БЕТАШАР
Соңғы уақытта Серік (Жанболат) ағам айтпақшы, бәріміз де қияли болып бара жатқандаймыз. Онсыз да бас қатыратын күйбең тірлік аздай біреудің «проблемасы» миымды жейтінді шығарды.
Қойшы, созбалақтай бермей бірден әңгіме ауанына көшейін. Бір досымның баласы үйленгелі жатыр. Екі жас бақытты болсын.
Ендігі мәселе - той қамын бірге ойластыру. Асаба достарым ренжімесін, таяқ лақтырсаң соларға тиеді. Көп. Ол жақсы. Себебі, таңдау көп болған сайын бәсекелестік те артады. Өздеріңіз де сезіп отырсыздар, ол той иесіне таптырмайтын мүмкіндік болуы керек. Яғни, кім арзан қызмет ұсынса соны таңдайсың. Жоқ. Біздегі бәсекелестік қызмет көрсетуге емес, бағаға әсер етіп, бәрі де «қолақысын» аспандатып жіберген. Бұл дұрыс емес.
Ал, екінші жағынан мен асабаларға да «араша» түскім келеді. Келін түскен үйде беташар айтылуы керек. Заман ағымына қарай ол да өзгеріп келеді. Заңдылық. Тек өзгермеуге тиісі – беташардың мәні мен мағынасы.
Бұрындары қалай болды? Келіннің бетін ашушы жас келінді ауылдың ардақты адамдарына, күйеуінің ағайын-туыстарына таныстыру шумақтарын өзінше суырып салып айтуы шарт болатын. Ол үшін жырау не ақын екі-үші күн (кейде 10 — 15) бұрын сол отбасына келіп, дайындық жасаған. Үй иесі оның бет ашқан еңбегіне беретін сыйлығын (ат, түйе, бірнеше уақ мал, т.б.) алдын-ала атап қоятын болған. Егер оның айтқандары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. “Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық” деген мәтел де осыдан туған.
Қазір ше? Асабамен баға туралы келіспек болып кездескенде бірінші сауал – беташар ақшасын кім алады болып тұр. Кім аладысы несі? Еңбек кімдікі, сол алуы керек. Яғни, бетін ашқан адам. Ертеде ат, түйе, немесе ұсақ мал берсе, қазір ақшалай салады. Оның өзін той иесі емес, тойға жиналған ағайын береді. Ал, той иесінің беташарға «жармасуы» жараспайтын қылық. Өйткені, тойға келген ағайын оған сый-сыяпатын (қазіргі жағдайда сыйлық орнына көбінесе конверт жүреді) жеке жасады ғой. Екі жеп биге шығу ма сонша, бұл?!
Ендеше, байдыкін қызғанған байғұс құсамай беташар ақшасына жармасуды қойған дұрыс па деймін. Тіпті, беташарды асаба айту да міндет емес, кез-келген әнші, термеші, ақын, сері айтуы мүмкін. Асабаң той басқара берсін, көңіліне ұнаған беташар айтатын адамды өзің таңда. Қатып қалған заңдылық жоқ. Тек ақша, беташарды айтқан адамда қалсыншы.
Сіздер не айтасыздар?!
Жұмабек Сманов
Facebook-тегі парақшасынан