғыс жіберген, Жебе мен Сүбітай басқарған 20 мың қолына төтеп бере алмады. Себебі Үйсін тайпалары, Қашғардың мұсылман халықтары Шыңғысты қолдады. Себебі туыстықтан басқа ол кісі ешбір тайпаның немесе халықтың ұстаған дініне қысым жасамады. Дінге төзімділік қазақ халқының бойында әлі күнге дейін келе жатыр. Күшліктің жағында тек наймандар мен қарақытайлар ғана қалды. 2000 үй Қарлық тайпасы мен Ұйғыр идіқұты (ханы) да Шыңғысқа өз еріктерімен қосылды». (Ақылбеков Ш. М. «Шыңғысхан - Аңыз бен ақиқат»).
«Шыңғыс хан көшпелілер тарихындағы, біздің (қазақтың) ата-бабаларымыз ішіндегі бірегей дарасы да, феномені де, ең батыр, оның ішінде адал адам. Шыңғыс ханның империясындай адал мемлекет дүние жүзінде болған емес. Бұл осымен ғажап, қайталанбайтын дүние. Шыңғыс империясынан үйренетін заңдылықтар өте көп. Адалдығында шек жоқ. Оны әсіре шегелеп айту керек» (Нәпіл БӘЗІЛХАН).
«Біз, ғалымдар, саясатпен шұғылданбаймыз, тек ғылыми шындықты іздеумен айналысамыз. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлының кейінгі терең зерттеу жұмыстары бізді қызықтырды. Бұрын да миллиондаған адамы бар түрік әлеміне шағын ғана әлсіз моңғол жұртынан шыққан адамның хан болуы түсініксіз және шындыққа ұласпайтын жай болатын.
Хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан. Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі Бұрқан және Түрген деген жерлерді қазіргі Моңғолия аумағынан да, солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, беріде де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерттеудің бастамасы деп ойлаймын. Мұны моңғол ғалымдарымен бірге талқылап, пікірталас жүргізу керек. Шыңғыс ханның кеңселік құжаттары түрік тілінде жүргізілген. Моңғол болса, неге моңғол тілінде жүргізілмеген? Моңғол ғалымдары бұл туралы: «Өйткені ол түріктердің арасында жүргендіктен де, оларға түсінікті болу үшін түрік тілінде жүргізді», – дейді. Ал жарайды делік, онда олар парсылармен соғысты, неге парсы тілінде жүргізбейді? Арабтармен соғысты, неге араб тілінде жүргізбеді? Ресейді, Қытайдың тең жартысын жаулап алды, «неге орыс, қытай тілдерінде жүргізбеді?» деген сұрақтардың тууы заңды.
Шығыс ханның өзі түрік тілінде сөйлегені тарихтан белгілі. Моңғол ғалымдары Шыңғыс ханды өздерінің бабасы ретінде есептей берсін. Бірақ шындықтың есігін ашып қоюымыз керек. Шыңғыс ханды түркі әлемінің көсемі ретінде тануға келісуге тиіспіз. Шыңғыс хан – Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам. Қазіргі Моңғолияның аумағында тұрмаған. Осыны ғалымдарымыз дәлелдеп, мойындату керек. Бұл тез арада шешіле қоятын мәселе емес. Зерттеуді әр түрлі тәсілдермен ары қарай жалғастыра беру керек. Дулатидың, Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді. Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой. Осындай нақты дәлелдер бар. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлын тыңдап, еңбегін ғалымдардың талқысына салдық. ҰҒА-ның президиум мүшелері бұл еңбекті ары қарай да жалғастырып, зерттеу керек деген қорытындыға келді». (Мұрат Жұрынов, Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик).
«Ұлы империяны құрағандар қазіргі қазақ тайпаларының аталары. Орыстың қатын патшасы: «Если казахи узнают кто они на самом деле, то, они завоюют весь мир» деген екен. Ал енді тарихты жақсы білетін Лукашенко мырзаның: «Если вспомнить Золотую Орду, то казахам мы должны отдать всю Россию и половину Европы» дегені, бөтен елдің адамдарының өзі, мыңғұл империясы дегендердің бүгінгі қазақ екендерін білетінін айқындап тұр. Ал біздер, қазақтар болсақ, әлі күнге дейін жан-жағымызға жалтақтап: «Шыңғыс хан кім? Шыңғыс хан кім?» деп адасып жүрміз» (Қойшығара Салғараұлы).
«Осылайша, менің жоғарыда көрсеткенімнен шығатын қорытынды, Шыңғысхан атамыздың тегі Қазақ, Кіші жүз, Алшын, Байұлы, Адай екені даусыз. Аспандағы ай менен күн қандай ақиқат болса, Шыңғысхан атамыздың тегі қазақ, Кіші жүз, Алшын, Байұлы, Адай екені де сондай шындық. Күннің бетін ешкім алақанымен жаба алмайтыны сияқты, бұл шындықты да мәңгі бақи жасырын ұстау еш мүмкін емес еді» (Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім «Шыңғыс ханның тегі Адай» Алматы-2010. 368 бет).
Бұл тізімді әлі де, ондап, жүздеп, мыңдап жалғастыра беруге болады...
Мәмбеткәрім Қожырбайұлы
abai.kz